ЖҮЗ ЖАСТАҒЫ АБЫЗ
ЖҮЗ ЖАСТАҒЫ АБЫЗ
Алла тағала сүйген құлына ұзақ ғұмыр сыйлайды. Халықтың орташа өмiр сүру жасын 2013 жылға дейiн 69,5 жасқа, ал 2015 жылға қарай 70 жасқа дейiн ұзарту «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасына мақсатты индикаторлардың бiрi ретiнде енгiзiлдi. Ұзақ жасау және азаматтардың өмiр сүру сапасы – бұл адам капиталына салынған стратегиялық инвестиция, бұл инновациялық және бәсекеге қабiлеттi экономика жасаудың алғышарты, әлемдегi ең көрегендi, келешегi зор саясат, басты көрсеткiштердiң бiрi деп есептеледi.
Соңғы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда ғасырдан аса өмiр сүрген 741 адам тiркелген, олардың 658-i әйел, 83-i ер адам. Ең ұзақ жасаушы қария Оңтүстiк Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында тұрады. Ол – 114 жастағы кейуана.
Үстiмiздегi жылы Сыр елiнде 27 ардагер-азамат жүзге, алды 110-ға жетiп, осындай үлкен байлыққа, шынайы бақытқа кенелiп отыр. Бұл елдi елең еткiзерлiк оқиға қазiргi заманның да, қоғамның да, экологиялық апат аймағы деп жарияланған Сыр елiнiң де мақтанышы, барша халқымыздың қуанышы екендiгi сөзсiз. Өйткенi әр қызылордалықтың жүрегiнде егер осы кiсiлердей адал өмiр сүрiп, адал еңбек етсем, салауатты өмiр салтын сақтасам менiң де жүз жасауға толық мүмкiндiгiм бар екен-ау деген сергек сенiм ұялатады.
Бүгiнгi күнi бiзде орташа өмiр сүру жасы 68 жас, ал Нидерланды, Швеция, Швейцария, Жапония, Германия мемлекеттерiнде 75-85 жас болса, бiр Жапонияның өзiнде 40560 адам жүз жастың үстiнде жасауда.
Қазiрде ғалымдар, зерттеушiлер нақты мысалдарға сүйене отырып, егер адамдар салауатты өмiр салтының ережелерiн мұқият сақтаса, 100-150 жас жасауға мүмкiншiлiктерi бар деп мәлiмдеуде. Ұзақ жасау – әлеуметтiк, биологиялық құбылыс. Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының мәлiметтерi бойынша адам өмiрiнiң ұзақтығы мен оның денсаулығының 50-60 пайызы тiкелей өзiне, өмiр сүру салтына, 15-20 пайызы генасына (тұқымына), 15-20 пайызы экология және қоршаған ортаға, 10 пайызы ғана денсаулық сақтау қызметiнiң деңгейiне байланысты екен. Демек, әрбiр адамның денсаулығының, өмiрiнiң кiлтi – өз қолында.
Облыстық ардагерлер кеңесi аймақ басшысымен келiсе отырып, облыстық теледидарда, газеттерде «Ғасыр ғұмыр ғибраты» атты айдармен жыл бойы жүзге келгендердiң өзi мен отбасын, өмiрi мен өнегесiн, өмiрлiк ұстанымдары мен ұзақ жасауларының қыр-сырларын, құпияларын елге насихаттауды, оларды құрметтеп, мадақтап, марапаттауды ұйымдастыратын болады. Облыс әкiмi Болатбек Қуандықовтың бастамасымен қолға алынған осы игiлiктi, iзгiлiктi, ұлағатты iстiң беташарын облысымыздың абыз ақсақалы Сүлеймен Сейiтовтiң өмiр өрнектерiнен өрудi бастауды жөн көрiп отырмыз.
