БИДІ БИ ЕТЕР — ХАЛЫҚ
БИДІ БИ ЕТЕР — ХАЛЫҚ
Ақын әрi ахун атанған, араб, парсы тiлдерiне жетiк Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы (Iзтiлеуов) Сыр елiнен шыққан белгiлi тұлғаларды өзiнiң төрт аяғы тең «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауында жырлаған. Сол толғаудың бiр шумағында:
– …Дәуімшар мен Тұңғышбай,
Секілді ер ед лашын!
«Құр қайтты» деп халық айтпас,
Жайса да қайда құлашын.
Тұрекеңнің осы теңеулерінен Дәуімшардың асыл туған азамат, ер екені аңғарылып-ақ тұр. Олай болса, ел есінен ұмытыла бастаған тұлғаның өмір жолын жас ұрпаққа әлім келгенше таныстыруды мақсат тұтып отырмын.
Сырда туып, Сырда өскен, кезінде ел билігіне араласып талай-талай дауларды шешуге қатысқан Дәуімшар биге Сырдың дауылпаз ақын-жыраулары өз жырларын арнаған. Демек, Дәуімшар Қитарұлының өмір жолы, ұлағатты істері іздеуге тұрарлық.
Дәуімшар Қитарұлының (Қитаров) есімі Перовскі уезіне қарасты Аққыр болысының №1 ауылында «Ақтайлақ» елді мекенінде тұратыны және қыс қыстауы Қаракөл, Ақмаңқан екені де мұрағат құжатында анық жазылған. Ал 1874 жылғы «Түркістан» уәлаяты газетінде Сырдария облысы әскери генерал-губернаторының бұйрығы жарияланып, онда Тұңғышбай Бекмырзаев, Аққыр болысын басқарушы болыс-биінің бірі Дәуімшар Қитаровтың аты кездесті. Дәуімшар би патша өкімет тарапынан би, болыс атағын алған және оны жалпы жұртшылық онсызда би атаған. Ел арасында Дәуімшар былай айтып еді, мына дауды былайша шешкен-ді деген әңгімелер желісі де кездеседі. «…Би болдым деп мақтанба. Биді би етер – халық», «Малыңды жау алар, малыңды би қайтарар», т.б. сөздері баршылық.
Сыр сүлейлерінің ұстазы болып танылған ақын, жырау Балқы Базар (1842-1911 ж.ж.) «Қаражан болысқа» арнаған өлеңінде:
–…Жалғаннан жөнелген соң Тұңғыш мырза,
Бақыт құс ол орнынан көшіп еді.
Сонан соң қонды бақыт Дәуімшарға,
Аянбай шапқан ер ед намыс арға, – деп Қаражанның болыстықты Дәуімшардан алғанын айта отырып, болысты сынға алады. Мұрағат дерегінде Қаражан Тұрақовтың 1891-1892 жылдары Аққыр болысы болғаны жазылған. Олай болса, 1874-1880 жылдар шамасында би болған Д.Қитаров, 1880-1889 жылдарда Аққыр болысын басқарушы болғанын ақындардың жырларымен қатар мұрағат материалдары да нақтылай түседі.
Ата-тек шежірелерге қарағанда, Дәуімшар Қитарұлы 1840-1842 жылдары туып, 1907-1910 жылдар шамасында Майлыөзекте өмірден өтсе керек. Сол қорым бүгінде Дәуімшар қорымы аталады. Әкесі Қитар батыр болған кісі екен. Қитардан Дәуімшар мен Бекжан туған.
Дәуімшардан – Добай, Ержан, Құдайберген, Төлтай атты ұрпақтар тараған. Дәуімшар бидің кенжесі Төлтайдың есімі 1902 жылғы Қазалы уезінің құжаттарында кездесті. Бидің ұрпақтары да өз кезегінде ел билігіне араласқан.
Сыр ақындарының жасы үлкені Базар жыраудан бастап, Шегебай Бектасұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (Ізтілеуов) тағы басқа ақын-жыраулар өз жырларын Дәуімшарға арнаған. Олар Дәуімшар бимен сырлас, силас болған кісілер, сондықтан да оның бағасын, ел алдындағы беделін әділ де нақты көрсеткен. Сол ақын-жыраудың бірі Шегебай Бектасұлы: (1853-1916):–…Қитардың ұлы Дәуімшар,
Таңбасы бітпей бұл да өткен.
Әркімдердің шылбырын
Иыққа салып сүйреткен,–деп жырлаған. Осыған қарап Дәуімшардың ел тізгінін ұстап, жұртшылыққа көмектескенін және оның өмірден өткенінен де хабар аламыз.
Есімін ақындар мақтап, жыраулар жырға қосқан Дәуімшар Қитарұлы елге тұтқа, азамат болған демекпіз.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,зерттеушi