«ҚАЗАҚСТАН – ИНДОНЕЗИЯ» ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ

«ҚАЗАҚСТАН – ИНДОНЕЗИЯ» ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ

«ҚАЗАҚСТАН – ИНДОНЕЗИЯ» ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ
ашық дереккөзі

>«Бірлік бар жерде – тірлік бар» екенін қазақ бекерге айтпаса керек. Әлем экономикасын шайқалтқан дағдарыс дауылына да тек бірігу, өзара жәрдемдесу арқылы ғана қарсы тұруға болады. Қазақ елінің бұған дейін дағдарыстан белі бүгілмей шығуы және экономикасының жү­рісінен жаңылмай алға жылжуы әлемнің маңдайалды мемлекеттерінің қызығушылығын арттыруда. Бұған наурыз айының 10-ы күні Астана қаласында «Қазақстан-Индонезия» іскерлік кеңесінің құрылып, ресми ашылуы, екі ел арасында сындарлы қатынас, алыс-беріс пен барыс-келіс алғышарттарының жасалынуы дәлел. Қазақстандағы Индонезия елшілігі қоластынан ашылып, құрамына екі мемлекеттің бірқатар министрліктері мен кәсіпкерлік қауымдастықтарының өкілдері енген аталмыш іскерлік кеңес жұмысын бастап та кетті.

Елорданың «Дипломат» қонақ үйінде өткен іс-шараға Индонезия Республикасы сыртқы істер вице-министрі Суп­рапто Мартосетомо, «Қазақстан-Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы Серік Қарымсақов, тағы да басқа екі елдің өкілдері қатысты.

Қазақстан үшін Индонезия мемлекеті үлкен нарық әрі тиімді серіктес болып табылады. Бірақ жағрапиялық жағдайға, яғни аталмыш елдің бізден қашығырақ жатуына орай, екі ел арасында тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатылмаған болатын. Бүгінде Индонезия экономикасы жедел дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарына кіреді. Деректерге сүйенсек, осы жылы Индонезия дүниежүзі бойынша ең жоғары дамыған 12 мемлекеттің қатарына енеді екен. Сонымен қатар, бұл елде халық саны 240 миллион адамды құрайды. Тұрғындары жөнінен әлемде төртінші орындағы елде түрлі тауар өнімдеріне сұраныстың да жоғары болатыны айғақ. Қазіргі күні Қазақстан Индонезияға тек бидайды ғана экспорттайды. Дегенмен Индонезияның жетекші компаниялары Қазақстанның мұнайы мен мақтасына да қызығушылық танытуда. Ал Индонезия тарапы Қазақстанға негізінен азық-түлік өнімдерін шығарып келеді.

Жуық арада мұнай-газ, өңдеу және туристік салаларда біріккен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Аталмыш кеңес төрағасы Серік Қарымсақовтың айтуынша, туристік сала бойынша екі ел арасында 2 меморандумға қол қойылып үлгерген. Әлемдік туризм орталықтарының бірі болып саналатын Индонезияның осы саладағы компанияларында едәуір тәжірибе бар екені белгілі. Осы іс-шараға қатысқан индонезиялық қонақпен тілдескенімізде, ол Каспий теңізі жағалауларында Ин­донезияның туризм бағыты сәтті дамып жатқан жерлеріне ұқсайтын тартымды орындардың бар екенін жасырмай айтты. Жалпы, туризм саласына ерекше көңіл бөлініп отырған себебі, соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстаннан аталмыш елге баратын саяхатшылар саны 100 есе өскен көрінеді.

Келесі жылы Джакартада Индоне­зиядағы Қазақстанның елшілігі ашылмақ. Сондай-ақ, жуық арада Елбасының Индонезияға ресми сапары жоспарлануда. Сонда екі ел арасындағы тауар айналымы мәселелері кеңінен сөз болады. Осы жоспарланған істердің бәрі де Қазақстан мен Индонезия арасындағы тығыз сауда қатынастарының бекуіне жол ашпақ, – деді өз сөзінде «Қазақстан-Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы С.Қарымсақов.

Индонезияның сыртқы істер вице-министрі Супрапто Мартосетомо Қазақ­станға үлкен инвестиция салу мүмкіндіктері бар екенін айтты. «Сіздердің елдеріңіздің тұрақты дамуы экономикалық ынтымақтастық орнатуға қызығушылық тудырады. Біз мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларында өзара байланыс орнатуға ынталымыз. Қазіргі күні индонезиялық «Партомино» мұнай компаниясы Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуға белсене кірісуде», – деді ол.

Жалпы, екі елдің экономикалық әлеуеті, өзара сауда қатынасы жағдайлары сөз болған жиын соңында Индонезия сыртқы істер вице-министрі С.Мартосетомо мен «Қазақстан-Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы С.Қарымсақов аталмыш кеңестің ашылуы лентасын қиды.Іскерлік кеңестің Бас хатшысы болып Серік Сатаев, ал құрметті төрағасы болып Қазақстандағы Индонезияның елшісі Ирван Идинг тағайындалды.

>

Е.Ерғалиұлы

Астана қаласы