ЗҰЛМАТҚА – 80 ЖЫЛ

ЗҰЛМАТҚА – 80 ЖЫЛ

ЗҰЛМАТҚА – 80 ЖЫЛ
ашық дереккөзі

Қазақ тарихында ел басына күн туған небір нәубет замандар өтті. Сол қаралы кезеңдердің бірі – саяси қуғын-сүргін жылдары. 20 сәуірде Алматыда өткен «Қазақстан: соғыстан кейінгі қоғам 1946-1953 жж.» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осы тақырыпқа арналды.

XX ғасырдың 2-жартысындағы Кеңес одағының барлық аймақтарын қамтыған жаппай саяси қуғын-сүргін қазақ ұлтының да өрісін тарылтты. Бұл Сталин саясатының ысқырып тұрған шағы еді. Ол жылдардың шындығының адам шошынарлық болғаны соншалық, оның құжаттық дәлелдері ұзақ жылдар бойы мұрағаттарда «аса құпия» грифімен сақталып келді. Қазір бұл тақырып баспасөзде жазылып, ғылыми зерттеулерге арқау болуда. Ең бастысы –атқарылған істердің саны емес, тарихымызда қара таңбамен жазылған сол кезеңді ұмыт қалдырмауымыз. Конференцияның міндеті де осы болатын.

Шараны Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы, Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды. Жиынға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ, Қырғызстан, Украина, Өзбекстаннан ғалымдар қатысып, соғыстан кейінгі қазақстандық қоғамдағы сталиндік саясаттың салдары жөнінде баяндама жасады. Конференция материалдарын Қазақстанның соғыстан кейінгі кезеңін зерттеуге қосқан елеулі үлес десек болады.

Кеңес үкіметінің ішкі саясаты және әкімшілік-командалық басқару жүйесі мен оның механизмдерінің Қазақстанда жүзеге асуы Зәуреш Сактағанова, Альбина Жанбосынова сияқты ғалымдардың зерттеулерінде көрініс тапқан. Ал украиналық ғалым Тамара Вронская 1948 жылғы нормативті-құқықтық акті және Сталиндік террордың өрлеуінің себептері мен салдарына үңілген. Ол Ресей мен Украина мұрағаттарынан табылған жаңа құжаттардың негізінде кеңес билігінің құқық атаулыға қайшы енгізген жаңалықтарын зерттеген. Яғни ғалым «саяси қылмыскер» тобына кіретін айыбын өтеген азаматтарды қайталап айыптау немесе «ерекше» ГУЛАГ лагерлеріне заңсыз тоғыту жағдайларын қарастырған.

Бірқатар отандық ғалымдар қазақ зиялылары — Сәтбаев, Бекмаханов, Кенжебаев, Әшімбаев тағдырларын өз зерттеулерінің өзегі еткен. Қазақ қоғамының рухани өміріне қуғын-сүргін саясаты әкелген алапат апат ғалымдар тарапынан өз бағасын алды.

– Басқаны айтпағанда сол кезеңде қазақ халқының 40 пайызға жуығы қуғын-сүргіннің азабын шекті, – дейді Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының сарапшысы Гүлжан Мырзағалиева, – жаппай жазалау, аштық, күштеп жер аудару – осылардың бәрі соңында қазақ халқының ана тілін жоғалтуына, мәдениетінің мешелденуіне, экономикасының артта қалуына әкеп соқты. Жалпы соғыстар тарихында ең ауыр деп бағаланған Ұлы Отан соғысындағы жеңіс КСРО басшылығына көп мүмкіндіктер берді, – деп пайымдайды сарапшы. Біріншіден, жеңіс – халықты кеңес үкіме­тінің қоғамдық саяси жүйесі ең берік, ең дұрыс деген сенім туғызуда билікке жол ашып берсе, екіншіден, сол жеңісті ұйымдастырған сталиндік компартия дегенге риясыз сендірді. Сөйтіп елде И.В.Ста­лин­нің жеке басына табынуы белең алды. Қандай да болсын жетістіктер оның тиімді басшылық жасай білуіне, ал, ірі кемшіліктер мен олқылықтар «халық жауларына» таңылды. Әсіресе соғыстан кейінгі саяси қудалау көзі ашық, көкірегі ояу деген талай зиялының обалына қалды. Бұл халқымыздың асыл перзенттерінен айрылып, басынан бағы тайған кезі еді. Гүлжан Нәсиқызының айтуынша, қу­ғын-сүргінге қатысты құпия құжаттар әлі де ашылу үстінде. Таяуда Тарих және этнология институтының қабырғасында 20-40-жылдары қудалауға ұшырап, атылғандар тiзiмi – «Азалы кiтап» жарық көрдi.

Биыл ашаршылық зұлматына – 80 жыл. Тарихтың осынау қаралы беттері әлі талай құпияны бүгіп жатыр-ақ. Ел өмірінің тауқыметке толы шақтары тарих тарауларында тиісті бағасын алатынына үміттіміз.

Эльмира АСҚАРҚЫЗЫ