Жаңалықтар

БЕНИТО МУССОЛИНИ

ашық дереккөзі

БЕНИТО МУССОЛИНИ

Жерорта теңiзiндегi Италияның Форли провинциясындағы Довия ди Предаппио елдi мекенiнде Алессандро Муссолини деген ұста жұмыс iстейтiн. Оның отбасында әйелi Роза мен үш ұлы бар. Үлкен ұлы Бенито 1883 жылы 29 шiлдеде дүниеге келдi. Бенито табиғатынан мiнезi өзгеше бала болып өстi. Дiн қызметшiлерiнiң жұмыстарына жиi-жиi кедергi келтiре берген соң, оны шiркеуден шеттеткен. Ал әкесi Алессандро шiркеуге бармайтын. Оның орнына Карл Маркстiң «Капиталын» оқиды. Бастауыш мектептi бiтiрген жылы Бенито 9 жаста болатын. Оны ата-анасы Франциско Сальскi ордендi монахтар мектебiне оқуға бередi. Анасы мектептiң қатал тәртiбi оны жөнге салады деп үмiттенген. Тәртiбiнiң нашарлығына қарамастан сабақты жақсы оқитын. Бенито 11 жасқа толғанда өзiнен жоғары топта оқитын оқушыны сабап, пышақпен жарақаттайды. Сол үшiн оны мектептен бiр жыл уақытқа шығарып жiбередi. Ата-анасы оны Форлимпополидегi мектепке ауыстырады.

Бенито Муссолини 1901 жылы 18 жасында мектепті үздік дипломмен бітіріп, мұғалім болды. Алайда бір жылдан соң ол Швейцарияға жол тартады. Кетуіне негізгі себеп, Италия армиясына шақыртудан жылыс­тап кету еді. Лозанна қаласынан жалақысы төмен жұмысқа тұрған. Тапқаны қажетіне жетпей жартылай аштықты да басынан кешеді. Кей күндері пәтерге төлейтін ақшасы болмай көпір астында түнеп те жүрді. Сондай күндердің бірінде полиция ұстап алып, қаңғыбас ретінде түрмеге де қамап қойған. Түрмеден шыққан соң социалис­тер арасындағы таныстары арқылы Жұмыс­шылар одағының хатшысы қызметіне тұра­ды. Муссолинидің жұрт алдында сөйлеу талантының арқасында Швейцариядағы социалист итальяндықтардың назарын өзі­не аударған. Оған француз философы Жорж Сореляның «Размышления о насилии» атты еңбегіндегі идеялары қатты әсер етеді. Сол оқыған еңбектері оның келешекте «фашистік» көзқарасын қалыптастырған. Муссолини 1903 жылы социалистік қозғалысқа қатысқаны үшін Швейцариядан қуылады. Италияға оралған бетте оны армия қатарына шақыртқанын ести сала, Швейцарияға қайта барып жасырынады. Алайда ол бұл кезде өзін социалист санайтын. 1904 жылы Муссолиниді Швейцария поицейлері жалған паспортпен тұрып жатқаны үшін тағы тұтқындайды. Италияға қайтып бару қауіпті. Өйткені армиядан қашқаны үшін жазаға тартатыны сөзсіз. Ол Лозанна қаласында қараша айына дейін ептеп-септеп тұрып қалады. Сол кезде Италия королінің ұлы өмірге келіп, соның құрметіне қашқындардың көбіне кешірім жасалынған. Солардың ішінде Муссолини да бар еді. Келер жылы ол бәрібір армия қатарына шақырылып, атқыштар бөлімінде борышын өтеуіне тура келген. Ол мұнда өзін жақсы жағынан көрсете білді. Бенитоның содан бір жыл бұрын анасы Роза қайтыс болған еді. Әкесі бес баланың анасы Анна Гвидимен көңіл қосып, отбасы Форли қаласына қоныс аударған. Олар онда қонақүй ашып, Бенито жұмыстары жолға қойылғанша біраз уақыт көмектеседі. Сол жерде 16 жасар Ракеле Гвидимен сүйіспеншлік байланыс жасайды. 