Жаңалықтар

ИВАНҒА ЖАЛЫНҒАН ЖАСТАР ТЕАТРЫ

ашық дереккөзі

ИВАНҒА ЖАЛЫНҒАН ЖАСТАР ТЕАТРЫ

«Карменнiң» аты әлемге әйгiлi. Бұл – Проспер Мерименiң шоқтығы биiк туындысы. ХIХ ғасырдың алғашқы ширегiнде дүниеге келген новелла Жорж Бизенiң операсының арқасында әлемге одан әрi кең танылды.

«Кармен» опера да болды, балетке де айналды. Ал драмалық көрініс ретінде қойылып отырғаны тұңғыш рет. Оның өзі Қазақстанда. Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театры Прос­пер Мерименің 1845 жылдары жазылған классикалық туындысын тұңғыш рет сахналап отыр. Проспер Мерименің «Карменіне» фантазия ретінде қойылған бұл спектакльді премьераға жиналған қауым «үлкен құбылыс» деп қабылдап жатты.

«Карменсита» қойылардан біраз уақыт бұрын біз спектакльдің дайындығын тамашалаған едік. Сол күні спектакльдің режиссері Талғат Теменовке де бірер сауал қоюдың сәті түсті.

– «Карменнің» алғашқы операсы сәтті болмағандықтан, Жорж Бизе соңында трагедиядан қайтыс болып кетеді. Әрине, арада екі жыл өткеннен кейін, «Кармен» Италия операсының сахнасында қойылғанда, әлем жұртшылығы үшін үлкен сенсация тудырды. Осы мен қатар Францияда, Англияда «Кармен» қойыла бастады. Бұл операның бірнеше нұсқасы бар. Операдан бөлек, «Карменнің» фильмге айналдырылған нұсқалары да бар. Бірақ біз «Карменнің» драмалық нұсқасын алғаш рет шығарып отырмыз. Өйткені бұл мәңгілік тақырып. Әрі бұл спектакль біздің театрымыздың тарихындағы ерекше құбылыс болады деп ойлаймын.

– «Карменді» қоюға дайындал­ғаныңызға қанша уақыт болды?

– Қыркүйектен бері пьеса қолымда. «Карменнің» пьесалық, драматургиялық нұсқасы өте жақсы, әрі сәтті деп білем.

– Балетмейстерді неге сырттан алып келдіңіз? Қазақстанда «Карменді» қоятын балетмейстр жоқ па?

– Кей нәрседе сырттан алып келуге тура келеді. Мәселен компьютерді жасамай-ақ, дайын нұсқасын сырттан әкеліп жатырмыз ғой. Сол сияқты, Иван Фадеевтей аты әлемге әйгілі балетмейстерді шақыру, оңай болған жоқ. Өйткені Иванды біз оңай көндіре алған жоқпыз. Оның келісімін алу үшін бірнеше адамдарды салдым. Тіпті, соңында жеке өзіне барып, сөйлесіп қайттым.

– Неге бірден келіспеді?

– Ол – жай балетмейстер емес, әлемдік сахналарда би қойып жүрген белгілі азамат. Айтып отырмын ғой, оны көндіру бізге оңайлыққа түскен жоқ. Бір ай бойы Иванды келісімге шақырумен болдым. Бүгінде Иван келгеніне өкінбейді деп ойлаймын.

– «Карменнің» жанры қалай болмақ?

– Жанр жағына келер болсақ, бұл қиындау болып тұр. Біз әуелде мюзикл жасаймыз ба деп ойлағанбыз. «Кармен» трагедия болғаннан кейін, мюзиклге келмейтін де сияқты. Әзірге Проспер Мерименің новелласына фантазия деп отырмыз.

Сонымен ақпан айының соңғы күндері тұсауын кескен «Карменсита» қазір Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың сахнасында жүріп жатыр. Спектакль туралы көрерменнің де пікірі екіұдай. Жастар жағы «Карменситаға» көңілдері толатынын айтады. Әсіресе, спектакльдегі би, музыка жастардың ойынан шыққан сияқты.

Бірақ. Кармен біздің қайғымыз ба? Біздің тағдырымыз ба? Қазақ шынайылықты, әсемдікті, сұлулықты сүйеді, екіжүзділікті емес. Әсем музыка мен испан биінің кереметі болар, залға жиналған көпшілік спектакльдің өн бойындағы ерекшелікті аса байқай қоймаған сияқты. Рас, «Кармен» классикалық дүние. Талайды тамсантқан, талайды таңдантқан «Карменнің» екі ғасырдан кейін қазақ сахнасының топырағында қайта қойылуы қаншалықты жаңалық болды? Қазақ көрермені «Карменнің» бойынан өз Карменін таба алды ма? Мәселе осында.

Бұған спектакльдің премьерасында болып, спектакльді тамашалаған зиялы қауым өкілдері не дейді? Біз бұл сауалды олардың өздеріне тастадық. Әуелі белгілі жазушы Софы Сматаевқа телефон шалдық.

– Софы аға, «Карменсита» қалай екен? Көңіліңізден шықты ма?

– Алаяқ, жезөкше әйел ғой. Ол жағынан Карменнің қазақ жастарына беретін тәрбиесі бар ма, өзің айтшы…

– Режиссер класикалық дүниені қайта әкелдім деп айтып еді…

– Классикалық дүниелермен жастарымызды қайда әкетіп бара жатырмыз?! Сахнада өзіңіз де көрген шығарсыз. Кармен анаған да бір жүгірді, мынаған да бір жүгірді. Біресе ананы сүйем дейді, біресе мынаны.

– Қойылымдық деңгейі туралы не айтар едіңіз?

– Спектакль ретінде өте жақсы. Қойы­лымы жоғары. Талғаттың спектакльді қоюдағы жақсы еңбегін мойындауымыз керек. Биі, музыкасы жақсы. Сахнаға өте керек нәрсе. Жастар «Карменді» біле бермеуі де мүмкін. Қазір кітап оқымайтын жастар көбейіп кетті ғой. Классикалық дүниені көрсетіп, дамытып отыру да қажет. Ал жастарға берер үлгісі жағынан келер болсақ, көңілге кішкене кірбің ұялатады. Тазалыққа, әдемілікке, шынайылыққа ұмтылдыруымыз керек емес пе, қазақ жастарын. Қанша жерден классикалық образ болғанымен, Карменнің бойында екіжүзділік, алаяқтық бар. Спектакль осы тұрғыдан келгенде, жақсы, бірақ, бұл тәрбиелік жағынан да үйлесімділік тауып жатса, қандай керемет болар еді.

«Карменситаның» қойылымдық жағы да, декорациясы да көңілінен шыққанын айтады белгілі жазушы Смағұл Елубай. Ол:

– Біріншіден, Проспер Мерименің «Кармені» классикалық дүние. Талғаттың айтуынша, бұл бұрын театр сахнасында сахналанбаған екен. Драмалық нұсқасы, яғни шығарма ретінде спектакльге айналдырылмаған. Би, музыка, драмалық сюжет қосылып, қазіргі жастарға махаббат жайлы трагедиялық дастан болып шыққан.

– Классикалық дүние десек те, «Кармен» мазмұндық жағынан бүгінгі жастарға қажет деп ойлайсыз ба?

– Классикалық дүниені бүгінгі күнге жақындатып, испан билерімен айшықтап отыр. Бұл спектакльде басты роль биге беріліп отыр. Қазақ топырағына «Карменді» алып келу қалай болар екен деп алғашында күмәнмен қарап едік. Махаббат дегеніміз адамзаттық құбылыс қой. Спектакль жас­тардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Мұны жастар театрының режиссерлік жақсы табысы деп қабылдағанымыз жөн. Классикалық дүниені қазақ топырағына алып келіпті. Осы тұрғыдан келгенде, Талғаттың бұл дүниесі көрерменін қуантты. Спектакльді ойнап жүрген актерлердің көбі өздеріне берілген рольдерін ойдағыдай ойнап шықты.

– Спектакльдің бүгінгі қазақ жастарына беретін тәрбиесі туралы не айтар едіңіз?

– Тәрбиелік жағынан алғанда, махаббатты, яғни тәңіри, құдайлық сезімді адалдық қана құтқарады. Ол жерде сатқындық араласса, түбі трагедияға алып баратындығы туралы философия жатыр спектакльдің бойында. Проспер Мерименің философиясы да сол. Мінеки, біздің осыны көзіміз көрді. Яғни жаңсақ қадам, ұлы махаббатпен ойнамау, ал ойнаса, онда тек қана трагедияға ұласады деген философия көрерменге жетті деп ойлаймын.

Залға жиналған көрермендердің бір парасы спектакльдің ұнағанын айтып, таңдайын қағып жатса, енді бір парасы көңілдерінен шықпағанын айтады. Сондай көрерменнің бірі – Бақытгүл Өстелбаева. Мамандығы – экономист.

– Маған спектакль мүлдем ұнаған жоқ. Карменді басқаша көрсету керек еді. Қаншама қыдырымпаз, екіжүзді, айлакер әйел болғанымен, оның бүкіл еркекті өзіне құмартатын қылығы болу керек еді. Ал біздің көрген Карменіміз өте дөрекі, қимылдары да ерсі. Оны көрген көрермен қызығады деп ойламаймын. Осы тұрғыдан келгенде, спектакльде кемшіліктер бар. Ал биі, музыкасы өте әдемі болғандықтан ғана, спектакльді соңына дейін тамашаладым.

Ал мұғалім Жанерке Жұманазардың спектакль туралы пікірі мүлдем басқа. Ол спектакль көрерменіне ой салғаны абзал дейді. «Соңғы кездері Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында шоуға бейімделген қойылымдар жиі орын алып жүр. «Карменсита» да осы қалыптан ажырай қойған жоқ. Әлбетте, жастар театры болған соң, еліктіру һәм қызықтыру мақсатында шоу-элементтерін қосқан да жөн. Алайда театр тәрбиелеуші, ой салушы орын. Қойылым соңында махаббаттың шарабына мас болған испан жігіті Хосенің сыған қызы үшін ауыр халде жатқан анасынан бас тартып, «бұйырса, бейітіне барармын» деуі де ешбір қисынға келмейді. Туған анадан бес минуттық ләззат сыйлаған махаббаттың артық болғанын да театр сахнасынан көрдік. Бұл кейінгі толқынға қандай ой салады?» – дейді Жанерке.

Түйiн.«Карменсита» туралы айтылар пiкiрлер өте көп. «Кармен» бiздiң қайғымыз емес, өзгенiң қайғысын, өзгенiң тағдырын қазаққа таңудың қажетi қанша?» деген ойлар да айтылып жатты. «Кармен» – қазақ сахнасындағы ерекше құбылыс болды ма, жоқ па, көзi қарақты көрермен өздерi таразылай жатар. Әзiрге, спектакль көрерменiне жол тартты. Оның қаншалықты ғұмырлы боларын алдағы уақыттың еншiсiне қалдырдық.

Гүлзина Бектасова