ТІЛІ КЕМШIН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ

ТІЛІ КЕМШIН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ

ТІЛІ КЕМШIН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары қазақ тiлiндегi заң жобалары мәтiндерiнiң сапасыз дайындалатындығы жөнiнде жиi айтылып келедi. Бұл түйткiлдi Парламент депутаттары да талай көтерген. Өкiнiштiсi сол, бiздегi iс-қағаздары мен қаулы-қарардың, тiптi заң жобасының көбi орыс тiлiнiң тiкелей аудармасы ғана. Жақында ғана Әдiлет министрi Берiк Имашев мемлекеттiк органдарды әзiрлеген заң жобаларының сапасыздығы үшiн кiнәлау керектiгiн баса айтты. Министр сондай-ақ заң жобаларын дайындау ұйымы ережелерiнiң талаптарына сәйкес, мемлекеттiк органдар белгiленген тәртiпте заң жобаларын дайындау iсi бойынша құрамына заң қызметiнiң және сәйкес ғылыми-зерттеу институттарының өкiлдерi кiретiн жұмыс тобын құру керек екенiн тiлге тиек еткен болатын. Тiптi мәтiн жолдарын компьютерлiк бағдарламаға салып, шала-шарпы аударатындардың қазақ тiлiн түсiнiксiз тiлге айналдырып жүргендiгi де сөз болды.

Аталмыш мәселе осы аптада өткен Үкімет сағатында да кеңінен қозғалды. Парламент алдына есеп берген Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановты жан-жақтан қыспаққа алған халық қалаулылары халықаралық құ­жаттардың мемлекеттік тіл­де­гі нұсқасында қателердің өріп жүргенін айта келе, бұл сорақылықтың қазақ мемлекетінің беделіне дақ түсіретіндігін ашына айтты. Әсіресе, осы отырыста Мәжіліс атынан қосымша баяндама жасаған Мәулен Әшімбаев көптен көңілдегі түйін болып қалған мәселені ағыта сөйлегенде біраз адамның көзі ашылып қалғандай әсер қалдырды. Төменгі палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін ат­қарып жүрген депутат ха­лықаралық келісімдердің қазақ тілінде сапасыз жазылатындығын айта келе, «Қазақ тіліндегі мәтіндер сын көтермейді. Соның кесірінен халықаралық келісімдердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің аутенттілігіне қатысты жиі мәселе туындайды. Бұл сол келісімді ратификациялау ісінің ұзап кетуіне соқтырады», – деді Сыртқы істер министріне қарата. Осы тұста «халықаралық заңдардың» қазақша мәтіндеріне байланысты проблемалардың, яғни халықаралық құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының сауатсыздығы мәселесі күн өткен сайын елеулі түйткілге айналып барады. Мәулен Әшімбаев осы өрескел қателіктің салдарынан күшіне енбеген халықаралық келісімдердің саны артып жатқандығын жеткізді. Өйткені халықаралық құжаттың мәтініне кез келген өзгеріс енгізу үшін уағдаласатын елмен нота алмасып, келісу қажет екен. Әйтпесе, келісімді ра­тификациялауға болмайды.

Тіпті қазір біздің кейбір шенеу­нік­тердің мемлекеттік тілді жарытып білмеуі де маңызды халықаралық құжаттардың күшіне енуіне кедергі жасайтын көрінеді. Бұған мысал ретінде «Қазақстан Рес­публикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы» Келісім­ді, сондай-ақ осы екі ел арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы Келісімді келтірген Мәулен Сағатханұлы: «Қос құжатқа ресми түрде 2003 жылдың 13 қарашасында қол қойылса да, көп ұзамай оның қазақ тіліндегі нұсқасынан бірнеше қате табылған. Ақыр соңында Қазақстан тарапы Кореядан оларды түзетуге келісім сұрап, 6 рет нота жіберді. Сөйтіп оларды ратификациялау туралы заңдар тек 2011 және 2012 жылдары ғана қабылданды», – деді. Сорақысы сол, екі ел арасындағы келісімдегі қазақ тілінен кеткен қателерді дұрыстап, қайта бекітуге 9 жыл уақыт кетіпті! Ал біле білсек, басқа мемлекеттерге қайта-қайта нота жіберіп, алмасу еліміздің беделіне нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да бұл мәселеге барлық мемлекеттік органдардың үстірт қарамауы тиіс.

Міне, осындай өрескел қа­те­ліктерден соң елімізде ха­лық­аралық келісім-шарттарды мем­лекеттік тілге аудару жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл тұрғыда Сенат төрағасы Қайрат Мәми: «Келісім-шартқа қол қойғанға дейін бұл құжатты сенат, мәжіліс, үкімет қызметкерлері қарайтын болады. Құжатқа осы сынақтан кейін ғана қол қойылады. Бұл аударма мәжіліс пен сенаттың ойынан бірдей шығу үшін арнайы жұмыс тобын құрдық» деген-ді. Сенат төрағасы Қ.Мәми мен Мәжіліс басшысы Н.Нығматуллиннің Премьер атына жазған хатының ізімен, халықаралық құжаттардың мемлекеттік тілдегі мә­тінінің дұрыс болуын қадағалайтын арнайы жұмыс тобы халықаралық келісімдердің барлығының мәтіндерін, олардың аутентті болуы тұрғысынан қарайды. Депутаттар бұдан былай мемлекеттік органдар халықаралық ке­лі­сім­дердің қазақ тіліндегі жобаларын әзірлеу жұмысы қолға алынып, түйткілді мәселелер кезең-кезеңмен шешілетіндігіне сенім білдірді.

Сондай-ақ отырыста сөз­ алған депутат Қуаныш Сұл­та­нов Сыртқы істер министрінен қазақ елінің дипломаттары­ жоқ басқа мемлекеттерде біздің азаматтардың қалай қор­ғал­а­тын­дығы жөнінде сұрады. Шетелде тығырыққа тірелген қа­зақ­стан­дық­тардың көбі Сыртқы істер министрлігінің елшіліктерінен көмек күтетіні белгілі. Бірақ та министрлік қазіргі кезде бұл мәселеден қашқақтап, төл өкілдіктерін ашқалы жатыр екен. Бұл мәселеге Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов: «Шетелге шығатын қазақстандықтар саны жыл санап артып келеді. Өкініштісі, оларға қатысты төтенше оқиғалар да өсуде. 2001 жылдың өзінде Қазақстаннан шетелдерге 7 млн. адам шыққан» деп жауап берді. Ол сондай-ақ былтыр Ливияда, Мысырда, Жапонияда жүрген көптеген азаматтарға шұғыл түрде көмек жасап, елге қайтаруға қаржылай көмек бергенін айта келе, биыл Ош, Ходжент, Брест және Қазанда бас консулдық мекемелерін ашатындығын жеткізді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