Жаңалықтар

«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ.

ашық дереккөзі

«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ.

Тұрақты оқырман журналдың алғаш­қы бетінен-ақ биылғы беташар нөмірдің қалыбы бөлек, пішіні басқа екендігін бірден байқайды. Жаңарған елге сай жаңа басылым болмаққа ұмтылған журналдағы алғашқы мақала «Болашақ мек­тебіндегі бір күн» – «Smart Astana» жобасының жай-жапсарын түсіндіруге арналып отыр.

Журналдың басты жаңалығы – «А-клуб» жобасы. Жоба аясында етекбас­ты ескіліктен құтылып, жаңаша ойлауға үндейтін клуб мүшелері – өнер иелері Болат Мажағұлов пен Лейла Ахмет Османның, экономист Сұңғат Есімханның, ғалым Әбдіуақап Қараның сұхбат-пікірлері жарияланды.

Генетикалық зерттеулер арқылы анықталған Әбілқайыр ханның сүйегі, Хазірет Сұлтан мешітінің сәулет ерекшелігі, осы төңіректегі тағы басқа тақырыптарға «екі қарас – бір таласты» журнал ішіндегі журнал «ТаңдауKZ» блогынан оқи аласыздар.

«Қазақстанда дағдарыс жоқ, болса, ақыл-ес, ұят дағдарысы ғана..» . Дағдарыста да даңғазалығын қоймаған қоғам турасында Әсия Бағдәулетқызының «Қазақ тойы. Дағдарыс жоқ!» атты мақаласының айтар ойы осы.

«Хостелсіз Астана» мақаласында елор­дада шағын бюджетті қонақ үйлердің жоқтығы сөз болса, «Жеті нотаның жан­жалы» қазақ эстрадасындағы «жиен­дік­ке» етіміз өліп бара жатқанын сынға алады. Рахымжан Отарбаевтың «Аяқталмаған хикая» әңгімесі де боямасыз болмыстың қарапайым шындығын көркем суреттеуімен құнды.

Ал эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың «Айдың таса беті» деректі жобасы аясын­да, архивтік құжаттар негізінде жа­рияланған «Үзілген үзеңгі» мақала-зерт­теуінде Амангелді Имановтың құпия қазасы өзгеше қырынан зерттелген. Тоқсан жыл тұмшаланған шындықтың ашылуына жасалған алғашқы талпы­ныс іспетті дүние оқырманға тың дерек, тосын болжамдар ұсынады.

«Жәді­гер­­нама» айдары биыл мерейлі 100 жасқа толған жазушы Зейін Шашкиннің өмірхаяты мен соңында қалған мұрасына арналып отыр.

«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ. № 2. 2012 ЖЫЛ

«Smart Astana» жобасы туралы арнаулы блоктың алғашқы көтерген тақырыбы – қаланы тегіс қамтитын Wi-Fi Интернет желісі. «Таза қолдар» айдарымен «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дәулеткерей Рахматуллинмен сұхбат беріліп отыр.

Журналдың биылғы жаңалығы – креа­тивті, озық жандарды біріктіретін «А-клуб» жобасы аясында әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы, полиция подполковнигі Серік Нұрғалиев, ақын, режиссер Бақыт Қайырбеков, иммунолог-ғалым Кен Әлібек оқшау ойларын ортаға салған.

«Альтернатива KZ» атты журнал ішін­дегі журналда блогер Тимур Жансұл­танов «Астана адамзат тарихындағы құпия қоғам саналатын масондар қаласы ма?» деген сұраққа жауап іздейді. Ал биыл 100-ге келетін әйгілі ғалым Лев Гумилев­тің әбден саясаттың қолжаулығына айналып кеткен еңбектерінде «еуразиялық идея» айқын көріне ме? Ол жөнінде «Лев Ев­разийский?» мақаласында қаузалады.

«Маргиналдар немесе «төртінші жүз», қазақшадан жұрдай «Шалақазақ», қазақшаға судай «Тазақазақ» ….. Олардың ой-өресімен, өмір мақсатымен «На грани» айдарынан таныса аласыздар.

«Криобанк» мақаласының көтерген мәселесі – репродуктологиялық тех­но­ло­гиядағы ескерілмей жатқан елдік, ұлттық мүдде. Экрандағы елес өмірге неге елітеміз? Бұл – «Телесериал не судьба твоя…» мақаласы көтеріп отырған тақырып. Жазушы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековке өз ғұмырының ғажайып сәттері, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тұлғалары жайлы ақтарыла шерткен сыры «Курсив мой» рубрикасымен беріліп отыр.

Ж.Баққондыұлы