ЖАТҚА ҚАШАНҒЫ ЖАЛТАҚТАЙМЫЗ?

ЖАТҚА ҚАШАНҒЫ ЖАЛТАҚТАЙМЫЗ?

ЖАТҚА ҚАШАНҒЫ ЖАЛТАҚТАЙМЫЗ?
ашық дереккөзі

Астана – Отанымыздың жүрегi. Елордамыздың әрбiр табысы мен қуанышын отаншыл перзент ретiнде жүрегiмiздiң сүзгiсiнен өткiзiп отырамыз. Таяуда «Жүрегiм менiң — Астана» атты киноальманахтың жарыққа шығып, көрерменнiң көзайымына айналғанына да айрықша қуандық. Бұл киноальманахты ресейлік режиссерлер Егор Михалков-Кончаловский мен Алексей Голубев қазақстандық кинематографистермен бірге түсірген екен.

Картина «Сағаттар» (реж. Алексей Голубев), «Дарина» (реж. Джулия Гани), «Онлайн» (реж. Айдар Баталов пен Алексей Голубев), «Тосын сый» (реж. Эля Гильман), «Нарғыз» (реж. Рашид Сүлейменов), «Бека» (реж. Егор Михалков-Кончаловский), «Легионер» (реж. Рүстем Әбдірашев), «Квест» (реж. Жасұлан Пошанов), «Әке өсиеті» (реж. Фархад Шәріпов), «Жүрек» (реж. Сергей Дебижев) атты он новелладан тұрады.

Махаббат пен достық баяны, өткен мен болашақтағы оқиғалар тізбесі Астана қаласында өрбиді. Мазмұны мен мәні жағынан саналуан новеллалар бір қала – елордамыздың тіршілігі хақында сөз етеді… Фильмді жасауға Қазақстан, Ресей, Грузия, Беларусь, тіпті АҚШ-тың актерлерi мен режиссерлерi, операторлары мен музыканттары атсалысыпты. Бұған да қуануға тырыстық…Әйткенмен, көңілімізді бір түйткіл мазалады…

Сондағы түйіткіл: сонда өз елімізде болмыс-бітімі таза қазақи, ұлтшыл һәм рухшыл талантты қазақ жігіттері болмағаны ма?

Мұхтар Шахановты «саясатшыл болып кетті» деп кінәлаймыз, Олжас Сүлейменовті «қазақилығы кемшін, жаттілді» деп кемсітеміз, Қабдеш Жұмаділовті «тілі қыршаңқы, мінезі де қисық-қыңыр» деп кеудеден итереміз. Әбіш Кекілбаевты «форматы» тым орасан, пейілі де тым кең», – деп күстәналаймыз, Мұхтар Мағауинді «шекара асып кетуге» мәжбүрлеп, мүләйімси қаламыз. Тағы да талайларды «көре алмаймыз». Сонда ешкім қалмады ма?..

Мырзатай Жолдасбеков – ғалым…

Иран-Ғайып – адуын…

Жүрсін Ерман – айтыс…

…Шынымен, ешкімнің реті келмейтін тәрізді. Қалай ғана 9 миллионнан асып-жығылатын қазақтың қабілетті баласы таусылып қалды?!.

Мүмкін еместей…

Е-е, міне, таптым…

Ешкімнен ештеңе сұрамайтын, дөкейге ділмәрсіп құламайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, жақсыны даттамайтын турашыл досым бірде: «Бір киносценарий үшін 150 мың АҚШ долларын Мәскеудің жалаңаяқ жөйттерінің артынан қуып жүріп төлейтін біздің мәдениет саласының мәдениетсіз шенеуніктері менің толағай талантты, алтын басты, ғазиз жүректі асыл ағам, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мүйізі қарағайдай жалғыз ғана сахна сыншысы Әшағама (Әшірбек Сығай) данышпан хәкім жайлы шығармасы үшін 5 мың АҚШ долларын төлемекші болыпты…» – деп, қатты ызаға булығып еді…

Рас қой, «қолда барда алтынның қадірін білу» сірә, қазақтың пешенесіне жазылмаған-ау…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА