ТҮЙТКIЛДI ТҮЙIНДЕР

ТҮЙТКIЛДI ТҮЙIНДЕР

ТҮЙТКIЛДI ТҮЙIНДЕР
ашық дереккөзі

Осыдан үш жыл бұрын Павлодардан биотехнология зауытының ашылу салтанатын «Хабар» телеарнасынан көріп, қуанғаннан қалпағымызды аспанға атып едік. Зауыт неше алуан өнім шығарады, тіптен бидайдан жанар-жағар май да жасайды екен дегенді естігенде таңданғаннан таңдайымызды қаққанымыз да рас. Бәрінен де бірнеше жүздеген адамға берілетін жұмыс орнын айтсайшы. Сол зауыттың бүгінде бар-жоғын жұрт біле алмай дал болып отыр. Өйткені зауыт шығарған өнім көзге көрінбейді.

***Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «…Жалпы, былтырғы жаңа оқу жылынан бастап жоғары санаттағы мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілік санатына қарап, қызметтік жалақысынан 100 пайыз қосымша ақы алады»,– дейді. («Алаш айнасы» 29 ақпан, 1912 жыл).

Министрдің сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын қайдам. Мұ­ғалімдер соңғы екі айдағы жалақысының неге кеміп кеткенін біле алмай дал.

***Осы біздің Үкімет қызық. Зейнетақы мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеретін болса үш ай бұрын жарияға жар салатын әдеті. Сол күннен бастап, алақандарын ысқылап отырған саудагерлер базар бағасын көтеріп жібереді. Үкімет алдын ала жарияламай-ақ жалақыға сол уақытында қоса берсе болар еді ғой. Сонда кім ұтып, кім ұтылды?

***Естіген құлақта жазық жоқ. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының институттарындағы соңғы бір жаңалықты естіп, жа­ға­мызды ұстадық. Ол қандай жаңалық дей­сіз ғой. Үстіміздегі жылдан бас­тап Үкімет институттардың қыз­мет­керлеріне атқарған ғылыми жұ­мыс­тарына байланысты есептерін Астанаға орыс тілінде жіберулерін тапсырған. Сонда Үкіметте қазақ тілін түсінетін жан болмағаны ма деген ой келеді. Әлде мемлекеттік тілді менсінбегендері ме?

***Біздің қазақтардың кейбірі «Дәніккеннен құныққан жаман» деп мәтелдетіп жүр.

Дұрысы «Ашыққаннан құныққан жаман» ғой. Неге? Құнығу дәнігуден басталады емес пе. Біле білгенге бүгінгі жемқорлықтың негізі сол дәнігу мен құнығуда жатыр. Ал ашықса да құнығуға бой алдырмау адалдыққа тәрбиелеу болып табылады.

***Ел ішінде сөз көп. «Судьялардың жалақысын 5 мың теңге жасадың не, 500 мың теңге жасадың не, бәрібір судьялық бір орынға жиырмасы таласады». Жұрт не демейді, жәй айтыла салған сөз ғой дей салуға болар еді. Бірақ дейміз-ау, бармақ басты, көз қыстымен істі болып жатқан судьялар қаншама. Соларға қарап, осы жұрт бекер айтпайды-ау деген ойға қалады екенсің.

***Жуырда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов халыққа есеп берді. Сөзіне қарағанда көп жұмыс атқарған секілді. Ал Төлебаев көшесін қиып өтетін Тілендиев көшесі мен Сайран көлі аралығындағы жолды қар еріп, жаңбыр жауса көл-көсір су басып жатқаны. Жолаушы көліктерге жайсыздық тудырып, әбігерге салуда. Жалпы, су басқан көшелер қалада көбеймесе, кемімей тұр. Бұл келеңсіз көрініс тек биыл ғана емес, ұзын ырғасы жиырма жылдан бері жалғасуда. Соған қарағанда әкім бұл көшелермен жүрмейтін секілді.

***«Қазақфильм» жыл сайын он, он бес кинофильм шығарады екен. Бірақ қала кинотеатрларында көрермендерге тұрақты көрсетіле бермейді. Анда-санда бірлі-жарымы көрсетіле қалса, әрі десе бір аптадан соң экраннан алынып тасталады. Неге дейміз ғой? Бір-ақ жауап, кинофильмдер жұрт талғамынан шықпаған. Осы жұрт неге «Қыз Жібекті», «Менің атым Қожаны», «Тақиялы періштені» телеэкраннан қайта-қайта көруден жалықпайды? Бар гәп режиссерларда.

***Кеңес өкіметі кезінде Ал­ма­тының автобустарында жүргіншілердің 90 пайызы еу­ро­палық, 10 пайызы азияттық нәсілділерден болатын. Қазір керісінше. 90 пайызы жергілікті ұлт өкілдері де қалған 10 пайызы еуропалық нәсілдерден. Ал кәріс ұлтының өкілдерін мүлдем кездестірмейсіз. Оларды тек қымбат бағалы шетел көліктерінен көресіз. Некрасовтың «Кому жить в Руссию хорошо?» деген кітабын жазуға осындай жайлар себепші болған-ау деген ой келді.

***Осыдан екі жыл бұрын қысқы Азия ойындарына арнап, Астанадан «Сарыарқа» велотрегі салынған еді. Оның құрылысына бюджеттен 20 миллиард теңге жұмсалыпты. Енді міне сырт пішіні көз тартатын сол спорт сарайының жалпайған шатыры жарылып, ішіне еріген қар суы ағып жатқан көрінеді. Велотректің айналма жолына, құрал жабдықтарына зақым келген. Бұған кімді кінәлаймыз? Құрылысын жүргізген компанияны ма, жоқ әлде қабылдап алған мемлекеттік комиссияны ма?

Көлбай Адырбекұлы