ЖОЛДАУ ЖАҚСЫ IСТЕРГЕ ҰЛАСТЫ

ЖОЛДАУ ЖАҚСЫ IСТЕРГЕ ҰЛАСТЫ

ЖОЛДАУ ЖАҚСЫ IСТЕРГЕ ҰЛАСТЫ
ашық дереккөзі

Бүгiнде Қазақстан Президентiнiң биылғы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» тақырыбындағы халыққа Жолдауында көрсетiлген тапсырмалар мен нұсқаулардың орындалу барысын талқылау жұмысы қызу жалғастырылуда. Осы орайда, ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Қайрат Келiмбетов Павлодар мен Қарағанды облыстарындағы жергiлiктi атқарушы органдарының қызметкерлерiмен кездестi.

Қазақстан үшін экономикалық жетістіктер мен әлеуметтік ахуалды жақсарту арасындағы тепе теңдікті сақтау маңызды екендігін баса айтқан Елбасы Қазақстанның даму жолындағы міндеттердің 10 бағытына басымдық берді. Біріншісі, отандастарды жұмыспен қамту, екіншісі, қолжетімді баспана мәселесі. «Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасыны жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет. Оның ішінде, ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолын қарастыру керек», – деп мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі Үкімет түзуі тиіс «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында анық көрсетілуі керектігін айтты. Үшіншісі, өңірлерді дамыту мәселесі. Бұл орайда, әсіресе еліміздегі ірі өндіріс орындарын құру, зауыттарды барынша көптеп салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту. Н.Назарбаев келешегі зор қалалар тізіміндегі Алматы, Астана, Ақтөбе, Ақтау мен Шымкентті тілге тиек ете келіп, азаматтарды мемлекет есебінен қуатты өңірлерге қоныс аударту керектігіне баса назар аударды. Ал елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту үшін Үкімет арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Бұл орайда «ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы – өз алдына бөлек мәселе» екендігін ескерткен Н.Назарбаев Жаңаөзендегі жағдайды мысалға келтірді. Халыққа Жолдауында Президент ауылды жерлерде тер төгіп жүрген ағайынға тиесілі шағын несиелер жайын да сөз етті. Қалалық жерлерде нан тапқысы келетіндерді мемлекеттің қаржыландыруымен оқытып, жұмысқа тұрғызу қажет деді. Бағдарлама мерзімі аяқталатын 2020 жылға қарай 1,5 миллион адам әл-ауқатын жақсартуға қабілетті сапалы жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Жолдаудағы басымдық берілген төртінші бағыт, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру. Мұның еліміздегі жемқорлыққа қарсы әрекетті күшейтуде және азаматтардың мемлекеттік органдар қызметіне деген сенімін нығайтуда маңызы зор. Ол үшін Электронды үкіметтің белсенділігін жоғарылату қажет. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың талаптарына сай кәсіби білікті басқарушыларды дайындау, сот және құқық қорғау жүйесін модернизациялау, Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсімін қамтамасыз етуге де баса назар аударған Президент білім беру процесіне заманауи тәсілдер мен технологияны енгізуді ұсынды. Ал кәсіби-техникалық білім беру ошақтарының нәтижелі істерін еліміздегі барлық білім беру мекемелеріне таратуға тоқтала келе, мектептер мен жоғары оу орындарында еңбек ететін ұстаздарға қойылатын кәсіби біліктілікті арттыру талаптарын күшейту керектігін айтты. Ол үшін аймақтардың әрқайсысында кәсіби біліктілікті жетілдіру орталықтары ашылып, кәсібилікті бекітетін тәуелсіз жүйе құрылуы тиіс: «Мемлекет білім беру қызметін ұсынумен қатар олардың сапасын бағалай алмайды». Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру еліміздегі жемқорлыққа қарсы әрекетті күшейтуде және азаматтардың мемлекеттік органдар қызметіне деген сенімін нығайтуда маңызы зор. Ол үшін Электронды үкіметтің белсенділігін жоғарылату қажет. 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, оның ішінде лицензияның барлық түрі тек электронды нұсқада берілмек. 2013 жылдан бастап мемлекеттен берілетін барлық рұхсатнама құжаттары Электрондық үкімет арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алынуы керек. Бұл орайда халықтың жүйкесін жұқартып келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс сапасын көтеру мәселесі де өзекті екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені Орталықтарға автокөлік пен жүргізушілер куәлігін беру құқығы да табысталмақ. Сонымен қатар Жолдауда әртүрлі рұхсатнама құжаттарының санын қысқартуды қатаң тапсырды. Былтырға дейін Елбасының пәрменімен, бұл құжаттар саны 30 пайызға қысқартылған еді. Әрине, Электронды үкіметпен ортақ тіл табыса білу үшін халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру мәселесі жолға қойылары анық. Президент отандастарды ақпараттық технологияларды игеруде белсенді болуға шақырды.

