ЖАҢА ГЕРМАНИЯ ЖАТЖҰРТТЫҚТАРДЫ ШЕКТЕМЕК

ЖАҢА ГЕРМАНИЯ ЖАТЖҰРТТЫҚТАРДЫ ШЕКТЕМЕК

ЖАҢА ГЕРМАНИЯ ЖАТЖҰРТТЫҚТАРДЫ ШЕКТЕМЕК
ашық дереккөзі

Нұрахмет ҚУАТ

Германия тұрмысы төмен мигранттарға берiлетiн жәрдемақыны тоқтатады. Бұл немiстер елiне толассыз ағылған жатжұрттықтар санын шектеуге сеп болмақ.

Германия үкіметі немістер жеріне Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерден келген иммигранттарды кедейлікке қатысты берілетін жәрдемақыдан қағуды көздеп отыр. ГФР еңбек министрлігі тарапынан берілген бірқатар нұсқауларға сілтеме жасаған Frankfurter Rundschau басылымы әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың ай сайын алатын қаражатын неміс үкіметінің дағдарысқа байланыс­ты қысқартқанын айтады. Мәселен Еуропаның оңтүстік бөлігінде кеңінен етек жайған жұмыссыздықтың салдарынан Еуроодаққа мүше елдердің еңбек миг­ранттары Германияға толассыз ағылуда. Елдегі әлеуметтік және экономикалық ахуалды тұрақтандыру және Германия азаматтарының мигранттарға деген жеккөрушілік сезімінен туындайтын наразылықты бәсеңдету мақсатында Германия еңбек министрлігі мигранттарға бөлінетін жәрдемақыларды тоқтату арқылы қол жеткізуді көздейді. Мысалы Грекия, Португалия, Испания мен ЕО құрамындағы басқа да елдерден келетін мигранттар енді кедейшілікке байланыс­ты берілетін жәрдемақыны алмайды.

Бұған дейін Германия 1953 жылы қабылданған еуропалық келісімге сәйкес әрекет еткен болатын. Аталған құжатта Еуропалық Одақтың 17 мемлекетінен келген еңбек мигранттарына кедейшілікке қатысты жәрдемақы берілетін. Үкіметтің бұл қадамын неміс оппозициясы сынға алды. Бундестаг депутаты Эльке Фернер ханым Еуроодақтың басқа елдерінен Германияға келе сала, кедейшілікке қатысты жәрдемақы сұрап, өтініш айтатын мигранттар жоқтың қасы көрінеді: «Ал аталған құжат үкіметтің мигранттарға деген көзқарасы 1953 жылға дейін болған жаңсақ саясат пен теріс ұстанымға бастайды».

Бүгінде Жер шарындағы көптеген елдердің тұрғындары мигранттарды онша ұнатпайды. Олар елдеріндегі миграция деңгейі шектен шығып кетті деген сенімде. Былтыр әлемдегі 23 елдің азаматтары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде еуропалықтардың басым бөлігі сырттан келетіндерге қарсы екендігі белгілі болған. Мигранттар мәселесінде Германия, Түркия, Ресей, АҚШ пен Оңтүстік Африка халқы жағымсыз пікір айтқан. Әсіресе Еуропалық Одақ құрамындағы бірқатар ауқатты елде еңбек мигранттарына деген жеккөрушілік сезімі басым. Сауалнама қорытындысында испандықтар, итальяндықтар мен британдықтардың 64 пайызынан астамы елдеріндегі мигранттар саны тым көп деген. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі «иммигранттар елдегі жұмыс күшін арзандатты әрі бәсекелестікті күшейтті, осының салдарынан жергілікті тұрғындарға жұмыс табу қиындай түсті» деген. Оның үстіне, толассыз ағылған мигранттар денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерге күш түсіруде. Бұл аталған салалардың қызмет сапасын төмендетуге ықпал еткен. Мәселен Болгария мен Румыния сияқты кедей елдерде өмір сүріп келгендер Еуропалық Одақтың шекарасы кеңіп, аталған екі ел Одаққа мүше болысымен, бақытты өмірді аңсап, Германия сияқты бақуатты елдерге бет алды. Қазір сығандар ЕО азаматы ретінде қалаған елде балаларына білім беруге құқылы.

Еуропалық Комиссия тарапынан берілген мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда иммигранттар саны 150 млн.-нан 214 млн. адамға өскен. Бұл кәрі құрлықтағы демография мәселесіне де ықпал етуде. Мәселен 2010 жылы Еуроодақтағы 27 елде 5,4 млн. сәби дүниеге келген. Бала туу деңгейі әсіресе Ұлыбритания, Ирландия, Франция, Кипр мен Швецияда жоғары. Жуырда ғана ағылшындар Британияда кейінгі кездері мигранттар отбасында балалар көптеп туы­лып жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.

Бірақ кейінгі кездері әлемдік эко­номикалық дағдарыс мигранттар санын едәуір шектеген көрінеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының хабарлауынша, 2009 жылы Франциядағы миграция деңгейі 7 пайызға қысқарса, Германияда – 13 пайыз, Испанияда – 18 пайыз, Италияда 25 пайызға азайған. Бірақ экономикалық және әлеуметтік ахуал түзелген бойда кәрі құрлыққа қарай ағылатын мигранттар санында қайта шек болмасы анық.