Жаңалықтар

ОРАЛ ТАҢСЫҚБАЕВҚА ЕСКЕРТКIШ ОРНАТЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ОРАЛ ТАҢСЫҚБАЕВҚА ЕСКЕРТКIШ ОРНАТЫЛДЫ

Халық бостандығы мен тәуелсіздігі, еркіндігі мен егемендігі бір ұрпақтың ғана емес, сан ұрпақтың еншісі. Ол аға ұрпақтың арманы, бүгінгі ұрпақтың игілігі, келер ұрпақтың кепілдігі. Ендігі кезекте тәуелсіздік жолындағы тарихи жолымызды зерделеп, оны одан әрмен баянды ету ұрпақ алдындағы қарызымыз.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері қазақ халқы өзінің ұлы перзенттеріне: қолбасшы, батыр, ақын, әнші, күйші, саяси және мәдениет қайраткерлеріне үлкенді-кішілі қалаларда, елді мекендерде ескерткіш мүсіндер орнатумен қатар бейнелерін кескіндей бастады. Бұл, әрине, біздің ұлттық санамыздың оянғаны.

Осындай игі істердің бірі Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде атқарылды. Осы оқу орны сурет өнерінің сырын терең меңгерген, кескіндеменің көрнекті өкілі Орал Таңсықбаев есімімен аталуының өзі зор тағылым емес пе? Талантымен танылған дара тұлға Орал Таңсықбаевты ұлықтау, дәріптеу, келешек ұрпақ жадында сақтау әрбір саналы адамға терең ой салатын ізгі парыз.

Орал Таңсықбаев колледжінің 75 жыл­дық мерейтойы қарсаңында өнер орда­сының алдына бейнелеу өнерінің бәйтерегі, парасатқа толы суретші Орал Таңсықбаевтың бюстін орнатты. Орал Таңсықбаев бюстін жасау алдында өздерінің ұсынысымен бірнеше мүсінші конкурсқа қатысты. Конкурс өте қатаң түрде елге танымал мүсіншілер мен суретшілердің таңдауымен жүргізілді. Сонымен мүсінді жасау осы колледжде қызмет атқарып келе жатқан мүсіншілер: Талғат Шотыбайұлы, Қазыбек Тұрғанбайұлы және Еркін Ахметоллаұлына бұйырды.

Мүсіншілер бұл мүсінді жасау барысында көп ізденіп, жұмыс жасағаны көрінеді. Шығармадан өмірге деген жасампаз көзқарас, асау мінез бен дүниетаным аңғарылады. Данышпан суретші терең оймен алысқа көз тігеді.

Талант – табиғат сыйы емес пе?! Қазақ ұлтының бақ-талайы талантқа кенде емес. Бізге қазір де осындай ұлтын сүйген, өмірін өзіміз үлгі ететін азаматтар қажет-ақ.

Орал Таңсықбаев 1904 жылы, көп балалы қазақ отбасында Ташкент қаласында дүниеге келеді. Дара тұлға Орал Таңсықбаев кескіндеме өнеріндегі қайталанбас құбылыс. Оның шығармашылығы әр адамға сұлулық пен сезімнің әсерлі сырын беріп, әрбір жұмысы көрерменіне ерекше көңіл-күй сыйлайды. Қазақ халқының ұлы суретшісі Орал Таңсықбаев есімі көпке жақсы таныс болғанымен, еңбектері қалың жұртшылыққа беймәлімдеу. Өйткені оның туындыларының басым бөлігі өзбек елінің мәдени мұра­жайының еншісінде.

Оның творчестволық шығармалары Ресейдің мемлекеттік Третьяков өнер галлереясы, көптеген шығыс халықтары Мемлекеттік өнер мұражайларының коллекциясында жиналған. Сонымен қатар Орал Таңсықбаевтың жеке қоғамдық қоры жұмыс жасауда.

КСРО халық суретшісі, КСРО Суретшілер Академиясының мүшесі, суретші Орал Таңсықбаевтың ескерткішінің салтанатты түрде ашылу рәсіміне осы колледж­ден білім нәрімен сусындап, қияға қанат қаққан түлектері: С.Мамбеев, Ү.Әжиев, Ә.Қайдаров, Г.Исмаилова, Ы.Қарсақбаев, Б.Зауірбекова сынды елімізге еңбегі сіңген өнер тарландары шақырылды. Сонымен қатар Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінен, Өзбекстаннан Ахмедова Нигора, Қырғызстаннан Амиртаев Болотхан, Байбосынов Табылды қонақта болды.

Бағила БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ,

өнертанушы