САЗ ӨНЕРІНІҢ САРАСЫ

САЗ ӨНЕРІНІҢ САРАСЫ

САЗ ӨНЕРІНІҢ САРАСЫ
ашық дереккөзі

2004 жылы АҚШ-тың «Әлемнің әйгілі әйелдері» атты сертификатына тұңғыш рет ие болған қазақ қыздарының бірі музыкатану ғылымының докторы, профессор Сара Әділгерейқызы Күзембаева. А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиевтермен қызметтес болған Сара Әділгерейқызы ғылымдағы қазақ қыздарының тектілігін танытып келеді.

Қазақ музыкатану саласында Сара Әділгерейқызы тұңғыш рет музыка театрының тарихын, ұлттық музыка тарихы мен теориясын жүйелі түрде зерттеп келе жатқан ғалым. Қазақ опера театрының қалыптасуы туралы тұңғыш зерттеудің де басында Сара Әділгерейқызы тұрғанын атап айту керек. Сара Әділгерейқызының ғылыми еңбектерінің басты ерекшелігі – олардың теориялық негізі. Қазақ опера театрының қалыптасуын зерттеген ғалым бұл өнер саласының негізгі орындаушыларының да шығармашылық портреттерін жасады.

Сара Әділгерейқызы – Қазақстандағы сольфеджию оқулығының тұңғыш авторы. Бұл кітаптың ерекшелігі – әуеннің ырғағы, табиғи үні қазақтың ұлттық және кәсіби музыкасы негізінде қарастырылған. А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты теориялық зерттеуінде Көрнек өнері түрлерін беске бөліп, оның ішінен төртіншісі туралы былай дейді: «Төртінші – әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері. Бұл әуез өнері болады (Европаша – музыка)». Сара Әділгерейқызы осы ретте былай деп қосады:

«Ән – қазақ халқының музыкалық мұрасының ерекше бай дамыған жанры. Халықтың ұзақ уақыттық шығар­ма­шылық тәжірибесінің нәтижесінде орындаушылардың ақындығы мен шеберлігін толыстырған, қайталанбайтын біртума әуен сазы туады. Әнде халық даналығы, рух еркіндігі, мінездің кеңдігі мен мәрттігі, халықтық этиканың нәзік психологиясы мен ұлттық эстетиканың жарқын негіздері жатыр».

Сара Әділгерейқызының тікелей басқаруымен Тәуелсіздік кезеңінде сегіз томдық «Қазақ музыкасы. Антологиясы» (2004-2009) жарық көрді. Ғалымның зерттеулері ән салу, күй тарту өнерінің техникасын, орындалу тәртібін, кәсібилік сырларын теориялық тұрғыда танытуға арналған. Қазіргі орыс тілді өнертану мен музыкатану саласында Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының теориялық еңбектеріндегі қазақы қисындарды негізге алу тек қана Сара Әділгерейқызы зерттеулерінде орын алғанын ерекше атап өту қажет. Музыкатанушы ғалым қазақ музыка өнеріндегі табиғи көп дауыстылықтың үйлесімділігін тұңғыш рет сараптап, оның арғы бастауларының халықтың ауыз әдебиетінде бар екенін анықтап берді.

Зерттеушінің «Формирование гармонии в казахской музыке» атты зерттеуінде алғаш рет осы мәселелер нақты талдаулар негізінде дәлелденген.

С.Ә.Күзембаеваның зерттеулерінде сарын ең көне жанр ретінде қарастырып, үйлену, ғұрыптың, сал-серілер, өлеңші ақындар сарындары кәсіби талдаулар арқылы нақтыланған. Сарынның архитептік белгілері үйлену салты фольклорында кең көрініс тапқаны айғақталған. Ғұрыптық маңызды, негізгі бөлігі ретінде сарынның белгілері тақырыптылық, мазмұндық, жанрлық және функционалдық деңгейлерде сыңсу, қоштасу және жар-жар әндерінде сақталғаны дәлелденген.“Мәдени мұра” Мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 томнан тұратын “Қазақ музыкасы.

Антологиясының” жарыққа шығуы – халқымыздың көпғасырлық асыл қазынасын бүкіл дүниежүзіне паш етудің сара жолы. Томға енген еңбектер – өткен дәуірдің музыкалық ескерткіші ретінде халықтың қайталанбас рухани құдіреттілігін көрсететін, сонымен қатар көшпенді ел мәдениетінің әлемдік деңгейдегі көркемдік тұрғысынан хабардар ететін күрделі басылым. Бұл бұрын-соңды болмаған, ешбір теңдесі жоқ (аналог) Антология – күрделі және іргелі жұмыс. Ол халқымыздың жиырма ғасырлық рухани мұрасының панорамасы болып, алғашқы түпнұсқа нота жазбаларынан бастап, музыка мәдениетінің қалыптасу, даму процесстерін кеңінен қамтыған. Қазақ фольклорының байырғы түрлерін қамтыған Антологияның I томы тарихи маңыздылығымен қатар, жалпы түркітілдес халықтардың көне мәдениетіне тән ортақ тамырларын байқататын қырларымен де құнды. Бірінші бөлімге бақсы сарындары, жай сарындар, ақындар сарындары мен отбасылық әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері (олардың ішіне арбау-байлау, жарапазан, бесік жыры, үйлену салтының әндері), әдет-ғұрып, мұң-шер әндері еніп, екінші бөлімнің негізін аңыз- күйлер құрайды. Домбыра мен қобыз күйлері қазіргі ойнау әдістемесіне сәйкес «ре-соль» бұрауына көшірілген.

Антологияның ІІ томы көне музыкалық фольклордың жалғасы ретінде қалыптасқан ғылыми концепцияны арқау етіп, қазақтың Орта ғасырдағы дәстүрлі мәдениетіне (еңбек әндері, лирикалық әндер мен күйлер, жұмбақ, өсиет өлеңдер, діни мақамдар, тарихи әндер мен күйлер, қоңыр әндер, эпос музыкасы, жыр, терме, толғау, айтыс мақамдары, әдет-ғұрып күйлері, ақындар айтыстарының әуендері мен жыр-күйлер, арнау күйлер және халық күйлері) арналған. Барлық томдар сияқты бұл кітап екі тарау мен 331 нұсқадан тұрады. Олар – 156 ән және 75 күй. Бірінші бөлімге еңбек әндері, лирикалық әндер, толғау, терме, жұмбақ өлеңдер, діни мақамдар, тарихи және қоңыр әндер, өсиет, эпос музыкасы енген. Екінші бөлім домбыраға арналған әдет-ғұрып күйлері, лирикалық, тарихи, арнау, тартыс күйлер мен қобызда ойналатын эпикалық күйлерден құрастырылған.

III томда алғашқы авторлық музыка (XVIII ғасырдың ІІ-жартысы XIX ғасырдың І-жартысы) үлгілері қамтылған. Аталған заманда нота жазуының болмағандығы белгілі. Соның әсерінен көптеген айрықша саз үлгілері ауызша түрде жетіп, олардың жазылу уақытын, авторларын анықтау қиындық туғызғаны анық. Бұл томда халық арасына кең тараған әндер мен күйлер сұрыпталған. Орта ғасырдағы дәстүрлі мәдениеттің (II том) жалғасы ретінде III томға халық әндері мен күйлері яғни әйгілі «Япурай», «Ай сәулем-ай», «Ахау, құрбым», «Әриайдай», «Әттеген-ай», т.б. халық әндерімен қатар, домбыраға арналған ән-күйлер, жоқтау-күйлер құлақ, бұрау, науайы күйлерімен қатар қобыз, шертер, сыбызғы аспаптарында орындалатын шығармалар да осы кітапта кеңінен орын алған. «Алғашқы авторлық музыка» атты Антологияның ІІІ-ші томына қазақ халқының сол кезеңдегі ірі тұлғалары яғни Қабан жырау, Нияз сері, Артықбай, Қобылан, Махамбет, Түркеш, Қожеке, Абыл, Мүсірәлі, Әкібас, Боғда, Байжұма, т.б. туындылары енген.

Антологияның III-томына ХVIII ғасырдың ІІ-жартысы XIX ғасырдың І-жартысындағы болашақ ұрпақтарға жеткен қазақтың саз өкілдерінің шығармалары енген. Аталған шығармаларға ғылыми сипаттама беріліп, осы авторлардың әндерін орындаушылар мен нотаға түсірушілер жайлы деректер де кеңінен келтірілген.

Сонымен қатар, осы басылымға айтыс өнері жанр ретінде алғаш рет еніп, оның дамуы мен жетілуі әрі қарай IV, V томда анық көрсетілген. Кітапта айтыс әуенін, қара өлең, өтірік өлең айтыстарының нұсқалары берілген. Сондай-ақ томда халқымыздың дарынды өкілдерінің шығармаларымен қатар, әр туындыға ғылыми сипаттама жазылып, тұңғыш авторлардың әндерін бізге жеткізушілер мен нотаға түсірушілер жайлы ғылыми маңызды деректер де кеңінен берілген. Музыкалық материалдар А.В.Затаевичтің белгілі екі («1000 ән» мен «500 ән-күй») жинағынан басқа әйгілі мамандардың жеке мұрағатынан құнды жазбалар, т.б. да көптеген еңбектерден деректер алынған. Сонымен қатар алғаш рет Б.Г.Ерзаковичтің қолжазбасы да жарияланған.Антологияның IV, V томдары ХІХ ға­сыр­дың екінші жартысында ұлттық музыка мәдениетінің биік шыңына жеткен туындыларға арналған. Атап айтқанда, Біржан сал, Ақан сері, Абай, Дәурен сал, Сүйінбай, Балуан Шолақ, Мұхит, Адайдың жеті қайқысы, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Тіленді, Байсерке сынды сол кезеңдегі Қазақстанның әртүрлі аймақтарының – Арқа, Жетісу, Батыс Қазақстан т.б. – ірі тұлғаларының әндері мен күйлері кірген.

Ақындар айтысы мен айтыс-күйлер де томға арқау болған. Айтыс жанр ретінде ІІІ-томға алғаш рет еніп, оның дамуы мен жетілуі әрі қарай осы томдарда анық көрсетілген. Бұл кітапта Жамбылдың және Сүйінбайдың айтыс­тары берілген. Жамбыл айтысқа жас кезінен-ақ араласқан, сондықтан кіріп отырған үлгілер көркемдік жағынан ХІХ ғасырда пайда болған биік туындылар болып табылатыны нақты мағлұматтармен негізделген.

Қазақ музыка мәдениетінде ежелден келе жатқан айтыс-күйлердің осы кезеңге жататын озық үлгілері ретінде «Үш ананың айтысы», «Қыз бен жігіт айтысы» және «Өскенбай мен Құлбайдың айтысы» да орын алады.

Бірінші бөлімге кәсіби халық композиторларының әндері, терме-желдірмелері, жыр мақамдары, екінші бөлімге сол кезең сазгерлерінің домбыраға арналған төкпе, шертпе күйлері, осы заманның көрнекті өкілдерінің бірі – Ықыластың қобызға арналған шығармалары, белгілі сыбызғышы Сармалайдың туындылары, үшінші бөлімге ақындар айтысы, айтыс-күйлер енгізілген.

Сегіз томдық «Қазақ музыкасы. Антологиясы» қазір республикадағы іргелі өнер ұжымдарының, халық аспаптар факультеттері мен бөлімдеріне арналған оқу бағдарламаларына кеңінен енгізілген оқу құралы болып саналады.

«Қазақ музыкасы. Антологиясының» VІ-томы көне музыкалық фольклордың, орта ғасырдағы дәстүрлі мәдениеттің, одан кейінгі дәуірдегі алғашқы авторлық музыканың қазақ өнерінің «алтын кезеңі» болып саналатын ХІХ ғасырда дамып, кемелденген ауызша кәсіби халық сазгерлерінің табиғи жалғастығы болып табылады.

Бұл кезекті жинақта екі жүз жылдың тоғысуындағы «алты қырдың астынан ән салып», «қолқанатым домбыра» деп, өнерлерін өмірлеріне серік еткен, ел аузында аттары аңызға айналған «сегіз қырлы» саз саңлақтарының өкілдері мен жаңа замандағы ізбасарларының шығармашылығы қамтылған.

«ХХ ғасырдың Ұлы Отан Соғысына дейінгі қазақ музыкасы (40-жылдарға дейін)» аталатын Антологияның ән тарауында жыр алыбы Жамбыл, оның шәкірті Кененнің, ақын И.Байзақов, Қ.Жапсарбаев, Е.Беркімбайұлы, Н.Бекежанов, Ш.Қошқарбайұлы, С.Сейфуллин, А.Құдайбердиевтің музыкалық мұрасы мен рухани асыл қазынамызды бүгінге жеткізген әйгілі әншілер М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Д.Рақышев, Қ.Бабақов, Ж.Кәрменов секілді өнерпаздардың туындылары, ән жанрында сан тарау құрайтын терме-толғаулар, жыр-мақамдар, ақындар айтысы секілді вокалды-аспаптық түрлерге орын берілген.

