Жаңалықтар

ЖАҺАНДАНУДАН ҚҰТҰҚАРАТЫН БІР ЖОЛ

ашық дереккөзі

ЖАҺАНДАНУДАН ҚҰТҰҚАРАТЫН БІР ЖОЛ

Сiз ырымдарға сенесiз бе? «Ырым-тыйымдардың астарында қандай мән бар?» деген сауал сiздi ойландыра ма?..

Бала күнiмiзде «Табалдырыққа тұрма, бойың өспей қалады», «Сыпырғышты тiгiнен қойма, үйде ұрыс-керiс туады», «Үйдiң iшiнде ысқырма, шайтан шақырасың», «Бетiңдi екi қолыңмен баспа, жақының қайтыс болып кетедi» деген секiлдi жорамалды тыйымдарды жиi еститiнбiз. Шындығында солай ма?

Әрине, жамандыққа жорығанды жақтырмайтын халқымыз мұндай ырымдарды басқа мағынада қолданған болса керек. Негізінде ырымдар халықтың өмірінен алған тәжірибелік тұжы­рым­дарынан туындаған. Ал тыйымдар әдепке, тазалыққа шақырады.

«Муслим» қоғамдық қорының төра­ғасы, Қуанышбек Әлішерұлы:

– Әрненің байыбына үңіліп, қарайтын болсақ, дүние қандай да бір себептерге тіреліп тұр. Ғалым Сайд Нұрси «Көзім – рухымның терезесі» деген екен. Яғни көзбен сыртқы құбылыстарды көру арқылы рухымызды байытамыз. Жағымсыздық пен жақсылықты сана таразысында жіктеп, танымдық білімімізді толықтырамыз. Мәніне үңілер болсақ, ырым бөлек, тыйымның жөні бір басқа. Ертеден қалыптасқан, бабаларымыз өмірден көріп, қандай іс нендей нәтиже беретінін кейінгіге айтып кеткен ескертпесін ырым дей аламыз. Базбір кісілер «ырым-жырым» деп, мұндайға мән бере бермейді. Айталық, «Табалдырыққа тұрма» дейді. «Табалдырықты оң аяқпен атта» деген де бар. Табалдырық – екі арадағы өткел. Мәселен сіз менің табалдырығымнан аттап, бөлмеме кірдіңіз. Яғни менің кішігірім әлеміме ендіңіз. Сіз табалдырықты оң аяқпен аттап, «Бісмілләні» айтып кірсеңіз, осы жолыңыздағы мақсатыңыз сәтті болмақ. Егер сіз табалдырықта тұрып, сәлемдесіп, келген жұмысыңызды сол арада айтсаңыз, мен толық ұғынбай қалуым мүмкін. Және табалдырықта тұрып сәлемдесу – әдепсіздікке жатады. Халқымыз босағаны киелі санап, табалдырықты құрметтейді. Тіпті, көз жұмған адамды да арулап, жерлегенде ол екі дүниенің арасындағы табалдырықтан өтеді. Егер ол тазаланып, жерленбесе, табалдырықта қалған есебінде емес пе? Тұрмыста көп қолданылатын адырас­пан жайында да айта кетейік. Жаңа үйге кірерде адыраспанмен аластап, тазалайды. Отбасы мүшелерінің біреуі тұмауратса, тағы да адыраспан түтетеді. Тіл-көз тиген баланы да адыраспанмен аластайды. Адыраспан түтінінің микробтарға қарсы емдік қасиетін қазір медицина да дәлелдеді. Яғни жаңағы айтылғандардың бәрі де шөп түтінінің өткір иісі арқылы аурудың микробтарын құртуға қолданылған. Босағаға адыраспан іліп қою да оның жан-жағына тарататын өткір иісімен тазалықты қалыптастырға негізделген. Әсілінде, Алла Тағала дүниедегінің бәрін де игілікке жаратқан ғой. Ауруға қарсы оның емін де қоса берген. Әр нәрсенің негізі Аллада болса, қолданылуы білімге байланысты. Мен кәдімгі адам санасының төркіні «сәнә» деген сөзден шыққан деп білемін. Сәнә – араб тіліндегі Алланы дәйім есте ұстау дегенді білдіреді. Өмірде Құдайдың қылышы деген бар. Мәселен арақ сату, алдау-арбау, көз бояушылық, алаяқтық әрекеттердің арты жақсылыққа апармайды. Ондай харамдыққа жол бергендер түбі зауалға ұшырайды, міне, осы зауал Жаратқан Иенің қылышы екен. Қазақ тіл-көз тиюден қатты үрейленеді. Осындайдан сақтану үшін де жасалатын ырымдар бар. Көзге түсерліктей дүниелерге қызыл шүберек байлайды, жас баланың маңдайына күйе жағып қояды, моншақ, үкі тағады. Мұның мағынасында сүйсіне қараған кісінің назары әлгі қызыл шүберекке, күйеге, әдемі моншаққа түссін деген ұғым жатыр. Қызыл түс көзге тез түседі, күйе де сондай, моншақ, үкі әдемі нәрселер кез келгеннің назарын аударады. Бұл ертеден келе жатқан танымдық үрдіс деп қабылдағанымыз жөн. Тағы бір мысал, жолыңды мысық кесіп өтсе, сәтсіздік кезігеді дейді. Айта берсек, мұндай мысалдар көп-ақ, сөзімді қорыта келе айтарым, ата-бабалардан келе жатқан ырым-тыйымдарда түпкі негіз бар, тек жөнімен қолдана білу керек. Ал орынсыз айтылатындарының мәнін зерделеп алған абзал, – дейді.