Еліміздегі зейнетақы жүйесін жетілдіру, индустриалдық-инновациялық жобаларды іске асыру мен отандық ауыл шаруашылығын дамыту – басымдыққа ие 10 бағыттың ішінде. Осылардың барлығын жан-жақты талқыға салып, саралаған Қайрат Келімбетов: «Біздің алдымызда әлеуметтік саланы жаңғырту жəне халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, адами капиталдың бəсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Бұл үшін білім берудің, денсаулық сақтаудың, əлеуметтік қамтамасыз етудің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды əлеуметтік бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады», – деді. Вице-премьердің Кереку өңіріне ерекше көңіл аударуы тегін емес. Өйткені жоғарыда аталған екі облыс республикадағы индустриалдық және экономикалық тұрғыда айрықша дамыған аймақтар қатарында. Мысалы Қазақстанда өндірілетін көмірдің 70 пайызы, ферросплавтың 74 пайызы, электр қуатының 40 пайызы Павлодардың үлесінде. Бүгінде облыстың алдына қойған міндеттемелерінің ішінде 2015 жылға қарай экономикалық өсімді 7 пайызға дейін жеткізу тұр. Ендігі қолға алынған 65 инвестициялық жобаның ірі кәсіпорындарға негізделген 13-і Индустриалдық карта тізіміне енгізілген. Ал 53 инвестициялық жоба аймақтық Индус­трияландыру қартасына қатысты. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы Үкіметтің есебі бойынша, құрылыс барысында – 15 мыңнан астам, нысандар салынып біткеннен кейін 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпек. «Павлодар облысы «Кәсіпкерліктің жол картасы – 2012» бағдарламасын орындауда республика бойынша алда келеді. Бүгінде 30 млрд. теңгеден астам қаражатқа бағаланған 113 жоба жұмыс істеуде» деп мәлімдеген Қайрат Нематұлы облыстың өндірістік әлеуетін одан ары дамыта түсу керектігіне тоқталды.

Бүкіл әлемді әбігерге салған әлемдік экономикалық және қарыздық дағдарыстың ықпалы әлемдік экономикаға ауыр тиді. Жаһандық құбылыстарға төтеп беруде нақты жоспар керектігі белгілі. Бұл орайда да өз пікірін білдірген Келімбетов Павлодар облысының дағдарысқа қарсы күрес жоспарына көңілі толатындығын жеткізді. Н.Назарбаев басымдық берген бағыттардың арасында шағын қалалардың жағдайын жасау мәселесі де сөз болғаны белгілі. Облыстағы әдістемелік және экономикалық тұрғыда атқарылуы тиіс міндеттердің бірі – өндірістік инфрақұрылымның дамуын, оның ішінде, «Кәсіпкерліктің даму картасы» бағдарламасының шеңберінде қолдау. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қаржы министрлігімен ынтымақтастыққа шақырған вице-премьер шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауда мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлікті жүзеге асырудың мүмкіндіктерін ескеруді ұсынды: «Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» корпорациясы аймақтық дамудың кешенді жоспарын дайындауда. Шағын қалалардың дамуы әрине, мемлекеттің ғана емес, біздің қалаларымыздағы кәсіпорындардың да шаруасы екендігі даусыз. Әрі сол кәсіпорындарда олар орналасқан аймақтың тұрғындары жұмыс істейді». Бұл орайда Келімбетов Павлодар облысының әкіміне аймақтағы ENRC, Ақсу зауыты т.б. ірі кәсіпорындар «Қазақмыстан» үлгі алу керектігіне тоқталды. Мемлекеттік тұрғыда аймақтарды дамыту мақсатында биыл 14 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. Оның 1 млрд. теңгесі – Павлодар облысына, ал 6 млрд. теңге шағын қалаларға арналмақ. Оның ішінде Ақсуға – 180 млн. теңге, Екібастұзға – 538 млн. теңге. Шағын қалаларды дамытуға Қарағанды облысы да мүдделі. Өйткені еліміздегі шағын қалалардың басым бөлігі осы облыста орналасқан. Олардың қатарында Саран, Жезқазған, Балқаш, Сатпаев, Шахтинск, Қаражал, Абай мен Теміртау қалалары бар.

Қолжетімді баспана мәселесінде 3 жыл ішінде республика бойынша 1 млн. шаршы метр қосымша тұрғынүй салынады. Әлеуметтік инфрақұрылымдар жайлы сөз қозғаған Қ.Келімбетов павлодарлықтарға 11 балабақшаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту шеңберінде салуға кіріскен Қарағанды облысын үлгі етті. Үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін еліміздегі барлық жергілікті атқарушы билік Жолдаудағы нұсқауларды орындауға қатысты ұсыныстарын жолдауы тиіс. Азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламасына келсек, үстіміздегі жылы 2 млрд. жұмыс орны маман тапшылығы байқалған инженерлік инфрақұрылымда жүзеге асырылмақ. Министрлер кабинетінің Павлодар облысы үшін бөлетін қаржысы 800 млн. теңгеге жуық. Екі облыста ресми сапармен болған Қайрат Нематұлы кездесулерде жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік саясат, аймақтардың проблемалары т.б. маңызды мәселелерді қаузады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