КIСIДЕ ТҮЙСIК БОЛМАҒАН СОҢ, БӘРI БЕКЕР

КIСIДЕ ТҮЙСIК БОЛМАҒАН СОҢ, БӘРI БЕКЕР

КIСIДЕ ТҮЙСIК БОЛМАҒАН СОҢ, БӘРI БЕКЕР
ашық дереккөзі

Алматыға Астана жастар театры гастрольдiк сапармен келдi. Өнер әлемiнде тайталасып келе жатқан жас театрдың әртiстерi аға-әпкелерi алдында есеп берiп, батасын алды. Бiз құрылғанына небәрi бес жыл толатын Астана жастар театрының директоры Ғани Құлжановпен сахнаның сыртында жолығып, аз-кем әңгiмелескен едiк.

– Ғани аға, Астана қаласы жастар театрының директоры қызметін атқарып жатқаныңызға да бес жылдың жүзі болыпты. Театрды құрудағы алғашқы баспалдақтар қалай басталды?

– Біздің театр Астана қалалық әкімшілігінің қолдауымен ашылған. Астана қалалық жастар театры бұрын жас көрермендер театры болатын. Қазір «Жастар» театры деп өзгертілді. Театр өзінің шымылдығын 2007 жылы 5 шілдеде «Шыңғысхан» спектаклімен ашты. Ол кезде репертуарымызда екі-ақ спектакль болатын. Қазір Құдайға шүкір, 17 спектакліміз бар, оның он бесі ересектерге, екеуі балаларға арналған. Әрине, әу баста қиындықтар болды. Біздің театрымыздың құрылып, аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен үлесін қосқан сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары болған Ермек Аманшаев еді. Ол өзінің септігін тигізіп, үлкен қолғабыс жасады. Сол кезде ұжымымызда небәрі он әртіс болатын. Қазір ұжымда 52 адам бар, оның 22-сі актерлер, қалғаны техникалық мамандар. Біздің театр – еліміздегі ең жас театр. Алайда біз жастығымызға қарамастан, бес жылдың ішінде үлкен-үлкен төрт фестивальда жүлделі орындарға ие болдық. 2008 жылы «АртДодада» бас жүлде, 2009 жылы Орта Азия және Қазақстан арасында халықаралық фестивальде ең мықты режиссура жүлдесін алдық. Сондай-ақ былтыр 19-республикалық театр фестивалінде бас жүлдеге қол жеткіздік. Міне, көрдіңіз бе, бес жылдың ішінде төрт бас жүлде алдық. Театрымыз бүкіл Қазақстанды аралап шықты. Бұрын қанша көрерменге қызмет жасағанымызды санайтын едік, қазір оның есебіне жете алмайтын болдық. Сонымен қатар театр билет сатып қана қоймай, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық спектакльдер қояды.

– Қарашаңырақ Әуезов театрын қиып кетіп, Астанаға бару қаншалықты қиын соқты?

– Әрине, алғашқыда жүрексіндік. Басында 11 әртіс бардық. Оңай болған жоқ. Қазақ «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дейді ғой. Алғашқы барған кезімде Қ.Қуанышбаев театрында актер болдым. Бір күні Ермек Аманшаев хабарласып: «Жастар» театрына директор боласың» дейді. Не дерімді білмей, «Мен директорлыққа келген жоқпын» дедім. Жұрттар мені «кресло қуып келді» дейді. Жоқ, кресло мені қуып келді. Бұл да Алланың әмірі шығар, бірақ басшылық қызмет шығармашылығыма шамалы кедергісін келтіріп жатыр. Сахнаны сағынамын. Бұйыртса, бес жылдықты атап өткеннен кейін шығармашылық жұмысыма қайта оралсам ба деймін.

– Сонда өзіңіз басқаратын театрдың сахнасында ойнаған жоқсыз ба?

– Жоқ. Өйткені біздің спектакль­дердің бәрі пластикадан құрылған. Бір жағынан жастарды қуып жете алам ба деп қоямын. Екінші жағынан әртістерге кедергі де болғым келмейді. Басшыларың жанында жүргенде шамалы тартынасыз ғой. Сондай болмасын дедім. Театрымыздың бас режиссері, көркемдік жетекшіміз Нұрқанат Жақыпбай «Шырақ жанған түн» деген спектакльден рөл берді. Енді соны ойнап көрсем бе деген ниетім бар.

– Көбінесе пластикалық қойы­лым қоямыз дейсіз. Оған белгілі бір пьесалар керек шығар…– Жоқ, оған шектеулі пьесаның керегі жоқ. Оның бәрінің шешімін табатын режиссер. Әйтеуір Нұрқанат ағам үлкен дүниелер жасауда. Менің бақытым, үлкен жеңісім Нұрқанат Жақыпбайдың біздің театрға келуі. Ол өте талантты режиссер.