***
Бүгiнде елiмiздiң абыз ақсақалы, тiлеуқоры, батагөйi, соғыс және еңбек ардагерi, республикалық дәрежедегi зейнеткер Сүлеймен Сейiтов 100 жасқа келдi, бүтiндей бiр ғасыр мақсатты, мағыналы, ұлағатты өмiр сүрдi.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, Сүлекең осы ұзақ өмiрiнде жақсыны да, жаманды да, қызықты да, қиындықты да, ащыны да, тұщыны да – бәрi-бәрiн молынан көрдi. Не көрмедi дейсiң, тек жүзге келiп көрген жоқ едi, бүгiн Алланың шапағатымен оған да жеттi.Сүлеймен Сейiтовтiң өзi мен өмiрi тұтас бiр ғасырдың тiрi тарихы, шежiресi мен ескерткiшi, елшiсi мен куәгерi, шырақшысы мен үнi, жаңғырығы мен бет-бейнесi, ғасыр келбетi. Сүлекең – адамзат тарихындағы ең қанды, қайғылы, қасiреттi ХХ ғасырдың барлық елдiң, халықтың есiнде қалған елеулi оқиғаларының тiрi куәгерi. Яғни ол – Қазан революциясы, қолдан жасалған екi ашаршылық, екi дүниежүзiлiк соғыс, коллективтендiру, индустрияландыру, қуғын-сүргiн, репрессия, соғыстан кейiнгi халық шаруашылығын қалпына келтiру, жариялылық пен қайта құру, одақтың тарауы, Қазақстанның егемендiк алып, тәуелсiз мемлекет болуы сияқты тағдырлы, тарихи дәуiрлердiң тiрi куәсi.
Сүлекең 1912 жылы Қазалы қаласында сiңiрi шыққан кедей шаруаның отбасында дүниеге келедi. Екi жасында анасы, төрт жасында әкесi қайтыс болады. Сол қиын замандағы жетiмдiктiң, жоқшылықтың азабын, қайғы-қасiретiн басынан өткiзген ағасы мен қарындасы – үшеуiнiң бұл дүниеде көрмеген қиындықтары кемде-кем.
Осыншама қиындықтар, тағдыр тауқыметi Сүлекеңдi майыстырғанмен сындыра алмады, қайта оның жiгерiн жанып, намысын қамшылап шыңдай түседi. Нәтижесiнде қажырлы, қайсар, ержүрек азамат етiп шығарады.
Нағашы әжесi өздерi аш отырып, осы жетiмдердi жетiлдiруге бар күшiн салады. Сүлекең күнкөрiс тауқыметiмен бес жасында Қарақалпақстанның Шымбай қаласына ел асады. Көше кезiп, әркiмнiң есiгiнен телмiре қарап, бiр үзiм нан сұрап, кез келген жерде түнеп жүргенде большевиктердiң өкiлдерi жетiм балалар интернатына орналастырады. Кеңес өкiметiнiң алғашқы шапағатымен интернатта арабша, латынша сауатын ашады.
Сүлекең – араб тiлiн бiлетiн дiнтанушы, кiшi денсаулық маманы, журналист, саясаткер, офицер, қоғам қайраткерi, абыз ақсақал. Оның мақсатты, мағыналы, көпсалалы, көпқырлы, көпсырлы, ұлағатты ұзақ өмiрiн төрт тараптан қарастырғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. Ол – Сүлекеңнiң өмiрi, өзi, отбасы, бiлiм, еңбек жолдары және әскери қызметi.
Интернаттағы оқуын бiтiрiп, 1927 жылы Сырға оралған ол Қызылордадағы екi жылдық рабфакты бiтiредi. Содан соң Алматыдағы медрабфакта оқуын одан әрi жалғастырады.Қарап отырсаңыз, Сүлекеңнiң өмiр жолы оқумен басталып, оқумен өрiлiптi. Мiнекейiңiз, ол 1937 жылы Алматыдағы журналистика институтына түсiп, үш жылдан соң оны үздiк дипломмен бiтiредi. Ал 1951-1954 жылдары Мәскеудiң жоғарғы партия мектебiнде оқиды.
Сүлекең өзiнiң бүкiл саналы ғұмырын оқумен, iзденумен, жазумен өрнектеп келедi. Ешқашан қолынан қаламы түскен емес. Жүзге жақындағанда да әйелдер жөнiнде кiтап жазып шықты. Сүлеймен 1934 жылы әскер қатарына шақырылады. Дәм-тұз Владивосток қаласынан бұйырады. Азды-көптi орысша сауатының арқасында полк мектебiне курсант болып қабылданады. Мектептi бiтiрiп, аға сержант шенiн алып, екiншi жаяу әскерлер взводында командирдiң орынбасары қызметiн атқарады. Мiне, осы кезден бастап Сүлекеңнiң нағыз әскери адам болып қалыптасу кезеңi басталады.
1940 жылы Қызылорда облыстық партия комитетiнде сектор меңгерушiсi болып қызмет iстеп жүрген кезiнде арнайы броны бола тұрып, нағыз азаматтық танытып, бiрiншi хатшы Рахымбай Төлебаевқа кiрiп: «Мен әскерге баруым керек, дипломымда «политург» деген қосымша мамандығым бар», – дейдi. Хатшы бiраз ойланып: «Мұның нағыз патриоттық, азаматтық iс, мұны өзгеге үлгi етуiмiз керек» деп келiсiмiн бередi, көп ұзамай шақыру қағазын алып, Қызылордадан 600 адамның бiрi болып әскерге аттанады.
Ақтөбе қаласындағы №101 дербес атқыштар бригадасының артиллерия дивизионында комиссар болып әскери борышын өтеудi жалғастырады. 500 жауынгер мен отызға тарта офицердi майданға дайындау олардың әскери шеберлiгiн жетiлдiру, әскери жарғының барлық талаптарының орындалуын қадағалау, жауынгерлер арасындағы тәртiп, тәрбие мәселелерiн қамтамасыз ету үшiн Сүлекең бар күш-жiгерiн аямай жұмсайды. Сонымен қатар ол бес жылға созылған майдан даласының әр сағаты, әр күнi жайлы он дәптер күнделiк жүргiзедi.
Мысалы: «Бүгiн қатты жараландым, Белоруссияның Глоцк қаласынан 30 шақырым жерде артиллерия шабуылын бақылап отырғанымда жанымызға бiр бомба жарылды. Командир, төрт солдат, телефонист, радист топырақтың астында қалды. Мен шетте жатыр екенмiн. Оққағарым қасыма келiп, жүрек соғысымды бiлгiсi келiп, кеудеме құлағын тосып: «Наш комиссар живой» деп айқайлап, менi топырақтан суырып алып, жедел санчастке жеткiзген. 15 күн емделiп, полкке қайта оралдым. 1943 ж. қазан».
«Кешелi-бүгiн Берлин отқа оранып тұр. Квартал мен көше-көшеде қырғын соғыс. Дегенмен Берлин бүгiн құлауға бет бұрды. 1945 жыл, 27 сәуiр». «Жау тiзе бүктi, Рейхстагқа ту тiгiлер сәт жақындады. 2 мамыр, 1945 жыл».
Бас қолбасшы И.Сталиннен: «Майор Сүлеймен Сейiтовке! Сiз басқарған полк Одер, Неис өзендерi бойында ерекше ерлiк көрсеттi, жаудың мүмкiн емес бес қамалын бұзды. Герман империализмiнiң агрессиялық-басқыншылық ошағы – Рейхстагты алуға қатыстыңыз. Сiздердей ержүрек батырлар тәрбиелеген сiздiң ата-анаңызға, Отанымызға рахмет. 2 мамыр, 1945 жыл»«Ойпырмай, соғыстың бiткенiне бес ай болды. Халықтың өзен болып аққан қаны тыйылды. Көкiрекке бейбiтшiлiк, тыныштық оралды. Бүгiн Будапешт қаласынан туған жерге оралып барамын, бет алысым – Қазалы, Елена! 1946 жыл, 10 қыркүйек».
