Жаңалықтар

ОҚТАЙ ЗЫМЫРАҒАН ЖАПОН ПОЙЫЗЫ

ашық дереккөзі

ОҚТАЙ ЗЫМЫРАҒАН ЖАПОН ПОЙЫЗЫ

Ежелгi Күншығыс астанасы Киотодан «Нодзоми 5» супержүрдек пойызы Кюсюдегi Хирошима шаһарына әп-сәтте жеткiзедi. Ал Фукуока префектурасындағы ең үлкен шаһар – Хакатаға бару үшiн «Хикари 555» көлiгiне мiнген жөн. Шығыстағы Токио мен Солтүстiктегi Аоморидiң арасына «Хаябуса» электрпойызы қатынайды.«Нодзоми» (мұрат), «Хикари» (ұшқын), «Хаябуса» (сұңқар) – бұлар жаңа желiмен жүретiн аса жоғары жылдамдықты шинкансэн деп аталатын жапон пойызы түрлерi.

ШИНКАНСЭННIҢ ТАРИХЫ ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін жапон теміржол саласы мамандарының мұраты архипелаг үстімен сұңқардай самғап, діттеген жеріне тез арада жеткізетін ғаламат көлік жасау еді. 1950 жылдардың басында «теміржол көлігінің заманы бітті, болашақ ұшақ пен автокөлікте» деген пікірлерге қарамастан жапон инженерлері пойыздың жаңа түрін жасауға кірісті. Ел экономикасының қарқынды дамуымен қатар жүк тасымалдау және жолаушылардың ірі қалалар арасында еркін қатынауы үшін теміржолдың жаңа жүйесі аса қажет болды. Теміржолдың экономикалық тұрғыдан да, экологиялық жағынан да ең тиімді жүйе екендігін жапон мамандары білетін. Жапон теміржолының жалпы ұзындығы 27000 шақырым. Ал орталықтағы Токайдо-Шинкансэн желісін салу 1950 жылдардың басында қолға алынды. Шинкансэннің жылдамдығы сағатына 200 шақырымға жету үшін аралығы 1435 мм болатын рельстер жасалды. Оған дейін рельстердің арасы 1067мм болатын. Бұл жылдамдықты күшейтуге айтарлықтай кедергі келтіретін. Шинкансэн пайда болғанға дейін қарапайым экспресс Токио мен Осаканың арасында жеті жарым сағат жүруші еді. Шинкансэннің арқасында осакалықтар астанаға үш сағатта жететін болды. Кейін бұл уақыт көрсеткіші 2 сағат 30 минутқа дейін қысқарды. Басқа көлік түрлерімен салыстырғанда жолаушылар санының көптігімен де ерекшеленетін шинкансэн желісін салу жөніндегі жоба 1958 жылы қабылданды. Бұл әлемдегі жоғары жылдамдықты магистральдың алғашқысы. Оған дейін ешбір елде сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыз болмаған. Жапон инженерлері жаңадан жасалған супер экспресске жолаушыларды бірден мінгізбеді. Шинкансэнге қатысты қауіпсіздік пен ыңғайлылық қағидалары бірнеше жыл бойы қатаң тексеріліп, сан мәрте сынақтан өтті. Жаңа пойыздың жетілген деңгейде екеніне мамандардың көздері жеткенде Токиодағы Олимпиада ойындары да таяп қалған болатын. Осылайша үлкен спорт мерекесіне орайластырып, 1964 жылдың 1 қазанында Токайдо желісімен жүретін шинкансэннің тұсауы кесілді. Бүгінге дейін осы желімен 5,1 млрд. жолаушыны тасымалдаған шинкансэн жалғыз үлгімен ғана шектеліп қалмады. 1972 жылы Шин-Осака мен Окаяма арасында №0 серия­лы Санъйо-Шинкансэн желісі ашылды. Үш жыл өткенде ел Окаяма мен Хакатаның арасына қатынайтын болды. 1982 жылы Тоухоку-Шинкансэн желісі іске қосылып, сағатына 210 шақырым жылдамдықпен жүретін суперпойыз пайда болды. Бұл жылдамдық 275 км/с болған кезеңде де шинкансэнді жетілдіру жұмыстары тоқтамады. 1994 жылдың шілдесінде Е1 сериясымен сағатына 240 шақырым жылдамдықпен жүретін қос қабатты пойыз жолға шықты. 