Жаңалықтар

ҚАЗАҚТАР МЕН МАЖАРЛАР — ТАМЫРЛАС ХАЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТАР МЕН МАЖАРЛАР — ТАМЫРЛАС ХАЛЫҚ

Мажарлар мен қазақтар арасында тарихи және рухани жақындық бар. Көзге көрiнбесе де, iштей сезiлетiн осынау рухани жылулық, жақындық екi ұлттың жатырқамай емiн-еркiн араласуына сеп. Венгрияның Қазақстандағы Бас консулы Силард Телеки мырзамен өткiзген бүгiнгi әңгiмеде саяси, экономикалық, мәдени байланыстармен бiрге тарихи жақындық мәселесi де сөз болды.

– Телеки мырза, әңгімемізді Қазақстан мен Венгрия арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастан бастасақ?

– Сірә, екі ел халқы үшін маңызды мәселе, үстіміздегі жылдың мамырында Венгрия премьер-министрінің Қазақстанға келетін ресми іссапары шығар. Бұл сапар Астана қаласындағы үкіметаралық отырыспен тұспа-тұс келеді. Сонымен қатар венгриялық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылады. «Түркістан» газеті арқылы оқыр­мандар арасында қызығушылық танытылса немесе іскерлік байланыс орнатуды қаласа, бизнес-форумға келіп ақпарат алмасуға шақырамын. Екі ел арасындағы сау­да айналымына келсек, халқының саны 10 млн. адамға тең Венгрия 2011 жылы әлемге 111, 12 млрд. доллар көлемінде тауар экспорттады. Қазақстандық үлес – 88 млрд. доллар. Ал венгрлік нарыққа Қазақстан негізінен көмірсутегі шикізатын экспорттайды. Біздің елге келген импорт көлемі 38 млрд. доллардан асады. Тасымалданатын тауарлар – ұялы телефондар ($58,7 млн.), дәрі-дәрмек ($36 млн.), гигиеналық бағыттағы қағаздан жасалған өнімдер ($12,1 млн.) көкөніс консервілері ($4,8 млн.) т.б. Венгрия мен Қазақстан арасындағы сауда балансы 2011 жылы 89,7 млн. долларға тең болды. – Бүгінде Қазақстанда Вен­грияның қанша компаниясы жұмыс істеуде?

– Егер ірі кәсіпорындарға тоқ­талсақ, үш компанияны айта аламын. Біріншісі, «Қазмұнайгазбен» бірге қазақстандық кен орнынан газ өндірумен айналысып жатқан MOL GROUP компаниясы. Тағы Гедеон Рихтер және EGIS фармацевтикалық кәсіпорындары Қазақстандағы жұ­мыстарын кеңестік дәуірден бері жалғастырып келеді. Бұлар КСРО тарқаса да Венгрияға кері қайтпай, керісінше үздіксіз дамып отырған. Газ бен дәрі-дәрмек өндірісінен басқа венгрлік кәсіпкерлердің қазақстандық әріптестеріне ауылшаруашылық технологияларына қатысты тиімді ұсыныстары бар. Тиімді болатын себебі, бидай не жүгеріні қалай өсіруден бастап, оны ұзақ мерзім бойы қалай сақтаудың жолдарын көрсету, өсірген дәнді-дақылдан дайын өнім өндіруді үйрету, яғни кластерлік жүйенің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік бар. Мамыр айында Астанада өткізілетін мемлекеттік деңгейдегі шараларда Венгрия тарапынан ұсынылатын бірқатар жобаларымыз бар. Бүгінде КСРО кезіндегі Токийлік шараптың дәмі таңдайынан әлі кетпегендер бар. Сонымен қатар жоғары сапалы басқа шараптарды да венгрлік шарап өндірушілер серіктестеріне ұсынады. Біз мұндай шараны жыл сайын ұйымдастырамыз. Биылғы жаңалық, келетін қонақтарға Венгриядағы туризм саласының жетістіктері жайлы мағлұмат беруді көздеп отырмыз. Мысалы қысы-жазы суы жылы қалпынан танбайтын Хевиз көлі жайлы кеңінен әңгімелемекпіз.

– Мәдени бағыттағы байланыстарда қандай шаралар атқарылуда?

– Наурыз айының соңында венгрлік романтикалық комедияларды ұсынатын Кинофестивалі өтеді. Мұндай фестиваль былтыр да ұйымдастырылған. Венгрия­лықтардың фильмін қазақ­стандық көрермендер жылы қарсы алды. Меніңше, қазақтар мен венгрлердің рухани жан-дүниесі үйлесетіндіктен әрі тарихи түп-тамыры бір бол­ғандықтан, көп мәселелерде ортақ пікірге келеді. Екі ұлттың да арғы тегі – көшпенділер, ата-бабаларымыз салқар даланың төсінде еркін өмір сүрген. Мәдени бағыттағы тағы бір маңызды шара, 2010 жылы Будапештте Жер шарының түкпір-түкпірінен келген 100 мыңнан астам адам қатысқан Түркітілдес халықтардың ІІІ Құрылтайы өткізілді. Бұл да түбі бір түркі халықтарымен қатар қазақтар мен венгрлердің арасын жақындастыруға сеп болары анық. Құрылтайдың ұйымдастырушысы – Венгриядағы «Тұран» қоғамдық қорының жетекшісі Анрош Биро. Мамандығы генетик Биро мырзаның ғалымдығы өз алдына, оның түбі бір ұлттарды жақындастыруға қосып жүрген үлесі зор. Сондай-ақ, жазға салым Алматыда венгриялық джаз тобының концертін өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Сіздің еліңізде отан­дас­тарыңыз Қазақстан туралы жақ­сы біле ме?

– Біледі, бірақ аз. Негізінен қазақтар мен венгрлердің генетикалық тұрғыда жақын екендігінен хабардар. Кейінгі кездері бабалар тарихын терең білгісі келетіндер қатары өсіп келеді. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтап қалудың жолдарын қарастыратындар да жиі кездеседі. Мәселен түпкі тегіміз көшпенділерден қанымызға сіңген мергендік өнерін шыңдайтын тәсіл – аттың үстінде келе жатып садақ ату. Түркітектес халықтардың Құрылтайында қатысушылар бұ­рынғы ұлттық киімдерді киіп, киіз үйлер тікті. Былай қарасаңыз, қа­зақтардың, венгрлердің немесе басқа түркі халықтарының тіккен киіз үйлері сәл айырмашылықтары болмаса, бәрі бірдей. Бұл да біздің тарихымыз бен түбіміздің ұқсастығының белгісі болса керек.

– Қазақстанға келгелі үш жыл­дың жүзі болыпты. Қазақстан халқы туралы пікіріңіз қандай?

– Екі ел халқының менталитеті ұқсас. Қазақ пен венгр – ауыз­ды­ғымен алысқан аттың үстінде күн кешкен көшпенділердің бүгінгі ұр­пағы. Будапешттегі орталық алаңда кезінде Карпат бөктерін бағындырып, венгр тайпаларын сол маңдарға орналастырған арғы аталарымыздың ескерткіштері тұр. Орталық Еуропаның қақ жүрегіне орналасқан Венгрия мемлекетінің 1000 жылдық тарихы бар. Соңғы жылдары халық арасында бабалар мен балалар сабақтастығын, рухани жақындықты жаңғыртуды қалайтындар саны артып келеді. Бір кездері көпшілік үшін жабық тақырып болған тарихты терең зерттеуге деген құлшыныс бар. Бұл Қазақстанға да қатысты. Оның үстіне, Қазақстанда венгрлерді жақсы біледі. Танысқан бойда «А, мадьярлар ғой» дейді. Бұл да өте жағымды нәрсе. Осы тұрғыдан алғанда, екіжақты жылы қатынастарды одан ары дамыта беруге мүмкіндік бар.

– Консул мырза, жұмыс­тарыңызға табыс тілейміз! Әңгі­меңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