ДИОКЛЕТИАН ПАТША ҺӘМ ҚЫРЫҚҚАБАТ
ДИОКЛЕТИАН ПАТША ҺӘМ ҚЫРЫҚҚАБАТ
Көрнекті америкалық жазушы О.Генридің «Короли и капуста» атты шығармасында Латын Америкасында орналасқан «банан республикасының» тыныс-тіршілігін суреттейтіні бар. Жергілікті халықтың мінез-құлқы, бизнесмендер мен банкирлер, саясаткерлер мен президенттер, тіпті пальма туралы да суреттеледі. Тек патша мен қырыққабат туралы ғана айтылмайды. Ал шындығында қызықтың көкесі патша мен оның өсірген қырыққабатында жатқан жоқ па!
Әйгілі «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінде слесарь-философ Гога айтатын Римнің бұрынғы императорының басынан өткен жағдай бар емес пе?! Биліктен кеткен патшаны тағына қайтадан отыруға шақырып, қайта-қайта сөз салғанымен, патша бас тартады. Сондағы бас тартуының себебін: «Егер серіктерім мен өсірген қырыққабаттың қандай екенін көрсе, бүйтіп қайта-қайта мазамды алмас еді-ау» – деп түсіндіреді. Мұны айтқан Марк Аврелий сияқты император-философ болса да таңқалуға болмас еді. Бұл сөздерді айтқан – Римде абсолютті монархиялық билік орнатып, кейіннен денсаулық жағдайына байланысты биліктен кеткен Диоклетиан болатын. Диоклетиан биліктен кеткеннен кейінгі өмірін өзінің туған жері Иллириядағы қарашаңырағында өткізген. Сегіз жыл жападан-жалғыз өмір сүрген. Анекдотқа бергісіз-ақ жағдай. Бүкіл өмірін билік үшін күреспен өткізіп, ұлы Рим империясын жаңғыртуға жұмсаған адам ақыр аяғында бәрінен баз кешіп, қырыққабат өсіріп кетеді… Шамасы, ертеде болған бұл оқиғаның өзегі кәдімгі қырыққабат туралы болмауы да мүмкін. Яғни әңгіме түрлі-түсті қырыққабат, брюссель қырыққабаты немесе солтүстікамерикалық қырыққабат туралы болмауы мүмкін. Олай дейтініміз, ежелгі дәуірде Қырыққабат бейбітшіліктің белгісіне баланған. Бірінің сыртынан бірі оратылып, қырық қабат болып, ортадағы өзекті жасырып жатқан жапырақтар – біздің күнделікті өміріміз, болмысымыз. Тіршіліктің шынайы мәнін түсініп, түйсінуімізге кедергі келтіретін де сол. Үндістер мұндайды көрпеше дейді. Ал шындап келгенде бүкіл тіршіліктің мәні сол өзекте жатқан жоқ па?! Яғни Өзек бұл жерде ең негізгі Тірек болып тұр. Қазіргі орыс тілінде қырыққабаттың өзегі деген кәдімгі күнделікті тұрмыста ғана қолданылатын қарапайым сөз болғанымен, христиандық алғаш қанат жая бастаған тұста Иисусты дәл осы өзекке теңеген. Ал үндістер қырыққабатты абыздардың асы деп білген. Сол арқылы олар мына дүниенің жалған екенін ұғынып, Ақиқаттың мәнін ұғады деп сенген. Сондай-ақ үндістерде керемет бір дәстүр бар. Олар адамның өмірін бірнеше кезеңге бөледі. Алғашқы кезең – оқушылық кезең. Оған балалық шақ пен жастық кіреді. Екіншісі – ержету, толығу кезеңі. Бұл кезде адам үйленеді, үй болады, жұмыс істейді, бала тәрбиелейді, өзінің шама-шарқы жеткенше қоғамдық өмірге белсене араласады. Ал алғашқы немересі дүниеге келгеннен бастап үшінші кезең басталады. Оны тақуалық кезең деп атайды. Үндістер екінші кезеңде адам өзінің барлық пендеуи міндеттерін атқарып болады деп есептейді. Біреу бұл уақытта жатпай-тұрмай жұмыс істеуі мүмкін, екінші біреу жаугершілікпен өткізуі мүмкін. Қалай болғанда да балаларын өсіріп, олар өз алдына отау құрғаннан кейін қым-қуыт тіршіліктен, қулық-сұмдықтан бойын аулақ салып, тақуалық жолға түсуді, дұға етуді, өзінің өткерген өмірі туралы ойлануды, Құдайдың құдіретін ойлауды қасиетті парыз деп біледі. Яғни сол баяғы Өзек-тірек туралы ойға батады.Үндістер үшін тақуалық әркімнің еркіндегі шаруа емес, әр адамның қасиетті борышы, парызы, міндеті. Бұл деңгейге жетпеген адам толыққанды өмір сүрген болып есептелмейді. Әрине, үндістер үшін де қартайғанда бүкіл дүниеден баз кешіп, отбасын, бала-шағасын, немерелерін тастап, жападан-жалғыз орманға немесе тауға кету оңай шаруа болмаған шығар. Бұл жағынан біз, яғни қазақтар бақыттымыз. Бізде ержету, қартаю немесе атқамінерлік пен ақсақалдық кезеңдеріне қатысты қатып қалған қағида жоқ. Қазақтарда да «Пайғамбар жасы» деген түсінік бар. Яғни Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар жасаған 63 жас. Бұл жаста қазақ шалдарының кейбірі немерені қойып, шөбере сүйетін халге жетіп қалады. Әкесінің ісін балалары, немерелері жалғастырып әкетеді. Әкенің жиған-тергені де балаларына қалады. Артындағы ұрпағы тұрмыстық мәселемен шектелмей, басқа ел-жұртпен қарым-қатынас жасау мәселесіне де ден қояды (басқаша айтқанда, саясатпен айналысады). Қожа-Ахмет Яссауи секілді пайғамбар жасына жеткеннен кейін, яғни 62 жастан асқаннан бастап қылуетке түсіп, одан кейінгі өмірін жер астында өткізу екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Ал қартайған адам күнделікті қым-қуыт тіршілікке араласып, әрнеге араласатын болса, тақуалық пен даналық жайына қалып, айналасына күлкі болады. Қазақтар ақсақалдарды даналығы үшін құрметтеген, күнделікті күйбең тіршіліктен биік тұрғандығы үшін қадірлеген. Ақиқат дүние ешқашан өлмейді. Тек дамудың әрбір жаңа кезеңінде оның формасы өзгеруі мүмкін. Орыс ойшылы А.Некрасов кәрілік туралы емес, ержету кезеңінің жетілуі, яғни кемелдік кезеңі туралы жазған екен. Ол кез келген адам өз өмірінде кемелдік кезеңіне жетуі керек деп есептейді. Некрасов мұны былай түсіндіреді: «Кемелдік кезеңінде «істеу керек» деп келетін шаруаның барлығын қысқарту керек. Өткен өмірімізде «істеу керек» деген шаруаның каншасын істегеніңіз туралы ойланыңыз. Егер шындықтың бетіне тура қарай алсаңыз, сол «істеу керек» деп жанталасқан көп шаруаның кейбірінің тіпті де қажет болмағанын түсінесіз. Кемелденген кезеңде «істеу керек» және «істеуге міндеттімін» дегеннің ара-жігін аша алатын халде боласыз. Кемелдік —рухани тәжірибе мен даналық кезеңі. Уақытша дүниенің соңына түсу сирейді, кемелденген шакта адам кез келген жағдайға байыппен қарап, өзінің іс-әрекетін де терең бағамдай