Жаңалықтар

Сюзанн Кастер: АҚШ-та «Әйелдер тарихы айы» тойланады

ашық дереккөзі

Сюзанн Кастер: АҚШ-та «Әйелдер тарихы айы» тойланады

«Әр елдiң салты басқа». Тарихы мен ұлттық құндылықтары бiр-бiрiне қайшы мемлекеттер де баршылық. Бiрақ көктеммен iлесе келетiн 8 наурыз – Аналар мен қыз-келiншектер күнiн тойламайтын ел кемде-кем. Бiз Қазақстандағы АҚШ елшiлiгiнiң мәдениет жөнiндегi атташесi Сюзанн Кастер ханыммен мереке қарсаңында Аналар күнi, 8 наурыз жайлы америкалықтардың ойы, елiмiздегi қыз-келiншектер жайлы сөйлесудiң сәтi түскен едi.

– Кастер ханым, Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Қазақстанға 2010 жылдың мамыр айында келдім.

– Екі жыл ішінде ендігі біраз дүниеден хабардар болған шығарсыз. Біздің елдің қыз-келіншектері туралы пікіріңіз қандай?

– Менің жолым болды деп санаймын. Себебі Қазақстанның өте батыл, ақылды, сыпайы әрі еңбекқор әйелдерімен бірге жұмыс істедім. Бұл елде білімі мен қызметіне шын берілген әрі отбасына қамқорлық жасауды да назардан тыс қалдырмайтын әйелдерді көп кездестірдім. Осында болған екі жыл ішінде түрлі салаларда үлкен жетістіктерге жеткен біраз қыз-келіншекті көрдім. Соның ішінде Парламенттегі әйелдер санының артуын ерекше атап өткен болар едім.

– Сіздіңше, Америка мен Қазақстан­да­ғы нәзік­жандылардың арасында ай­ыр­ма­шы­лық бар ма?

– Қазақстан мен Америка әйелдерінің арасында айырмашылықтан гөрі ұқсастықты көп байқадым. Мәселен жұмыс істейтін әйелдердің проблемалары ортақ. Екі елде де әйел үшін отбасыңа қамқор бола жүріп карьера жасау өте қиын. Мансап пен отбасы арасында лайықты балансты табу және осы балансқа сәйкес келетін жұмыс табу – барлық әйелдер үшін өте маңызды. Өткен жылы мен АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бішкекте өткен Орталық Азия және Ауғанстан әйелдерінің экономикалық симпозиумына қатыстым. Сол форум көрсеткеніндей, бүкіл әлемнің нәзікжандыларын бірдей мәселелер толғандырады екен. Олар: экономикалық даму, білім және өздері мен отбасылары үшін лидерлік мүмкіндіктердің артуы.

– Біздің елімізде 8 наурыз – қыз-келіншектер мен Аналар күні. Америкада Аналар күні барын білеміз. Ал қыз-келіншектерді құттықтайтын өзге мереке бар ма?

– Америкалықтар наурыз айын «Әйелдер тарихы айы» деп атайды. Бұл дәстүр ең алғаш 1982 жылы «Әйелдер тарихы апталығы» деген атпен басталған. 1985 жылы бұл мерзім бүтіндей бір айға созылды және 1995 жылдан бері АҚШ-тың президенттері Б.Клинтон, Дж.Буш және Б.Обама наурызды «Әйелдер айы» деп жариялап, аруларға жыл сайын құрмет көрсетіп келеді. Жыл сайын біз әйелдердің қоғамдық өмірдің түрлі салаларында – экология мен өнерде, спорт пен саясатта қол жеткізген тарихи жетістіктерін еске түсіріп, үлгі етіп отырамыз. Қазақстандағы АҚШ миссиясының «Әйелдер тарихы айын» атап өтуге қатысты түрлі шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жақында АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі Элизабет Миллард «Әйелдер тарихы айын» қазақ-түрік лицейінде аша отырып, білімнің маңыздылығы туралы баса айтты. Бүкіл наурыз айы бойы біз «Америка бұрыштарында» әйел лидерлер туралы түрлі дәрістер өткізіп, әйелдер мәселелері бойынша фильмдер көрсетпекпіз. Сондай-ақ біз америкалық суретші Шэрон Кос­гроувты Қазақстанға шақырып отырмыз. Ол Алматы, Астана және Қостанай қалаларында болып, суретші студенттерге шеберлік сабақтарын өткізеді және әйел суретші ретіндегі өмір тәжірибесімен бөліседі.

– 8 наурызда Әлемнің бүкіл қыз-келіншектеріне, Аналарына айтар тілегіңіз қандай?

– АҚШ-тың Әйелдер істері жөніндегі елшісінің «Әйелдері прогреске жетпеген ешбір ел прогреске қол жеткізе алмайды» деген жақсы сөзі бар. Күн сайын үкіметтік емес ұйымдарды басқарып, ұстаздық етіп жүрген не бизнеспен шұғылданып, не үкіметте жауапты қызметтер атқарып жүрген әйелдерді кездестіріп тұрамын. Қазақстан әйелдеріне тілегім: табыс жолында жігерлеріңіз жасымасын және барлық салаларда жаңа биіктерді бағындыра беріңіздер. Біз қазір тарихтың ерекше кезеңінде тұрмыз: әйелдер өздері армандаған кез келген нәрсеге қол жеткізе алады. Біз бұдан былай да бір-бірімізді болашақ өмірге қанаттандыра береміз деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