Жаңалықтар

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

ашық дереккөзі

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

БІЗДІҢ Шиеліде ең құрметті адам Мәкең, – деп бастады әңгімесін Сабыр Жолдыбаев. Мол денелі, ашық-жарқын жігіт. Облыстық «Жетісу» газетінде бірге жұмыс істеп жүргенімізге бір жылдай болған. Әңгіменің майын тамызып айтады. Ол: – Мәкең деп отырғаным – Мәсімбай Дәубасович. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі. Бітімі де өзгеше. Кескен томардай жуан, шомбал қара кісі. Оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Аудандағы басына қалпақ, қолына пәпкі ұстаған кадрлардың бәрі осы кісі арқылы әр мекеменің төрінде отыр. Басшылық қызметке тұратындар да, одан әрі өскісі келетіндер де әуелі осы біздің Мәкеңе келіп сәлем береді. Мәкең оң батасын берсе, талабы жанды дей беріңіз. Қысқасы, аудандағы кадрлардың бәрі тек Мәкең арқылы шешіледі.

Ауданда он бір орта мектеп, он бес сегіз жылдық орталау мектеп бар. Мәкең жылына екі рет қырық күндік «өтпіскіге» шығады. Сол еңбек демалыстарына шығар алдында орта мектеп мұғалімдері – бір мың, орталау мектеп – бес жүз сом міндетті салықтарын әкеп, қалтасына салатынын былайғы жұрт білсе де білмеген сыңай танытатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлімбек Сақтағановичтің сеніміне кіріп, оң қолы болу оңай ма. Бармақ басты, көз қысты әрекеттері бір болған соң, бірін-бірі ыммен түсінеді.Үйіндегі үлде мен бүлдеге бөленген етжеңді сылқым жеңгей екеуі Қырымдағы шипажайға жүрер алдында Сәлімбек Сақтағановичті қонаққа шақырып, әлгі салығымен бөлісіп, сый-сияпатын жасап, шығарып салатынын жақсы білеміз. Бар гәп олардың сол тонның ішкі бауындай сыйластығында жатыр. Мәкең аупартком бюросында Сақтағано­вич­тің оң жағында иық түйістіріп отырады. Содан кейін екінші хатшы. Ал сол жағында ауаткомның төрағасы Сәлкен Шорабекович. Бұл көптен қалыптасқан тәртіп. Әгарәкім Мәкең бір шұғыл шаруалармен бюроға қатыса алмаса, оның орнына отыруға ешкімнің қақысы жоқ. Тіптен екінші хатшының да. Аудандық оқу бөлімінің кеңсесі мен аудандық газет бір жайдан орын тепкен. Ұзын жайдың оң жақ қапталында оқу бөлімі, сол жақ қапталында біздің редакция. Мен газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісімін. Таңертең сағат тоғызға бес минут қалғанда редактор Асылбек Оралбекович кабинетінен шығып, сыртқы есіктен кірер беттегі дәлізге барып тұрады. Сол сәтте редакцияның төрт бөлімінің меңгерушілері мен тілшілері де дәлізге шығамыз. Мұнда да қалыптасқан тәртіп бар. Дәліздің бас жағында редактор, ал оған қарама қарсы бетте орынбасары Салық Сартаевич тұрады. Редактордың жанында мен, ал орынбасардың жанында жауапты хатшы Талапбек Қосбасаров. Бізден кейін тілшілер тең бөлініп қатар түзейді. Сағат дәл тоғызда есік алдына су жаңа «УАЗ-69» көлігі келіп тоқтайды. Кабинасынан жұмаланып Мәсімбай Дәубасович түсіп, кердеңдей басып бері қарай жүреді. Іле жүргізушісі Ерсін оның жуан пәпкісін құшақтай соңынан құлдыраңдап келе жатқаны. Сыртқы есік айқара ашылып, ішке Мәкең енгеннен-ақ редактор: «Мәке, есен-саумысыз?» деп қос қолын соза алға ұмтылады. Қарсы беттен орынбасары да қос қолын созып: «Мәке, аман-есенбісіз?» деп асты-үстіне түсіп, бәйек болып жатқаны. Ал Мәкең ешқайсымызға мойын бұрмайды. Тек қос қолын бүгіп, алақандарын екі жағына иықтарына дейін көтере ұстап, тіке жүре береді. Біз жапа-тармағай ентелеп, жамырай амандасып, оның жұп-жұмсақ алақандарын ұстап қалуға тырысамыз. Кейде ол бiздiң біріміз шаруасына қажет бола қалсақ, ұсынған қолымызды сәл ұстап, көз қиығын тас­тап қана: «Маған кіріп кет»,– дейді. Соның өзіне мәртебеміз көтеріліп, артынан томпаңдай жөнелеміз. Ол кабинетіне кірген кезде ғана редактор өз кабинетіне қарай беттейді. Біз де өз бөлімдерімізге барып жайғасамыз. Бірде мынандай жәй болды. Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келген бойжеткен қыз орта мектептерге барып, өз пәні бойынша жұмыс іздейді. Директорлар мәселенің тек Мәкең шешетінін айтып, сол кісіге бағыттап жіберген. Мәкең әлгі бойжеткеннің дипломын қарап, тұла бойына көзін жүгіртеді. «Шырағым, келісті келген қыз екенсің. Жұмыс мәселесін шешуге болады… егер сен ағаңның көңілін тапсаң»,– деп үлкен столының астыңғы жағындағы тетікті басқан. Есіктің арғы жағынан қоңырау шылдыр етіп, ішке ауызғы қабылдау бөлмесінде отырған бөкселі әйел сылаң қағып, кіріп келеді. Мәкең: «Мені сұрайтындар болса, райкомға кетті дерсің», – дейді. Сыралғы әйел артық ауыз сөзге келмей, кілт бұрылып, есікті сыртынан құлыптайды. Мәкең бойжеткенге стол үстінде жатқан бірі қара, бірі қызыл блокноттарды көрсетіп: – Шырағым, сенің фамилияң мына екеуінің қайсысына түседі, тағдырың соған байланысты, – дейді маңғазданып. – Ағай, сол үшін мен не істеуім керек? – Бойжеткен аңтарыла қарайды. Үмітсіз шайтан демекші іле: – Мүмкін болса осы аудан орталығындағы мектептердің біріне жіберсеңіз, – дейді көздері ұшқын атып. – Бұл қолдағы тірлік қой. Қалаған мектебіңе барасың. Ауданда менің пәрменімді орындамайтын жан жоқ. Екі-үш жылдан соң оқу ісінің меңгерушісі де болып қаларсың әлі. Арғы жағы директорлық бір-ақ қадам жер емес пе. Мына ағаң аман болса оған да қолың жетеді, шырағым. Тек көңілін тапсаң болғаны, – деп сол жақ қабырғаны тұтас жауып тұрған сәнді жиһазды иегімен көрсетеді. – Анау жиһаздың астыңғы қақпағын аш. – Бойжеткен еңкейіп, қақпақты ашқан. Ішінде жұмсақ матрас бар екен. – Матрасты алып, мына едендегі қалы кілемнің үстіне жай, – дейді Мәкең. Бойжеткен солай істейді. – Енді жиһаздың анау жоғарғы жағындағы бөлікте ақ жайма бар. Соны алып матрасты қапта. – Бойжеткен ақ жайманы алып жатқанда Мәкең үстіндегі костемін шешіп, жуан қарнына буынған белдігін босата бастайды. Бойжеткен сонда ғана секем алып, оған шошына қараған. – Ағай, сіздің не істемек ойыңыз бар? – Не істеуші едім. Сенімен аздап көңіл жарастырсам ба деп тұрмын, шырағым. – Ағай, сіз мені кім деп тұрсыз?.. Мен сіз ойлағандай жан емеспін. – Шырағым, жұмысқа тұру үшін әуелі менің көңілімді табуың керек. Мына ағаңның көңіл шіркіні де кез келгенге шаба бермейді. Өзің секілді көріктілерге ғана. Маған жұмыс сұрап келген жалғыз сен емес. Талайлар келіп, талайлар кетті. Көңілімді тапқандардың жолы болды. Ал таппағандар бұл ауданның маңына да жоламайды, – деп жейдесін шешті. Шермиген қарны жалаңаштанып шыға келеді. – Қане, шырағым, айтқанға көніп, ағаңның жағдайын жаса. Одан жаман болмайсың. – Сіз, мені басқалармен ша­тас­тыр­маң­ыз. – Бойжеткен қолындағы жайманы тастай салып, есікке қарай қашып, тұтқасынан жұлқи тартады. Кілттеулі есік қайдан ашылсын. Бойжеткен арғы жақтағы әйелге: «Ашыңыз!..», – деп дауыстады. Арғы беттен қимылдаған жан болмады. Бойжеткен қапталдағы ұзын стол үстіндегі жартылай су құйылған графинді мойнынан сығымдай ұстап: – Маған жақындамаңыз, басыңызды жарамын, ­­­­– деп сес көрсетеді. – Осы өрескел қылығыңыз үшін прокуратураға барып, үстіңізден қылмыстық іс қозғатамын. Біздің Мәкең ондайдан сасқан ба, миы­ғы­нан мырс етіп: – Шырағым, мен зорлыққа жоқ адаммын. Тек келіссіммен ғана қимылдайтын әдемі әдетім бар. – Жейдесін қайта киіп, қара галстугін таққан. Костемінің жеңдерін сұғынып, ауыр денесін жұмсақ креслоға тастап жібергенде, сықырлап сына жаздаған ғой. Қара блокнотты қолына алып: «Әй.. әй..», – деп келідей басын қайта-қайта шайқап, бойжеткеннің дипломдағы фамилиясын жазады. – Ақымақ екенсің, шырағым. Сені алдыңда қандай тамаша болашақ күтіп тұр еді. Содан өзің бас тарттың. Енді саған бұл аудан көлемінде жұмыс болмайды, – деді паңдана сөйлеп. Костемінің қалтасынан бет орамалын алып, тершіген маңдайын сүрткен. Содан соң қоңырау тетігін басады. Ішке әйел енеді. – Мына бойжеткен прокуратураның қай көшеде екенін білмейді екен. Бағытын сілтеп жібер де, мыналарды орындарына жинай сал. Мен аупарткомға кеттім. Редакциядағы кабинетімнің есігі шалқалай ашылып, ішке бойжеткен кіріп келді. Аққұба өңі ашу-ызадан күреңітіп кеткені анық көрініп тұр. Мәкеңнен көрген құқайын ашына отырып айтып болды да: – Айтыңызшы, бұл ауданда Кеңес үкіметі бар ма, жоқ па? – деді қатқыл үнмен. – Прокурордың өзі орнында болмай шықты, ал көмекшісі сөзіме құлақ та аспады. Ішкі істер бөлімінде отырған ана қожық қараңыз шағымыма міз баққан да жоқ. Тым болмаса мені сіз қолдарсыз. Оның жан қиналысын түсініп-ақ тұрмын. Бірақ Мәкеңді қалай қаралайын. «Күштінің арты диірмен тартатынын» мына бойжеткен қайдан білсін. Қазір айтқанмен оны түсіне қояр ма?. Өмір өзінің илеуіне салған кезде білмесе. Бар болғаны: «Қарындас, ер екенсің! Ар-намысыңды қорғап қалғаныңа риза болып тұрмын. Ал Мәкең саған бұл ауданнан жұмыс жоқ десе, енді іздеп әуре болмай-ақ қой. Бәлкім басқа ауданнан табарсың»,– деп шығарып салдым. – Сол қыз қазір қайда жүр екен? – Сабыр қалтасынан шылымын алып, көк түтінді құмарта сорды. СЕРІКТІҢ ӘҢГІМЕСІ 

УНИВЕРСИТЕТТІ бітірген жылдың жа­зында, Қордай асуындағы әс­ке­ри бөлімдердің бірінде үш ай дай­ын­дықтан өтіп жатқанбыз. Барлық факультеттің жігіттері осында. Күндіз әскери сабақтар мен жаттығулар жүреді. Кешкі астан соң бір ауық демалатынбыз. Сондай кештердің бірінде жігіттер алқақотан отырып, әңгіме айтушы едік. Қазір сол әңгімелердің көбі есімде жоқ. Тек заң факультетін бітірген Серік деген жігіттің айтқаны жадымда қалыпты. Ол Ақсуаттың Жантекей ауылынан еді.