1908 жылы ақпанда Бенито Муссолини Тренто қаласындағы Жұмысшылар одағының хатшысына және социалистік бағыттағы «Жұмысшы болашағы» газетіне редактор болып тағайындалады. Бұл қала сол уақытта Австро-Венгрияға қарайтын. Трентоға кетіп бара жатып Ракелаға саған үйленемін деп уәде береді. Бұл қаланың тұрғындарының көбі итальяндықтар. Сондықтан да қаланы Италияға қарату саясаткерлердің басты мақсаты болды. Мұндағы социалистерге Чезаре Баттиста жетекшілік етті. Муссолини онымен жақындасып, оның «Халық» газетіне мақалалар жазып, кейіндеу редакторы болды. Оның газетте жарияланған мақалалары мен жиындарда сөйлеген сөзі австрия үкіметінің назарын аударды. Жас социалисті түрмеге қамап, газетті жауып, алты айдан соң Авс­трия-Венгриядан қуады. 1909 жылы ол үйіне қайта оралды. Сол жолы ол әкесі мен Анна Гвидидің қарсылығына қарамастан Ракелмен көңіл қосып, азаматтық некеде тұрған. 1910 жылы 1 қыркүйекте өмірге тұңғышы Эдду келді. Ал Мусолинидің өзі журналис­тикамен айналысып, «Таптық күрес» газетін шығарды. Ондағы бар материалдарды өзі жазды. Газет өткір сын мақалалардың арқасында саны тез өсті. Жас саясаткер социалистік партияны революциялық күшке айналдыру үшін бар күшін салды. Партия қатарынан мүшелікке лайықты еместерді тазалау керек болды. 1910 жылы партияның кезекті сьезінде оның бұл ойы жүзеге аспай қалған соң ол социалистік партияның жергілікті бөлімінен жеке топ құрды. 1911 жылы қыркүйекте Италия Ливияға баса-көктеп кірген Түркияға қарсы соғыс жариялады. Муссолини Форлиде наразылық ұйымдастырғаны үшін қазан айында кезекті рет тұтқындалды. Оны 12 ай мерзімге түрмеге жапты. Алайда жақсы тәртібі үшін уақытынан бұрын босатылған. Сол кезден бастап жергілікті социалистер оны «дуче» (көсем) деп атай бастайды. Сол кезде социалистік партиясынан солшыл күштер шыға бастаған. Ол шілде айында өткен кезекті сьезде партия құрамын тазарту жөнінде тағы да ұсыныс жасады. Бұл жолы оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды. Ал Муссолинидің өзі «Аванти!» газетіне редактор болып, Миланға қоныс аударды. Оның редактор кезінде газет саны үш есеге көбейді. Муссолини 1913 жылы Италия пар­ла­мен­­ті депутаттығына дауысқа тү­сіп, бі­рақ жеңіліс тапты. Алайда елде социа­лис­тік партияның ықпалы күшейе түскен. 1914 жылдың басында Солтүстік Италияда жаппай ереуіл басталып, Анкона қаласында тәуелсіз коммуна құрылды. Полиция оларды атып, таратқан. Үш адам қаза тапты. Ал Муссолини «Аванти!» газетіндегі мақалалары және сөздерімен төңкеріс жалынын лаулата түсті. Италияда осындай тәртіпсіздік болып жатқанда 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс оты тұтанады. Социалистік партия Түркиямен қақтығыс кезіндегідей бұл жолы да Италияның соғысқа араласуына қарсы шықты. Муссолини бастапқы кезде осы бағытты ұстанған болатын. Бірақ ол қазан айында жұрт күтпеген қадам жасап, «Аванти!» газетінің беттерінде Антанта жағында соғысқа араласуды қолдап мәлімдеме жасады. Оның бұл мәлімдемесін социалис­тер сатқындық ретінде қабылдап, редактор міндетінен босатады. Арада үш апта өткен соң-ақ 14 қарашада оның «Италия халқы» атты жеке газетінің бірінші саны шықты. Ол газетте соғысқа қатысу жөніндегі мақалаларын жалғастырды. Соның салдарынан партия қатарынан шығарылды. Соның өзінде оның газетінің саны 80000 мыңға жетті. Оның айналасына соғысқа қатысуды жақтайтын авторлар жиналып жатты. Сол жылдың 1 желтоқсанында Муссолини «Халықаралық фашистік революциялық ассоциациясын» құрып, өзі фашистердің жетекшісі болды. Бұл итальян тіліндегі «пучек» мағынасын білдіретін «фашио» сөзінен алынған. Пучек деп ежелгі Римде жоғары қызметтегі адамдарды қорғап жүретін қарулы жандарды атаған. 1915 жылы 24 мамырда Италия Антанта жағында соғысқа кірісті. Жеңістен кейін Италияға бірқатар территорияны, Истрия жартыаралы мен Далмация облысын қосып беруге келіскен болатын. Көп кешікпей Муссолини армия қатарына қайта шақырылып, өз өтініші бойынша алғы шепке жіберілді. Ол сол жерде сүзекпен ауырып, госпитальға түскен. Жазылған соң қайта сапқа тұрып, капрал шенін алып, әскери медальдармен марапатталады. 1917 жылы ақпанда жарылған минадан бес адам өліп, Муссолиниге 40-тан астам жарықшақ тиіп қатты жараланған. Содан жарты жылдай госпитальда емделіп, өзінің редакторлық жұмысына қайта оралады. Өзінің саяси қарсыластарын газет бетінде қатты сынайды. 1918 жылы соғыс аяқталды. Алайда Италия алдын ала келісілген территорияны ала алмады. Қайта Тренто мен Триесттен айырылып, Истрия мен Далмацияның бір бөлігі жаңадан құрылған Югославия құрамына енгізілді. Бұл итальяндықтардың ашу-ызасын тудырды. Муссолини 1919 жылы 23 наурызда Миланда «Күрес одағы» атты ұйым құрады. Муссолинидің ең жақын досы Дино Гранде басқарған фашистік әскерилендірілген топтар (қаражейделілер) коммунистерге, анархистерге, социалистерге террорлық әрекеттер жасаған. Елде жалпы ұлттық дағдарыс басталған шақ. Италияның көптеген жерлерінде, әсіресе солтүстік бөлігінде Ресей Кеңестері үлгісіндегі коммунистер ықпалы күшейе түсті. Солармен қатар фашистік қозғалыс та тез қанат жая бастаған. 1921 жылы елде фашистер саны 250000 адамға жетті. Кейбір жерлерде коммунистер мен фашистер арасында жаппай қақтығыстарға жол беріліп жатты. Бірақ жақсы қаруланған фашистер жағы басымдық алған. 1922 жылы қазанда жалпыға бірдей сайлауда фашистер жеңіске жетіп, Муссолини Римге жорық жасау жөнінде хабарлайды. Оны бұл коммунистердің ұйымдастырған жалпы ереуіліне жауап деп білді. Италия үкіметінің армиясы фашистік жасақтарды оңай-ақ басып тастауына болар еді. Бірақ қаннен-қаперсіз ештеңе қолданбай отыра бергені күні бүгінге дейін түсініксіз. Соны ұтымды пайдалана білген «қаракөйлектілер» 27 қазанда Италия астанасына қарай қозғалды. Премьер-министр Луиджи Факта соңғы кезге дейін фашистік ұйымға «қашып-пысқандар» деп қарап, аса мән бермеген. Іс насырға шапқан уақытта ғана король Виктор Эммануила ІІІ-тен фашистерге қарсы әскери күш қолдануға рұқсат сұрайды. Бірақ король оны қолдамай керісінше қызметінен босатып, орнына 31 қазанда 29 жастағы Муссолиниді премьер-министр етіп тағайындайды. 