1997 жылдың наурыз айында Токайдо Санъйо-Шинкансэн пойыздары 300 км/с жылдамдыққа көшті. №800 сериясымен Кюсю-Шинкансэн желісі 2004 жылы ашылса, 2007 жылы Тайваньға шинкансэнді экспорттау басталды. 1982 жылы ашылған Тоухоку-Шинкансэн, Джйоэцу-Шинкансэн желісі 1985 жылы Токиодағы Уэно стансасына дейін созылды. Токионың солтүстігіне қарай қыс қатты болғандықтан №200 сериясымен аязға төзімді суперпойыз жасалды. Шинкансэннің бұл түрі қақаған қыста да жоғары жылдамдықпен жүреді, қалың қарға мойымайды. Көлік пен коммуникация жүйесі бойынша дүниежүзінде 1-орынды иеленетін Жапонияның экономикалық даму жолында шинкансэн мықты тетік болды. 1970 жылдары қашықтығы 1100 шақырым болатын Токио мен Хаката арасындағы «Тынық мұхит жолағы» бойында орналасқан өндірістік аймақтарды байланыстырған да осы суперпойыз. Бүгінде жеті «JR»(Жапон теміржолы) компаниясының алтауы жолаушыларды, ал біреуі тек жүк тасымалымен айналысады. 1990 жылы мини-шинкансэндер құрастыру басталды. Алыс жатқан ірі қалалардың арасын ұзын шинкансэн жалғаса, мини-шинкансэндер жергілікті жерде ғана жүруге арналған. ШИНКАНСЭННІҢ ТҮРЛЕРІ Шинкансэн әлем бойынша аса жоғары жылдамдықты пойыздың ұлттық үлгісі болып табылады. «Хаябуса» (сұңқар) – жасыл түсті, бүйірінде қызғылт жолағы бар ұзын тұмсық пойыз, Токио мен Шин – Аоморидің арасын жалғайды. 2011 жылдың 5 наурызында алғаш жолға шыққан «Хаябусаның» ең жоғары жылдамдығы 300 км/с. 2012 жылдың соңына дейін жылдамдықты 320 км/с көрсеткішіне жеткізу жоспарланған. Әрбір жаңа шинкансэнге ат қою үшін байқау жарияланады. «Хаябуса» осындай байқау нәтижесінде таңдалған атау. Ұзын тұмсықты суперпойыздың түсі мен пішіні «сұңқардай самғау» мағынасын бейнелейді. «Хаябуса» Токио мен Шин – Аомори арасын (674,9 шақырым) 3 сағат 10 минутта басып өтеді. Мамандар Шин – Аомориді Солтүстіктегі Хоккайдомен байланыстыруды көздеп отыр. Арасын теңіз бөліп жатқан өңірдің бас қаласы Саппороға шинкансэн 2020 жылдан бастап жүретін болады. «Хаябусаның» 15 метрлік тұмсығы сығылған ауаның толқын күшін азайту үшін жасалған. Жапонияда теміржол түгел ашық жер бетіне төселген деуге болмайды, тау ішінен арнайы тоннельдер қазылған. Жоғары жылдамдықпен келе жатып тоннельге кіргенде сығылған ауа көліктің үстімен өту үшін сүйір тұмсық қажет екен. Вагондардың арасы толығымен алюминий плиталармен жабылған. Көліктің едені де дыбыс жұтқыш материалдармен қапталған. Сондықтан жылдамдық қай деңгейде болса да, салонда вагон дыбысы естілмейді. Шинкансэн вагондары селкілдеп, тарсылдамайды. Орнынан бірден қозғалып, жеңіл жүйткиді. Жүргенде сыртқа ешқандай дыбыс шығармайды. Әдетте пойыз жүргенде пантограф (ток қабылдаушы) желдің әсерімен дыбыс шығаратыны белгілі. Ал жапон шинкансэніне электр желісінен ажырамайтын ерекше құрылымды пантограф пайдаланылған, электр желісінен ажырағанда ұшқынға кедергі болатын қабаты бар екен. «Хаябуса» шинкансэнінің вагоны «Gan Class» бірінші деңгейлі ұшақ үлгісімен жобаланған. Салондағы жанға жайлы атмосфера жолаушыларға ұшақта әсер қалдырады. Орындықтары автоматты басқару арқылы қозғалып, арқалығы 45 градусқа шалқаятын орындықтың арнайы тетігін басу арқылы жолсерікті шақырасыз. Ұшақ стюардессасы мен шинкансэн жолсерігінің функциялық айырмашылығы көп емес. Суперпойыздың жолсерік қыздары жұмыс басталмас бұрын 87 пункт бойынша тексеруден өтеді екен. Оның ішіне бет-әлпет пен үнемі күлімсіреуді ұмытпау принципі де кіреді. Басқа пойыздармен салыстырғанда шинкансэннің станцияаралық қашықтығы үлкен. Машинистке түсер салмақ та жеңіл емес. Шинкансэн жүргізушісі көлік орнынан қозғалған сәттен бастап межелі жеріне жеткенге дейін қашықтық пен уақытты ой елегінен өткізіп отырады. Қауіпсіздік, ыңғайлылық, жылдамдық, дәлдік принциптерін негізге алып жасалған жапон шинкансэнінің іші де ұлттық ерекшелікті танытады. Кюсю шинкансэн жүйесіндегі жаңадан жасалған №800 сериялы «Цубамэ» (қарлығаш) көлігіне кіргенде жапон үйі еске түседі. Шинкансэннің маңдайындағы қос жанар (шам) қарлығаштың көзі болса, сәл төмендеу орналасқан екі қызыл сызық құстың ұшқандағы ізін бейнелейді. Осы қарлығаш бейнесіндегі суперпойыздың ішкі жабдығы Кюсю аймағындағы материалдардан жасалады. Орындық нишидзин-ори кездемесімен қапталған. Кюсюдің бұл кездемесі үш түсті — рокушйо (қою жасыл), рури (жасыл), кодайуруши (күрең) өрнектермен бедерленген. Бұл осы өңірдегі кездеме тоқу өнерінің ерекшелігін танытады. Орындық та Кюсю ағашынан жасалған. Жапон мамандары табиғи таза материалдар психологиялық, физикалық тұрғыдан пайдалы деп білген. Ежелгі заманда Жапония алтын кеніне бай ел болғандығы тарихтан белгілі. Марко Поло Күншығысты «Алтын елі» деп суреттеген. Алтынға бай болғандығын ел мұражайларындағы алтын фольгадан бастап көптеген асыл жәдігерлерден көреміз. «Цубамэ» шинкансэнінің ішкі дизайнін жасаушылар «Алтын елі» тақырыбын пайдаланған. Салон жақтаулары, вагонаралық есік пен еден толығымен алтын фольгамен қапталып, ішкі жабдықтар үрүши деген ағаштан алынатын жапон лагымен боялған. Осындай шинкансэнмен Шин-Осакадан Кагошимачюоуға дейін 3 сағат 45 минутта (бұрын 5 сағат 2 минут болатын), Хакатадан Кагошимачюоуға 1 сағат 19 минутта (бұрын 2 сағат 12 минут болатын) жетеді. Жаңа жүрдек пойыз экологиялық талаптарға сай, энергия үнемдеуде ұтымды. № 700 сериясымен шыққан Нодзоми (мұрат) көлігі 270 км/с жылдамдықпен жүреді. Ал батысындағы Хакатаға 300 км/с жылдамдықпен қатынайды. Бұл пойыздың алдыңғы вагоны ұшақ конструкциясы негізінде жасалып, барлық шинкансэндер сияқты бұл пойыздың да вагондарының арасы толығымен жабылған. Бұл дыбыс тудырмау және желдің күшіне төтеп беру үшін қажет. Токайдо – Шинкансэн желісімен күніне 300 электр пойыз жүреді. 1964 жылғы шинкансэндер аз радиусты бұрылыстарға арналған еді. №700 сериялы жаңа үлгідегі қондырғы жылдамдық ұлғайтуға мүмкіндік берді. Энергия 19 пайызға үнемделіп, уақыт анағұрлым қысқартылды. Осы үлгідегі «Нодзоми» – жапон технологиясының жетістігі болып табылады. Салонның жайлылығы өте жоғары деңгейде. Бұнда әр жолаушы үшін зарядтайтын тетік, желісіз интернет жұмыс істейді. Шинкансэн көлігі күннен күнге жетілу үстінде. Мамандар суперпойыздың дөңгелексіз жүретін, магнитті жүйесін де дайындап қойды. Пойыздың бұл түрі алғаш 1997 жылдың сәуір айында Яманаши жерінде сынақтан өтті. 2003 жылдың желтоқсан айында магниттің көмегімен сырғитын поездың жылдамдығы сағатына 581 шақырымға жетті. Бұл суперпойыздың ең жоғары жылдамдығы болып табылады. 