«ЖАРЫЛҚАЙМЫН» ДЕЙДI, ЖАРЫТСА ЖАҚСЫ...
«ЖАРЫЛҚАЙМЫН» ДЕЙДI, ЖАРЫТСА ЖАҚСЫ...
Қазақстан 1997 жылы ТМД бойынша алғашқы болып зейнетақы жинақтаушы жүйесiне көшкенде, жаңа реформа бюджет жүгiн жеңiлдетiп, қоғамда зейнетақы таратудың әдiл жүйесiн құруды көздеген болатын. Содан берi 14 жыл өттi, зейнетақы тарату саласында әдiл жүйе қалыптасты ма? 14 жылда қазақстандықтардың зейнетақы қорларында 2,7 трлн. теңге (17 млрд. доллар) ақшасы жиналды. Осыншама мол ақшадан қайтарым, түсетiн пайда бар ма? Осы жүйенiң тiкелей қатысушысы 8 миллион адам қазiр тiрнектеп жиған қордан ертең зейнет көре ме?Бүгiн осы сұрақтарға жауап iздегендi жөн көрдiк.
ЖАСТЫ ҰЛҒАЙТУ – ОҢАЙ ЖОЛ
Президент биылғы жолдауында зейнетақы жүйесiн жетiлдiре түсу жөнiнде тапсырма бергенi сол екен, Қазақстанда әйелдердiң зейнетке шығу жасын ұлғайту қажеттiгi қызу талқыға түстi. Бұл ұсыныстың «авторлары» елдегi халықтың қартаю мәселесiн алға тартады. Оның үстiне, еуропалық, азиялық дамыған мемлекеттерде зейнетке шығу жасының ұлғайтылуы да бұған себеп болса керек.
Бiрақ шындығында, Қазақстанда зейнеткерлiк жасын ұлғайтудың себебi бар ма?
Соңғы мәлiметтерге қарағанда, Қазақстан әлемде тұрғындардың өмiр сүру ұзақтығы бойынша 123-орында. Бiздегi көрсеткiш 67,3 жас болса, тiзiмнiң басында тұрғындарының орташа өмiр сүру ұзақтығы 82-ден асатын Андорра мен Жапония елдерi тұр. Ал соңғы көштi 37,6 және 32,2 көрсеткiштерiмен Ангола және Свазиленд мемлекеттерi құрайды. 192 мемлекеттiң орта шенiнде тұрғандықтан, Қазақстан үшiн мақтанарлықтай ештеңе жоқ.
Оның үстiне, Қазақстандағы тұрғындардың орташа өмiр сүру ұзақтығы аға буынның арқасында қалыптасып отырғаны белгiлi. Екiншi дүниежүзiлiк соғысты көрген, ХХ ғасырдағы аштықты, талай нәубеттi бастан өткерген кiсiлердiң жасы сексеннен асып барып, дүниеден өтетiнi жалпы факт. Ал одан кейiнгi буынның арасында ешқандай соғыссыз, нәубетсiз-ақ өлiм-жiтiмнiң көп екенiн жоққа шығару қиын. Бұған себеп техногендi апаттар, экологиялық ахуал мен күнделiктi дамылсыз стресс екенiн кез келген дәрiгер маман айтып берер.
Ал ресми деректердi сөйлетер болсақ, елде 1999 жылдың басында 65 жастағылар саны – 6,7 пайыз болған, ал 2008 жылы – 7,74 пайыз. БҰҰ ережесi бойынша, 65 жастағы азаматтардың саны 7 пайыздан асқанда халық «қартаю үстiнде» деп саналады. БҰҰ болжамына сенсек, Қазақстанда 2030 жылға қарай 65-тен асқандар саны 11,5 пайыздан асады.
Тағы бiр дерек бойынша, Қазақстандағы жасы 63-тен асқан азаматтар саны қазiр 16 пайыз шамасында. Ал 2020 жылы олардың қатары 21 пайызға жетсе, 2030 жылы 27 пайыздан аспақ. Тұрғындарының өмiр сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан 123-орында тұрса, бұл осы кiсiлердiң арқасы болуы да әбден мүмкiн. Алайда iрi буын, аға буын бұл дүниеден өткенде, жағдайымыз нешiк болмақ?
Қазiргi таңда Қазақстандағы зейнеткерлер экономикалық белсендi халықтың 10 пайызын құрайды. Ал ТМД мемлекеттерiнiң көпшiлiгiнде экономикалық белсендi халықтың 15-20 пайызы, кейде тiптi 25 пайызы – зейнеткерлер.
Оның үстiне, Швеция, Франция, Ұлыбритания т.б. мемлекеттердегi тұрмыс деңгейi мен бiздегi әлеуметтiк ахуалды салыстыру қиын. Дамыған мемлекеттердегiдей зейнеткерлiк жасын ұлғайту үшiн әуелi сол елдердегiдей өмiр сүру деңгейiн қалыптастыру керек болар.
