ХАРТВИГ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

ХАРТВИГ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

ХАРТВИГ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ
ашық дереккөзі

Бүкiл әлем бiрiгуге мүдделi. Халықаралық ынтымақтастық пен серiктестiктiң арқасында өрбитiн қатынастардың ғұмыры ұзақ. Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң Халықаралық қатынастар факультетi тарапынан ұйымдастырылған «Еуропалық Одақ және Орталық Азия (Қазақстан): ынтымақтастығының проблемалары мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелде Батыспен байланысты нығайту мәселелерi сөз болды.

Германияның Гейдельберг қаласындағы Макс Планка атындағы салыстырмалы жария және халықаралық құқық ғылыми зерттеу Институтымен ғылыми байланыстарды нығайтуды көздеген отандық ғалымдар заң ғылымы мен бiлiм беру саласында қазақстан-германиялық байланыстардың және өзара ынтымақтастығының нығаюына ықпал ететiнi туралы айтты.

Германияның іргелі зерттеулерінің үлкен бөлігі Макс Планка атындағы ғылыми-зерттеу институттары жүйесінде шоғырланған. Жалпы саны 90-нан асады. Олардың көпшілігі жаратылыс және техника мен технологиялар саласында қызмет етеді. 2011 жылы әл-Фараби атындағы. ҚазҰУ-дің халықаралық құқық кафедрасы жоғарыда айтылған барлық 5 ғылыми-зерттеу Институттарының және Гамбург университетінің, Берлиндегі Гумбольдт университеті заң факультетінің халықаралық бағдарламалар бюросының, Юстус Либих атындағы Гиссен университетінің профессорларымен ғылыми байланыстар орнатып, олардан өзара ынтымақтастық туралы келісім алған болатынбыз.

Алайда ғылыми байланыстар орнату – тек алғашқы қадам ғана болғандықтан, келесі қадам ретінде осы халықаралық байланыстарды нақты іс-шаралармен толықтыру талап етілгендігі туралы айту керек. Сондықтан ҚазҰУ-дің халықаралық құқық кафедрасының ғылыми және халықаралық ынтымақтастық секциясы, Германия Федеративті Республикасының Гейдельберг қаласындағы Макс Планка атындағы салыстырмалы жария және халықаралық құқық ғылыми зерттеу Институтының профессоры Маттиас Хартвигтың біздің Университетімізге келуін ұйымдастырды. 2 аптаның ішінде факультеттің оқытушы құрамына арналған 2 ғылыми және оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. «Халықаралық құқық» мамандығының PhD докторанттарына және магистранттарына «Халықаралық құқық және еуропалық экономикалық интеграция тәжірибесі» – атты салааралық арнайы курс оқылды, аталған маңызды дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шетелдік профессор өз тарапынан шақыру жіберген, жылы қабылдаған қонақжай Қазақ университетіне рахметін айтып, 2 апталық жұмысты ұйымдастырған қызметкерлерге үлкен ризашылығын білдірді. Нәтижелі екіжақты халықаралық ынтымақтастықтың жалғасуына сенім білдірді. Дөңгелек үстел профессор М.Харт­вигтің ашық лекциясымен жалғасты. Жоғарыда аталған арнайы курс бойынша білім алып, белсенділік танытып, оқуын аяқтаған PhD докторанттар мен магис­транттар тиесілі сертификаттарын алды. Аталған шара барысында Маттиас Хартвиг «Еуропалық Одақ және Орталық Азия: халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері (құқықтық аспектілері)», Жайсанбек Аманжолов «Еуропалық көршілес елдер саясаты: Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттеріне қосылу мәселелері мен мүмкіндіктері», Мара Губайдуллина «Орта-азиялық Стратегия шеңберінде Қазақстан және Германия қатынастары», Райхан Садықова «Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы стратегиясы», Сағынғали Айдарбаев «Еуропалық Одақ және Қазақстан арасындағы 1994 ж. Серіктестік пен ынтымақтастық туралы Келісім: жаңа Келісім жасау алдында маңызды ережелерін талдау» тақырыбына баяндама жасап, өзекті мәселе жан-жақты талқыға салынды.

Сағынғали АЙДАРБАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор