Дүйсенбі, 6 Ақпан, 2023

«АҒАТАЙ, АНАМДЫ АЛДАП... ӘКЕТIҢIЗШI!..»

Жетісіп келе жатқан ешкiм жоқ секілді. Қайсыбірін уайымдай бересің. Қала тірлігі мүлдем бөлек. Одан қала берсе, өз отбасы мен ошағының проблемасы да жетерлік.

«Қызың болса күйеуге тиюге, балаң болса қатын алуға таяу. Сенiң жүрiсiң қай жүрiс, қолға тиын-тебен түссе ауылға зытасың. Әбден тойып біттім», – деген келiншегiмнiң де даусы сәт сайын құлағымның түбiнен ызыңдайды да тұрады. Шынында да әбден шаршады-ау. Ол түгiл, өзiм де шаршадым. Бiрақ ол байғұсқа не кiнә бар?! Бұрқылдап-бұрқыл­дап басылатын әдетi қашанда. Бiреулер отыз жыл бойы әйелiн зар қақсатып келе жатқан бұл неғылған еркек дер. Тап-татумыз. Жастай сүйiп қосылдық. Отыз жылдың әрбiр күнi мен таңы осындай ренiш-өкпеден ғана тұрмайды, талай қуанышты күндер, тәттi ләззатты түндер өттi. Бiр ер азамат табатын табыс кiредi үйге, соның көбi ашты-тоқты жүрген бауырларымның, одан қала берсе әкемнiң жолына шашылады. Әкенi ауырсынбайсың, жасы да келiп қалды, сырқаулы. Ол кiсiнiң ауыртпалығын көтересiң-ау. Ең қинайтыны қол-аяғы балғадай бауырларым мойныма мықтап мiнiп алды ғой. Құдай бiреуiне сана берсейшi, «әй, солардан да ұят болды ғой» демейдi-ау, демейдi. Әйтеуiр өзгеге алақан жайған тiрлiк. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегеннiң керi. Аман болайықшы, деннiң саулығына ештеңе де жетпейдi. Бiрақ…

Күн демалыс. Қабағы қатулы келiн­ше­гiмнiң үнсiз берген шайын үнсiз отырып iштiм де, ауладан мәшиненi шығарып, жү­рiп кеттiм. Қайда барарымды өзiм де бiлмеймiн. Есiме ескi дос түстi. Мынандай үнсiздiктен бiр құтқарса сол құтқарар деп ойлағам…

Қашанғы әдетiнше жолдасым көңiлдi-ақ. Ауылдан арқа-жарқа боп әке-шешесi келiп жатыр екен. Әмияннан екi көк қа­ғазды суырып бердi. «Ұмытпай қай­та­рар­сың» деп көзiн қысты. Бiр жалған намыс көкiрегiмде атойлап тұрса да, «қашан қайтармай қойып едiм» деген сөз айтылмай iште қалды. Амал жоқ, кiрiп­тар болып келiп тұрған соң, оның үстiне кiшкентайынан бiрге өскен жолдастың сол сәт­тегi көңiл-күйiн де ойлап үнсiз бас изей салдым. Тағы да үнсiздiк… Бұл неғылған үнсiздiк, айналшықтап шықпай жүрген. Үйде де, түзде де үндеуден қалып барамыз. Сөйтiп жүрiп жарылып өлмесек болғаны да. Үнсiз келе жатып жолдың екiншi бетiнде тұрған жас қыз бен әйелге көзiм түстi. Кеш түсiп келедi. Қаланың көлiк аз жүретiн аудандарының бiрi. «Не болса да жеткiзiп салайын, бензин құюға қаржы болсын».

Салонға адам алған соң, ептеп музыка қостым. Байқаймын, жолаушылар да үндеместiң нағыз өздерi сияқты. Жо-жоқ, бiр кезде шешесi, бәлкiм, әпкесi шығар, қызға зiрк-зiрк еттi. «Сонда мен тұрамын ба, әкеңнiң жүрiсi анау… қу құлқынның құлы. Пәтер иесi анау, күнде келiп мазамды алып барады. Көзi сенi iшiп-жеп бара жат­қан сайын, жүрегiм шаншиды. Одан да басқа жөнi түзу бiреу-мiреу кездесiп қалар, оған қор болғанша…» Ары қарай қыздың солқыл аралас күбiр-күбiр сөзі естiлмей кеттi. «Сонда шынымен…» деген ой келгенi сол-ақ екен, төбе шашым тiк тұрды. Күнi бойғы шаршау шаршау ма, рөлге ие бола алмай қалдым.

– Келесi көшенiң басынан тастап ке­тiң­iз, – дедi бiр кезде әлгi «әйел». Қаладағы жа­ман атақты көшеге де келiп қалғанымды сон­да бiр-ақ бiлдiм.

– Соңғы ақшам едi, екi жүз-ақ алыңыз, –де­дi көзi шатынаған әйел бiр түрлi кi­шi­рейе сөйлеп.

