НОРВЕГИЯДА ЖАНАРМАЙ ҚЫМБАТ

Әлемдегі ең ірі мұнай шығаратын елдердің бірі – Норвегия жанармай бағасы ең қымбат еуропалық елге айналды. Мұнда жанармайдың бір литрі – 1,86 еуро.

Drive Alive сайтының рейтингісіне сәйкес, тізімдегі екінші орында Италия тұр, ондағы жанармайдың стандарттық бағасы 1,83 еуроны құрайды. Ал үштіктегі Дания мемлекетінде жанармайдың бір литрінің бағасы – 1,77 еуро. Батыс Еуропадағы ең арзан жанармай бағасы Испанияда (бір литрі 1,38 еуро) тіркеліпті. Люксембург пен Польшада – 1,47 еуро, ал Латвия мен Чехияда – 1,48 еуро. Германияда АИ-95 жанармайдың бір литрі көптеген жанармай бекеттерінде 1,70 еуродан астам бағаға сатылуда. Мұнда да жанармайдың әрі қарай шарықтауын тоқтату үшін арнайы шаралар қабылданып, тұтынушылардың құқығын қорғауға байланысты талқылау жүруде. «Жанармай бағасының бұдан әрі өсуі неміс экономикасы үшін қолайсыз. Бағаның көрсеткіш тақтасында 2 еуро деп жазылып тұрған кезде, конъюнктура шайқала бастайды», – деп есептейді Германия сауда-өнеркәсіп палатасының Федеральді бірлестігі (DIHK). Ал жақында «Лукойл» мұнай өндіруші компаниясының басшысы Вагит Алекперов жанармайдың әлемдік бағасын салыстыра келе, «қазір Ресейде жанармайдың бір литрі кез келген дүңгіршектегі бір бөтелке судан да арзан» деп мәлімдеген болатын.

Дайындағандар:

Д.Мыңжасарқызы, А.Айдарқызы

Back to top button