ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ БАСЫЛҒАН ЖОҚ
ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ БАСЫЛҒАН ЖОҚ
Ақордада кеңес өткiзген ҚР Президентi Н.Назарбаев келер күннiң еншiсiндегi экономикалық-қаржылық мәселенi талқыға салып, тиiстi органдарға бiрқатар нұсқау бердi. Тапсырмалар арасында қымбатшылықты ауыздықтау, сақтандыру нарығын дамыту, зейнетақы жүйесiн реттеу секiлдi басқа да мәселелер бар.
Әлемдiк экономикалық дағдарыстың салқыны дүниежүзiлiк экономикаға әлi де қауiп төндiрiп отыр. Қаржылық қиындықтардан сабақ алған әр мемлекет тығырықтан өз бетiнше шығуға талпынуда. Келер күннiң еншiсiндегi бiрқатар мәселенi пысықтап алу мақсатында Елбасы Ақордада кеңес өткiздi. Аталған шараға ҚР Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы А.Мусин, Ұлттық Банк Төрағасы Г.Марченко, Премьер-министрдiң орынбасары Қ.Келiмбетов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов, Қаржы министрi Б.Жәмiшев, Экономикалық даму және сауда министрi Б.Сағынтаев, Ұлттық Банк басшылығы, сондай-ақ Ұлттық Банктiң қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау комитетiнiң басшылары қатысты.
Кеңес барысында: «Жалпы, әлемдiк нарықтағы аумалы-төкпелi жағдайға қарамастан, өткен жыл бiз үшiн белгiлi дәрежеде жемiстi болды. Қазақстандық экспорттың негiзгi баптарына қолайлы баға конъюнктурасының және экономиканы әртараптандыру мен iшкi сұранысты кеңейту бойынша мемлекеттiк қолдау шараларының оң экономикалық әсерiнiң нәтижесiнде жалпы iшкi өнiмнiң өсу қарқыны, соңғы үш жыл iшiнде ең жоғары деңгейге жетiп, жедел мәлiметтерге сәйкес, 7,5 пайызды құрады», – деп мәлiмдеген Н.Назарбаев әлемдiк экономика мен қаржы жүйесiндегi қауiп-қатерлер сақталып отырғанын ескерттi. Яғни арқа-басты кеңге салуға әлi ерте. Қазақ билiгi кез келген қиындыққа тас-түйiн дайын отыруы тиiс: «Тiптi, АҚШ тәрiздi, экономикасы дамыған елдiң рейтингiсi «ААА» деңгейiнен «АА+» деңгейiне дейiн төмендеген. Еуроодақта да проблемалар жалғасын табуда. Осының барлығының бiздiң елiмiздiң қаржы жүйесiне қатысы болмақ. Сыртқы несие нарығының тарылуының негiзгi салдары бiздiң банктердiң сыртқы қор жасау тәуелдiлiгiнiң төмендеуiне әкелдi. Бiр жағынан бұл жақсы, өйткенi бiз бұдан бұрынғы дағдарыс кезеңiнде осыдан зардап шектiк. Орталық банктiң қолдауы есебiнен күнелтетiн бiрқатар еуропалық банктердегi жағдайдың күрделiлiгi туралы бiле отырып, бiздiң банктiк жүйеге сыртқы қаржыландыру көздерiнiң ұлғаюын күтуге болмайды. Iшкi резервтердi iздестiру қажет».
Мемлекет басшысы назар аударған басты мәселелердiң бiрi – банктердiң несие қоржынының сапасының нашарлығы және несиелiк белсендiлiктiң төмендiгi. Әлемдiк қаржылық дағдарыс пен қаражат тапшылығының салдарынан қиындыққа тап болған бiрқатар отандық жекеменшiк банктiң 25 пайыздық акциясын уақытша иеленген мемлекет қаржылық құрылымдарды банкротқа ұшыраудан аман алып қалғаны белгiлi. Осы орайда, Елбасы банктердi тұрақтандыру мәселесiн баса айтты: «Үкiметпен бiрлесiп отандық банктердiң жұмысын ынталандыру және жандандыру қажет. Сонымен бiрге, қайта құрылымдау жүргiзiлген «БТА Банк» және «Альянс Банк» сияқты банктердегi жағдайды тұрақтандыру керек».
Президентпен өткiзiлген кеңес барысында ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Г.Марченко Президентке Ұлттық Банктiң инфляция процестерiн бақылау және айырбас бағамының саясаты жөнiндегi қызметi туралы баяндап бердi. Ұлттық Банктiң есебiн көлденең тартқан Бас банкир 2011 жыл барлық негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштер бойынша Қазақстан үшiн жақсы жыл болғанын айтты. Кеңестiң қорытындысы бойынша Президент тарапынан айырбас бағамы саясатына, инфляцияны болжанған дәлiзде ұстау қажеттiгiне және зейнетақы қорларын реттеуге қатысты нақты тапсырмалар берiлдi. Сонымен қатар Н.Назарбаев Ұлттық қор активтерiн басқару, сақтандыру нарығын дамыту және Кедендiк одаққа мүше елдердiң ақша-несие саясатындағы қызметiн үйлестiру мәселелерiне назар аударды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