– Жарайды, – дедiм, – бiрақ менде де қай­таратын ақша болмай тұрғаны…

– Қазiр… – дедi де әйел жол бойындағы азық-түлiк сататын кiшкентай киоскiге жү­гi­ре жөнелдi. Осы сәтте артқы орындықта отыр­ған қыз:

– Ағатай, менi бiрер сағатқа басқа жақ­қа алып кете тұрыңызшы, әйтпесе, анам… – дедi де солқылдап жылап жiбердi. Қызға бұрылып, ендi тіктеп қарадым. Жасы он жетi-он сегiздерде, көзi-басы қиылған әп-әдемi-ақ бала екен.

– Құдай-ау, сонда сенi шешең… – деп тағы да артқа бұрыла бергенiмде жүгiрiп ке­лiп қалған әлгі әйелді көрдiм.

– Ағатай, сосын түсiндiрем… – деген қыз тағы да жанары жалт етiп, есiктi аша бастады. Әрненi ойлап, миым қатып жүр­ген қайран басым қыздың жағдайын ендi тү­сiнгендеймiн.

– Жеңгей, ақшаңыз керек емес, тек…

Жүзiмдi жас жуып кете жаздап әй­ел­ге қарадым. Көзiм көзiне түскенде әйел­дiң манағы ашулы көзiндей емес, жүзi сол­ғын тартып, бейшара бiр қалыпқа түсiп тұр­ғанын аңғардым. Мен ендi болмаса жү­ре­гiм жарылып кетердей газды басып-басып қал­дым да, бағдаршамға да қарамай келесi кө­шеге асықтым.

– Ағатай, сiзге көп рахмет. Менi анам… – деп әңгiме бастайын деген қызға «ештеңе деме» дегендей қолыммен өзiмнiң аузымды басып көрсеттiм. Ол да зерек қыз екен, үнсiз қалды. Тағы да үнсiздiк бойымды шырмап алған.

– Жүр, – дедiм жол жиегiндегi кафенi нұс­қап. Қыз үнсiз соңымнан ердi. Екi кесе шайға тапсырыс бердiм де, қызға иек қақтым. Бейшара қыз сөйлеп отыр. Құлағыма бiрi кiрсе, бiрi кiрмейдi. Құдай сақтасын, жо-жоқ, қара пиғылдан ау­лақ­пын. Көз алдым тұманданып, ауылдағы күр­кiлдеп жүрген әкемдi, үйде қабағынан қар жауып күтiп отырған жарымды да естен шығарып, әлдебiр беймаза күйге түстiм. Көзi боталап, бiрде жылап, бiрде көзiнiң жасын сүртiп қойып отырған қасымдағы қарлығаштай бойжеткенге қандай көмек берсем екен, бұл сорлыны бiр ғана түннен, қап-қараңғы түнектен құтқарғаныммен, ертеңi не болады деген ой санамды шырмап алды. Құлағым тұ­нып, күңгiрлейдi.

Тұлымшағы желбiреп, гүл-гүл он сегiздiң бұла шағымен бейуақта қоштасып, уыздай аппақ перiште көңiлдiң бiр ғана сәтте қараңғы түнекке жұтылып кете жаздағаны жанымды ауыртты. Көңiлiмнiң төрiнен атой салған әлдебiр қимастық баурап бара жатты. Бұлқына соққан жүрегiмнiң дүрсiлiн қалай тыныштандырсам, қалай ғана қалыпқа түссем деген бiр ой миымды сұққылады. Бiр сәт ойлануға да мұрша бермей төңiрек тып-тыныш, мең­iреу күйге түстiм. Шарасыздықтың не еке­нiн түсiнгендеймiн…

Содан орнымнан қалай тұрып кет­ке­нiмдi, қызды анасына қайта табыстап, қал­там­да мыж-мыж боп қалған әлгiндегi екi көк қағазды алақанына салып тұрып, әлгi әйелге не айтқанымды да бiлмеймiн. Тағы да үнсiздiктi жолдас қып, үйдiң ауласына қалай келiп, қалай төсекке құлағанымды да бiлмеймiн. Әйтеуiр терiс қарап жатқан әйелiмнiң түтiн иiсi бұрқырап жатқан қысқа шашынан үнсiз иiскеп жатқанымды ғана бiлемiн…

Құдайым-ай, өмiрiмiздiң бәрi ылғи өкiнiш пен өксiктен тұрғаны ма?.. Осылайша өзегiмiздi қуырған шарасыздық уын жұтып өтемiз бе? Жарқын күндер келер ме, ендi қайтып!? Осы бір ой мазалап жатып қалың ұйқыға кеткенімді, одан қызыл арайланып атқан таңның мөп-мөлдір таза ауасымен қалай дем алғанымды сезбей қалыппын. Өйткені…. бүгін көктемнің алғашқы таңы атқан екен….

Таңсұлу Алдабергенқызы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button