Жаңалықтар

ЖАСТАР БIР ЖАСҚА «ҚАРТАЙДЫ»

ашық дереккөзі

ЖАСТАР БIР ЖАСҚА «ҚАРТАЙДЫ»

Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын дүбiрлетiп атап өттiк. Бiр белес артта қалды. Бiр буын ұрпақ өсiп жетiлдi. Азамат болды.

ОЛАР кiмдер?

Тәуелсiздiктiң жылдарында өсiп-жетiлген, тоқсаныншы жылдардың экономикалық қиыншылығын көрген, «ағалы мен жағалының» ғана тасы өрге домалайтынын бесiктен белi шықпай жатып түсiнген, «өз күнiңдi өзiң көр» деген емеурiндi ынты-шынтысымен түйсiнген, екi мыңыншы жылдардың ас та төк тойларынан дәм татқан, қабырғасы қайыспай нан табудың жолдарын жақсы бiлген, «күштiнiң арты диiрмен тартатынын» ерте бастан сезiнген, бiлiмiн емес, дипломын бұлдаған бүгiнгi ұрпақ КIМ?

Әрiп танудан бұрын компьютердiң тiлiн үйренген, ана тiлiн емес, жатжұрттықтардың тiлiн меңгерген, кiтап парақтағанды емес, теледидардың тетiгiн бұрағанды тәуiр көретiн, бүкiләлемдiк ғаламторды күндiз-түнi шарлап, ойша «саяхат» жасайтын, бiр-бiрiмен ауызша емес, «агентпен» сөйлесетiн жас ұрпақ КIМ?

Бұл ұрпақтың әлеуметтік-психологиялық портреті әлі жасала жатар. Біздікі – сол кезде «кеш қалыппыз ғой» деп қол сілтемеудің амалы. Сондықтан да жастар саясаты, дұрысы – жас ұрпақ тәрбиесі жайлы ой айтып, қоғамға қозғау салуға тырысып жүрген жайымыз бар. Газетіміздің бетінде бұл тақырыпта талай мақала жазылды да.

Бүгінгі әңгіменің төркіні – ҚР Пар­ла­мен­ті­нің жаңадан шақырылған Мәжіліс депутаттары қарайтын алғашқы заң жобаларының бірі – «ҚР мемлекеттік жастар саясаты мә­се­лелері бойынша кейбір заң актілеріне өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы.

Қазіргі таңда 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар «жас» делініп есептелсе, енді 30-дағылар да «жастар категориясына» жататын болды.

Жастар бір жасқа «қартайды».

Білім және ғылым вице-министрі Махметәлі Сарыбаевтың айтуынша, бұл заң жобасы жастарға әлеуметтік қолдау көрсету түрлерін нақтылауға арналған.

Бүгінге дейін студенттерді жатақханамен қамту мәселесінің қиындығы баспасөз беттерінде, оның ішінде «Түркістан» газетінде қайта-қайта жазылғаны белгілі. Енді студенттерден сүйінші сұрасақ та болатын шығар. Жаңа заң жобасы бойынша мемлекет әрбір студентті оқу мерзімі кезінде жатақханамен қамтамасыз етуді өз міндетіне алмақ.

Студенттерге жағдай жасаумен қатар, олардың рухани-эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне жіті назар аудару керек сияқты. Қазір республиканың аумағында жастар арасында, оның ішінде білімді жастар саналатын студенттер қатарында қылмыстық әрекеттердің қылаң беруі жиілеп кетті.

Жер-жерден келіп түсіп жатқан суыт хабар­лар көбейді.

Алматыда наурыз айында спорт коллед­жі­нің 3 студент қызы суық қару қолдану арқылы қарақшылық жасап жүрген жерінде қолға түскен.

Қостанай қаласында жергілікті оқу ор­ны­ның 3 студенті мектеп оқушыларын тонаған. Олар бұдан басқа да бірқатар ұрлық-қарлық жасады деген айыппен қамауға алынған.

Бұдан басқа алматылық арнайы орта кол­лед­ждің 2 студенті қатарластарын бірнеше мәрте тонаған деген күдікпен ұсталған.

Астанада екі жасөспірім пышақпен қоқан-лоққы жасап, бір пәтерді үптеп кеткен.

Елордада астаналық жоғарғы оқу орнының екі студент қызы жергілікті таксилерді тонайтын топтың мүшелері екені анықталған.

Павлодарда жергілікті колледждің студент қыздары курстас қызды ұрып-соғып, өлімші халге жеткізген.

Ал былтыр Алматыда болған екі кол­ледждің студент қыздарының арасындағы болған төбелестің лаңы әлі басылған жоқ.

Мұндай хабарларды одан әрі тізе беруге болады…

Бұл қылмыстардың құқық қорғау ор­ган­да­рының назарына ілігіп, ресми тіркелгендері екенін есте ұстау керек. Ал тіркелмеген, ашылмаған қылмыстық істер қаншама?

Бір кездері студент атанған жастар көзі ашық, көкірегі ояу, рухани кемелдікке ұм­тылған, болашағынан үлкен үміт күт­ті­ре­тін тұлға ретінде бейнеленуші еді. Ал жо­ғарыдағы құқық қорғау органдарының есебін тыңдасаңыз, республиканың «көзі ашық» дейтін студенттік ортаға әлдебір қылмыстық психологияның індеті тарағандай сезіледі.

Балаға жақсы білім беру атағы дардай оқу орнының дипломын алып берумен ғана шектелсе, жағдай бұдан әрі де өрши бермек. «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген сөзді (әл-Фараби) бүгінгі ата-ана есте ұстай ма?

…Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқыланған Заң жобасы аясында жастарды қолдау үшін түрлі жобаларға мемлекет есебінен қаржы бөлінетінi айтылды. «Жастар практикасы» жобасына – 3 200 000 мың теңге, «Дилпоммен ауылға» жобасына – 1 041 809 мың теңге, блім беру гранттарын беруге – 50 996 198 мың теңге, грант иелеріне стипендия беру үшін – 24 335 331 мың теңге, жастар саясатын жүргізу мен азаматтарды патриоттық рухта тәбиелеуге – 1 159 366 мың теңге, Жастар денсаулық сақтау орталықтарына – 15 500 мың теңге бөлінеді.

Мұның бәрі – жастар саясатын жүргізудің қамы.

Саясат – ақша бөліп, жоба жасау емес, қоғамда жастар тәрбиесі тұрғысында дұрыс бағыт жүргізу еді ғой…

Гүлбиғаш Омарова