«БОРАТҚА РАХМЕТ!»

«БОРАТҚА РАХМЕТ!»

«БОРАТҚА РАХМЕТ!»
ашық дереккөзі

23 сәуiрде Мәжiлiсте Үкiмет сағатын өткiзген Сыртқы iстер министрi Ержан Қазыханов Қазақстанның сыртқы имиджiн «бiраз көтерiп тастаған» Боратқа алғысын бiлдiрдi. Үкiмет сағатында сыртқы ведомство қызметiне қатысты он түрлi мәселе қозғалды.

Алайда қалай екені белгісіз әңгіме барысында «Борат» фильмінде басты рөл ойнаған журналист Саша Барон Коэннің аты ауызға алынды. Министрдің айтуына сенсек, «Борат» фильмі жарыққа шыққаннан кейін Қазақстанның шетел азаматтарына беретін визасы 10 есеге өскен. – Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Мен Боратқа Қазақстанға туристерді көптеп тартуда көмек болғаны үшін алғысымды білдіремін, – деді ол алқалы жиында.

Естеріңізде болса, жақында Кувейтте жеңіске жеткен қазақстандық спортшыны марапаттау барысында қазақ әнұранының орнына Борат фильміндегі сайқымазақ ән қосылып, масқара болғанымыз бар. Министр бұл мәселені масқара деп атай отырып, мұнда Сыртқы істер министрлігінің кінәсі жоқ деп ойлайтынын жеткізді:

– Бұнда СІМ-нің қандай да бір тікелей кінәсі болды деп айту қиын. Біздің барлық елшіліктерге Қазақстанның мемлекеттік символдарын жеткізу туралы қатаң тапсырма берілді, – деді ол. ВВС телерадиокорпорациясының орыс қызметінің хабарлауынша, Қазақстандық Туристер қауымдастығы көп дау-дамай тудырған «Борат» фильмі шыққаннан кейін Қазақстанға келетін туристер саны өскенін растаған. Бірақ министр айтқандай он есеге емес, 4 есеге артыпты. 2006 жылы Қазақстанға 90 мың шетелдік ат басын бұрса, 2011 жылы олардың саны 450 мыңнан асқан. Алайда Туристер қауымдастығы бұны «Борат» фильмімен байланыстырудан аулақ. Өйткені Қазақстанның сыртқы имиджі халықаралық аренада «Борат» фильмінсіз-ақ өсе түскені мәлім. 2006 жылдан бері Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалықты атқарып қана қойған жоқ, сонымен қатар 7 жыл бойы өтпей келген кезекті ЕҚЫҰ Саммитін де өткізуді мойнына алды. Азиаданың Қазақстанда өткізілуі еліміздің танымалдылығын одан әрі асыра түсті. Ислам конференциясына төрағалық ету де Қазақстанның өзге мемлекеттер алдындағы мәртебесін асқақтатты. Бұл жерде туындайтын мәселе – Қазақстанға туристердің ағыла бастауына шынымен «Борат» фильмі ықпал етті ме? Оған жа­уап­ беру қиын. Қалай десек те, бізді масқаралаған Боратқа алғыс айту қисынсыз. Біздің елдегі туризмнің дамуы «Бораттардың» қолында болса, жағдай онша оңды емес болғаны. Олай болса, дәп осындай тағы бір фильмге тапсырыс беру керек дейтін шығар шенеуніктер. Ержан Қазыханов бұл ведомствоны басқарғалы бір жылдан астам уақыт өтті. Ержан Қазыханов мырзаның осы уақыт аралығында Қазақстанның сыртқы имиджін қалыптастырарлық қандай іс тындырғанын саралау қиын. Өйткені Ержан Қазыханов басшылық қызмет атқарған уақытта мемлекеттің маңызды атрибуттарының бірі саналатын әнұранның әлем аренасында екі рет аяққа тапталып, намысымызды жер еткені мәлім.

Оның үстіне СІМ қызмет­кер­лерінің аты бірнеше даулы мә­се­ле­лермен шығып отыр. Былтыр сәуірдің соңында Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігінің кеңесшісі Валерий Толмачев Париж-Рим бағыты бойынша ұшатын рейстің ұшағын өзге жаққа ұшырмаққа талаптанып, қоқан-лоққы көрсеткені мәлім. Сарапшылар оның ақыл-есінің дұрыс еместігіне көз жеткізген, әрі қылмыс жасаған сәтте қатты күйзелісте болғандығын анықтаған. Дәл осы сәтте Петропавлда Қазақстан Республикасының СІМ қызметкері тұтқындалған. СІМ халықаралық құқық департаментінің кеңесшісі Мадияр Нұрханов деген азамат жолдасымен мас күйде таксиге отырып, оған алдын ала келіскен қаржыны төлеуден бас тартқан. Бас тартып қана қоймайды, оны өлімші ете сабап, автомобиль фарының шыныларын сындырып кетеді.

Ержан мырза сыртқы саясаттың шылбырын қолға алған тұста Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аяқталып жатқан болатын. Сөйтіп «Еуропаға жол» бағдарламасын өзіне дейінгі әріптестері Марат Тәжин мен Қанат Саудабаев атқарып тас­тады. Сыртқы істер министрінің ең алғашқы бастамасы ол министр лауазымына тағайындалғаннан кейін 7 айдан кейін жарық көрді. Ол – «Қазақстан Республикасы дамуының Азия векторы» деп аталады. Бірақ осы уақытқа дейін Азия-Тынық мұхит елдеріне қатысты стратегиялық құжаттың дайын болмағаны белгілі болып отыр. Қазір Қазақстанның Ислам елдеріндегі беделі мен сыртқы саудадағы қарым-қатынасы өсіп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауында «Азия векторын күшейту» туралы қадап айтқан болатын. Алайда содан бері үш ай уақыт өтсе де Ержан мырзаның бұл мәселеде жасаған қадамы байқалмайды. Сыртқы істер министрлігінің сайтында бұл жайында ешқандай ақпарат байқамадық.

Есенгүл Кәпқызы