– Орта мектепті бітірген жылы уни­вер­си­тет­тің заң факультетіне құжаттарымды тап­сыр­дым. Бірақ жолым болмады. Екінші емти­хан­нан сүрініп ауылға қайттым. Келер жылы ке­луге үй-ішілік жағдай көтермеген соң бөлімшеде жұмыс істеуге тура келді. Бастық: «Екі жыл «Беларусь» тракторын жүргізсең, университеттің дайындық бөліміне жолдама алып беремін» деп уәде берген. Сол екі жыл да шықпа жаным шықпамен өтті-ау әйтеуір. Қыркүйектің алғашқы күні кеңсеге барып, бастыққа тракторды өткізуге келгенімді, таяу күндердің бірінде оқуға жүретінімді айтып, жолдаманы сұрадым. Ол: «Шырағым, міне жолдамаң менде тұр,– деп стол тартпасынан мөр басылған бір бет қағазды шығарды. – Кеше совхоз директорына қол қойғызып, алып келдім. Сен бүгін Тәлімнің қорасына тартылған жемді жеткізіп бер. Ертең тракторды қабылдап алып, жолдамаңды қолыңа ұстатамын». Тәлімнің қорасы қиыр шетте. Ауылмен екі ара жиырма шақырымдай. Бастыққа күнің түсіп тұрған соң, тапсырмасынан қалай бас тартасың. Аса құлқым болмаса да амал жоқ келістім. Сүйретпеге қоймадан жем артылып біткенше қыркүйектің күні ұясына қарай еңкейе бастаған. Шығыстан бұлт көтеріліп, аспанды тұтас жауып барады. Ойым жемді қораға жеткізіп, түнделетіп болса да кері қайту. Орта жолға жеткенімде жаңбыр сіркіреп, аздан кейін шелектеп құйсын бір. Жол тайғақ. Жылдамдықты азайтуыма тура келді. Сүйретпе шайқатылып, барған сайын жол ауырлай түсті. Ырғатылып жүріп, қораға да жеттім-ау әйтеуір. Үстіне кенеп шекпен жамылған шопан сыртқа шықты. – Тәке, жемді түсіріп алыңыз,– дедім қатты дауыстап. – Әй шырағым, қазір түсіруге шамам жоқ. Күні бойы қора ішін қидан тазалап, діңкәлап отырмын. Сүйретпеңді анау пана жайдың астына қой. Ертең түсіріп алармын. Өзің үйге кіріп, деміңді ал,– деді. – Жоқ, қазір түсіріңіз. Мен сізге көмек­те­се­мін. Менің ауылға қайтуым керек. – Шырағым, жауын құйып тұр. Жолдағы Арнасайды су басып кетті. Сен түнделетіп қайта алмайсың. Бекер әуре болма,– деп ескертті. Әлгінде Арнасайдағы күркіреген тасқын судан әзер өткенім есіме түсті. Сол кезде су деңгейі көтеріліп, трактордың алдыңғы доңғалағынан асып кеткен еді. Ендігі арнасы толған да болар, сірә. Шопанның айтқанына көніп, сүйретпені пананың астына қойдым. Үйге кірсем балауыз шам жанып тұр. Бұлыңғыр жарықтан шағын бөлменің іші анық көрінеді. Үстіне кең етек көйлек пен жеңсіз нымша киген шопанның әйелі қазан-ошақ жанында асын әзірлеп жатыр екен. Бұрыштағы жайма төсекте екі бүлдіршін танаулары пысылдап, тәтті ұйқы құшағына енген. Төр жақ қабырғаға қос ауыз мылтықты іліп қойыпты. Іргедегі мұқабасы әбден мүжіліп жырым­дал­ған кітапқа көзім түсіп, қолымды соз­дым. Ілияс Есенберлиннің «Қа­һа­ры» екен. Ішкі парақтарының да шет-ше­ті тоза бастапты. Көп адам­ның қолынан шыққаны, көп оқылғаны көрініп-ақ тұр. Дастарқан жайылып, алдымызға ас қойылғанша, біраз бетін парақтап та шықтым. Трактор рулімен алысамын деп қарым талып, қарным да әбден ашқан еді. Астан тойғанымша жеп, жан шақырдым. Содан кейін әйелі шай жасады. Тәкең кесесіндегі күрең шайды шайқап ішіп, жөн сұрай бастады. – Мектеп бітіргеніме екі жыл болды дейсің бе? Енді үйленетін шығарсың? –деді. –Тәке, үйлену әзір ойымда жоқ. Оқуға баруым керек. Ол әйеліне қарап: – Әй, қатын, мынаның әупиген денесі демесең, әлі ауызданбаған сары ауыз балапан екен ғой өзі,– деп қарқ-қарқ күлді. Әйелі де жымиып: – Баланы әжуалап қайтесің. Оқуға барамын деп отырған жоқ па. Алдыңнан жарылқасын десейші,– деді. Шайдан соң аяқтарымызды жазып, жантайып жаттық. Мен кітапқа тағы үңілдім. Шопан тағы мысқылдады. – Бала, бұл кітапты оқысаң, оқуды қойып, үйленуді ойлай бастайсың. Мен тіл қатқаным жоқ. Кітапты үнсіз оқи бердім. Әйелі ыдыс-аяқтарды жуып жатыр. Ұзын етек көнелеу көйлегінің ауық-ауық түрілген етегі астындағы балағы тобығына дейін түскен дамбалынан жалаң аяғының күстенген өкшесі көрінді. Жиіркене тыжырынып: «Жуып алса қайтер еді. Әй, бірақ, моншасы жоқ қойшы қорасында қандай тазалық болсын» деп ойладым. Кітап беттерін ашқан сайын қызықтырып барады. Әлден соң сырттан иттердің үрген даусы естілді. – Қатын, кеше көрші шопан осы маңда бір қасқыр отар аңдып жүр деп еді. Күндегідей қоражайды біраз уақыт аралап келмесем болмас. Мына бала жатып демін алсын. – Тәлім киініп, қос ауыз мылтығын асынып сыртқа шығып кетті. Әйелі төр жақ бұрыштан маған төсек салды. Өздеріне балаларының жанына салды. Мен сырт киімімді шешіп төсекке жантайдым. Кітаптың қызықтырғаны соншалық, ұйқым келер емес. Жантайып жатып, парақтап жатырмын. Әйел қазанға су құйып жылытты. Алғашқыда кір жуатын шығар деп аса мән бермедім. Әйелдің: «Ыстығын-ай!» деген үні естілді. Басымды еріксіз бұрдым. Сырт киімін белінен жоғары шешіп тастапты. Шам жарығымен суланған аппақ денесі, кеудесіндегі екі дөң қос анарын көріп, сілейдім де қалдым. Әйел затындағы мұндай сұлулықты бұрын шетелдердің атақты суретшілерінің туындыларынан ғана көргенім бар. Бірақ жансыз суреттердің мұндай әсері болған жоқ еді. Жүрегім тулап, атойлап шыға келді. Әйел еңкейіп, буы бұрқыраған ыстық суды ожаумен үстіне сыздықтата құйып, жуынып жатыр. Өз көзіме өзім сене алар емеспін. Бір кезде маған басын бұрып, жымиды да: – Сен, әлі ұйықтамаған екенсің ғой. Жуынуға көмектесіп жіберсейші,– деді назды жұмсақ үнмен. Қанша ұялып қысылсам да бір ғажайып күш мені төсектен еріксіз көтеріп алғандай болды. Қол аяғым қалтырап, ожаумен суды арқасына құя бердім. Жуынып болған соң сүлгімен сүртінді. Әйел мүсіні көздерімді арбап, ақыл естен мүлдем айырып барады. Өзімді өзім ұстаудан қалдым. Төсекке бірге жантайдық. Оның ыстық құшағы жан дүниемді күйдіріп жандырып, есімнен біржолата адастым. Мылтық тарс ете қалғанда ғана босаңсыған денемді төсектен жұлып алдым. Әйел жалаңаш арқамнан жып-жылы, жұп-жұмсақ алақандарымен сипап: – Сен қорықпа, мылтықтың әлі бір атылуы бар, – деді сылқ-сылқ күліп. Орнымнан тұрып, киіндім де өз төсегіме барып жаттым. Ал ұйқым келе қойсайшы. Ұят қысқаны соншалық, дөңбекшіп жата алмадым. Таң да атып болмады. Біраздан соң мылтық түн-түнекті жаңғыртып екінші рет атылды. Сәлден соң шопан үйге кірді. Мен көпе-көрнеу жорта қорылға бастым. Оным сезіктенбесін дегенім еді. – Әйелі төсектен басын көтерді. – Келдің бе?– деді ұйқысын аша алмаған жандай марғау есінеп. – Иә,– деді шопан. Үнінде шаршау бар. Көзім жұмулы болғанымен көңілім ояу. Тәлімнің бар қимыл қозғалысын сезіп жатырмын. Су болған сулығын қағып-қағып, қабырғадағы шегеге ілді. Етігін шешіп, кептіруге ошақ жанына қойды. Шелектен су алып ішті. – Мына баланың қорылын-ай,– деді Тәлім. – Трактор айдау оңай дейсің бе, әбден шаршаған ғой. – Әйелі ақырын сыбырлай сөйледі. Таңертең шопанның бетіне қарай алсамшы. Ұят қысып, жанымды қоярға жер таппадым. – Тәке, бастық ертең ерте кел деп еді, – деп тракторды от алдырдым. Әй, бала, шай ішіп кетсейші. Жоқ, Тәке, онда отырып қалармын, – деп трактор кабинасының есігін аштым. Әйелі Тәлімге: – Бұл жігіт жолды көріп алды. Жем таусылған кезде тағы келер, – деді жымия күліп.

Көлбай Адырбекұлы