Жаңалықтар

ДЕМЕУШІГЕ ҚОЛ ЖАЮ – ҚОЛӨНЕРГЕ ЖАТ

ашық дереккөзі

ДЕМЕУШІГЕ ҚОЛ ЖАЮ – ҚОЛӨНЕРГЕ ЖАТ

Қиялын қолөнер туындылары­ ар­­қылы шарықтатқан танымал су­рет­шінің арманы көп. Бірақ тағ­ды­ры­на риза. Демеушілерге мұқтаж бол­маса да қалтасы қалыңдар өнер­ иелеріне көмектессе дейді. Мем­лекеттің дамуын өнермен ты­ғыз­ байланыстырған суретші әрі қол­өнер­шімен Алматыдағы Наурыз той­ында танысқан едік. Санал-уан белдік, білезік, тіпті қыздардың шаш­қа тағатын бұйымына дейін та­за­ теріден жасаған ол отбасын­ осы сүй­­ікті ісі арқылы асырап отыр. Все­волод Демидовпен өткізілген әң­гі­меде отандық қолөнердің бүгінгі ахуа­лы жайлы ой бөлістік. – Всеволод, қолөнерге деген қызығушылығыңыз қашан басталып еді?

– Негізі мен кәсіби суретшімін. Ең­бектерім Әбілхан Қастеев атындағы му­зейде, Семей мен Павлодардағы об­лыстық музейлерде тұр. Сонымен қа­тар картиналарым қазақстандық арт­-галереяларда, ірі сауда орталық­та­­рында сатылады. Өзім Абай атын­да­ғы Мемлекеттік университетті бі­ті­р­гем. Сызу пәнінен сабақ беру ұна­ма­ға­ндықтан, жарнама, полиграфия­ саласымен бірге компьютерді игердім. Графика, көркем сурет дегеніңіз маған таңсық нәрсе емес. Үстіміздегі жылдың ақпан айында жеке көрмемді ұйым­дастырдым. Бұл тоғызыншы көр­мем. Ал басқалармен бірігіп өткіз­ген­дер­дің саны көп. Бірақ виртуалдық дүниеден гөрі қолмен ұстап, сезінетін нәрселерге көңілім бұрып тұратын. Бас киімдер тігумен айналысқалы біраз болды. Алғашқыда тек өзіме арнап тігетінмін. Уақыт өте келе адамдардың қызығушылығы оянып, кейбіреулер тіпті сатып ала бастады. Сурет салу арқылы күнкөріс қиындап кеткендіктен шығармашылық қиялға ерік беретін қолөнерге қарай ойыс­тым. Өйткені жаныңа жақпайтын, ұнамайтын жұмысты істеп жүріп нәпақа табу – өте қиын. Сондықтан шығармашылық бағытта ойымыз бен мақсатымыз тоғысқан бірнеше жігіт бірігіп іске кірістік. Менің қызыққаным терімен жасалатын жұмыстар болғандықтан басымдықты тері өнімдеріне бердім. Картиналар салу, нысандарды безендіру, теріден жасалатын шляпалар, белдіктер, инс­та­ляциялар, білезіктер, ірілі-ұсақты түймелер, қыз-келіншектердің шашқа тағатын бұйымдары, открыткалар т.б. заттарды қатар алып жүрген жайым бар. Өнімдер жасауда тек отандық шикізатпен, яғни терімен жұмыс істеймін. Оларды арнайы дүкендерден с­атып аламын. Тері Қазақстан, Қытай, Беларусьте өңделген.

– Арнайы тапсырыстар бойынша да жұмыс істейсіз бе?

– Жоқ, тапсырыстар қабылдағанды аса­ жақсы көрмеймін. Себебі менің қо­лым­нан шыққан дүниелердің барлығы да­ өз қалауыммен жасалады. Тек экс­клюзивтік дүниелер. Тапсырыс берушінің ығына жығылып, соның ауанына қарай төңкерілу – табиғатыма жат.

– Эксклюзив заттардың жақсы бағаланатыны белгілі…

– Иә, бірақ бағалай білетіндердің ауқымы тым тар. (Күледі). Қолөнердің қадірін дамыған елдерде тұратындар біледі. Ал күнделікті күйбең тірліктің әбігерімен жүретін дамушы елдердің халқы үшін бұл тым қымбат саналады. Әрине бізде де ауқатты отбасылар жетерлік. Біз ұйымдастыруды әдетке айналдырған жәрмеңкеге арнайы келетін клиенттеріміздің қатары өсіп келеді. Кезекті жәрмеңкеміз 21-22 сәуірде Алматыда өткізіледі. Соңғы кездері ересектер мен жас буынға открыткалар жасау бойынша мастер-класс өткізуді қолға алдым. Открытка жасауда маған қатты ұнайтыны біріншіден, қолға түскен кез келген нәрсені кәдеге жаратуға болады. Екіншіден, қиялдың тізгінін еркін қоя бересің. Өкінішке қарай, қаржылық мүмкіндіктерге байланыс­ты мастер-класс шеңбері Алматымен шектелуге мәжбүр.

