СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮССЕ…

Талай тағдыр тауқыметiн бастан кешкен кешегi көшпелi қазақтың құндылықтары жойылуға шақ қалып едi. Алайда Алланың әдiлдiгi болар, Тәуелсiздiк туы желбiреген сәтте жұртымыздың жоғалта жаздаған салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы қайта жанданды. Қазақ халқы Құдайсыз қауымның құрсауында болғанымен, жүректе жасырынып келген сенiм бүгiнде беки түстi. Мешiттегi бiрдi-екiлi қариялардың қатары жастармен толықты. Иманды ұрпақ қалыптаса бастады. Өкiнiшке қарай, елiмiзде мұсылмандардың арасында бүлiк тудырып, бауырларды бiр-бiрiне қарсы қоюды көздейтiн кейбiр келiмсек дiни ағымдар да аз емес. Қарым-қатынасқа сызат түсiруде. Досты дұшпан, дұшпанды дос етiп көрсетуге тырысып бағуда.

Қасиетті Құранымыз бен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір болғанымен, келімсек діндердің кесірінен түрлі мәселелердің белең алып жатқаны мәлім. Оның үстіне оны-мұны мәселелерден діни астар іздеп, мұсылмандарға күйе жағу үрдісі пайда болды. Лаңкестікті Исламға телу дұрыс па? Бөліну мен бүліктің соңы не болмақ? Осындай сауалдарды елімізге белгілі исламтанушы ғалымдарға, дін қайраткерлеріне қойған едік. Әуелі Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасының төра­ғасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлімен пікір алмастық.

АЛАУЫЗДЫҚ АБЫРОЙ ӘПЕРМЕЙДІ

– Бір Алланың арқасында Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жеттік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халыққа асыл дініміз – Исламды салт-санамызбен үйлестіре отырып насихаттап келеді, – деп бастады сөзін Дінбасы. – Атап айтқанда, 2011 жылы ҚМДБ Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында «Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні» атты ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізді. Игі бастама Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында жалғасын тапты. 1991 жылы елімізде бар-жоғы 68-ақ мешіт болатын. Оның кейбірінде мұнарасы болса, күмбезі жоқ, күмбезі болса, мұнарасы жоқ еді. Ол кезде қазіргідей үлкен мешіт тұрғызуға қаржы қолбайлау болды. Ал қазір ше? Бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша 2500 мешіт тіркеліп, халыққа қызмет етуде. Біз мұндай белеске бірліктің, ынтымақтың, тұ­рақ­­­тылықтың арқасында қол жеткіздік. Президентіміздің баста­ма­сымен елімізде дәстүрлі дін көш­бас­шыларының съезі жүйелі түрде өтіп ке­леді. 20 жылдың ішінде ірі қалалар мен облыс орталықтарынан тамаша мешіттер салынды. Елбасының қолдауымен Алматы қаласында «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті ашылды. Оқу орны Египет Араб және Қазақстан Рес­пуб­ли­калары үкіметтерінің арасындағы халықаралық келісім-шарт негізінде құрылды. Бұл – Қазақстандағы жоғары білімді имамдар, исламтанушылар, дінтанушылар, аудармашылар даяр­лайтын оқу орны. Бұл – студенттерді өзімізде дайындаудан туған идея еді. Өз елінде беделі жоқ оқу орындарына біз өз жастарымызды неге жіберуіміз керек? Ертең ол қандай маман болып келеді? Шетелде оқып, сол елдің дәстүрін сіңіріп, әдет-ғұрыптарымызға қайшы пікір айтып жүрген жас мамандар да аз емес. Оларды біздің елге нендей мақсатпен, қандай сенімге дайындап жіберетінін қайдан білеміз? Қазақ халқы сан ғасырлардан бері сүнниттік жолдың ішіндегі Ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Алла тағала қазақтың кең пейіліне қарай жер байлығын да беріп қойды. Хадисте айтылғандай, Жаратушы Иеміз әркімге өз ниетіне қарай береді. Ынтымағымызды одан әрі жетілдіре түссек, еңсесі биік елдердің қатарына қосыламыз. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер», – дейді. Қазақтың «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақалы да бар. Мешітке келген адамның ұлтын сұрамаймыз. Ислам – адамгершілікке негізделген дін. Мұсылман өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбейді.

ДІНІМІЗДІ БІЛІММЕН ТАНИЫҚ

Қазақстан қажылары қауым­дас­ты­ғының төрағасы Еркін Дуанаевтың пі­кірінше, иманға бет бұрам деген адам үшін қазір ешқандай кедергі, қиындық жоқ.

– Кім сіз бен бізге Құран оқыма деп, қолымыздан қағып жатыр? Кім бізге пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен сабақ алып, соған сай өмір сүрме деп, шектеу қойып жатыр? – дейді Е.Дуанаев. – Осындай бейбіт заманда неге жақсылыққа, ізгілікке ұмтылмаймыз? Алланың әміріне бойұсынып, Оны жанымыздан артық жақсы көруімізге не кедергі? Абай атамыз: «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – деп айтқан. Алла адам баласын махаббатпен, мейіріммен жаратқан соң, біз неге бір-бірімізге мейірімді, қамқор болмаймыз? Ислам бес парызбен ғана шектелмейді. Мұсылманның 24 сағаты Алланың разылығына арналуы тиіс. Шүкіршілік ету, білім алу, үлкенге ізет, кішіге құрмет бәрі – Исламға тән. Алла өз пендесіне қиындық қаламайды. Шариғаттың әмірі сіз бен біздің екі дүниеде де бақытқа жетуімізге жетелейді. Ислам тек жақсылыққа жеткізеді. Оған үрке қарау, одан кемшілік іздеу дұрыс емес. Ислам ынтымақтастығы ұйымының зерттеуінше, әлем мұсылмандарының 46 пайызы сауатсыз екен. Алла бізге білім мен білік бергеннен кейін осы игілікті неге пайдаланбаймыз деген ой еріксіз оралады.

ӨЗАРА ТҮСІНІСТІК ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

ҚМДБ-ның аппарат басшысы Балғабек Мырзаев «Исламның қоғамдағы қарым-қатынасты реттеудегі рөлі қандай?» деген сауалымызға төмендегідей жауап қатты: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер, тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рахым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту қажет. Адам түзелмей заман түзелмек емес. Өкiнiшке қарай, әлемдік қауымдастық арасындағы қа­рым-қатынастың тұрақты емес­тi­гiн, керiсiнше одан сайын ушыға түс­кенiн амалсыз мойындауға тура келедi. Қасиетті Құранда: «(Өзге дін өкілдерінің ішіндегі) сендермен соғыспағандарға, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, олар туралы әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы көретіні дау­сыз» («Мумтахина» сүресі, 8-аят), – делінген. Расында, бүкіл діндердің негізінде сенім мен сүйіспеншілік, мейірім мен махаббат бар. Діндер арасында татулық болмай, әлемде бейбіт өмірдің тұрақталмайтыны да анық. Дінді дұрыс түсінбеу немесе өзге дінді біржақты білу де қақтығысқа апарып соғатын факторлардың бірі. Дұшпандықтың білместіктен туындайтыны сияқты, келісім – білуден, білу – танудан, тану – өзара әңгімеден бастау алады».

ИСЛАМДЫ ЛАҢКЕСТІККЕ ТЕЛУ – ТАРИХИ ҚАТЕЛІК

Дінтану ғылымдарының докторы Алау Әділбаевтың айтуынша, Ислам – бейбітшілік пен қауіпсіздік діні. Оның ойынша, Исламға лаңкестікті телу – тарихи қателік әрі оған жасалған ең үлкен қиянат. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят) – деген аят бар. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жіберілу мақсатын айқындап берген аят. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өз кезегінде рахымдылықтың керемет үлгісін түбітті жібекке айналдырған шебер секілді көрсетіп кетті және мұсылмандарды мейірімділік пен рахым­дылыққа шақырды. Ол бір хадисінде: «Жердегілерге рахымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рахымдылық жасайды» – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) бұл хадисінде «адамдар», «мұсылмандар», «салиқалылар» деп бөлмеген. Олай болса, мейірімділік пен рахымшылық бүкіл жаратылысты толық қамтиды. Жер бетіндегілерге мейірімділік жасау Шексіз Рахым Иесінің разылығына бөлейді. Ислам құқығында мұсылмандарға кейбір артықшылықтар берілсе де, жалпы құқық пен бостандық тұрғысынан алғанда ала қойды бөле қырқатындай алалаушылық болмаған. Осы тұрғыда пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен әділ халифалар кезеңінде және кейінгі мұсылман басшыларының өмірінен де олардың қарақылды қақ жаратын әділдіктің туын биікте желбіретіп өткендігіне куә бола аламыз. Мысалы халифа Омардың тұсында әділдігімен танылған Әбу Үбәйда ибн Жәррах Сирияға әкім болып тұрған кезінде оның мейірімділігін тек мұсылмандар ғана емес, христиандар да көрді. Сондықтан да христиандар оған адал қызмет етіп, дұшпандық пиғылдарды оған алдын-ала білдіріп отырған. Тіпті Рим императоры Ираклий Сирияны өзіне қаратпақ болғанда христиандар: «О, Жаратқан! Мұсылмандармен бірге бізді қанқұйлы Гераклийдің жауыздығынан құтқара гөр!» деп мұсылмандар үшін дұға жасаған болатын.

«Жалпы лаңкестіктің ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның лаңкес болуы, әсте мүмкін емес. Ислам дінінің лаңкестік, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Соған қарамастан батыстық бұқаралық ақпарат құралдары Исламды лаңкестікпен байланыстыруға құмартып тұрады. Мұндай лаң әкелетін лас әрекеттерді жасап жатқан тек мұсылмандар ғана ма? Мысалы Токиода метрода улы газ шашып, қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум сенрике» сектасының жасағандарын ешкім «Будда лаңкестігі» деп атаған жоқ. 2000-2004 жылдар арасында Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ оны ешкім сол елдің дінімен байланыстырған жоқ. Түсік жасату емханаларын жарып жіберген христиандардың немесе Изак Рабинді және «әл-Хиләл» мешітінде жұма намазын оқып жатқан мұсылмандарды өлтірген Др. Браус Голдстейн тәрізді иаһудей фундаменталистерінің жасағандарын да ешкім сол діндермен байланыстырған жоқ. Ислам діні бойынша «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең» («Маида» сүресі, 32-аят), – дейді исламтанушы Алау Әділбаев.

ИСЛАМНЫҢ АТЫН ЖАМЫЛҒАН АҒЫМДАР

ҚМДБ діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековпен сөйлескенімізде, бізге біраз мәселенің бетін ашып берді. Дін маманы Исламды жақсы қырынан танытудың орнына қатігездік пен дөрекілік жасау арқылы дінге орны толмас залалын тигізіп жатқан Ислам атын жамылған кейбір ағымдардың іс-әрекеттерін ашына жеткізді. Олар Исламның отбасы құру мәселесін айтуға ұят жағдайға жеткізді. Асыл дініміздің көп әйел алу кеңшілігін дұрыс пайымдамай, үйлену мен ажырасуды нәпсі қалауларына сәйкес жасап, діннен хабары аз жұртшылықты Исламға үрке қарайтын жағдайға әкелді. Олар тіпті қалыптасқан дәстүрді белден басып, дөрекі қылық көрсетуде. Ғалымдар деңгейіндегі діни мәселелерді қарапайым мұсылмандар шешетін мәселе секілді үлкен дауға айналдыруда. Сонымен қатар намаз оқымаған жағдайда, мейлі ата-ана, ағайын-туыс болсын «мұсылман» емес деп, қарым қатынасты үзуде.

ТҮЙІН

Сенімге сызат түсіру, мұсылмандар арасында қайшы көзқарас тудыру – «бөліп ал да, билей бер» саясатының әдісі. Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметін бір-біріне үрке қарайтындай жағдайға жеткізу әлдекімдер үшін тиімді. Бірлігі бекем елге біреу әмірін жүргізе алмайтынына көне тарих куә. Ендеше, елдің еңсесін биіктетіп, абыройын асқақтату үшін ең керегі – бірлік. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана сөздің хикметі де осында жатса керек. Сенім, құлшылық мәселесінде айтыс пен тартысқа түскен жамағаттың алды – жар. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген тәмсілді тағы қайталауға тура келіп отыр.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының баспасөз хатшысы

Back to top button