1924 жылы Муссолини парламент сай­лауының дауыс беру жүйесіне өзгерістер ендірген. Содан бастап сайлауда 25 пайыз жинаған партия заң шығару жиынының үштен екі бөлігінің орнын иемденеді. Фашис­тер сайлауда орасан зор жеңіске жетіп, 275 орынды иемденген. Сайлау кезінде көптеген заң бұзушылықтар орын алғанына қарсылық көрсетіп, нәтижесін жоққа шығаруды талап еткен депутат Джакома Маттеоттидің өлі денесі табылады. Жұрттың бәрі бұл қылмысты фашистер жасағанын жақсы білді. Алайда король олардан жасқанып, Муссолиниді үкімет басшылығынан кетірген жоқ. Ал 1928 жылы Италияда фашистік партиядан басқаның бәріне тыйым салынды. Мемлекеттік қызмет орындарына үміткерлерді енді Үлкен фашистік кеңес тек өз мүшелерінен ғана ұсынатын болды. Сол уақыттан бастап фашистік партия елдегі жалғыз ғана саяси күшке айналған. Бұл Муссолинидің диктатурасын бұрынғыдан да бетер күшейтіп жіберді. Фашистік партияға қарсы сөз айтқан кез келген жан сол сәтте-ақ жасырын полицияның қолына түсіп, қатаң жазаланған. Муссолинидің басқару шаралары қанша­лықты қатал болса да, ел ішінде үлкен беделге ие еді.Оның басшылығы кезінде елдің ауылшаруашылығы, өнеркәсібі жоғары дамыды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарғандықтан оның фашистік жөнсіздіктеріне көзжұмбайлықпен қарап жүрді. Бұл кезде автомобиль мен теміржол құрылысы аса қарқынмен жүргізіліп, оқу-ағарту саласы да жақсара түсті. Тіптен археологиялық қазба жұмыстарына да қо­мақты қаражат бөлінген. Муссолини өзінің бар күшін Италияны бұрынғы Рим империясы дәрежесіне жеткізуге жұмсады. Италияның католик дінін ұстанушылары үкімет пен Рим папасының формалды келісімін қолдаған. 1929 жылы Латеран келісімі бойынша Папа Ватиканды тәуелсіз басқарушы болып, есесіне Муссолини басшылығындағы жаңа фашистік Италияны мойындауға келісім берді. 1933 жылы Германия билігінің басы­на Адольф Гитлер келді. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін неміс халқына бұрынғы дәуірін қайта қалыбына келтіретін болып уәде берген. Оның ең басты мақсаты Үшінші рейхтің әскери күшін барынша нығайту еді. Гитлер өз саясатында Муссолинидің іс-тәжірибесін қолданып отырды. 1934 жылы ол Муссолинимен алғаш рет Венецияда кездесті. Алаңға жиналған қалың көпшілік Гитлерді елемей, Муссолинидің атын үздіксіз айқайлап айтып тұрды. Сол кездесуде Гитлер Австрияның Германия құрамында болуын мақұлдау жөнінде ұсыныс жасаған. Алайда Муссолини оны қолдаған жоқ. Қайта Гитлердің ойын жүзеге асырмау үшін әскерін Германия шекарасы маңына орналастырып, оны Австрия жөніндегі райынан қайтуға мәжбүр етті. Дегенмен олар бір-біріне бұрынғыдан да бетер жақындай түсті. Сол жылы Италия отары болып табылатын Сомали мен Эфиопия шекараларында соғыс өрті тұтанды. Муссолини бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып қалу үшін Италия әскерін 1935 жылы 3 қазанда Эфиопияға баса көктеп кіргізді. Бұл соғыс бүкіл әлем жұртшылығының ашу-ызасын туғызды. Ұлт Лигасы Италияға экономикалық санкция жариялады. Германия әуелгіде Эфиопияны қару-жарақпен қамтамасыз еткен болатын. Кейін Италия бұл жайға араласқан кезде Муссолиниді қолдап шыға келді. Мамыр айында Италия әскері химиялық және биологиялық қару қолданудың арқасында жеңіске жетті. Содан кейін Муссолини жаңа Италия империясы құрылғанын әлемге жариялады. Муссолини 1936 жылы 9 қыркүйекте Берлинге іс-сапармен барған. Оны Гитлердің нәсілшілдік жалауы астында қандай билікке ие болғаны таң қалдырды. Бұдан қатты әсер алған Муссолини екі айдан соң Италияның содан санаулы жылдар бұрын қабылданған Германия мен Жапонияның «Коммунистерге қарсы пакет» келісіміне қосылатынын мәлімдеді. Артынша солардың жолымен Италия Ұлт Лигасы құрамынан шықты. Сондай-ақ Муссолини бұрынғы ойынан қайтып, Австрияның Германия қол астында болуына келісті. Гитлер онымен қанағат тұтпай Чехославакиядағы немістер көп тұратын Судет облысын өздеріне қаратуды көздеді. Осы мәселені шешу жөнінде Мюнхен конференциясы шақырылған. Конференцияға Гитлер, оның одақтасы Муссолини, Англия премьер-министрі Невилл Чемберлен және француз үкіметінің басшысы Эдуард Лаладье қатысты. Муссолини ағылшын, француз, неміс тілін жақсы білетіндіктен аудармашылық та жұмысын атқарды. Гитлер оның орта ағайындығының арқасында өз дегеніне жетті. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына кіріспе болды. Италия әскері 1939 жылы сәуірде көрші Албанияны бес күнде-ақ басып алды. Ал мамырда Италия елшісі граф Галеаццо Чиано Германиямен әскери келісім-шарт жасасты. Сол келісім бойынша Германия мен Италия соғыс жағдайында бір-біріне көмектесетін болды. Бұл келісім Италияны әскери-экономикалық жағынан аса қуатты Германияға кіріптар етіп те қойған еді. Ал Муссолини ерте ме, кеш пе, Еуропада соғыстың болатынын алдын ала білген. Германия шығыстағы Кеңестер Одағымен соғыспау жөнінде келісім-шарт жасаса отырып, 1939 жылы 1 қыркүйекте Польша жеріне баса көктеп кірді. Оған жауап ретінде Англия мен Франциия Германияға қарсы соғыс жария­лады. Алайда олар Польшаға көмек көрсете алмаған. Осылай Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Келесі жылы Бельгия мен Нидерландияны басып алған неміс армиясы Франция әскерін де талқандады. Сол кезге дейін соғыс барысын аңдып отырған Муссолини 1940 жылы маусымда Франция мен Англияға соғыс жариялаған. Эфиопия соғысынан біраз әлсіреп қалған оның әскері Грекияны зорға басып алды. Бұл кезде Эфиопияда партизан соғысы өріс алған еді. 1941 жылы онда Англия әскері кіргізілген соң Муссолини өз әскерін алып кетуге мәжбүр болды. Сол жылдың 22 маусымында Германия Кеңестер Одағымен жасасқан келісім-шартты бұзып, соғыс ашты. Муссолини Германияның одақтасы ретінде бірнеше дивизиясын жіберді. Алайда бұл кезде Муссолинидің денсаулығы сыр бере бастаған болатын. Әйелімен де ұрыс-керісі көбейді. Оған тек көңілдесі Клара Петаччи ғана жанашырлық танытты.Фашистердің әскери әрекеттері өздері ойлағандай болмай шықты. 