Сондықтан Қазақстанда өмiр сүру ұзақтығы дамыған елдермен жарысып, зейнетақы жасын ұлғайтудың еш негiзi жоқ. (7-беттегi Инфографиканы қараңыз).
ҚЫРЫҚ ЖЫЛДА – ЖАҢА ЖҮЙЕ
Қазақстанның зейнетақы жүйесi үш деңгейден тұрады. Бiрiншi деңгейi мемлекеттiк, бюджет есебiнен төленетiн «ұрпақтар үндестiгi» деп аталады. Бұған сай, зейнетақы мөлшерi жұмыскердiң еңбек өтiлiне қарай тағайындалады. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн кем дегенде жарты жыл еңбек өтiлi бар адамдардың барлығына осы жүйе бойынша мемлекеттiк зейнетақы есептеледi.
Екiншiсi ай сайын табысының 10 пайыз бөлiгiн жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуға мiндеттейтiн жүйе. Оған ҚР азаматтары мен азаматтығы жоқ, бiраз жылдар бойы осы елде тұрақты өмiр сүрiп жатқан тұрғындар да кiредi.
Үшiншi деңгей ерiктi түрде аударылатын жинақтаушы жүйе.
Жинақтаушы жүйесiне 2040 жылға дейiн толығымен көшу жоспарланған.
Ақпан айының басында жарияланған Қазақстан Ұлтық банкi есебiнде елдiң жинақтаушы зейнетақы қорлары ел экономикасына қауiп төндiрiп отыр делiнген. Онда жинақтаушы зейнетақы қорларының номиналды табысының көрсеткiшi инфляция деңгейiнен аспайтындығы атап көрсетiлген. Болашақта мемлекет қазақстандықтардың жинақталған зейнетақысын төлеу керек болғанда, бұл айырма бюджетке едәуiр салмақ болатынына назар аударған. Ұлттық банкi мамандары бұл мәселенiң дұрыс шешiмi табылмаса, зейнетақы нарығы айтарлықтай дағдарысқа ұшырауы мүмкiн дейдi.
Зейнетақы қорларындағы мол қаражаттың тиiмдi инвестициялық саясатқа жұмсалуы осыдан бiрнеше жыл бұрын да өзектi болатын. Бұл мәселе әлi күмәндi. Зейнетақы қорларының табысының мөлшерi экономикадағы инфляция деңгейiнен әлдеқайда төмен. Сарапшылар екi арадағы айырма ретiнде 18 пайызды атайды.
Зейнетақы жүйесiнiң дiттеген мақсатына жетiп, толықтай жүзеге асуына кәрiлiк жетiп, зейнетке шыққан азаматтардың жинақтаған қаржысының аздығы, тұрғын халықтың жинақтаушы жүйесiмен түгел қамтылмауы, қаржылық сауаттылықтың төмендiгi, инвестициялық мәдениеттiң жетiмсiздiгi де терiс ықпал етуде.
Бұл жүйенiң авторлары зейнетақы жүйесi халыққа толықтай түсiнiктi болуы үшiн 40-45 жыл керек дейдi. Бiрақ әлемде бұл жүйе енгiзiлгелi қырық жылдан асты. Сондықтан оның жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн басқа мемлекеттер тәжiрибесi арқылы бағалауға болады.
ТIПТI ЧИЛИ ДЕ БАС ТАРТТЫ
Әлемде зейнетақы жүйесiнде екi механизм бар: таратушы және жинақтаушы. Бiрiншiсi бойынша, азаматтар табысының бiр бөлiгiн белгiлi бiр қорға аударып, одан қазiргi зейнеткерлердiң зейнетақысы төленедi. Ал олардың қартайғандағы несiбесiн келесi ұрпақ қамтамасыз етпек. Яғни ұрпақтар келiсiмiне ұқсайтын жүйе.
Ал Қазақтандағы жүйе жинақтаушы механизмiне негiзделген. Жұмыс iстейтiн азаматтың табысының бiр бөлiгi зейнетақы қорына аударылып, сонда сақталады, болашақта ол зейнетақыны өзi жинаған ақшадан алады.
Дүниежүзiнде қазiргi зейнетақы жүйесi алғаш iске қосылғалы қырық шақты жылдың жүзi болды. Бiр жағынан, осы уақыт аралығында бiр буын жұмыс iстеп, белгiлi бiр деңгейде қор жинап үлгердi деген сөз болса, екiншi жағынан әлем бойынша қарт кiсiлердiң санының артуы бұл жүйенiң солқылдақтығынан хабар бередi. Өйткенi жыл сайын зейнетақы жүйесiне салым салатын жұмыс iстеушi жастар саны азайып, ал кәрiлiкке жеткен, қамқорлыққа мұқтаж адамдардың саны, керiсiнше арту үстiнде.
Сондықтан қазiргi таңда көптеген елдерде зейнетақы жүйесiнде қазiргi төлемдер бойынша қарыз жинала бастады. Кей елдерде әлеуметтiк қамтамасыз ету жүйесiнде қарыз елдiң ЖIӨ 100-250 пайызын құрайды.
БҰҰ мәлiметi бойынша 2050 жылға қарай әлем бойынша орташа өмiр сүру ұзақтығы 74 жас болмақ. Ал алпыстан асқандар саны 11-ден 22 пайызға көбейедi. Яғни ХХ ғасырдың басындағы жағдаймен салыстырғанда, қарт кiсiлер қатары екi есе артады.
Қартаю мәселесi көптеген елдердi жинақтаушы зейнетақы жүйесiн қайта қарауды мәжбүрлеуде. Тiптi Қазақстан үлгi ретiнде алған Чилидiң өзi бұл жүйеден толықтай бас тартпаса да, оған сыналай өзгерiс енгiзуге мәжбүр болды. Қазiр Чилиде жинақтаушы зейнетақы жүйесi де, таратушы жүйе де бар. Яғни жинақталған қоры зейнетақының төменгi мөлшерiнен аз болған кiсiлерге, мүгедектерге, яғни әлеуметтiк қамқорлыққа мұқтаж азаматтарға Чили үкiметi қосымша түрде мемлекеттiк бюджеттен зейнетақы төлеп отыруға мiндеттеме алды.
Сонда бiз үлгi алған жинақтаушы жүйесiнiң кемшiлiгiн Чилидiң өзi көрiп отыр ғой?
«БАТПАН ҚҰЙРЫҚ» ҚАЙДА?
Зейнеткерлiк жасын ұлғайту туралы әңгiмелердiң туындауына жинақтаушы зейнетақы қорларының табысының кемдiгi себепкер болуда деген пiкiрлер айтылып жүр. «Бiз жинақтаушы зейнетақы жүйесiне көштiк, қазiр тұрғындардың үлкен тобына төлем төлеу уақыты келдi, ал қазынада ақша жоқ. Зейнетақы қорларының бүгiнгi таңда табысы төмен, барлық салымдар шығынға батты», – дейдi Еңбек конфедерациясының бас хатшысы Марат Машкенов. Жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң басты түйткiлi – қорларда жинақталған қаржыны инвестициялық жобаларға салу тығырыққа тiрелiп тұр.
Зейнетақы активтерiнiң тең жартысы бүгiнде мемлекеттiк құнды қағаздарға салынады. Алайда жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң әу бастағы мақсаты экономиканың нақты саласына қан жүгiрту болатын, оның орнына қазiр зейнетақы қорлары ҚР Қаржы министрлiгiнiң құнды қағаздарын сатып алуда.
Бүгiнгi таңда қазақстандық нарықта инфляциядан жоғары табыс беретiн құнды қағаздар жоқтың қасы. Қор нарығының дамымауы бұған қосымша себеп.
Мысалы соңғы бес жылда жинақталған инфляция деңгейiмен жинақтаушы зейнетақы қорларының (ЖЗҚ) осы аралықтағы номиналды табысының коэффицентiн салыстырар болсақ, қорларға салынған қаражаттың осы аралықта 18 пайызға азайғаны анықталған. Яғни жинақтаушы қорларындағы ақшалар табыс әкелудiң орнына, жылдан жылға азаюда. (Инфографиканы қараңыз).
Екiншi жағынан, ЖЗҚ соншама қаржыны жинап, қол қусырып қарап отырғандай көрiнуi де мүмкiн.Зейнетақы қорларының басқарушы менеджерлерi қордағы қаражатты тәуекелi жоғары жобаларға салуға құлықсыз, өйткенi егер шығынға батқан жағдайда оларға қосымша шығынды жабатын комиссиялық жинақ төленбейдi.
Зейнетақы қорларындағы активтердiң табысты болуы мемлекеттегi экономиканың даму қарқынына тiкелей байланысты, өйткенi олардың инвестициялық портфелiндегi қаржылық құралдардың денi (48 пайызға жуығы) – мемлекеттiк құнды қағаздар. Қазiргi таңда ЖЗҚ-дағы қаражаттың күрт төмендеуiнiң мәнi осында.
Сондықтан елдегi инфляция, жұмыссыздық, табыстың аздығы жұмыс орындарының қысқартылуы, азық-түлiк пен коммуналды қызметтердiң қымбаттығы да жинақтаушы зейнетақы қорларының табысына керi әсер етедi.
Басқаша айтқанда, елдегi экономика түзелмей, ЖЗҚ-дағы жағдай нашарлай бермек.
ЖЗҚ-ның ҚАЙСЫСЫ ЖАҚСЫ?
Қазақстанда қазiргi таңда 11 жинақтаушы зейнетақы қоры бар. Былтырға дейiн олардың саны 13 болған. Алайда «Валют-Транзит» пен «Қорғау» қорлары Қаржылық нарықты және қаржылық ұйымдарды реттеу және бақылау жөнiндегi агенттiктiң (АФН) шешiмiмен мәжбүрлi түрде жабылды.
Ақыры, айлық табысыңыздан тұрақты түрде 10 пайыз жарна аударатын болғандықтан, салымшы ретiнде сiздiң зейнетақы қорын таңдауға, ауыстыруға, таңдаған қорыңыз туралы жан-жақты, толық ақпарат алуға құқыңыз бар.
«Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР заңына сәйкес салымшы жылына екi мәрте (көп дегенде) зейнетақы қорын ауыстыруға құқылы. Шындығын айтқанда, көптеген салымшылар жылына екi рет ЖЗҚ ауыстырудың не үшiн керек екенiн түсiнбейдi.
Шындығында, «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заң бойынша ЖЗҚ ауыстыру салымшының мiндетi емес, құқығы. Яғни салымшы бiр зейнетақы қорымен келiсiм-шарт жасасқаннан кейiн сол қорда ақшасын өмiр бойы сақтауға құқығы бар.
Ал тұрғындардың қаржылық сауатының жетiмсiздiгiн пайдаланған кейбiр азаматтар салымшыларды ақшасын бiр зейнетақы қорынан екiншiсiне ауыстыруға үгiттеп жүргенi. Бұл он шақты зейнетақы қорының арасындағы бақталастықтан туған жағдай. Әрбiр қордың агенттерi тұрақты табысы бар тұрғындарды жағалап, өзiнiң қорына ауысуға үгiттейдi. Олар республикадағы қаржылық-экономикалық жағдайды талқылап, салымшының қоры шығынға батып жатқанын, өзi жұмыс iстейтiн қордың дәл қазiр табысты екенiн айтып, әбден сендiредi. Ақыры салымшы агенттердiң сөзiне ерiп, құжаттарын берiп, бар ақшасын сол зейнетақы қорына аударады.
Шындығында, қазiр табысты болып тұрған қор алдағы жарты жылда шығынға батуы мүмкiн. Бұл қордың инвестициялық портфелiндегi акциялар мен құнды қағаздардың нарықтағы бағамына байланысты.
Сондықтан да түрдi қорлардың арасында «көкпардың серке қошқарына» ұқсамас үшiн және зейнетке жеткенде белгiлi бiр мөлшерде қор жинап үлгеру үшiн ең әуелi қаржылық сауаттылықты арттырып, қорлардың қайсысының инвестициялық саясаты қандай екенiн бiлген ләзiм.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚОРЖЫНДЫ АҚТАРСАҚ
Он бiр қазақстандық зейнетақы қорының инвестициялық портфелiне жалпы шолу жасасақ, олардың 47,7 пайызы – мемлекеттiк құнды қағаздар (оның iшiнде еурооблигациялар да бар), 39,4 пайызы – ҚР Қаржы министрлiгiнiң құнды қағаздары, 7 пайызы – Ұлттық банк ноталары, 7 пайызға жуығы – облигациялар, 2 пайызға жуығы – акциялар, 30 пайыздан астамы – ҚР эмитенттерiнiң мемлекеттiк емес құнды қағаздары, 6 пайызға жуығы – екiншi деңгейдегi банктердегi салымдар, 2 пайызға жуығы – халықаралық қаржылық ұйымдардың құнды қағаздары т.б.
Осыдан бiр жыл бұрынғы мәлiметтерге қарағанда, ЖЗҚ өндiрiстегi құнды қағаздарға салған инвестициясы — 0,03 пайыз болған.
Бұл деректер сiз бен бiздiң зейнетақы қорларында жинақталған ақшамыз экономиканы нығайтып, өндiрiстi көтеруге жұмыс iстеудiң орнына мемлекеттiк қарызды кепiлдендiруге ғана жарап отырғанын көрсетедi.
Қазiргi таңда зейнетақы жүйесiн өндiрiс қуатын ұлғайтуға бағыттауға болар едi, экономика үшiн ең тиiмдiсi де осы. Алайда ЖЗҚ басқарушылары бұған құлықсыз. Өйткенi мұндай тәуекел олар үшiн қосымша шығын шығаруға мәжбүрлеу мүмкiн. Сондықтан олар үшiн бар қордаланған ақшаны екiншi деңгейдегi банктер мен мемлекеттiң құнды қағаздарын сатып алып, екiншi деңгейдегi банктерге салып, «қой да аман, қасқыр да тоқ» деген қағидамен отыра тұрған тиiмдi.
«Қасқыр» тоқ-ау, бiрақ «қойлар» аман ба?.. Қайдам-ау…
БЕТЕГЕДЕН БИIК, ЖУСАННАН АЛАСА…
Соңғы мәлiметтерге қарағанда, Қазақстандағы салымшылар саны 8,1 миллионға жеттi.
Жинақталған зейнетақы қаражаты 17 миллиард доллардан (2,7 трлн. теңге) асқан. Зейнетақы қорларының шығынға батып жатқаны туралы әңгiме 2009 жылдан берi ашық айтылып жүр. Бiрақ бұған нақты жауап берген, оның шешiмiн тапқан ешкiм жоқ.
Қаржылық бақылау агенттiгiнiң мәлiметтерiне жүгiнсек, 2011 жылы ЖЗҚ басым көпшiлiгi инвестициялық шығынға батты.
Мысалы «Республика» ЖЗҚ өткен жылдың 1 қазанында жарияланған ақпаратында инвестициялық табыс -121 292 677 деп көрсетiлген. Яғни 2011 жылдың қыркүйегiндегi жағдай бойынша нарықтың жағдайына байланысты қор шығынға ұшыраған.
Қордың ресми сайтындағы мәлiметке сенсек, бұл аралықтағы ең iрi шығын қор өңдеу өнеркәсiбiндегi және қаржы саласындағы 343 млн. теңгелiк инвестициядан келген. Бұған дейiн «Республика» тәуекелi жоғары инвестициялық жобалармен жұмыс iстесе, ендi олар қалыпты консервативтi стратегияны қолға алды. Бұл дегенiңiз, қор инвестициялық портфелiндегi мемлекеттiк құнды қағаздар санын көбейтiп жатыр деген сөз.
Обалы нешiк, қазiр барлық қорлардың басындағы жағдай осыған ұқсас. Жинақтаушы зейнетақы қорлары дағдарысты кезеңде, шикiзатты экономика тұсында «бетеген биiк, жусаннан аласа» деген қағиданы жөн көретiндей.
Мысал үшiн Қазақстан Халық банкiнiң зейнетақы қорының инвестициялық портфелiн қарап көрелiк. Қордың ресми сайтындағы мәлiметке сәйкес, ҚР Ұлттық банкi мен екiншi деңгейдегi банктердегi салымдар көлемi 30 пайыздан аспайды, мемлекеттiк құнды қағаздар көлемi 20 пайызға жуық, шетелдiк үкiметтер шығарған мемлекеттiк мәртебесi бар құнды қағаздар – кемiнде 30 пайыз, ҚР ұйымдары шығарған мемлекеттiк емес құнды қағаздар көлемi 30 пайыздан аспайды, халықаралық қаржылық және шетелдiк ұйымдар шығарған мемлекеттiк емес құнды қағаздар көлемi 30 пайыздан төмен, ҚР ұйымдарының ипотекалық облигациялары 10 пайыздан кем, ҚР мемлекетiнiң кепiлiмен шығарылған құнды қағаздар 15 пайызға жуық. Бұл инвестициялардың басым көпшiлiгi «Тәуекелi аз. Сенiмдi. Табысы тұрақты» деген анықтамамен сипатталады. Бұл қордың инвестициялық стратегиясына сәйкес, эмитент шығарған құнды қағаздардың тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiне баса назар аударатыны байқалады. Бiрақ бұл қағаздардың табысының аз екендiгi туралы ақпарат сайтта айтылмайды.
Қазiр «Грантум» зейнетақы қоры («Қазкоммерцбанк» АҚ еншiлес компаниясы) былтырғы жылғы қорытындысы бойынша соңғы үш жылда инфляциядан жоғары табыс тапқанын айтып, сүйiншi сұрауда. Бiрақ табысты деген қордың өзiнде оның көлемi үш жылда 27,3 пайыз екенi ойландырмай қоймайды. Өйткенi инфляцияның ресми көрсеткiшi 22,83 пайыз. (Кестенi қараңыз).«Грантум» қорының инвестициялық портфелiн қарасақ, оның 55,4 пайызы мемлекеттiк құнды қағаздарға салынғанын көремiз. Қалған 18,1 пайызы отандық және шетелдiк эмитенттер шығарған корпоративтi облигацияларға, ал 2,1 пайызы акциялар мен депозитарлы қағаздарға салынған.
2012 жылдың 1 қаңтарында әр-бiр салымшының жеке басына шаққандағы «таза» инвестициялық табыс 555,1 млрд. теңгенi құраған. Яғни былтырғы жыл он екi айда оның көлемi 16,3 млрд. теңгеге азайған.
Соңғы бес жылда ЖЗҚ инвестициялық табысы – 30,4 пайыз болса, инфляцияның жинақталған көлемi – 59,9 пайыз.
Соңғы үш жылда инвестициялық табыс – 23,4 пайыз, ал инфляциялық жинақталған денгейi – 22,9 пайыз.
Соңғы бiр жылда (2011 қаңтары желтоқсаны мен 2012 жылдың қаңтары аралығында) 2,06 пайыз, ал инфляцияның жинақталған деңгейi – 5,9 пайыз. (5-беттегi кестенi қараңыз).
«…АУЫРЫП ҚАЛДЫ»
Осы мақаланы дайындамас бұрын қазiргi таңда жұмыс iстеп тұрған он бiр зейнетақы қорына хабарласып, инвестициялық портфелдiң құрылымы, қордың былтырғы табысы мен шығыны жайлы жан-жақты ақпарат беруiн сұрап, ресми түрде хат жолдадық. Өкiнiшке қарай, зейнетақы қорларының көпшiлiгi жария түрде, бұқаралық ақпарат құралдарымен қоян-қолтық жұмыс iстеуге дайын болмай шықты. Республикалық басылымның ресми сұрауын жауапсыз қалдырған зейнетақы қорлары қарапайым азаматтардың сұрақтарына қалай жауап бермек? Олар «Басшымыз iссапарда», «Бұл сұрақтарға жауап беретiн қызметкерiмiз ауырып қалды», «Сұрақтарыңызға жауап бере алмаймыз» т.с.с. деп сылтаулар айтты.
«Республика» қоры барлық мәлiметтердiң ресми сайтта жарияланғанын алға тартты. Ал басқа қорлар туралы қажеттi мәлiметтердi түрлi ақпарат көзiнен алуға, iздеуге тура келдi.
Тек «Капитал» ЖЗҚ мемлекеттiк құнды қағаздар нарығын сараптау бөлiмiнiң бастығы Серiк Сазанбаев сұрақтарымызға нақты жауап бердi.
«Капитал» ЖЗҚ инвестициялық портфелiнде ҚР Қаржы министрлiгiнiң мемлекеттiк құнды қағаздары (66,2 пайыз), «Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ, «АгрКредитКорп», «АТФ Банк» АҚ, «Самрұқ Қазына» ҰӘҚ АҚ, «Қазақстан Халық банкi» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» АҚ, «Қазкоммерцбанк» т.б. компаниялардың активтерi бар.
Қордың 2011 жылғы қорытындысы бойынша қордың инвестициялық табысы 8 622 млн. теңге болған, ал номиналды табыс көрсеткiшi 4,42 пайыз. (Кестенi қараңыз).
Маман пiкiрi
Серiк Сазанбаев:
МЕМЛЕКЕТТIК ҚҰНДЫ ҚАҒАЗДАР ТАБЫСЫ 3-5,5 ПАЙЫЗ ҒАНА
– Жинақтаушы зейнетақы қорлары неге отандық кәсiпорындарға инвестиция салмайды? Әлде бұған кедергiлер бар ма?
– «Капитал» ЖЗҚ отандық экономиканы көтеру үшiн өзiнiң портфелiндегi қаржының 24,2 пайызын отандық эмитенттерге салды. Қор бұдан да көп инвестиция жасауға қабiлеттi, алайда отандық нарықта рейтингiсi де, табысы да жоғары қаржылық құралдар өте аз, оның үстiне Қаржылық бақылау агенттiгi бiздi тек мемлекет кепiл болған компанияларға қаржы салуға мiндеттейдi, ал мұндай компаниялар саны шектеулi. Республикадағы басқа зейнетақы қорларының да басындағы жағдай осындай.
Оның үстiне, кейбiр қазақстандық эмитенттер дефолтқа ұшырады, яғни олар өз мiндеттерi бойынша төлем төлеуден бас тартты, осы орайда зейнетақы қорлары мұндай компанияларға ақша салудан бас тартады.
– Қазiр елдiң жинақтаушы зейнетақы жүйесiнде 17 млрд. доллардан астам қаржы бар. Бұл қаржы қайда жұмсалып жатыр?
– Зейнетақы жүйесiнiң басым бөлiгi мемлекеттiк құнды қағаздарға инвестиция ретiнде салынады, биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттiк құнды қағаздарға салынған қаржы көлемi 43,49 пайыз, ал отандық корпоративтi құнды қағаздарға – 27,31 пайыз, шетел мемлекеттерiнiң құнды қағаздарына – 4,78 пайыз, халықаралық қаржылық ұйымдарға – 3,5 пайыз, аффинирленген алтынға 4,76 пайызы салынған.
– Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы инвестициялық табысының көрсеткiшi инфляция деңгейiнен аспауының себебi неде? Салымшылардың ақшасын сақтап, көбейту үшiн қорлар не iстеуде?
– Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық портфелiндегi мемлекеттiк құнды қағаздар табысы қазiргi таңда 3-5,5 пайыз аралығында, яғни инфляция деңгейiнен әлдеқайда төмен. Жинақталған табысты инфляцияның «жеп қоюының» сыры осында. Оның үстiне, жергiлiктi нарықта инфляцияға байланған қаржылық құралдар жоқтың қасы, себебi инфляция өскен жағдайда эмитенттiң қорландыру құны да артады, сондықтан да бәрi өзiнiң құнды қағаздарын белгiлi бiр бекiтiлген үстемақы бойынша сатқанды жөн көредi.
– Президент Үкiмет пен Ұлттық банкке зейнетақы жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеудi тапсырды. Сiздiңше, зейнетақы жүйесiне қандай өзгерiс қажет?
– ҚР Ұлттық банкi Бүкiләлемдiк банктiң талап-ескертпелерiн ескерiп, мынандай ұсыныстар енгiздi:– Зейнетақымен қамтамасыз етудi бақылау жүйесiн жетiлдiру.
Бiздiң ойымызша, зейнетақы қорларының арасындағы бақталастық мәселесi реттеуiш (Қаржылық бақылау агенттiгi – ред.) арқылы шешiлуi керек.
Зейнетақы активтерiн халықаралық портфельдерге салу.
Бiз жергiлiктi қор нарығының жетiлмеуiне байланысты белгiлi бiр нормалармен шектелген көлемде халықаралық активтерге инвестиция салу қажет деп санаймыз.
Зейнетақы активтерiне сырттан ортақ басқарушы белгiлеу, бұл бастама болашақта зейнетақы қорларын бiрiктiруге алып келуi мүмкiн.
Бiздiңше, зейнетақы активтерiн бiр жерден басқаратын ортақ басқарушыны қоюдың қажетi шамалы, бұл бастама инвестициялар салу мен салымшыларға қызмет көрсетуде қазiргiден артық нәтижеге жетедi дегенге сену қиын. Оның үстiне, қазiргi таңда салымшылар зейнетақы қорларын, олардың қызмет көрсету сапасын таңдау құқығына ие, ал жаңағыдай шаралар салымшыларды бұл таңдау еркiнен айырады. Яғни зейнетақы салымдары салықтың бiр түрiне айналады. Зейнетақы жүйесiндегi нарықтық сипат жойылып, оның дамуына терiс әсер етуi мүмкiн. Тiптi, зейнетақы активтерiн халықаралық тәжiрибесi бар компания беру жинақтаушы зейнетақы жүйесiн құру идеясына түбегейлi қайшы. Өйткенi әу бастағы идея бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесi ұлттық экономиканы инвестиция құйып, отандық қор нарығын дамытуға инвестиция құю болатын.
– 1 қаңтардан бастап мультипортфельдi жүйе енгiзiлдi. Бұл қорлардың инвестициялық саясатына қандай ықпал еттi?
– Жыл басынан берi әрбiр қор екi портфель жасақтады: консервативтi және қалыпты.
Консервативтi тек мемлекеттiк құнды қағаздарға салынады, тәуекелi аз. Ал 2015 жылға қарай агрессивтi портфель пайда болғанда, салымшылар портфель түрiн өздерi таңдайтын болады. Менiңше, портфельдердi бұлайша бөлу қорлардың инвестициялық саясатына әсер етпейдi.– Неге 14 жылдан берi зейнетақы қорлары отандық қор нарығының дамуына оң ықпал ете алмады?
– Зейнетақы қорлары – институционалды инвесторлар, олар қаржылық құралдарды сатып алып, портфелiнде ұзақ жылдар ұстайды, оның табысын жинақтайды. Ал салымшылар ақшасы қорға ай сайын түсiп жататын болғандықтан, қорлар үстiн-үстiн жаңа қаржы құралдарын сатып алады, қаржылық құралдарды сирек сатады. Сату жиiлiгi ғана отандық қор нарығының дамуына оң ықпал етер едi.
МIНЕКЕЙIҢIЗ, ТАҢДАҢЫЗ!
Салымшы ретiнде зейнетақы қорын таңдағанда, оның инвестициялық стратегиясынан бөлек, қор ұсынатын белгiлi бiр қызмет түрлерiне де назар аударыңыз. Мысалы кейбiр қорлар Алматы мен Астана сияқты iрi қалалардағы шаштараз, сұлулық салондары, бильярд клубтары, т.б. қызмет көрсету, ойын-сауық орындарына тұтынушылық жеңiлдiктер ұсынады. Яғни сiз белгiлi бiр клубтың мүшесi ретiнде осы қордың картасы арқылы белгiлi бiр деңгейдегi жеңiлдiктердi пайдалана аласыз.Ал ЖЗҚ инвестициялық портфельдi дұрыс таңдау үшiн қаржылық нарықтағы капиталды басқару заңдылықтарынан хабардар болу керек. Нарық заманының талабы осы. Оның үстiне, ЖЗҚ салымшысы ретiнде сiз жеке инвестор саналатыныңызды да есте ұстаңыз.
Әдетте, экономист мамандар зейнетақы қорының ең табысты кезеңiн аңдып отырып, инвестициялық табыс шарықтау шегiне жеткенде, табысы жоғары болуы мүмкiн басқа қорға ауысуды ұсынады. Осылайша, белгiлi бiр деңгейде қордағы қаражат деңгейiн сақтап қана қоймай, оны үстемелеп отыруға болады.
Әйтсе де барлық қорларға ортақ заңдылық бар. Дағдарысты кезеңде зейнетақы қорларын қайта-қайта ауыстырудың қажетi шамалы, өйткенi бұл кезеңде барлық қорлардың инвестициялық табысы төмен болады.
Бiз өз тарапымыздан ЖЗҚ таңдауға қатысты мамандардың кеңесiн оқырман назарына ұсынамыз:
Бiрiншiден, ЖЗҚ таңдау кезiнде қордың құрылтайшыларының толық құрамын қараңыз. Олардың iшiнде аты мәлiм iрi кәсiпорын иелерi болғаны дұрыс.
Екiншiден, ЖЗҚ аймақтардағы филиалдар санын бiлген жөн. Республиканың әрбiр аймағында филиалдар желiсi бар қордан қажеттi ақпарат алу да оңайға түспек.
Үшiншiден, мүмкiндiгiнше қордың кадрлық құрамымен танысыңыз.
Төртiншiден, қордың заманауи технологияларды пайдалану мүмкiндiгi қандай екенi де маңызды. Көптеген қорлардағы ақша қаражатының түсiмi мен шығындарын электронды желiде бақылап отыруға болады.
Бесiншiден, қордың инвестициялық портфелiне сараптама жасаңыз. Сiздiң қаражатыңызға қор басшылығы қандай құнды қағаздарды қандай мөлшерде сатып алатындығын бiлуге толықтай қақығыңыз бар. Бұл мәлiметтi басқа қорлардың портфелiмен салыстырыңыз. Инвестициялық портфельдiң аса табысты болуы әдетте тәуекелi көп қағаздардың көп екенiн аңғартады.Алтыншыдан, сiз таңдаған қордағы салымшылардың қай сала қызметкерлерi екенiне назар аудару артықтық етпейдi. Егер олардың қатарында мемлекеттiк қызметкерлер, банк қызметкерлерi, iрi корпорациялар мен компаниялар, БАҚ өкiлдерi, құқық қорғау саласының қызметкерлерi болса, оны да ескерiңiз.
Жетiншiден, салымшылардың санына назар аударыңыз. Салымшылардың саны көп болған сайын, қордың активтерi өседi, ал бұл оның тұрақтылығы мен табыстылығының кепiлi.
Сегiзiншiден, ЖЗҚ аудиторлық тексерулер нәтижесiн қараңыз. Зейнетақы қорларына аудиторлық тексерулер жыл сайын өткiзiледi.
ӨЗIҢIЗ ИНВЕСТОР БОЛЫҢЫЗ
Инвестициялық табыс деңгейiн жақсарту үшiн биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап инвестициялық стратегияны өзгерту жоспарланған. Мультипортфельдi деп аталатын жүйеде зейнетақы қорлары консервативтi, қалыпты, агрессивтi деп аталатын инвестициялық портфельдер құрмақ.
Мультипортфельдi жүйеге көшу екi саты арқылы жүзеге аспақ. Алғашқысында, яғни 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке шығуға жетi жылдан аз уақыт қалған азаматтардың ақшасы консервативтi инвестициялық порфельге салынады. Өйткенi зейнеткер жасындағы салымшылардың ақшасын сақтап қалу өзектi.
Екiншi сатыда, яғни 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбiр салымшы инвестициялық портфельдi өзi таңдауға ерiктi болмақ. Әрине, зейнеткерлiк жасына жеткендерге бұл ереже жүрмейдi. Сондай-ақ сол кезден бастап ЖЗҚ агрессивтi инвестициялық портфель құруға құқылы болмақ.
Ал инвестициялық портфельдi таңдауға өтiнiш бермеген немесе зейнетке шығуына жетi жылдан аз уақыт қалған салымшылардың қаржысы қалыпты портфельге салынады.
Егер алғашқы екi портфельдегi қаржының инфляция деңгейiнен төмен түспеуiне мемлекет кепiл болса, агрессивтi портфельдегi ақшаның сақталуына ЖЗҚ өздерi жауапты. Сондықтан да мұндай портфельдi құру-құрмауды олар өздерi шешедi.
Ал 2015 жылға дейiн барлық зейнетақы қорлары өздерiнiң салымшыларын инвестициялық портфель түрлерiмен таныстырып, олардың тиiмдiлiгi жайлы жан-жақты ақпарат таратуға мiндеттi.
Гүлбиғаш Омарова