Сүлеймен Сейiтов Ржев, Смоленск, Тула, Ворошиловград, Украина, Белоруссия, Чехословакия, Венгрияны азат етуде ерен ерлiктiң, әскери шеберлiктiң тамаша үлгiлерiн көрсетiп, Берлинге де жеттi.
Қорғаныс министрiнiң бұйрығымен тағы да бiр жыл Чехословакияның астанасы Прага қаласының әскери коменданты қызметiн атқарды. Осымен Сүлекеңнiң ұзақ жылдарға созылған қызығы мен қиындығы мол әскери өмiрi аяқталады.
Сүлекеңдi тәңiрi қолдап, тағдыры қоштап, Еленаның кiршiксiз махаббаты мен ақ пейiлi, таза ниетi мен ынта-ықыласы, антына адалдығы мен ақ тiлегi Алланың құлағына шалынып, «40 жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейдi» дегендей, ол 1418 күнге созылған қан майданнан он екi мүшесi сау, абыроймен елге оралды.
Елена Хабиқызы – асыл ана, адал жар, Сүлекеңнiң жан серiгi, халық ағарту iсiнiң үздiгi. Екi қыз, үш ұл сүйiп, Сүлекеңмен ұзақ та бақытты, баянды өмiр кештi. Смағұл – эколог, ғылым докторы, Фатимасы дәрiгер, Ақмаралдай тамаша келiнi, сүйiктi немерелерi Мұрат, Майра, Гүлзада, Iнжу, Ақбота, немере келiнi Анастасия, шөберелерi Балнұр, Нұрдәулет, Нұрсұлу Сүлекеңнiң бар қызығы.
Сүлекеңнiң бүкiл елге, халыққа сын болған қан майдандағы ерлiгi, бейбiт өмiрдегi ерен еңбегi елеусiз қалған жоқ. Оның төсiнде өзiнiң нағыз орнын тапқандай боп жарқырап тұрған он бiр орденi мен он жетi медалi соның айшықты айғағы. Талай рет қалалық, аудандық партия комитеттерiнiң бюро мүшесi, облыстық партия комитетiнiң пленум мүшесi, облыстық кеңестiң депутаты болып сайланды.
Алғашқылардың бiрi болып, қаланың, облыстың Құрметтi азаматы атағын алды. Осының барлығы бiр адамның басына аз марапат, аз мәртебе, аз абырой емес.
Сүлекеңдi елден ерекшелейтiн қасиеттерi, сырлары мен қырлары қандай?
Бiрiншi, әрине, сөзсiз Сүлекеңнiң 100 жасқа келуi, екiнiң бiрi 100-ге келiп жатқан жоқ.Екiншi, Сүлекең сексенге келгенше «Газ-69» мәшинесiн айдады. Жалпы мәшине жүргiзушiлiк өтiлi елу жыл.
Үшiншi, көпқабатты үйдiң екiншi қабатында 4 бөлмелi, құрқылтайдың ұясындай үйде 40 жылдан берi тұрып келедi.
Төртiншi, 35-ке келгенде сүйген жарына үйленедi, ал ендi жүзге келгенде де үйленгiсi бар.Бесiншi, соңғы мекеменi табаны таймай 20 жылға жуық басқарады.
Алтыншы, құралайдың көзiне тигiзетiн мерген, саятшы.
Жетiншi, полк комиссары, шенi подполковник, соғыстан облысқа ең жоғарғы әскери шенмен оралған азаматтардың бiрi және бiрегейi.
Сүлекеңнiң осындай табандылығы, тұрақтылығы, шыдамдылығы, төзiмдiлiгi, жақсыға да, жаманға да бейiмделгiштiгi – ұзақ жасауының басты психологиялық факторларының бiрi. Адам өмiрiнiң ең түйiндi, ең қорытынды, ең басты сынағы, негiзгi көрсеткiшi «Жүгiрiп шығар төбе көп, асу бермес шың қиын, қартайған шал елде көп, Ақсақал болу тым қиын» дегендей, дұрыс қартаю, қадiр-қасиетiңдi жоғалтпау, елге, халыққа үлгi, өнеге болу, көпшiлiктi сыйлай да сыйлата бiлу, тыңдата бiлу кiмге де болса оңай шаруа емес.
Дұрыс қартаюдың өзi өнер, өнердiң өнерi.
Сүлекең фәнилiк өмiрдiң, халықтың, қоғамның, уақыттың, тарихтың осы басты сынынан, сынағынан сүрiнбей өтiп, Сыр елiнiң абыз ақсақалына айналған адам.
Ел «Сүлекең жүзге келсе, сонда Сүлекеңнiң ақ батасын, бақ батасын естiсек» деп тiлейтiн, армандайтын. Сүлекең, өкiнiшке орай, 99 жасында үлкен, мәртебелi жиындарға бара алмайтын болды, ақ батаның арғымағынан абыроймен түстi.
Жүзге келген адам перiште, бейкүнә сәби сияқты, онда мiн болмайды, сондықтан сын да болмайды. Оныкiнiң бәрi дұрыс. Оның қырын, сырын толық, терең бiлем десең, сен де жүзге келiп көр.
Ұзақ жасаған адам өз өмiрiнде екi рет бала болады, бiрi нағыз бала кезiнде, екiншiсi әбден табиғи жағдайда қартайғанда.
Әрбiр жұмыр басты, екi аяқты, ет пен сүйектен жаралған адамның перiште болмағасын пендешiлiгi болады. Сүлекеңнiң пендешiлiгi ешкiмге де ұқсамайтын, тек өзiне-өзi ғана ұқсайтын ерекше пендешiлiк. Ол кiсi соңғы 12 жылда, сүйiктi жары Елена дүниеден өткеннен берi барлық туыстарына, жекжаттарына, дос-жарандарына, iнiлерiне өзiне өмiрлiк серiк, жар тауып беру жөнiнде өтiнiш айтып, тапжылмай тапсырма берумен келедi.
Бiрде iнiлерi тоқсандағы ағаларына 50-60 жастағы, серiк болуға жарайтын екi-үш әйелдi үгiттеп көндiрiп, бiртiндеп алып келiп көрсетедi ғой. Сонда Сүлекең «Бiрiншiсi тым колхозшылау, екiншiсiн тәбетiм тартпайды, үшiншiсi қазақбайлау екен» деп қайырған көрiнедi.
Сүлекең жылда жоспарлы түрде облыстық денсаулық орталығында, ардагерлер бөлiмшесiнде емделедi. Сонда бөлiмшенiң барлық қыз-келiншектерiне сөз айтып шығады. Сүлекең оларға «Қарағым, басың бос болса, маған тұрмысқа шық, төрт бөлмелi үйiм бар, 100 мың теңге зейнетақы аламын, бағамын, қағамын, әлемнiң ең тәуiр шипажайларына апарамын» дейтiн көрiнедi.
Бақыт деген қолмен ұстап, көзбен көретiн, өлшеуге, санауға, салыстыруға сыймайтын ерекше бiр құбылыс, ерекше бiр күй. Сайып келгенде бақыт деген қанағат, шүкiршiлiк, тәуба. Ал, Сүлекең бар деп аспайтын, жоқ деп саспайтын қанағатшыл, шүкiршiл, тәубәшiл, ынсапшыл кiсi.
Облысымызда халық арасында, әсiресе жастар арасында салауатты, саламатты өмiр салтын насихаттау сахнасының бас сардары, бас кейiпкерi осы Сүлеймен Сейiтов ағамыз. Бiз халыққа Сүлекеңнiң өмiрiн, өзiн, бар болмысын үлгi, өнеге етiп ұсынып келемiз. Ол кiсiнiң қиын да қызық, көпқырлы, көпсырлы, ұлағатты өмiрi бұған әбден лайықты.
Сейiлбек ШАУХАМАНОВ
Қызылорда облысы