Жаңалықтар

«ҚАСIРЕТ КЕРЕГЕСI»

ашық дереккөзі

«ҚАСIРЕТ КЕРЕГЕСI»

Қазақстан қазаққа қатысты тақырыптардың барлығын жиi жауып қойып, әлемдiк, жаһандық проблемалармен айналысып кеттi. Қазақтың бұған дейiнгi қасiреттерiне шынайы, тарихи баға беру де көршiлерiмiздiң қитығына тиетiн болғандықтан, мемлекеттiк тұрғыдан саяси баға беруден жалтарып келемiз.

Билiк – 555 жылдығы аталып өтуi тиiс Қазақ хандығын әспеттеуге, қазақтың тұңғыш хандары Керей мен Жәнiбектiң атын болашақ ұрпақтың жадында жаңғыртуда, «Алаш» үкiметiнiң, Алаш қайраткерлерiнiң қазақ тарихындағы орнын айқындауда, оларды ұлықтап, ұлт жаршысына айналдыруға, 1932-1933 жылдарғы аштық зардабын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнiң құпия құжаттарын жариялап, оларға тиiстi деңгейде бағасын бере алмай келедi. 20 жыл бойы 32-33 жылғы аштық қасiретiне Украина «Голодомор» деп айдар тағып, оны КСРО геноцидi ретiнде бағалауды бүкiл әлем алдында талап етуде. Жақында Тәжiкстанның тарих оқулықтарында да аштыққа саяси баға беру жөнiнде мәселе көтерiлген екен. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында ашаршылық құрбандарына ескерткiш орнатуды мақсат еткен Астана қаласы әкiмшiлiгi дизайнерлер мен сәулетшiлер арасында арнайы байқау ұйымдастырған. Алайда байқау нәтижесi бойынша, Президент сая бағына орнатылуға тиiстi ескерткiштiң орны бiрнеше рет өзгерген екен. Аталған байқау жеңiмпазы Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесi Орал Әлiбаевпен әңгiмелесудiң сәтi түскен едi:

– Орал мырза, Ашаршылық құрбандарына ескерткiш орнату мақсатында жарияланған байқау қашан және қайда өттi?

– 2011 жылы наурыздың 26-сында «Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке» қатысты жабық конкурс болды. Оған Шота Уәлиханов басқаратын «Нарыс» жеке кәсіпкерлігі, Қазақстан дизайнерлер одағы, Н.Нарынова жеке кәсіпкерлігі, Астанадан «Сонар» дизайнер үйі және дизайнер Н.Қондыбаева, Қарағандыдан «Парадокс» ЖШС-і шақырылды. Мен 7-ші болып конкурстан тыс қатыстым. Бақытыма қарай бұл байқауда менің ұсынған жобам үздік деп танылды. Кейін бұл жоба белгісіз себептермен бір жылға тоқтатылды. Мен биыл да жүзеге аспайтындығы туралы ақпарат естігем. Өйткені оған арнайы қаржы бөлінбеген екен. Бірақ жақында аяқ астынан оны биыл орнату туралы нұсқау түсіпті. Сөйтіп іске кірісіп жатырмыз.

– Естуімізше ескерткіштің орны бірнеше рет өзгерген көрінеді.

– Байқау жарияланған кездегі ескерткіштің орны Президент саябағы болды. Ол Жұмабаев пен Момышұлы (бұрынғы 13-магистраль) көшелерінің қиылысында орналасқан, көрінісі өте әдемі алаң еді. Бұл жерде көше жаққа қараған үшбұрышты саябақ бар. Ескерткішті осы алаңда тұрғызу мақсатында, байқау жарияланды. Алайда биыл оны орнататын орын өзгеріп кетті. Технопарктің жанында Республика көшесінде, Автопаркке қарама-қарсы сквер бар еді. Онда кезінде А.С. Пушкиннің мүсіні болған. Қазір ол жоқ. Сол жерге қоямыз деп шешкен-тұғын. Кейін ол орын да аяқасты өзгеріп, бүгінгі нақты шешкен орны Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысқан жеріндегі Абай қонақ үйінің жаны. Жанында банк және Тұрмыс қажетін өтеу орталығы орналасқан. Ол жерде Абай ескерткіші бар еді. Бүгінде ол ескерткіш те өзге алаңға көшірілген. Сол алаңға мемориалды орнату көзделіп отыр. Дайындық жұмыстары басталып та кетті. – Болашақ ескерткіштің орны көңіліңізден шықты ма?

– Шынымды айтсам бұл жер менің көңілімнен шықпай тұр. Меніңше, мұндай мемориал қонақ үйлер мен тұрмыс қажетін өтеу орындарының қасында тұрмауы керек. Мен өз ойымды айтып, басқа орындарды ұсындым, өкінішке қарай, менің ұсынысым қабылданбады. Өзім қаланы аралап, бір-екі жерді ұнаттым. Біреуі – Республика даңғылы мен Тәшенов көшелерінің қиылысында бір сквер бар. Аржағында Есіл өзені ағып жатыр. Өзен жағында Ататүріктің ескерткіші орналасқан. Сол алаңда бос орын да бар екен. Екіншісі – Тәшенов көшесін бойлап келе жатқанда, Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне жетпей, өзенге жақын тағы бір орын бар екен. Мен осы екі орынға жобамды жайғастырып, ұсынысымды Астана қаласының сәулет және құрылыс басқармасына тапсырдым. Әрине, олар мақұлдамады.

– Ескерткіштің идеясы жайында не айтасыз? Оның көрінісі қалай болмақ?

– Ең алғаш ескерткіш Президент саябағындағы Жерұйық алаңында орналасуы тиіс болған кезде, мен ескерткішті екі бөлімнен жасадым. Бірінші бөлімі көшеге қарай үшбұрыштанып шығып тұрады да, екінші бөлімі саябақтың ішіне қарай орналасады. Ол осы тақырыптың мазмұнын аша түсетін мұражайға айналса дегенмін. Бұл мемориал соның кіреберісі сияқты болуын қаладым. Алайда өкінішке қарай, әкімшілікке сол екінші бөлімді көрсетпеді де, тек бірінші бөлімді ұсынды. Онда радиусы – 53 метрден тұратын доға бейнеленеді. Биіктігі он метрге жуық еді. Негізгі идеясы шаңырағы ортасына түсіп, уығы күйреп, керегесі жалаңаштанған қазақ ордасы – киіз үй. Бұл аштықтың зардабынан қаңғырып далаға босып кеткен қазақтың тағдырын бейнелейді. Қазақтың жартысына жуығының шаңырағы ортасына түсті ғой сол кезде. Кереге қара тастан жасалады да, арасы ашыла түседі, сол алаңқаймен мемориалдың екінші бөліміне өтіп, мұражайға тап боламыз. Бірақ бұл идеямның жұрнағы қалды десем де болады, мемориал екі есеге дейін кішірейді. Әрі арасынан өтетін жолды жауып тастадық. Оның атын «Қасірет керегесі» деп атап отырмыз. Қабырғасына «Зұлым саясаттың жазықсыз құрбаны болған, 32-33 жылдары ашаршылық жалмап кеткен миллиондаған отандастарымызға» деген жазу жазылады. Мемориал мамыр айында тұрғызылмақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Есенгүл Кәпқызы