ҚЫЗЫЛОРДА АУЫЗ СУДАН ТАРЫҚПАЙДЫ

Жуырда Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен облыста «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша осы өңiрде атқарылып жатқан жұмыстарды сараптаған арнайы жиын өттi. Өткен жылы Елбасының бастамасымен «Ақбұлақ» бағдарламасының қабылданғаны белгiлi.

Жалпы, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарла­маның жұртшылық үшін маңыздылығы да жоғары. Үкімет қаулысымен бекітілген 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдар­ламасының негізгі мақсаты – сапалы ауыз суды тікелей тұтынушыға дейін жеткізу көзделген. Сондықтан да бұл жұмысты су жүйелеріне қажетті барлық техникалары бар коммуналдық кәсіпорынға беріп, сөйтіп, жобаларға жұмсалған қаржының тиімділігін арттыруды қарастырған абзал. Өткен жылы аталмыш бағ­дар­ламаның бастамасы ретінде оған барлық қаржы көздері арқылы 9 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық. Осы қаржыға тасымал және ашық су көздерінен қамтамасыз етіліп келген Арал ауданының сегіз және Қазалы ауданының бес елді мекенін Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, жеті елді мекенде, атап айтқанда, Жалағаш, Жосалы, Тасбөгет кенттері мен Белкөл қыстағы, Сырдария ауданындағы А.Тоқмағанбетов ауылы мен Қар­мақшы ауданындағы Ақжар және Ақтөбе ауылдарында барлығы 96 шақырым ішкі ауыз су құбырлары жүргізілді. Арал ауданына қарасты Ақбасты ауылына су тұшытқыш қондырғы орнатылды. Сонымен қатар Шиелі ауданындағы Жиделі топтық су құбыры тармақтарының және Қызылорда қаласының ауыз су және кәріз жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жалпы, бағдарламаның бірінші кезегін іске асыру мақсатында жобалау-сметалық құны 12,1 млрд. теңге болатын дайын 40 жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Су ресурстары комитетіне ұсынылды.

Сондай-ақ, өткен жылы Қызыл­орда қаласы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған Қызылжарма жер­асты су қорын зерттеу жұмыстары толығымен аяқталды. Мұнан бөлек, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне 2011-2013 жылдарға барлығы 65 елді мекеннің жерасты су қорын анықтау да ұсынылды. Өткен жылмен салыстырғанда, Қызылорда облысында орталықтандырылған ауыз суға қосылған елді мекендер саны 182-ге жетіпті.

Back to top button