Жаңалықтар

«ӘЛЕМДЕГI АҚЫЛДЫ АДАМ – БӘРIНЕН ДЕ ЖАҚЫН МАҒАН»

ашық дереккөзі

«ӘЛЕМДЕГI АҚЫЛДЫ АДАМ – БӘРIНЕН ДЕ ЖАҚЫН МАҒАН»

Жұдырықтай жүректерiнде Анаға деген ризашылық сезiмi бүр жарған балалардың асыл армандары арнайы әзiрленген шығармашылық жоба шеңберiнде көрiнiс тапты. 8 наурыз – Аналар күнi мерекесiне орай ән мен биден шашу шашқан жас буын жиылған қауымға Аналары жайлы ой толғады.

Көктем мерекесі, Аналар ұлықталар күн – 8 наурыз құрметіне орай, Алматы қаласындағы №128 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің 3 «Б» сынып оқушылары Аналарға, әпкелер мен сіңлілерге, қыз-келіншектерге арнап «Әлемдегі ақылды адам бәрінен де жақын маған» тақырыбында шығармашылық жоба ұсынды. Сынып жетекшісі Сайраш Бекболатованың айтуынша, ашық сабақ ретінде ұсынған бұл жобаға балалар ұзақ әрі көп дайындалған. Ширек ғасырдан астам балаларға ұстаздық етумен келе жатқан тәжірибелі маман Сайраш Шамшыраққызы: «Жобаны ұсынудағы басты мақсатым – балалардың өзіндік-шығармашылық жұмысқа дайындығын жақсарту, аналарына деген құрмет сезімін арттыру, жас буынның мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, Ананың балаға деген сезімінің немен және қалай өлшесе де баға жетпес құнды әрі шексіз екенін ұқтыру. Аналар күтетін үкілі үміттерді ақтауға талпынсын, Ананың қадірін білсін деген оймен жобаға балаларды түгел жұмылдырдым. Сондықтан осы сынып сағаты тек Аналар үшін», – дейді.

Салтанатты кешті Аналарды ұлық­таумен бастаған оқушылар салқар даланың ерке қыздары жайлы арысы – Тұмар ханым, Домалақ ана, Ақжүніс пен Баян сұлу, Қыз Жібек, берісі Әлия мен Мәншүкті ұлықтаған балалар 86-жылғы Желтоқсан оқиғасында жасындай жарқылдаған қазақтың өр қыздарының ерлігі туралы жырлауды да ұмытпады.

Шығармашылық жобаның ерек­шелігі сол, сыныптағы 25 бала өз анасы, отбасы жайлы әңгімелеу арқылы көңілдерінде жүрген асыл армандарымен, үкілі үміттерімен бөлісті. Ақ сүт беріп асыраған, өздеріне жарық дүние сыйлаған дүниедегі ең жақыны, асылы – Анасына деген балалық махаббаты мен ризашылығын білдірді. Мерекелік кеште Ана туралы жыр мен ән толастамады. Мәселен сыныптың әнші қызы Сымбат әуелеткен «Толғау» кешке жиылғандардың көңілін бей-жай қалдырмаса, Дәулетхан мен Әбдірахман сынды балалар салған «Атамекен» әнін көрермен қауым бірге шырқады. Өнерпаз да талапшыл балақайлар биге де кенде емес. Мысалы Ақерке орындаған «Шығыс биі» талшыбықтай бұралған кішкентай қыздың таудай талабын көрсетті.

Шығармашылық жобаның тәрбие­лік мәні зор. Өйткені анасын риясыз көңілімен суреттеген әр баланың кеудесінде Ананы мақтаныш ету сезімі бүршік жарды. Күнделікті күйбең тіршіліктен кейде көңілдердің көлекесінде қалып қоятын, күнде айтыла бермейтін шынайы, жүрекжарды тілектер жолданды Аналарға. Мере­келік кештен ерекше әсер алған Аналар мен балалар осылайша риза көңілмен тарқасты.