2011 жылы мамырда Чюоушинкансэннің магниттік желісінің жобасы толығымен бекітілді. Желі үстімен 10 см биіктікте сырғитын болашақтың дөңгелексіз супержүрдек пойызының орташа жылдамдығы 500 км/с болмақ. Бұл Токиодан Осакаға (арасы 500 шақырым) 1 сағатта жетуге болады деген сөз. Рельстегі доңғалақты поездан мүлдем өзгеше шинкансэннің бұл түрі жаңа технологияның айрықша жетістігі екендігі сөзсіз. Токиодан батысқа қарай 100 шақырым қашықтықтағы Яманаши префектурасында сынақтан өтіп жатқан жаңа шинкансэнге бірнеше мың жолаушы мініп үлгеріпті. Бұл пойыздың қозғалысы магниттік тербелу және тартылу күші арқылы жүзеге асады. Магнитті 269 градусқа дейін суытқанда электр қарсылығы нөлге тең болады. Бұны «жоғары өткізгіш магнит» деп атайды. Жоғары өткізгіш магнитке қосымша сыртқы энергия қажет емес, зор салмақты вагондарды 10 см қашықтықта ұстап тұру мүмкіндігіне ие. Басқа шет мемлекеттердегі электр магнитпен жүретін пойыздар желіден 1 см ғана биікте қозғалады. Пойыз табаны мен желінің арасын 10 сантиметрге дейін жеткізу Жапонияның көлік-коммуникация саласындағы зор табысы деуге болады. Желіден 10 см биікте «ұшатын» шинкансэн жер сілкінісі болса да зардап шекпейді. Өйткені арада 10 см бос кеңістік бар. Магниттік желімен жүретін шинкансэндер «Чюоушинкансэн» тобына кіреді. 2027 жылы Токио мен Нагоя арасына осындай шинкансэн қатынамақ. Одан кейін магниттік желіні Осакаға дейін созу жоспарланған. Бүгінде Токайдо — Шинкансэн астанадан Нагояға дейін 1 сағат 35 минутта жеткізсе, магнитпен жүретін пойыз уақытты 40 минутқа дейін азайтпақ. ЕҢ ҚАУІПСІЗ КӨЛІК Шинкансэн және басқа да электр пойыздардың кестесі дәл жасалғаны соншалық, осы уақытқа дейін бірде-бір төтенше жағдай болмаған екен. «Doctor Yellow» деген сары түсті электр пойыз теміржолдың күйін бақылау үшін жасалған. Ол күніне бір рет теміржолмен 270 км/с жылдамдықпен жүріп, электр желісі мен рельстің жағдайын тексеріп тұрады. «Doctor Yellow» табанындағы сенсорлар трассаның күйін сезіп, ақау болған жағдайда автоматты түрде желіге қызмет көрсету орталығына хабарлайды. Жапонияда радиусы 2500 метр болатын бұрылыстар өте көп. Жапон пойыздары қиын бұрылыстардан да жоғары жылдамдықпен өту мүмкіндігіне ие. Бұл пойызды автоматты басқару жүйесі арқылы жүзеге асады. Ал жер сілкінісін алдын-ала сезіп, электр пойыздарға дер уақытында тоқтауға мүмкіндік жасайтын жүйе «TERRA-S» деп аталады. Бұл жүйе Р толқынды тербеліспен жер сілкінісінің эпицентрі мен күшін алдын-ала сезіп, шинкансэнге 2 секундта хабарлайды. 2011 жылы наурыз айында Шығыс аймақта болған зор жер сілкінісі кезінде Токайдо – Шинкансэн, Тоухоку пойыздары 12 секундта тоқтап үлгерген. Соның арқасында теміржолда адам шығыны болмады. Жер сілкінісі болған аумақтағы жалпы ұзындығы 530 шақырым болатын, 1750 жерден бүлінген теміржол желісі 49 күнде қалпына келтірілген. Пойызды автоматты бақылау жүйесі шинкансэн жолға шыққан 1964 жылдан бастап жұмыс істейді. «JR» төтенше жағдай бола қалған жағдайда қалпына келтіруге арналған жаттығуларды ұдайы