Жаңалықтар

ӨЗIН-ӨЗI ӨРТЕГЕН СЕЙІТБЕКОВ

ашық дереккөзі

ӨЗIН-ӨЗI ӨРТЕГЕН СЕЙІТБЕКОВ

Бүгiн Қырғыз Республикасының Үкiметi жылдың алғашқы тоқсанында атқарған iстерi бойынша, екiншi сөзбен айтқанда өздерiнiң 100 күндiк мiндеттемелерiнiң орындалуы бойынша Жоғарғы Кеңеште есеп бередi. Үкiметтiң iсiне депутаттардың берген бағасы өлкенiң саяси ауанын өзгертiп жiберуi мүмкiн. Парламент Үкiметке сенiм көрсетпей қойса, Қырғыз Республикасының Президентi бес күннiң iшiнде Үкiметтi отставкаға кетiредi не Жоғарғы Кеңештi тарқатады. Бұл екi амалсыз шешiмнiң терiс салдарлары бар. Бiрiншi жағдайда, қырғыз парламентiндегi тәжiрибелер көрсеткендей, үкiметтi жасақтау оңай шаруа емес. Екiншiсiнде, мемлекет қазынасы шығынға ұшырайды.

Қырғыз оппозициясы, атап айтқанда, Жоғарғы Кеңештегі азшылықтың лидерлері – «Ата-Жұрт» партиясының басшылары Қамшыбек Ташиев пен Ақматбек Келдібеков екі айдан бері Үкіметтің атқарған істеріне көңілдері көншімей, олардың отставкаға кетуін талап етіп келеді. Бұларды оппозициялық бірқатар партиялардың жетекшілері де қолдап отыр. 18 сәуірде үкімет басшысы Өмірбек Бабанов оппозиция өкілдерімен келіссөздер жүргізу үшін оларды мемлекеттік «Ала-Арша» резиденциясына шақырды. Елудей мемлекеттік және еркін теле, радио және газет тілшілері шақырылған жиналысқа оппозициядағылардың бірі де қатыспады.

Қамшыбек Ташиев Қоғамдық телерадио­арнадан жиналысты тікелей эфир арқылы көрсететін болса ғана келетінін айтып, бас тартқан. Келеміз деген экс-спикер, Жоғарғы Кеңештің депутаты, парламенттің қаржы комитетінің басшысы Ақматбек Келдібеков, «Бүтін Қырғызстан» партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров да ниеттерінен айнып қалған.

Екінші тараптың жоқтығына байланыс­ты аз ғана уақытқа созылған жиында журна­листердің алдында Өмірбек Бабанов сөз сөйлеп, Қамшыбек Ташиев бастаған оппо­зицияның бар мақсаты билікке ғана келу екендігін мәлімдеді. Премьер-министр оларға баламалы үкіметті құрып, заңды үкіметтің ісіне баға беруін ұсыныстады.

Еске сала кетсек, Қырғызстанда бұрын да баламалы үкімет құрылған, бірақ жұмыс істеген емес.Екі айдан бері жалғасып келе жатқан үкімет пен оппозицияның арасындағы дүрдараздықтың шеңберінде бір келеңсіз оқиға болды. Ош облысының Алай ауданында тұратын 65 жастағы Қаныбек Сейітбеков деген кісі 15 сәуірде кешкі сағат 5-тен өткенде Ош қаласындағы облыс әкімшілігінің алдына, орталық алаңдағы Лениннің ескерткішінің жанына келіп, өзін-өзі өртеп жіберді. Денесінің 90 пайызы күйіп қалған адамға дәрігерлер жәрдем көрсете алмады, қайтыс болған соң оны сол түні туысқандары келіп, Алайға жерлеуге алып кетті. Өртенген адам бұл іске барардың алдында хат жазып, оны желетінің қалтасына салып, өзі өртенген жерден оқшаулау жерге іліп қойыпты. Қолында «Пикет-митингдерді тоқтатыңдар» деп жазылған плакат болған.Желетіндегі хатта былай деп жазылып­ты: «Менің өлімімнің себебі – мені Қыр­­ғыз­стандағы ереуілдер ығыр етті. Еш­қан­дай саясат жасамаңдар!!! Мен Бабанов пен Атамбаевқа сенемін, Адахан Мадума­ровтан үміт үзбеймін. Лениннің жанында өртенгенім – Ленин көрсін! Мен Лениннің, Бабановтың, Атамбаевтың, Адахан Мадумаровтың шындығына бас иемін. Өтініш-өсиет: шенеунік-бектердің зиратының кіреберісіне былай деп ұран жазып қойыңдар: «Мен де сендей болатынмын, сен де мендей боласың, жаратылыстың заңы осындай екен». Алайдың әкімінен өтініш-өсиет: Мені Гүлшеге (Алай ауданының орталығы – Н.Б.) қойыңыз. Памир жолының бойына маған ешқандай ескерткіш қойылмасын. Памир жолының бойына ұран жазып қойыңыз: «Біз терең ұйқыға кеттік, Алай тауларының тағдырын сіздерге тапсырдық», – деген. Басқа ешнәрсе сұранбаймын. Мүмкіндік болса, кемпіріме медициналық жәрдем беріп қойыңдар. Қаныбек Сейітбеков, Алай- Гүлше – МТФ. Ақырғы сұранарым: Мен сіздерден митинг жасамаңдар деп басымды иіп сұранамын. Қырғызстан өмір сүруі керек. Бабановты, Атамбаевты, Мадумаровты сыйлаңдар».

Өзін-өзі өртеп жіберген адам оқиғасы ел арасында әртүрлі пікірлерді жаратты. Біреулер ауру шығар десе, кейбіреулер басына қиыншылық түскен ғой десті. Бірақ Қаныбек Сейітбеков ауру да, ешнәрсеге мұқтаж да емес адам екен. Өлерінде жәрдем сұрағанындай, әйелінің де алып бара жатқан ауруы жоқ болып шықты. Марқұмның кенже ұлы Талант Сейітбеков әкесінің түс кезінде үйінің қорасында жұмыс істеп жатқанын көріпті. Екі-үш сағаттық аудан орталығына қалай, неге кетіп қалғанын білмейді. Оның үстіне ол әкесінің өлер алдындағы жазған хаты оның қолтаңбасына онша ұқсамайтынын айтқан.

Ақындық-жазушылық өнері бар Қаныбек Сейітбеков қоғамда болып жатқан оқиғаларға немқұрайды қарамайды екен. Ол «Пикетке емес, ышқынға бар» («Ереуілді қой, (тауға) барып жуа тер» –Н.Б.) деген өлеңінде былай деп жазыпты.

Сен де бардың пикетке,

Мен де бардым пикетке.

Көңіліміз бірақ та,

Қазы-қарта, шай, етте.

Үшеуі шын, әрине,

Үш мыңы жалған (әттең де),

Билікті алып берем деп,

Жазылып қойдық дәптерге…

Пикетіңмен құрып қал,

Барма ол жаққа бармағын.

Топалаң салып үйіңе,

Тозаққа түсіп қалмағын…

Бала-шағалары күдіктенгендей, әкесін өртеп жіберу арнайы ұйымдастырылған акт болуы да мүмкін. Бір аптадан көп уақыт өтсе де Үкімет тарап та, оппозиция тарап та бұл оқиға бойынша ләм-лим деп ауыздарын ашпай отыр. Құқық қорғау органдары зерттеме де жүргізбеді. Тек Қырғызстандағы қоғамдық Дағдарыс орталығы өлімнің себебін зерттеу­ге кірісті.

Сонымен, ереуілдердің көбейіп кеткен­дігіне қоңырау болып соғылған бұл келеңсіз оқиға үкіметтің де, оппозиция лидерлерінің де беттеріне шіркеу болып тұрған жайы бар.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi