ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Бүгiнде тәуелсiз елiмiздiң мәдени, рухани өмiрiнде киноның алатын орны ерекше екенiне дау жоқ. Мемлекет тарапынан да мәдениет пен өнердi дамыту үшiн қыруар қаржы бөлiнiп, көп күш жұмсалып отыр. Кино саласына арнайы көңiл бөлiнуде. Сондықтан «Қазақфильм» киностудиясында да iлгерi басушылық байқалады. Кино дегенiмiз не? Ол – өнер. Ол өнер ғана емес, табыс табудың да көзi. Әлемдiк кино өндiрiсi кинодан пайда табуды көздейдi. Кино өнiмiнен қыруар қаржы тауып, мемлекетке ұланғайыр пайда әкелiп жатқандары да жоқ емес. Бiрiншiден, кино – идеология құралы. Екiншiден, табыс табудың көзi. Әдетте кез келген мемлекеттiң кино өнерi сол елдiң саяси-экономикалық жағдайына, идеологияның бағыт-бағдарына сәйкес келуi керек. Айқайлап насихаттамаса да.
Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары қазақ киносы құлдырап, тұралап бiтудiң аз-ақ алдында қалған болатын. Оған себеп, киноның нарықтық экономиканың көшiне iлесе алмай қалуында едi. Қазiр Құдайға шүкiр, қазақ киносы мысықтабандап, iлгерiлеп, дамып келедi. 2009 жылы «Қазақфильмге» келген сапарында Елбасымыз: «Биыл дағдарысқа қарамай, “Қазақфильмге” 4 миллиард теңге бөлiнiп отыр. Соның арқасында жаңағы кинематографиялық қондырғылардың бәрiн сатып алдыңыздар. Менiң бiлуiмше, ендi барлығы бар. Ешқайда шығарып өңдеудiң, ешкiмге жалынудың қажетi жоқ. Барлық мәселелердi осы арада шешуге болады» деген едi. 2009 жылдан берi де екi-үш жылдың бедерi болып қалды. Осы уақыт аралығында, «Қазақфильм» қандай фильмдердi дүниеге алып келдi. Әрi ол фильмдердiң сапасы қандай? Елбасымыз айтқан 4 миллиард теңгеге қанша фильм түсiрiлдi?
«Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай өзiнiң бiр пiкiрiнде, соңғы жылдары қазақ киносының дамып келе жатқандығын, 90-жылдармен салыстырғанда, қазiр жылына он-он бес фильмнiң түсiрiлiп жатқанын айтқан едi: «Өздерiңiзге белгiлi, 90-жылдары қиын кезең болғандықтан, сол жылдардың аяғына қарай фильм түсiру бiраз азайып қалды. 2008 жылға дейiн жылына орта есеппен бiр фильм шығарып отырсақ, ол көрсеткiш былтыр бес фильмге көтерiлiп, 2009 жылы 40-қа жуық жоба қарастырылды. Соның iшiнде 10 толықметражды көркемфильм, 10-нан астам деректi фильм, 1 толықметражды анимациялық фильм өндiрiске жiберiлдi. Қазақ киносы бұрында арт-хаостық резервацияда болған едi. Ендi сол резервациядан шығып, көрерменге арналған фильмдердi түсiруге бет бұруда. Қазiргi кезде ұмыт болып қалған деректi хрониканы қолға алғалы жатырмыз. Сонымен қатар жас мамандарға қолдау көрсету де “Қазақфильм” жоспарында бар».
Бас редактордың сөзiне қарағанда, жылына орта есеппен алғанда, 40-қа жуық жоба қолға алынады екен. Ол жобалардың бәрiне «Қазақфильм» тарапынан қанша қаржы бөлiнiп отыр және ол қаржы қаншалықты өзiн-өзi ақтай алады?! Белгiлi киносыншы Бауыржан Нөгербек киноның қыруар қаржыны талап ететiн үлкен өндiрiс екенiн айтады. «Сондықтан киноға, ең алдымен, идеологиялық қару және бизнес ретiнде қарау керек. Бiзде осындай көзқарас қалыптаспаған. Тек белгiлi бiреудiң мерейтойы болғанда ғана сол туралы кино түсiру ойға алынады. Кино түсiруге қаражат бөлу жүйесi де дұрыс қалыптаспаған. Мемлекет тарапынан бөлiнетiн қаржы бiрден берiлмей, там-тұмдап бөлiнiп берiлетiн болғандықтан, бiр фильмдi түсiру 3-4 жылға дейiн созылып кетiп жатады. Ал шетелдiң тәжiрибесiнде бiр фильмдi ұзаса 4-5 ай ғана түсiредi. Киноға деген көзқарас кеңестiк кезеңдегiдей қалып қойған. Киноны жасау бар да, тарату ретке келтiрiлмеген. Жекеменшiк кинотеатрлар көп те, мемлекет құзырындағы кинотеатрлар жоқ. Сондықтан осы мәселенiң барлығы кино туралы заңмен реттелу қажеттiгi айтпаса да түсiнiктi. Сондықтан бiзге ең қажетi – кино туралы заң» дейдi.
Кино сыншыларымыз да, қарапайым көрермен де киноның бизнес көзi екендiгiн жасырмайды. Бiрақ соңғы жылдары «Қазақфильмде» өндiрiлiп жатқан өнiмдердiң, яғни фильмдердiң қазақтың экономикасына қосып жатқан үлесi қаншалықты?! Бiздi мазалайтыны да осы.
Ал белгiлi режиссер Ардақ Әмiрқұлов: «Бүгiнде түсiрiлiп жатқан кинолардың көпшiлiгi «коммерциялық» деген атауды бүркенiп алып, дарынсыз режиссерлер бюджеттен бөлiнген қаржыға ойларына келген фильмдi түсiрiп жүр. Ешкiм ештеңеге жауапты емес, әйтеуiр, әркiм өзiнше пайда тапқысы келедi. Ондайлар киноға өнер деп емес, тек кәсiп деп қарайды. Менiңше, кез келген бизнестi егер бюджеттен ақша бөлiнiп отырса, оп-оңай көтеруге, одан пайда табуға болады. Сондықтан қазiргi байқауға арналған кино, коммерциялық кино деп жүргендерiмiздiң барлығы – «ярлык» дейдi.
Қыруар қаржы жұмсалып, арты дауға айналған фильмдердiң бiрi – «Көшпендiлер» екенi белгiлi. Кейбiр деректерде «Көшпендiлерге» 30 миллион доллардың бөлiнгенi айтылса, ендi бiр дереккөздерiнде 40 миллионға жуық қаржының бөлiнгенiн айтады. Ал сондай атышулы фильмдердiң бiрi «Келiнге» режиссер Ермек Тұрсынов 1,5 миллион доллар жұмсаған екен. Ермек Тұрсынов өзiнiң «Мәмлүк» романы бойынша фильм түсiру үшiн, кемi 30-40 миллион доллардың қажет екенiн де айтып жүр. «Егер ондай қаржы табылса, ол фильмдi бүгiн бастауға дайынмын» дейдi режиссер.
Түркi баласы үшiн Мұстафа Шоқайдың орны ерекше. Қазақтың қайраткер ұлына арнап, белгiлi режиссер Сатыбалды Нарымбетов «Мұстафа Шоқай» фильмiн түсiрдi. Режиссер бұл фильмге бар-жоғы алты миллион доллар жұмсапты. «Мұстафа Шоқай» фильмi қаншалықты қаржы тапқаны белгiсiз. Ол фильмнiң коммерциялық негiзде түсiрiлмегенi белгiлi. Сондықтан режиссер үшiн киноның пайда табуы басты мәселе емес, «Мұстафа Шоқайдың» қазақ көрерменiнiң ыстық ықыласына бөленгенi маңызды болған сияқты.
Қазақстан мен Ресей бiрлесiп, «Махаббат тәлкегi» фильмi түсiрiлгенi белгiлi. «Қазақфильм» басшысы Ермек Аманшаевтың айтуынша, бұл фильм таза комедиялық жанрда түсiрiлген және оның бюджетi 2 миллион АҚШ долларын құраған екен. Бұл фильм өз құнын өзi ақтаған сияқты. Кино прокатта көп қаржы тапқан фильмдердiң бiрi – «Тағдыр тәлкегi» екенiн көрермендер де жасырмайды.
Ал әуесқой режиссер Еркiн Рақышев өзiнiң «Тұрар Рысқұлов» атты деректi фильмiн мемлекет қаржыландырғанын айтады. Ал «Астанаға көктем кеш келедi» фильмiне 30 мың доллар жұмсалыпты. «Әрине, екi сағаттық кино үшiн бұл аз ғой. Осы жерде айта кетейiн, түсiрген кинодан ақша табу – мен үшiн мақсат емес. Бiлесiз бе, егер киномнан көрермен өзiне бiр қажеттi нәрсе алса, көкейiне түйсе, сол мен үшiн – жетiстiк, ол мен алатын ақшадан артық дер едiм» деген екен Еркiн Рақышев «Общественная позиция» газетiне берген сұхбатында. (4 сәуiр, 2012 ж.)
Ал қазақ киносын өркендетуге өз үлесiн қосып жүрген дарынды режиссер Ақан Сатаевтың «Ликвидатор» фильмi кассадан 80 миллион теңге тауыпты. Бұл қазақ киноларының iшiнде өз құнын өтеген, табысты фильмдердiң бiрi болса керек.
Жекеменшiк студия түсiрген, белгiлi продюсер Баян Есентаеваның «Ғашық жүрек» фильмiнiң алғашқы нұсқасына жарты миллион доллардан астам қаржы жұмсаған екен. Есесiне, продюсер жарты миллион қаржысын екi еселеп қайтарып алыпты. Әрi бұл фильмнiң кассалық тұрғыдан қыруар қаржы табуына Мейрамбек Бесбаевтың үлесiнiң көп екенi белгiлi. Оны продюсердiң өзi де жасырмайды. «Егер Мейрамбек фильмге түсуден бас тартса, «Ғашық жүрек» фильмiн де түсiрмес едiм. Мейрамбек болмаса, «Ғашық жүрек» те болмаc едi. Киноға күллi қазақтың сүйiктiсi Мейрамбек Бесбаев түссе ғана фильмнiң сенсация болатынын алдын ала бiлдiм» деген екен Баян Есентаева басылым бетiне берген сұхбатының бiрiнде. Ал «Ғашық жүректiң» екiншi жобасы да осал болған жоқ. Бұл фильмде прокаттан миллионнан артық табыс әкелдi.
Ал әлемдiк киноиндустрияда ең төменгi фильмнiң бюджетi 500 мың АҚШ долларын құрайды екен. Ол өзiнiң құнын өтеу үшiн кемi бiр миллион доллар табыс табуы керек. Голливудтық кинодан түсетiн табыстың ең биiк шыңы 270 миллион доллар болса, оған жұмсалған қаржы 35 миллион доллардан кем болмауы тиiс.
Қазақ киносын дамыту үшiн жылына кем дегенде 80 фильм түсiру керек, ал айына жетi фильмнiң тұсауы кесiлiп отырса, құба-құп. Сан болған жерде, сапа болатыны белгiлi. Бiрақ сапаны ойлаймыз деп, киноны нарыққа бейiмдеу жағын ұмытып кетпегенiмiз абзал. Қазақ киносы да өндiрiске айналу қажет. Голливудтық фильмдер секiлдi, қазақ киносынан да қомақты қаржы табуға болатынын продюсер Баян Есентаева дәлелдеген жоқ па? Сондықтан, жақсы өнiм болған жерде, жақсы табыс та болады.
Гүлзина Бектасова