– Алғашқы кезде театрдың арнайы ғимараты да болмапты. Қазір бұл мәселе шешімін тапты ма?– Иә, ондай проблемалар болды. Қазіргі таңға дейін де бұл мәселе бар. Бұған дейін Жастар үйінде, Орыс театрында, Бейбітшілік және келісім сарайында да отырдық. Баспаған тауымыз қалмады. Шыны керек, шешіліп ойнайтын жеріміз болған жоқ. Бұйыртса, бұдан былай өнерімізді Оқушылар сарайында көрсететін боламыз. 500 орындыққа арналған залдың акустикасы да жақсы. Осы гастрольден оралғаннан кейін театрымыздың маусымын сол жерде жабамыз.

– Сонда бұл ғимарат сіздерге басыбайлы беріле ме? Бүгінгі таңда Астана қаласының әкімдігі не дейді?

– Білмеймін. Бәлкім мүмкіндіктері жоқ шығар. Бұл жағына жауап бере алмаймын. Өнерге үлкен жүрегімен қарайтын Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырзаға көп рахмет. Былтыр әртістеріме бес пәтер алдым. Оның өзі үлкен жетістік. Құдайға шүкір, бізде баспана мәселесі шешіліп жатыр.

– Алматы – мәдениет пен өнер ордасы. Ал Астана тұрғындарының өнерге деген көзқарасы қалай?

– Қалай айтсам екен, жалпы тұрғындарының театрға деген кө­з­­қарасы шамалы төмендеу. Өзіңіз айтқандай, Алматы өнер ордасы еке­ні даусыз. Сол себептен де біз бес жыл­дық есебімізді Нұрқанат Жа­қып­бай ағамен ақылдаса келе, осы қара­шаңырақта берсек деп түйдік. Сыншылардың көбі, небір «сен тұр, мен атайын» ағаттылардың бәрі осында.

– Ал шенеуніктер театрға келе ме?

– Үлкен басшылар бармаса, төмендегілері де келмейді. Солар жиі бас сұғып тұрса, халық та жүгіріп келетін еді. Бірақ біз шенеуніктер үшін емес, халық үшін жасап жатырмыз. Бірде бір қалаға гастрольдік сапармен барып, спектаклімізді бастайын деп жатсақ, бір жандайшаптар «Ойбай, бастама, басшылар келуі керек» дейді. Содан «Көке, кешір, мен сенің басшыларың үшін емес, халық үшін келдім» дедім. Бәрі де халық үшін. Шенеунік бүгін бар, ертең жоқ. Ал өнер өмір-бақи жұмыс істейді.

– Бұл бәлкім ортаның ресми тілде сөйлейтіндігінде шығар. Жалпы тілдік барьер жоқ па?– Тілдік барьер жоқ. Бәрі жүрекке, өз халқының өнерін сыйлауына байланысты. Тілге қадалып қалған ештеңе жоқ. Құдайға шүкір, бетіміз бері қарап, тілімізді, дінімізді, ділімізді алып жүрген кезде оған ешқандай шектеу жоқ. Жүректе түйсік болмағаннан кейін бәрі бекер дүние. – Гастролдік сапарға қанша қойылыммен келдіңіздер?

– 7 спектакльмен келдік. Алтауы­ның қоюшы-режиссері Нұрқанат Жақыпбай, балаларға арналған «Алтын балапан» спектаклінің режиссері Оразәлі Ақжарқын Сәрсенбек. Біз фес­тивальдерден жүлделі орындарға ие болған қойылымдарымызбен кел­дік. Атап айтқанда, Ә.Кекілбаевтың «Шөл үстіндегі өлі тыныштығын», Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» әфсанасын, Т.Миңнул­линнің «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясын, П.Мериме мен Бизе-Шедриннің «Кармэнін», С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» әфсанасын, Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсын қойдық. Спектакльдің бәрі жанды дауыста. «Меккеге баратын ұзақ жол» аты айтып тұрғандай, бұл тақырып қазағы болсын, орысы, ұйғыры болсын бәрімізге ортақ. Бұл өмір мен өлімнің ортасы. Бәріміздің де баратын жеріміз бір жер. Бұл соның алдында адамға ой салатын дүние.

Біз 9-16 сәуір аралығында Түр­кіменстанда өткен халықаралық фес­тивальде «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» қойылымын қойдық. Шыны керек, көрермендердің қа­был­дауы, қол соғуы өте жоғары дең­гейде болды. Дәл осындай жағдай Қырғызстандағы фестивальде де қай­таланды. Жиылған қауым «Жан азабы» қойылымына жиырма минут тұрып қол соққан еді. Бұрын Шолпан Жандарбекова апай: «Біздің жас кезімізде көрермендер театрдың есігін сындырып кіретін» десе сен­бей­тін едім. Бұған Қызылордаға барған гастрольдік сапарымызда көз жеткіздік. Сол кездегі облыс әкімі болған Мұхтар Абрарұлы бізді қабылдап, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өнерімізді көрсетуге рұқсатын берді. Сонда 6.30-да басталатын спектакльге есікті 5-те жауып тастадық. Зал лық толы. Көрермендер есіктерді сындырып кіріп, ал әртістеріміз терезеден кірген кездер болды.

