ҚАЗАҚТА АСТЫҚ КӨП. ҚАМБА АЗ
ҚАЗАҚТА АСТЫҚ КӨП. ҚАМБА АЗ
Ас та төк қазақ бидайының қызығын бүкiл әлем көруде. Экспорт көлемiн арттыруға Қазақстан да мүдделi. Бiрақ баға мен сұраныс сәйкес келгенмен, астық экспортына кедергi жасайтын жайттар бар. Солардың бiрi – астық сақтау қоймаларының тапшылығы және мүдделi мықтылардың қойма салуға құлшынбауы. Осының салдарынан жылда диқандар еңбегi еш кетiп, қайран астық қар астында шiрiп, елеулi бөлiгi ысырап болуда.
Қазақстанның Астық одағының хабарлауынша, еліміз биыл 13 млн. тонна көлемінде астық экспорттамақ. Өткен аптада Астана – Мәскеу – Киев арасында өткізілген бейнекөпір барысында Одақ басшысы Нұрлан Тілеубаев: «Былтыр біздегі ас та төк астық бұрын-соңды болмаған көлемге жетті. Маркетингтік жылдың жеті айының қорытындысына жүгінсек, 2011-2012 маркетингтік жылы экспортқа 9 млн. тонна бидай, 4 млн. тонна ұн жөнелтпекпіз. Сонда жалпы көлем 13 млн. тоннаға тең» деді. Қазақстан әлемдік астық нарығында ең ірі экспорттаушы елдер қатарында тұр. 2011 жылы таза салмағы 27 млн. тонна бидай жиналған. Ал ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша еліміз 13 млн. емес, 15 млн. тонна бидайы сыртқы нарыққа жөнелтуді көздеп отыр. Қазақ астығын тұтынушылар қатарында ТМД мен Орталық Азия елдері де бар. Биыл әсіресе Әзірбайжанға тасымалдайтын дәнді дақыл көлемі артатын көрінеді. Бұл орайда Н.Тілеубаев: «2011-2012 маркетингтік жылы әзірбайжандар еліне жөнелткен астық 620 мың тонна болса, соңғы 7 айдағы Баку бағытындағы көрсеткіш ендігі 874 мың тоннаға көбейді. Маркетингтік жылдың қалған 5 айында Әзірбайжанға жеткізілетін экспорт көлемі 60-70 пайыз болады деген сенімдеміз», – деп мәлімдеді. Экспорт көлемінің артуына қазақстандық және ресейлік астық бағасының бірегейленуі де ықпал еткен көрінеді. Яғни Ресейдегі астықтың бітік шығуы бағаға оң ықпал етіп, орыс бидайын біраз арзандатқаны мәлім. Оның үстіне, қазақ бидайының сапасы өте жоғары. Дәнді дақылға бай еліміздің солтүстік өңірінде астық экспорты үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 3 есеге өскен. Солтүстік Қазақстан облысының Кедендік бақылау департаментінің өкілі Александр Семенчуктің хабарлауынша, алғашқы үш айда бидай экспорты – 51,4%, ұн – 25,4%, арпа – 6,6%-ға артқан. Үш есеге жоғары экспорттан түскен кіріс – $56,8 млн.
Әлемдік нарықта астық өндіруден жетекші орындағы Қазақстанмен астық тасымалы мәселесінде ынтымақтастықта болуға Жер шарының көптеген елі мүдделі. Жуырда Астанада өткізілген V Қазақстандық «KAZGRAIN-2012» астық форумына Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Германия, Иран, Пәкістан, Латвия, Қытай, Тәжікстан, Индонезия, Финляндия, Жапония, Эстония т.б. мемлекеттерден жиналған 200-ден астам делегат негізінен қазақ астығының төңірегіндегі тақырыптарды қаузады. Әлемдік астық нарығына қатысушыларды қызықтырғаны, Қазақстанның әлемдік нарықта тұрақты әрі сөзіне берік серіктес ретінде танылуы. Яғни өзгелер сияқты бағаны күрт шарықтатып жіберіп, астық экспортына күтпеген жерден тыйым салып, келісім жасалған әріптестерінің көңілін қалдырмайды. Бұл туралы ҚР Ауыл-шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ресми түрде мәлімдеді: «Қазақстан астық экспортын ешқашан тоқтатпайды. Өйткені сыртқы нарық мемлекеттік ресурстар есебінен толық қамтамасыз етіледі. Отандық тауар өндірушілеріміз өз астығын әрқашан тиімді бағаға сата алады». Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қорлар көлемін – 2 млн. тоннаға, ал дәнді-дақылды сақтау мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды көздеп отыр. Министрдің айтуынша, мемлекеттік қорға арналған астық нарықтық бағамен сатып алынады. Демек, Үкіметпен, мемлекетпен қоян-қолтық жұмыс істеуге бейіл диқандар шығынға батпайды. Мысалы, биылғы маркетингтік жылы мемлекет тарпынан бекітілген оператор ретінде Азық-түлік корпорациясы мемлекеттік қорға сатып алынатын бидай құнын сол кездегі нарықтық бағаға сәйкес бекітті. Осының арқасында сыртқы нарықтағы баға егіннің бітік шыққанына қарамастан, 2009 жылдағыдай (тоннасына – $80 дейін) арзандаған жоқ.
Қоймалар тапшылығына қатысты туындайтын қиындықтар астық экспортына кедергі. Бұл орайда Қазақстанның Астық одағын басқаратын Нұрлан Тілеубаев ауыл шаруашылығы министрінің экспортқа қатысты айтқан пікірін құптап отыр: «Меніңше, Қазақстан астық экспорттаушы бестіктің құрамына енуге қауқарлы. Себебі ішкі қорға 5 млн. тоннаға жуық бидайды мемлекеттік компания қоймасына еш қиналмастан қалдыра аламыз. Қаржылық қарым-қабілетіміз де, алынатын бидайдың кепілдендірілген көлемі де аталған қорды алуға толық мүмкіндік береді». Оның пікірінше, келешекте 2012 жылы дәнді дақыл көлемін рекордтық деңгейде күтпеген жөн.
Ауылшаруашылығы министрлігіндегілер бұл деңгейді 14-15 млн. тонна көлемінде болжап отыр. Егер көктем мен жазда жауын-шашын көп болса, аталған межеге қол жеткізу әбден мүмкін. «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, астық өндіруде басты аймақ саналатын солтүстік өңір егін егу барысында оңтайлы болмақ. «Бұл мәселе бұған дейін неге өзекті болған жоқ? Өйткені астық өндіру тұрақты емес еді. Уақыт өте келе ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі артты және егін алқаптарының ауқымы кеңіді» деген ол қордаланған қиындықтарға тек мемлекетті ғана кінәлау дұрыс еместігін көлденең тартты: «Астық өндірісінің сақтау қоймаларына қомақты көлемде қаражат салуға мүмкіндігі шектеулі. Мемлекет «ҚазАгро» холдингі арқылы астық қоймаларына қажетті құралдармен жабдықтауда жеңілдіктері бар несиелер қарастырған. Сондықтан қоймалар салуға қазақстандық және шетелдік экспортерлер атсалысуы тиіс».
Бүгінде шетелдіктер де ешқандай қиындықсыз астық экспортымен айналыса алады. Қазақстанда инвестициялық ахуалдың жақсартылғанын, инвесторларға жағдай жасалғанын айтқан Тілеубаев мырза кез келген компания 2 апта ішінде тіркеуден өтіп, астық экспортына кірісіп кете алатынын жеткізді. «Мәселен 2012 жылдың 1 ақпанына дейін 472 лицензия таратылған. Демек осы 427 компания астықты экспорттағысы келеді. Солардың барлығы емес, тіпті 100-і 10 мың тонналық астық сақтау қоймасын салса, бір миллион ұтамыз». Құрылысқа кеткен шығынның пайда ретінде бірнеше есеге көбейіп қайтатыны анық. Өйткені Қазақ елі тың игеру кезеңінен бастап астық экспортымен айналысып келеді. Ал астық экспортының инфрақұрылымына инвестиция салған шетелдік қалталылар кіріс пен пайдаға шаш-етектен кенелері анық.
Ауыл шаруашылығы саласын, әсіресе дәнді дақыл өсірумен айналысатын саланы Үкімет мемлекеттік тұрғыда дамытамыз деп құлшынып отыр. Яғни мемлекет экспорттаушыларға несиелерге жеңілдік қарастырумен шектелмейді. Астық өндірушілер форумына қатысқан вице-премьер Серік Ахметов пен министр Асылжан Мамытбеков экспорттаушылардың тасымалдау шығынын субсидиялауға қажетті қаражатты бюджеттен бөлу туралы мәселе ендігі шешімін тапқан. Бұл барлығына қатысты емес, бірақ Қара теңіз, Балтық теңізі, Қытай бағытына бидай экспорттайтындар тоннасына 4000 теңгеден субсидия алады. Бұл орайда, А.Мамытбеков мырза: «Дәнді дақыл экспорттаушыларға транспорттық шығындарын өтеу ретінде бөлінетін субсидия көлемі 15 млрд. теңгеге жуық. Бұл аталған бағытқа тасымалданатын 3,5 млн. тонна астықты қамтымақ. Еліміздегі өндірілетін бидайдың аса көп көлемде екенін ескере отырып, таратылатын аумақ пен экспорт көлемін кеңейтуді көздейтінімізді жасырмаймыз» деп мәлімдеді. Алайда экспортерлердің пікірінше, аталған сома жеткіліксіз. Қазақстандық Астық компаниясының бас директоры Сергей Потапов субсидия көлемін 4 мың теңгеден емес, тоннасына 40-50 долларға дейін өсіру керектігін айтады: «Қазақстан бидайының әлемдік нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру қабілетін арттыру үшін Үкіметке экспорттық субсидия көлемін тоннасына 40-50 долларға дейін өсіруді ұсынамыз». Экспорттаушылардың бұл уәжіне мемлекеттің қандай жауап айтары белгісіз. Белгілісі, экспорттауда қазақ астығы бәсекелестікке төтеп беруі үшін астық қоймаларын көптеп салуды тез арада қолға алу қажет.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