Жаңалықтар

«АЛАШ» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

ашық дереккөзі

«АЛАШ» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Соңғы кезде елiмiзде ғылым саласын дамытуға байланысты түрлi шаралардың тұсауы кесiлуде. Әсiресе ғалымдар мен зерттеушiлердiң ой-пiкiрi мен жеке көзқарасы Ғылым күнiне арналған ауқымды басқосуларда пiкiрталасқа түсуi заңдылық. Таяуда Бiлiм және ғылым министрлiгi Ғылым комитетiнiң «Ғылым ордасы» мен Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ жерiнiң ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетiндегi орны» атты ғылыми-практикалық конференция тың деректер мен соны пiкiрлерге толы болды.

Конференцияның негізгі мақ­саты – қазіргі заман руханияты­ның, оның ішінде ғылым, философия, дін, мәдениет, өнердің қалыптасуына зор үлес қосқан ортағасырлық гуманист-ғалым­дарды, тарихи тұлғалардың шығар­машылық мұрасын зерделеу және насихаттау. Осы тұрғыда алғашқы сөзді алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі «ІХ-ХVІ ғасырдағы Отырар және отырарлық ғалымдар» атты баяндамасында Ислам дінінің өзі ғылым екендігін, оның хадистерінің 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылатындығына екпін түсірді. Сондай-ақ ол қазақ даласының, қазақтың ислам өркениетіне үлкен үлес қосқан халық екендігін айта келе, талай жылғы еңбек жолын қазақ жеріндегі әл-Фарабилерді зерттеуге арнағанын тілге тиек етті. «Халық несімен күшті? Өзінің ру­хы­мен, ұлттық санасымен, мемлекет­ті­лігімен күшті. Қазақ – Орта Азия ха­лық­тарының ішінде өзіндік орны бар ха­лық. Өзім ислам өр­кениетіне қазақ топырағынан шық­қан ғұламалардың қосқан үлесін зерт­теп жүрмін. Тіпті шетелдерде бо­латын конференцияларда да осы ойым­ды ашық айтып жүрмін. Басқа ел­дің ғалымдары «барлық ортаға­сыр­лық ғұламаларды қазақ халқы мен­шік­теп алды ғой» деп те жатады. Бірақ бұл – шындық. Өйткені ғұла­ма­лардың көбі қазақ жерінің тумалары еке­ні анық. Бір ғана әл-Фарабидің өзін алатын болсақ, ол – толық бір зерт­теу институтының еңбегін ат­қар­ған ғалым. Мен осыдан біраз уақыт бұ­рын қазақ жерінде 11 әл-Фарабидің бол­ғанын жазғанмын. Бүгінде әл-Фа­ра­билердің саны 30-ға жетті. Мүмкін, 50 әл-Фараби болған шығар? Осын­дай ғұламаларымызды ғылыми түрде зерт­теп, дәлелдеуіміз керек. Кеңес дә­уірінде жазылған 5 томдық та­ри­хы­мызға біздің көптеген ғалымымыз ен­бей қалған. Алдағы уақытта та­ри­хы­мыз қайта түгенделіп, бұған дейін бей­мәлім болып келген ғұлама­ла­ры­мыз оқулықтарға енгізілуі тиіс», – дейді бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Ал белгілі тарихшы, профессор Талас Омарбеков өзінің «Қазақ тарихының этникалық мәселелері» атты баяндамасында қазіргі жазылып жатқан 15 томдық тарих кітабына қолдаудың болмай жат­қандығын, оған басты себеп – балама тарихтың көбейіп кеткендігін баса айтты. «Бүгінде тарих­шыла­ры­мыз­дың алдындағы ең ауыр жүк – қа­зақ деген халықтың қайдан шық­қан­ды­ғын зерттеп жазу. Осы мәселенің басы ашылмай тұр. Ең алдымен, ар­­­ғы түріктердің кім екенін анықтап алуы­мыз керек. Осы уақытқа дейін біз көп­теген бұрмаланған аударма тарих еңбектерін пай­да­ланып келдік. «Түрік» этнонимі, «түр­­геш», «қарахан», «қарлұқ» атаула­ры қай­­дан шықты? Осындай мәселе­лердің басын ашу үшін қытай жазба­ла­рын, басқа да деректерді ақ­­та­­руы­мыз керек. Шыңжаңдағы бауырларымыз Қытай жылнамаларының үш томдығын қазақшаға аударды. Олардың да еңбегін бағалау қажет. Біздің тарихымызда әлі күн­ге дейін «Алаш» атауының қай­дан, қалай шыққаны туралы жөнді де­рек жоқ. Тәуелсіздік алғаннан ке­йінгі шық­қан 5 томдыққа неге «Алаш» ата­уы, түрік этнонимі енгі­зілмеген? Мұнда бұл атауға бір ғана абзац арналыпты. «Қазақ» сөзінен бұ­рын пайда болып, кейіннен синониміне айналған «Алаш» атауы қай­дан шық­ты? «Алаш» атауы VІІІ ғасырда белгілі болды. Неге ол орнықпады? Өзімізді Алаш бала­сы­мыз деп атай­мыз, бірақ бұл атаудың шығу тегін біл­мейміз. Сондай-ақ қа­зақтың ірі-ірі тай­паларының атауын зерттеп алмай, біз тарихымыздың тереңіне бойлай ал­маймыз. Бір өкініштісі, біздің тарихшыларымыз бұл мәселеге батыл бара алмай отыр. Қолымызда мәлімет көздері бар кезде оқулыққа енгізуіміз керек», – деп өзінің әріптестеріне деген ренішін білдіре кетті.

Бұған Алаш қозғалысы, Алаш зиялылары туралы зерттеп, зерделеп жүрген тарихшы Мәмбет Қойгелді не дейді екен? Біз конференция арасында тарихшы-ғалымның пікірін білуді жөн көрдік. – «Алаш» этнонимі қазақ халқының, қазақ ұлтының қалыптасуына байланыс­ты туындады. Өз басым қазақ тарихының ғажап әрі ұлттық жаңғыру кезеңін, яғни ХХ ғасырдағы Алаш қозғалысын там-тұмдап зерттеп келемін. Кез келген ұлттың жұлдызды кезеңі болады. Қазақта бұл – Алаш қозғалысы. Оған дейін де, кейін де мұндай саяси мықты қозғалыс болған жоқ. Бір әттеген-айы, Алаш қозғалысын арнайы мемлекеттің тапсырысы арқылы зерттеген жоқпыз. Сондықтан да өз дәрежесінде зерттелмей келеді. Алаш қозғалысына байланыс­ты жабық қорларда жатқан құжаттар осы уақытқа дейін біздің қолымызға еркін зерттеу, еркін айналымға түсуі үшін берілген жоқ. Бұл туралы билік орындарына айтып та, жазып та келеміз. Өкінішке қарай, билік әлі күнге бұл мәселеге құлақ асатын емес. Алаш қозғалысының зиялыларына байланыс­ты сот процестерінің материалдары жарық көруі керек. Неге десеңіз, бұл материалдар жарық көрмей «Алаш қозғалысы деген не?», «Алаш» деген сөз қайдан шықты?», «Оның алатын орны қандай?», «Жалпы біздің рухани кемелденуіміз үшін Алаш қозғалысының қандай қажеттігі бар?» деген сұраққа ұлттың, халықтың алдында жауап бере алмаймыз, – деді.

Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді қазақ халқының қалыптасуы жолында діннің алатын орнына байланысты пікірін былайша өрбітті. «Кеңестік әкімшілік билік қоғамның, халықтың, ұлттың даму тарихында діннің орнын бұрмалап келді. Тіпті діннің рөлін төмендетіп жіберді. Өйткені большевиктер партиясы өзіне балама ретінде халыққа ықпал ете алатын күштерді ығыстырып отырды. Сондықтан да дін туралы жаңсақ пікірлер қалыптасты. Кез келген ұлттың қалыптасу проце­сінде діннің рөлі өте жоғары. Ислам діні ортағасырлық кезең­дер­де халықтардың жаңа сапаға көте­рі­луіне белгілі бір дәрежеде әсер етті. Дін – халықты тұтастырушы, бірікті­ру­ші ұйытқы элемент. Ислам дінінің қа­зақ даласында мемлекеттіліктің қа­лып­тасуына ықпалы болғандығы дау­сыз. Алайда бұл мәселені біз әлі де ғылыми тұрғыдан дәлелдеуіміз ке­рек. Ғылым әділдікті, шындықты жақсы көреді. Конференцияда қазақтан шыққан 30 әл-Фараби туралы айтылды. Әрине, олардың көбі дәлелдеуге мұқтаж. Бұл біз үшін маңызды тақырып. Әл-Фарабидің музыкалық трактатының өзі неге тұрады? Әл-Фараби – кезіндегі антикалық грек философиясына жаңа көзқарас түсінік берген ғалым. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғұ-Білігі» – дидактикалық поэма. Ғажап поэма. Мұндай поэма сол 11-12 ғасырда Еуропада, Батыста болды ма? Болған жоқ. Жүсіп Баласағұнның еңбегін әлі де болса жас ұрпаққа түсіндіре алмай жатырмыз. Тарихты бойға сіңіру арқылы өсу, өркендеу болады. Мұны әлі толық зерттеу ғана емес, бойға сіңіруіміз керек. Рухани іргетасымыз ретінде қабылдауымыз керек. Сонда ғана ол біздің құндылығымызға айналады». Шын мәнінде, қазақ – үлкен тарихы бар халық. Әлемде қанша өркениет, ұлт болса, біздің де өркениетіміз, рухани тарихымыз олардан бір мысқал да кем емес. Осы ойды бойымызға, ойымызға сіңіруіміз керек. Сонда ғана өзіне-өзі сенімді халыққа айналатындығымыз даусыз. Қазақ халқының бастан өткерген тағ­ды­ры тарих парағына әлі толық жазыла қой­мағаны барша жұртқа мәлім. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда ортағасырлық ғұламалардың ғана емес, қазақ халқының азаттық алуына айтарлықтай үлес қосқан Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектері мен олардың егемендікке қол жеткізу жолындағы табанды күресі туралы материалдардың толықтай ашылмай жатқандығы анық айтылды.

Бiлiм және ғылым министрi кеше ғана «Ғылымға 49 млрд. теңге бөлiндi!» деп сүйiншi сұрады. Бұл бұрын-соңды тарихымызда болмаған нәрсе. Бұл жағымды жаңалықты естiген ғалымдар: «Халықтың дүниетанымы, ұстанымы өзгерiске ұшырап жатқан кезде гуманитарлық ғылымдарға көңiл аударуымыз керек. Оның тарихын, рухани мәдениетiн зерттеуге үлкен бетбұрыс жасау қажет. Онсыз бәсекелестiкке төтеп бере алмаймыз. Сон­дай-ақ мұндай конферен­ция­лар­дың мазмұнды, тағылымды болғаны жөн. Мықты ғалымдардың зерттеу­ле­рi, құнды пiкiрлерi сөз жүзiнде қал­май, iске асырылып, оқу орын­да­рын­да­ғы бiлiм беру үрдiсiнде пай­­­­­дала­нылғаны дұрыс», – деп тарқасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