– Ал сіздер Гогольдің «Ревизорымен» Мәскеуге де барыпсыздар. Олар әйгілі шығарманы қазақ әртістерінің сахналағанына қаншалықты риза болды?

– Калягиндердің өздері тұрып, қол соқты. Сенбесе, көрермендер келіп көрсін. Бұл трагифарс. Өзімізге күлеміз деген мағынада ғой. Оған бағаны көрермен береді. Біздің театр­ды көбінесе эксперименталды театр деп санайды. Жоқ, олай емес. Біз мемлекетке қараймыз, бірақ алған бағытымыз басқаша. Біздегінің бәрі балет деп ойлайды. Ондай емес. Қазіргі заманның талғамына сай бәрі. Біздің қойылымдарымызды кез келген адам түсінеді. Белгілі сыншы Бағыбек Құндақбаев ағаның «Мынандай театрды бірінші рет көрдім» деген пікірі бар. Сол сияқты сыншылар оң бағасын береді деп ойлаймын. Қатаң сөге көрмесін деймін. Неге десеңіз, біздің театр – еліміздегі ең жас театр.

– Келешекте театр өз репертуарын қандай жаңалықтармен толықтырмақ?

– Шекспирдің «Гамлеті» мен «Асау­ға тұсауын», «Ақан сері – Ақтоқ­тыны» қоюды жоспарлап отырмыз. Оның бәрі бас режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат ағаның мойнында. Әртістеріміздің көбі Нұрқанат ағаның шәкірті, сондай-ақ Астананың музыкалық академиясының актерлік факультетін бітірген әртістер де бар. Бәрі 20-30 жас аралығындағы жастар.

Театрымыздың әртістерін көбінесе киноға түсуге жіберіп отырамын. Өйткені қазір оларды кино танытады. Атап айтсам, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Бақыт Қажыбаев, Бауыржан Нұрымбетов, т.б. Оларды бір жерге байлап отырмаймын.

– Бізде театрлар баршылық. Бірақ сіздер қай театрға көбірек ұқсағыңыз келеді?

– Біздің театрдың Әуезов театрына ұқсағанын қалаймын. Есмұхан ағама ұқсағым келеді. Сол кісі сияқты директор болғым келеді. Есмұхан ағам театрда істеп жүргенде айғайлап, артынша шақырып алатын да, «Неге көңіл-күйің жоқ?» дейтін. Содан «сіз жаңа ғана ұрыстыңыз ғой» десең, «Өй, ақымақ» деп күліп кете беретін. Сөзінің зілі жоқ. Ол бізді алақанында ұстады. Қазір де актерлеріне солай қарайды. Қатты қызығамын. Ол кісінің адамилығы, ұлылығы, азаматтығы, әртістерге деген үлкен жүрегі ұнайды. Өзі қандай болса, жүрегі екі есе үлкен шығар (күледі). Есағамның бауырмалдығы неге тұ­ра­ды? Ол жүз дегенді, ру дегенді білмейді. Бәрін өзіндей көреді. Бұл театрдың әртістері хан сияқты өмір сүреді. Менің де әртістерім солай өмір сүрсе екен деймін. Жалақы жағы, сахна мәселесі шешілсе, басқа ештеңенің керегі жоқ.

– Киноға түсу оңай ма, әлде театр­да ма?

– Ең қиыны – театр. Театр – инемен құдық қазғандай. Біз көрермендерге тәтті қалпымызда шығамыз. Ал оған дейінгі тірлікті халық білмейді. Тіпті балам әртіс болам дегенде қар­сы болдым. Неге десеңіз, біреуге тәуелді боласың. Бірақ өз театрымды сүйемін. Дегенмен жүрегімнің 89 пайызы Әуезов театрына бұрып тұрады. Әуезов театрының сахнасын сағы­намын. Осы сахнада өнерімді жал­ғастырсам деймін. Ұлы актриса Ха­диша Бөкеева маған «Жастық кетеді, шеберлік келеді» деген еді. Ал қазір менде жастық та, шеберлік те кетіп жатыр. Мен де пендемін. Қанша ғұмыр бергенін бір Алла ғана біледі. Сол өмірімде өзімнің рахатым үшін өмір сүргім келеді. Бес жылдың ішінде «Жастар» театрын біраз жерге апардым деп ойлаймын. Енді өзім де театрдың сахнасында ойнағым келеді. «Мына әртістер ойнағанда, мен неге ойнамаймын?» деген қызғаныш сезімі туады. Театрмен ауырамын.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы