СУРЕТШI ИСАТАЙ ИСАБАЕВ
СУРЕТШI ИСАТАЙ ИСАБАЕВ
Өткен ғасырдың 60-жылдары – қазақ халқының тұрмыс-салтына, мәдени-рухани бастауларына суретшi көзiмен байыптай қарап, оны аса бiр жауапкершiлiкпен өз өнерiне арқау еткен үркердей топ Алматыға келдi. Олар – Ресей асып, сiңiрiп келген оқу-бiлiмiн ұлттық мұрамызды байыта түсуге сарп еттi. Майлы бояу, мүсiн, графика саласында нардың жүгiндей ауыр, мағыналы дүниелер әкелдi. Уақыт тудырған сол есiмдер Салихиддин, Шаймардан, Әбдiрашит, Тоқболат, Мақұм, Әдiл, Еркiн деп кете берер едi. Көңiлiңде есiмiмен тайталасып шығармалары жүрер едi. Сол үркердей топтың iшiнде өз орны, өз қолтаңбасы, өз айтпағы бар азаматтың бiрi – графика маманы Исатай Исабаев болатын.
Алған мамандығы кiтап өндiрiсiмен, оны безендiрумен тiкелей байланысты болғандықтан шығар, Исабаев творчествосы әрiсi эпостық Қозы-Баян, берiсi Әуезовтiк кiтаптарымен қоян-қолтық ғұмыр кештi. Ән – өлең мен саздың бiрлiгi десек, кiтап – қолжазба мен көркем безендiрудiң жемiсi. Бiрiнсiз екiншiсi қашанда жүдеу. Жалқы. Суретшi үшiн кiтаптың иллюстрациясын жасап, мұқаба, форзац, титуль деп тiзiле беретiн сұранысты игерiп шығу бар да, жылқы мiнез оқырманның көңiлiнен шығу тағы бар. Бұл талаптардың үдесiнен шығуда Исабаевтың мерейi үстем. Сонау «Раушан Коммунист», «Жыл мезгiлдерiнен» бастап «Қазақ халқының эпостық сарыны» сериясына дейiнгi көл-көсiр суреттерi бұған дәлел. «Көл-көсiр сурет салды. Эпосқа дендедi» деп айта салуға ғана оңай. Құйма құлақ, көкiрегi ояулар үшiн эпостың бiрер сағатта тыңдап шығу да бәлендей қиын емес. Ал сол эпостың бiр ғана эпизодын көзге елестетiп, оны қағазға бейнелеп, сыры мен қырына қанықтырудың бейнетiн айтсаңызшы! Ол – суретшiден асқан зергерлiкпен қатар, тарихи-этнографияны зерттеп, эпос барысындағы киiм үлгiсi, географиялық жағдайына қарай өзгерiп отыратын ою түрлерiн тап басып бiлетiн асқан сауаттылықты, кең де биік өренi, ыждаһаттылықты қажет ететiн, рахметiнен тотанағы көп, соқпалы-соқтықпалы сапар. Суретшi болған соң, кiтап безендiруге атсалысқаннан, қиындықты жұлынымыздан өткерген соң ғана айтып отырмыз осы сөздi. Бүгiнгi, талай күрделi операцияны қас-қағымда орындайтын компьютер түсiне кiрмеген сонау 60-жылдарға, Исатай аға тәрiздi графиктер-суретшiлердiң еңбектерi ең әуелi тiрмiзiк, мехнаткештiгiмен құнды! Графика жанрының «линогравюра» дейтiн әдiсi бар. Айтар ой, композиция әуелi қағазға түсiп, бау-шуы түгенделген соң – әдетте еденге төсейтiн линолеум тектес, қалыңдығы бiрер миллиметр, каучук-резiңкенiң бетiне көшiріледi. Одан, суреттiң ақ болып қалатын жерлерiнiң бәрiн штихель дейтiн аспаппен ойып, алып тастайды. Штихель – өзi шприцтiң инесiндей-ақ өткiр құрал. Әрбiр штрихты, осы құралмен бiр-бiрлеп оя бередi, оя бередi. Орындыққа шегеленiп отыра бересiң, отыра бересiң. Майдандағы сапер секiлдi бiр жерiнен артық қимыл жасап қателестiң бе, бiттi, шаруасы тынды деген сөз! Линолеумды қайта таңдап, қайта кесiп, жұмысқа қайта отырасың. Май бояудағыдай, түк болмаса қырып тастау қайда, бәрiн қайта бастауға тура келдi. Бар ойың жүзеге асып, линолеум ойылып бiткен кезде, бетiне типографиялық қара бояу тегiстелiп жағылады, сосын бетiне қағаз бүркеп, линолиум екеуiн жаныштайды (престейдi). Мөр секiлдi басып барып ашады. Сол процестен кейiнгi шыққан оттиск парақ– «линогравюра» дейтiн атпен көрерменге сапар шегедi. Офорт, акватинта әдiстерi де бiр мысқал жеңiлдiгi жоқ, ауыр, аса ауыр әдiстер. Графика – жақыннан қарауды, әрбiр сызығың мен нүктең орын-орында болуды тiлейтiн, (живопистегiдей жалпылама әдiстi көтермейтiн) зергердейiн шыдамды тiлейтiн сала. Исатай ағамыз – сол салада жүрген «кәтептi қара нардың сойы». Сол бейнетке неге телiндi, кiм қыстады дейтiн сұрақты – Жаратқан Иенiң пендеге берген шексіз ықыласымен қайыру керек шығар. Суретшiнiң әу баста ықыласы графикаға ауды, ауды-дағы аяғына дейiн сол саланың адал азаматы бола бiлдi. Ауытқымады, керек десеңiз құлақ кестi құлы болды. Өлердей жақсы көрдi. Сөйттi дағы әрiптестерiнiң арасында «Исабаев» десе жеңiл ауыздарды жинап қояр сестi, ай маңдай, жоталы азаматқа айналды. Суретшiлер сөзге кедей халық. Базбiр мықтылар жайлы айтқысы келсе «О-о-о!» дейдi дағы бас шайқап, көзiн бiр төңкередi. Бiттi. Одан кесек пiкiр жоқ. Әу баста, 60-жылдардың сурет өнерi мамандарына ұлттық мәдени-мұра темiрқазық, алтын дiңгек рөлiн атқарды дедiк. Қазақтың эпостары сан ғасырлық жауын мен шашынды бастан кешiрiп, өзеннiң малта тасындай жұп-жұмыр қалпына түсiп, сақ-ғұндардан бергi бүкiл рухани байлықты бойына жиып, бiзге жеттi. Исатай ағаның творчествосы осы рухани малта тасты аялап қана алақанына салды да, өмiрлiк серiк еттi. Мәйегiнен мейлiнше нәр тартты. Нәубеттен нәубет көрiп титықтап қалған елдiң, еңсе көтерiп жан-жағына қарап, өткенiне үңiлген шақта Исабаев тұстастарының бал арадай рухани мәйекке жабылуы сол кез заман тудырған тарихи заңдылық болатын. Исатай Исабаев шығыс миниатюрасын қастер тұтып, оны өз ойын бiлдiруге әуелгi соқпақ деп бiлдi. «Еңбек» деп аталатын, «Қазақ халқының эпосы» сериясында офорттық тәсiлмен жасаған еңбегi куә. Онда құс қондырып, тазы ерткен аңшы да, келi түйiп, саба пiскен әйелдер, алаша тоқып отырған кейуана, жамбастап жатып әрiден әңгiме қозғаған ақсақалдар да шымыр құрылған өлең ұйқастарындай, әдемi бiр ырғақпен орындалған. Суретшi – миниатюраның танымы мен нанымын, табиғи тұрпатын игеру жолында бұл жанрдың қазақтың сәндiк-қолтаңбасы өнерiне бiр табан жақындығын «Айтыс», «Қазақ халқының эпосы» топтамаларымен дәлелдеп бердi. Көрерменнiң көз алдына көп тұлғалы композиция эпикалық сарынмен, нәзiк-романтикалық шешiммен тәптiштеп көрсетiлдi. Суретшi творчествосы өсу сатысының белгiлi бiр кезеңге шығып отыруы заңды. 70-жылдардан кейiнгi суретшi творчествосына бажайлай қарасаңыз – оның сурет әлемiнің қоюлана түсуiмен қатар, стилдiк бағытының сәл болса да өзгешелiк тапқанын, пластикалық мәнерiнiң күрделене түскенiн байқайсыз. Әуелгi, қатаң симметриялық әдiстерiнен ассиметрияға қарай ойысты. «Әлем әдебиетiнiң iнжу-маржандары», «Асыл мұра» серияларына жасаған офорт, линогравюра парақтары, «Қазақ халқының тұрмысы», «Қазақтардың әндерi» триптихы да осы 70-жылдардың жемiсi. «Қазақ халқының тұрмысындағы» – «Қонақ», «Көкпар», «Шеберлер» ұлттық қолтаңбаның тұла бойыңа табын өткiзiп, шымырлап, тереңге тартып бара жатады. Осы орайда – офорт техникасы да суретшiнiң басына келген ойын ақ қағазға кедергiсiз лықсытып, еркiн серпiн бердi.Суретшiнің даму эволюциясы бiр дәуiрден екiншiге ептеп өзгерiстермен кiрдi десек те, күрт бұрылыс, кенет құбылыстан ада, қайта бұрынғысынан тереңдей, байи, тынысы кеңи түскенмен құнды. Эпосқа деген құрметiн бiр мысқал кемiтпеген күйi, 80-жылдарда Жұбан Молдағалиев, Iлияс Есенберлин, Хамза Есенжанов кiтаптарымен творчествосын қатар өрiп, буынын қатайта берiп, бүгiнге қарай нық басып келе жатты. «Қобыланды батыр», «Айман-Шолпан» дейтiн төрт ауыз сөздiң әр жағын бейілі мен бейімі кетіп, тынбай шарлап, тереңін қайзалап, қызығы мен қияметінен ләззат алу Исабаев творчествосының басты қағидасының бiрi. Мiнi, өз ұлтына, елiне адалдық осындай болса керек! Исабаев творчествосының саралап отырсақ – ұлы Абай тақырыбына қайта-қайта оралып соққанын байқаймыз. «Жылдың төрт мезгiлi», «Абай шығармаларының iзiмен», «Мұхтар Әуезов» дейтiн картиналарының кез-келгенi қолыңызға түссе, бiртуар ақынның суретшi көкейiне шым батып, сонда өркен жайғанын аңдатады. Ол – қызыл тіл, өлеңнің алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылғанын графика тiлiмен жеткiзу үшiн қазақ болып туу аздық етiп, көңiлiңдегi Абайға көлеңке түсiрмеудi көксейдi. Абай туралы бiр парақ сурет – ақынды қабылдап, мейлінше сезiнiп барып көрерменге ұсынатын қасиеттiң бөлшегi болса керек. Асылдың сынығындай тектiң тармағы болуы керек. «Көроғлы» ма, Байғаниннiң «Нарқызы» ма, Исаның «Желдiрмесi» ме, бе-еу, «Жекпе-Жек», «Мереке», «Батырдың дүниеге келуi», «Қыз қуу» деп айтып тауыса алмайтын көл-көсiр сурет – сөз жоқ халқымыздың сонау өткенiнен бүгiнге жеткен БАРЫНЫҢ кеудесiне Исатай Нұрышұлының таққан өңiржиегi, шекелiгi, сырғасы, шолпысы деп ұққан жөн. Жол жөнекей түсiп қалмайтын, көнермейтiн… Оның қолтаңбасы дақтан гөрi иiрiмдi штрихқа бейiм. Оқыс басталып, кiлт тоқтап, күрт дамып, ширығып-шиеленісіп, қайырмасы шалқар әуендей, керiле-созыла түсiп тым әрiге самғап, көкжиекке сiңiп кетер едi. Мың-миллион штрих-сызықтар оның халқына деген махаббатына тұнып тұрған жүйке талшықтары дерсiз. Суретшiмен сұхбаттас сапарлас болмағандықтан мен ол кiсiнiң адами, пенде өмiрi жайлы бiр ауыз сөз айта алмадым. Қай картинасын қарасам да қарақұрым кейiпкерлер, топты, аттылы-жаяулы көпшiлiкке, той думанға көңiлiм толып, «әй, дәу де болса, саяқтықты жаны сүймейтiн көпшiл, жан-жағы думан, әңгiмешiл жансың-ау» деп түйгем. *** Алтынның қашанда қолда барда қадiрi жоқ. «Қолдан шығып кеткенкен соң өкiндiм-ай» дегеннен сабақ алатын кез әлдеқашан жеткен еді. Араларыңызда СУРЕТШI жүрген болатын. Енді сол суретшіні жоқтаймыз біз. Жеңiс КӘКЕН