Екінші тарауда бір-біріне ұқсамай, өзіндік өрнектерімен қалыптасқан төкпе және шертпе дәстүрлерінің өз ішінде әралуан айтулы күйшілердің дарын-қуатымен әлденеше сала құрап, алуан түрлі үлгі танытып, өркен жайған арналары, атап айтқанда шертпе күйдің шеберлері Сембек, Аққыз, Досжан, Ахметжан, төкпе күй мектебінен дарынды Дина, Сейтек, Мұрат, Оқап, Кәуен, т.б. сынды өнерпаздар мұрасы алынды. Сонымен қатар Сүгір, Рақыш, Сыбанқұл, Жалдыбай сынды тұлғалардың, домбырадағы ән-күйлер, жоқтау-күйлер, құлақ-күйлер, бұрау-күйлер секілді үлгілері, Әбікей Тоқтамысұлының, Қазыбек Әбенұлының қобыз аспабына, Әлеш, Макар Сұлтаналиевтің, Құмақай Шамғынұлының сыбызғыға арналған шығармалары да енген.

«Қазақ музыкасы. Антологиясының» «ХХ ғасырдың 40-70 жж. қазақ музыкасы» аталған VІІ-томы көне музыкалық фольклор мен орта ғасырдағы дәстүрлі мәдениеттің (I-II-томдар), одан кейінгі дәуірдегі алғашқы авторлық музыканың (XVIII ғасырдың ІІ-жартысы – XIX ғасырдың І-жартысы) (III-том), қазақ өнерінің «алтын кезеңі» болып саналатын ХІХ ғасырда дамып, кемелденген ауызша кәсіби халық сазгерлерінің әндері (IV-том) мен күйлерінің (V-том), «ХХ ғасырдың ҰОС-на дейінгі қазақ музыкасы (40-жылдарға дейін)» деп аталатын VІ-томның кезекті дәуірлік жалғасы болып табылады. Бұл томда өткен ғасырдың 1930 жылдары қалыптаса бастаған қазақ кәсіби жазба музыка мәдениетінің ірі өкілдері шығармалары, өнер тарихындағы тың жанрлары, ауызекі дамыған дәстүрлі өнерпаздардың соңғы өкілдерінің туындылары жүктелген.

Бұл кәсібилік іргелі зерттеулердің қазіргі ғылымға қосқан үлесі әрине ерекше. Аталған антологияның негізгі концепциясын жасап, оның іске асуына Сара Әділгерейқызының тікелей атсалысқанының куәсі болдық. Сонымен қатар Сара Әділгерейқызының 2012 жылы жарық көрген «Қазақ опералары» атты зерттеуінде тұңғыш рет қазақтың 50 операсы талдауға алынған. Осы 50 кәсіби талдау ұлттық опера мектебінің жетістіктері мен кемшіліктерін де айқындап тұрғаны осы ретте айғақталған.

Ә.Бөкейхан былай деген: «Ән, өлең, күй – ең сезімді үн, бұл үнмен адам мехнатын, рахатын, ғайратын, шафқатын, сүйіспеншілігін билейтін, қайғы-қасіретін Құдайға тапсырады, жеткізеді». «Ән, өлең, күй – аспандағы періште тілі, бұрынғы жерде болған Пайғамбарлар тілі: ән, өлең, күй – Алланы тануға себепкер».

Осы саланы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 50 жыл зерттеп келе жатқан Сара Әділгерейқызы тек кәсіби мамандар дайындаумен шектелмей, өзінің маңайына әділдік пен аналық мейірімін жайып келе жатқан әріптесіміз. Кезінде академик А.Жұбанов басқарған музыка өнері бөлімін Тәуелсіз кезде меңгеру профессор С.Ә.Күзембаеваға бұйырған екен. Ғалым өзінің ел мойындаған кәсібилігін дәлелдеп қана қоймай, сауатты шәкірттер тәрбиелеп келе жатқан ұстаз.

Қазақ саз өнерінің Сарасы алда талай толымды еңбектерімен ұлтымызды асқақтата беретініне күмән жоқ.

Айгүл IСIМАҚОВА,

филология ғылымының докторы