1943 жылы Шығыс майданда үлкен өзгерістер болды. Ондағы Италия әскерінің күйрей жеңілуі халықтың көңіл-күйіне қатты әсер етті. Муссолиниге италияндықтардың сенімі азайды. Оның үстіне сол жылдың мамырындағы Ита­лия армиясының Тунистегі жеңілісі Аф­рикадағы өзіне бағынышты территориясынан айрылуға әкелді. Шілдеде Англия-Америка армиясы Римді бомбалай бастаған. Фашистік партияның лидерлері ағылшын-американ күштерімен келісімге келуге үміт артып, мемлекеттік төңкеріс жасауды қолға алды. Үлкен фашистік кеңес мүшелері 24 шілдеде Муссолиниді биліктен кетіру үшін дауыс берді. Келесі күні Виктор Эммануил-ІІІ Муссолиниді премьер-министр қызметінен босатып, Апеннин тауының биігінен орын тепкен Гран-Сассодағы «Кампо император» қонақүйінде қамақта ұстауды бұйырды. Король оның орнына премьер-министр етіп Пьетро Бадольоні тағайындады. Ол елдегі фашистік партияны таратып, оның басшыларын тұтқындауға бұйрық береді. Соны алдын ала сезген фашистер елден қаша бастаған. Ал қыркүйек айында Бадольо одақтастармен бейбіт келісімге келді. Соған жауап ретінде неміс армиясы Италияның солтүстік жағын басып алған. Бадольо мен король оңтүстікке барып жан сауғалайды. Бұл кезде елде коммунистер басқарған қарсыластар қозғалысы күш ала бастаған. Капитан Отто Скорцени бастаған неміс десанттары 12 қыркүйекте Муссолиниді қамақтан босатып, ұшақпен Германияға алып барды. Гитлер оған немістер басып алған Италияның солтүстігінен жаңадан фашистік мемлекет құруды ұсынған. Ол келісім береді. Алайда 1944 жылы 4 маусымда ағылшын-американ әскері Римді жаулап алды. Ал 6 мау­сымда Нормандияға әскер төгіп, Францияны босатуға кірісті. 1944 жылдың бедерінде Кеңестер Одағының әскері фашистерді ел территориясынан қуып шықты. Солтүстік Италияда партизан соғысы жүріп, немістерді ығыстыра бастайды. 1945 жылы көктемде Италияда Муссолини мен неміс әскерлерінің жағдайы тығырыққа тірелген. Сәуір айында Италиядағы неміс армиясы жеңілгендерін мойындап, Муссолини көңілдесі Клара Петаччимен бірге Швейцарияға жасырынып қалуға бел буады. Ол 25 сәуір күні неміс әскерінің қорғауымен Миланнан шығады. Алайда екі күннен соң қалаға жақын Донго қыстағында партизандар қолға түсіреді. Фашистер дучені немістің әскери киімін кигізіп алып өтпекші болған. Бірақ партизандар бәрібір Муссолиниді танып қалады да, көңілдесі екеуін тұтқындайды. Партизандар оларды Адзано деген жерге алып барып, Муссолини америкалықтардың қолына түсіп қалмай тұрғанда атып тастауды жөн көрген. 28 сәуірде Муссолиниге полковник Валерио (Вальтер Аудизио) келіп, оны басқа жерге ауыстыратынын айтады. Екеуін Бильмонте саяжайынан алып шығып, Аудизионың өзі Муссолини мен Клара Петаччиді атып тастайды. Олардың мәйітін және Донгода атылған он бес фашистің жансыз денесін Миланға алып барады. Қала ортасындағы Лорето алаңына жиналғандар көруі үшін гараж алдына аяқтарынан асып қояды. Фашистік партияның негізін қалаған Бенито Муссолинидің идеологиясы адамзатқа үлкен қасірет әкелді. Екінші дүниежүзілік соғыста ондайларға тарих үкімі осылай шығарылды.

Көлбай Адырбекұлы