өткізіп, шинкансэннің қауіпсіздігіне барынша мән береді. «COMTRAC» жүйесі шинкансэн қозғалысын басқарумен айналысады. Бақылау бекетінің монитор қабырғасында әр шинкансэннің қай жерде, қандай жылдамдықпен жүріп бара жатқандығы көрсетіледі. Шинкансэн ешқашан кешікпейді. Тіпті табиғи апаттар орнаған жағдайда шинкансэннің межелі жеріне кешігіп жетуі 2010 жылы 0,6 минутты көрсетіпті. Нагоя мен Киото арасындағы Сэкигахара ауданында қыста қар қалың жауатыны белгілі. Сондықтан шинкансэн жолын қардан арнайы жасалған электр машина тазалайды. Дүниежүзі бойынша қар ең мол түсетін аймақта да жүретін шинкансэннің жолын тазалайтын бұл машина автоматты түрде басқарылады. ШИНКАНСЭНДЕ ШЕТЕЛ ТАМАҒЫ БЕРІЛМЕЙДІ Жапонияда қызмет көрсету жүйесі тәнті етуден танбайды. Ұлттық келбет барлық салада көрінеді. Мәселен теміржол стансаларында шет ел тағамдары сатылмайды, ұлттық ас мәзірін ғана аласыз. Жолаушылар пойызда экибэн (станса дәмі) деп аталатын қораптағы тағаммен жүрек жалғайды. Жапонның қорапқа салынған ас мәзірі обэнтоу деп аталады. Экибэн қорапшалары да ұлттық тағамның дәмін де, сәнін де сақтау үшін шығарылған. 1884 жылы Гунмадағы Такасаки шаһарындағы стансада жолаушыларға арналған экибэн қораптары сатыла бастады. Бұл Токиодағы Уэно мен Такасаки арасына алғаш жол төселген кез болатын. 1885 жылы Точигидегі Уцуномия стансасында бамбук жапырағына оралған күріш онигири сатылған. Осындай тарихы бар экибэн бүгінде жапон аспаздық өнерінің бір саласы болып табылады. Әр өңірдің станса дәмі әр басқа. Хирошима префектурасындағы Миядзима аралында ағаштан ожау (шөміш) оятын шеберлер тұрады. Ожау Хирошиманың ұлттық символдарының бірі. Хирошимадағы «Кйоморишямоджи» деп аталатын ожау пішіндегі қорапқа жергілікті тағам түрлері салынған. Сан-алуан пішіндегі экибэннің шинкансэн үлгісіндегі түрі Фукуоканың Хаката стансасында сатылады. Токио стансаларында күніне 25 мың экибэн сатылады екен. Жолаушыларға арналған шинкансэн дәмінің 4000-ға жуық түрі бар деседі. Кобаяши Шинобу деген жазушы қораптағы ас мәзірінің бұл саласын отыз жыл зерттепті. «Сан-алуан тағам түрлерін қорапқа сәндеп орналастыру тек жапондарға ғана тән ғой», – дейді жазушы. Экибэн қорабында әр тағамның өз орны бар. Тофу (соя сүзбесі), онигири күріші, қақталған балық, тұздалған алхоры, теңіз көкөністері, т.б. белгілі бір ретпен салынады. ТАРИХТА ҚАЛАТЫН КӨЛІК Токио мен Осаканың арасындағы Нагоя қаласы Айчи префектурасының орталығы болып табылады. Бұнда 2011 жылы теміржол көліктеріне арналған мұражай ашылған. «JR Токай» компаниясы салған бұл мұражайда жоғары жылдамдықты жапон пойыздары тұр. Отыз екі пойыздың барлығы шинкансэн тарихынан мағлұмат береді. Мұражайдан шинкансэнді басқару жүйесімен де танысуға болады. Теміржол мен қоршаған орта көрінісі шынайы сомдалған экспонаттар да қызығарлық. Магнит өрісімен жүретін шинкансэн үшін арнайы көрме залы жабдықталған. Қондырғылар арқылы пойыздың жүрісін бақылауға болады. Арнайы экран алдында №700 жаңа сериялы «Токайдо — Шинкансэн» пойызын «жүргізіп» көресіз. Пойыздың тарихы мен бүгінгі шинкансэннің кескін-келбеті көз алдыда. Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы