Қалалар жабық. Қазақ қайда барады?..

Қалалар жабық. Қазақ қайда барады?..

Қалалар жабық. Қазақ қайда барады?..
ашық дереккөзі

Өткен аптада Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласының көлiк жүргiзушiлерi наразылық шараларын ұйымдастырып, билiктiң назарын 20 жылдан берi жөндеу көрмеген асфальтқа аударуды мақсат еттi. Билiк бұл проблемаға қаншалықты назар аударып, маңыз бередi, ол жағы әзiрге беймәлiм. Керiсiнше, бүкiл қоғамның назары кезiнде атағы дүркiреген жабық қала Степногордың бүгiнгi ахуалына ауғаны анық. Соның куәсi – көптеген телеарналардың қорытынды сараптамалық жаңалықтарында Степногорскiнiң бүгiнгi шынайы келбетi ашылды.

Осы арқылы Қазақстанның болашағы бұлыңғыр, ертеңiне сенiмi таусылған ауылдары мен шағын қалаларының бүкiл кескiн-келбетi анық танылғандай болды. Шағын қалалар мен ауылдардың керегесi сөгiлуi талай жылдан берi үздiксiз жүруде. Мiне, осы уақыт iшiнде көптеген елдi мекендердiң тұрғындары әрлi-берлi көшiп-қонумен жүр. Қазiргi ресми статистикаға сенетiн болсақ, Қазақстандағы iшкi миграция жыл сайын 300-500 мың адамның айналасында болған. Ал 1991 жылдан берi 5 миллионға жуық адам тек Қазақстанның өз iшiнде көшiп-қонған. Үкiмет iшкi көшi-қон мәселесiне тек он бес жылдан кейiн ғана назар аудара бастады. Бiрақ әлi күнге дейiн түбегейлi шешiм қабылдаған жоқ. Мамандар iшкi көшi-қон мәселесi – «Iшкi көшi-қон туралы» Заңның қабылдануымен шешiледi деп күткен. Алайда 2011 жылы қабылданған «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңның негiзгi бөлiгi осы iшкi көшi-қонды реттеуге арналғанымен, бүгiнгi таңға дейiн қордаланған проблемалар шешiлер емес.

КЕРI ҚАЙТУҒА МӘЖБҮРЛЕУ

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәлiметiне сүйенсек, соңғы бес айда миграция заңына қайшы әрекет еткендердiң есебiнен мемлекеттiк қазынаға 60 миллион теңге құйылған. Былтыр шiлдеде күшiне енген «Халықтың көшi-қоны туралы» Заң бойынша тұрақты тiркелген елдi мекенiнен өзге қалада тұрып жатқандар Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiнiң назарына iлiксе, бiрiншi жолы 7,5 мың теңге, екiншi жолы қайта қармаққа түссе – 15 мың теңге көлемiнде айыппұл төлеуге мәжбүр. Бұған дейiн бұл тәртiп сәл де болса либералды сипатта болатын. Яғни iшкi iстер қызметкерiнiң қолына түскен «пропискасыз» ауылдыққа ең әуелi ескерту жасалатын, екiншi рет айыппұл салынатын. Айыппұлдың көлемi бұдан бес есеге аз едi. Ал соңғы 5 айда «пропискасыз» жүрген 27 мың адам қолға түсiп, солардың есебiнен 60 миллион теңге айыппұл төленген. Бұған дейiн Алматы секiлдi iрi мегаполис тұрғындары жақындарын өздерi тұратын пәтерге немесе үйiне тұрақты тiркеуiне мүмкiндiк жасалған болса, жаңа Заң бойынша ол да шектелген. Бүгiнде бiр адамға тиесiлi шаршы метрдiң көлемi – 15. Демек 3 бөлмелi, 70 шаршы метр көлемдi пәтерге тек 4 адам ғана тiркеледi. Одан асса, бiрге туғанына ғана тiркелуге мұрсат берiледi. «Халықтың көшi-қоны туралы» Заң бойынша, тiркеусiз жүргендер ғана емес, өздерiне тиесiлi пәтерде тұрмайтын адамдарды тiркеуге алғандар 22 мыңнан 30 мыңға дейiн, бұл әрекетiн қайталаған жағдайда 38 мыңнан 45 мың теңгеге дейiн айыппұл салынады.

– Мамандар ауылдан қалаға ағылған iшкi мигранттар әртүрлi әлеуметтiк проблемалар туғызатынын айтады. Олар:

– Бiрiншiден, еңбек рыногындағы теңдiктi бұзады;

– Екiншiден, кедейшiлiктiң өрiстеуiне жол ашады;

– Үшiншiден, елдiң тұрақты дамуына және оның қауiпсiздiгiне нұқсан келтiредi.

Сонымен қатар, мигранттардың жағ­дайы да оңды болмайтыны анық. Бi­рiн­шi­ден, олар тiркеуде болмағаннан кейiн дә­рi­г­ерлiк көмекке жүгiне алмайды. Балаларын мектепке немесе балабақшаға орналас­тыру да оңайға соқпайды. Оның үс­тiне ауылдан келгендердiң барлығы бiр­дей баспана мәселесiн шеше алмайды.

Есенгүл Кәпқызы