– Демеушілеріңіз бар ма?

– Жеке көрмемді ұйымдастырғанда демеушілер көмегіне жүгінгенім рас. Бірақ қолөнершінің демеушілерге зәру болуы – ақылға сыймайтын іс. Қолөнерші нанын қолөнер арқылы табуы тиіс. Егер жасайтын өнімдері тұтынушылық сұранысқа ие болса, керек заттарды жасаумен шұғылданады деген сөз. Егер сатып алушысы табылмаса, өндіретін өнімі дұрыс емес, немесе басқа бір кінәрат бар. Демеуші не қолдаушылар көмегіне мұқтаж болу – мүгедектікпен тең жағдай. Әркімге бір қол жайып жүру – маған жат әдет. Шығармашылық және қаржылық тұрғыда тәуелсіз болуды қалаймын. Күні бүгінге дейін адал еңбегіммен тер төгіп келемін. Кейде қолөнершілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер болса дейсің. Мәселен жәрмеңкелер ұйымдастыру барысында шара өткізілетін жерді жалға алу құны тым қымбат болмаса. Астанада 1 шаршы метрге 40 мың теңге төлеуге мәжбүрміз. Яғни біз сияқты сырттан келетіндердің жол шығыны, ішіп-жемі мен басқа да қаражатты есептесек, кірістің басым бөлігі жалға алуға кетеді екен. Биыл мен және басқа да әріптестеріміз Астанаға барудан бас тарттық. Таныс шеберіміз бізден жинап алды да жалғыз барып қайтты. Өнімдеріміздің ақшасын бізге берді, бірақ өзі тапқан пайда тым аз. Қазір ақыл-ойға негізделген сала мамандары аса бағаланбайды. Зиялылық емес, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген қағида өзекті. Кейде қалтасы жұқа клиенттерге көңілдері қалаған өнімді сыйға тарта саламын.

– Қолөнершілер жиі кездесетін қиындықтар қандай?

– Қаржылық тұрғыда жеке басымда ешқандай қиындық жоқ. Отбасымды түгел асырап отырмын, бала-шағамның қарны тоқ, киімдері бүтін. Бірақ кейде ел аралап, жер көріп, сыртқа шыққың келгенде кежегеңді кері тартатын кедергілер бар. Мүмкін менің жылт еткен жаңалыққа құлақ түріп, бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырыспайтындығым да ықпал ететін болса керек. Бішкектегі әріптестеріміз жылда түрлі тақырыпқа көрме ұйымдастырып тұрады. Негізгі бастамашысы – Ұлан Жаппаров деген архитектор жігіт. Өкінішке қарай, Ұлан сияқты азаматтар бізде жоқтың қасы. Сондықтан Бішкектегі көрмеге жыл сайын Алматыдан тым көп адам қатысады. Әсіресе жастар жағы өте белсенді. Осындай мәдени шараларды Қазақстанда да неге ұйымдастырмасқа? Қазір әр қаладан қаңырап қалған ғимараттарды жиі кездестіресіз. Сол нысандарды түгел емес, бір бөлігін ғана қолөнершілердің көрме немесе жәрмеңкелеріне арнаса талай адамның сауабын алар еді. Мәселен Бішкектегі медициналық техника шығаратын зауыттың бір бөлігін қырғыз байлары сатып алып, көрме, жәрмеңке сияқты мәдени шара өткізетін, мастер-клас­тар ұйымдастыратын жерге арнап қойыпты. Мемлекеттің даму процесі өнердің дамуына өте тәуелді. Өнер әрқашан алда жүреді, түрлі бастамалар көтеріп, ой айтады, өзгелердің дамуға деген қызығушылығын оятады. Біздің мемлекетте мұндай қызығушылық әзір байқалмайды. Мұнайдан түсетін пайдаға ден қойған. Ал елімізде қаншама талантты өнер иесі дүбірлі додалардан бас бәйгені шаппай алар еді. Олардың қадірін білген кім бар бірақ?! Суретші бір қарағанда түкке тұрғысыз бірдеңемен айналысатын сияқты. Кейде жалпыға бірдей түсінікті бола бермейтін картина салады. Мұндайда біреулердің қылқалам иесіне есалаң ретінде қарауы мүмкін. Бірақ басқаша көзқарасты ұстануға, суретшіні бағалауға да болады ғой? Рас, кейде өнер туындыларында би­лік­ке жаға бермейтін жайттар көрініс табуы мүмкін. Бірақ «жақсы көру де­геніміз – үнемі мақтау емес» деген қанатты сөз бар емес пе?

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