бастайды. Бұл уақытта саналы түрде тұлға ретінде дамуға, жетілуге мүмкіндік көп болады. Бұрын қым-қуыт тіршіліктің соңында жүріп, қолы жете алмаған шаруаға бел шеше кірісу мақсатымен өзін-өзі жетілдіре түседі, кемелдене түседі. Кемелдік – жеке адам ретінде өсу кезеңі. Көңілің қалаған іспен айналысып, рухани салаға ден қоятын шақ. Бұрын ашылмаған, ашыла алмаған мүмкіндіктерінің ашылатын уақыты. Кемел адам ең бірінші кезекте өзін таниды. Өмірге деген көзқарасы сыртқы дүниеге емес, ішкі дүниеге қарай қалыптаса бастайды. Мұндай кемелдікке жеткен адам бүгін бір әулеттің тірегі, ар-ұяты, рухани ұстазы, даналық көзі болады. Әулеттің ғана емес, халықтың, жалпы адамзаттың дамуына бағыт-бағдар береді. Жасы келген адамдар кәрілікпен шектелмей, кемелдік кезеңіне өтсе, жоғарыда аталған міндеттерге толыққанды жауап берсе, өркениет те сабақтаса отырып, үйлесімді дамиды (техникалык прогресс туралы айтып отырған жоқпыз). Ол үшін адамның бақыт пен шаттық кұшағында шалқып өмір сүруі де маңызды емес. Жастық шағында көп қиындық көруі мүмкін, ержеткен шақта да неше тығырыққа тірелуі ықтимал. Ауру-сырқаудан да ада болмауы кәдік. Соған қарамастан, кемелдік кезеңінде адам өзін-өзі жетілдіруі қажет. Сол арқылы өзінің бала-шағасына, жалпы халына жәрдемін тигізуі керек. Қандай да бір әулеттің ақылшысы өз өміріне басқаша қарай бастап, өзінің әдет-салтын, мінез-құлқын өзгертсе, бұл міндетті түрде оның әулетіне оң ықпалын тигізеді. Адам қартайған сайын тартатын азабы да арта түсетіні бар. Көп жасаған, көп білетін адамды әлденемен таңғалдыру өте қиын. Ал шындығында таңданыс үлкен қуанышқа алып келеді. Өйткені таңдану – танудың бастамасы. Даналын қайғы емес, қуаныш алып келеді. Кемеліне келген адамдар өмірдің қызығы дегенге басқаша қарай бастайды. Бұл –үлкен сабақ!» Осылай дей келе, Некрасов та барлық рухани ұстаздар айтатын жолды нұсқайды. Қартайған шақта күнделікті қым-қуыт тіршіліктен бойды аулақ салып, жаңа мүдде жолындағы жаңаша өмірді бастау қажеттігін айтады. Ақсақалдарымыз осылайша өз өмірлерін басқа арнаға бұрып, кемелдене түссе, өз өмірі үшін ғана емес, ұрпағының өмірі үшін де пайдасы орасан зор.Әңгімеміздің әлқиссасына қайта оралар болсақ, өмірінің көп бөлігін саясатқа арнап, жақтастарымен де, қарсыластарымен де текетіресе жүріп, көп дүниеге қол жеткізген Диоклетианның денсаулығына байланысты және серіктерінің қысымына орай тақтан түскеннен кейін өмірден баз кешіп кетпей, өзінің туып-өскен шаңырағына оралып, бағбандыққа бет бұруы тегіннен-тегін емес екен. Ол өмірдің мәнін билікте отырғанда емес, тақтан түскенде түсінді. Диоклетианның билікке қайта шақырған сәтте бармауы да бекер емес. Ол өмірінің жаңа кезеңіндегі бақыт пен үйлесімді қатерге және қулық-сұмдыққа айырбастағысы келмеді. Кәдімгі қырыққабатты патша тағынан артық көрді. Нағыз, шынайы, ақиқи кемелдік деген осы! Сағым ҚУҒАНБЕК