ОЗЫҒЫ ДА, ТОЗЫҒЫ ДА БАР

Ырым-тыйымдардың төркіні жөнінде дінтанушылар да жиі сөз ететіні белгілі. Оларға да құлақ қойған орынды.

Таңжарық Тұрғанқұлов, дінтану­шы:

– Ырымдар халықтың табиғатпен үйле­суінен, біте қайнасуынан пайда болған. Адамның жаратылысты түйсінуінен туындаған. Әрбір мәдениеттің астарында діни наным-сенім жатады. Біздің қоғамның қалыптасу тарихындағы рухтарға табынған тотемизм, аңдарға табынған анемизм, тас мүсінге табынған фетимизм және отқа табынушылықтардан қалған ырымдар да бар қазіргі біздің қолданыста. Бұлардың кейбірі Исламмен синтезделгендіктен, біздің халыққа жат емес. Айталық, келін түскенде отқа май құю, жаңа үйге кіргенде отпен аластау секілділер. Түнде далада қалып қойса, жын-жыпырдан немесе аң-құстан қорғану үшін от жағу тиімді әдіс. Өйткені ондай қауіпті күштер оттан қашады екен. Асылында, ырым-тыйымдар тазалыққа, адалдыққа, мәдениеттілікке бастайтын тәрбиелік құрал іспетті. «Босағаға керілме», «Босағада тұрып сәлемдеспе», «Үйді, кісіні айналып, жүгірме» деген секілді тыйымдар, күнделікті тұрмыстағы әдептілікті сақтауға байланысты айтылған. «Үйге қарай жүгірме»-нің мағынасы ертедегі тұрмыстық болмысымыздан хабар береді. Бұрынғы кездері жау шапса немесе суыт хабар жетсе, үйге әлде ауылға қарай жүгіріп, хабарлаған екен. «Уһілеме» деген де бар. Мұның мәнісі мынада – ішінде шері бар мұңды адам жиі ухілейді. Сондықтан, біреу ухілегенде жамандыққа жорылмасын деп айтылған. Сондай-ақ, Құран сүрелерінде ата-анаға уфлеп сөйлемеу туралы айтылады. Мұндай мәндегілер тәлімдік негіздегі ырымдар. Кейбір дәстүрлі дінімізге қарсы келетін жоралғылар да бар. Мысалы өлік шыққан үйге 40 күн шам жағып қою, «Осымен бұл шаңырақта енді өлім-жітім болмасын» деп мәйітпен бірге құлыпты қоса көму сияқтылар дініміз Исламның шариғаттарында көрсетілмеген. Бұл жөнінде Абай Құнанбаевтың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны жайлы» атты еңбегінде өте орынды айтылған. Қысқаша тоқталып өтейік: «… Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені Құдай қылып, дін тұтатұғын әдеттердің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар. Келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «От ана, Май ана, жарылқа!» дегізіп бас ұрғызған секілді, «өлген әруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым күн әуелі күркірегенде қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «сүт көп, көмір аз» дегендері секілді. Бұған ұқсаған көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» дейді хакім ақын. Ал, енді «Түнде тырнақ алуға болмайды», «Сыпырғышты тігінен қоймайды» дегендер гигиеналық тазалық үшін. Себебі түнгі күңгірт кезде алынған тырнақтың ыдысқа әлде асқа түсіп кетуі әбден мүмкін. Сыпырғыш бар лас қоқысты жиыстырады, ол тігінен қойылса, ондағы микробтардың ауаға тез таралуы ықтимал ғой. Кей кісілер «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп мән бермейді, бірақ оның түп-төркінінде ғылыми негіз барын да білген жөн. Мәселен шала туылған баланы мерзімді уақыты толғанша тұмақтың ішіне ұлпа мамық немесе ботаның түбітін, түйенің жабағысын орауыш етіп, керегеге байлап, күн түсетін жерде немесе қыс мезгілі болса жылы орында баққан. Бұл кәдімгі қазір медицинада қолданатын вакуум емес пе? Міне, осыны біздің халық ертеде-ақ білген. Турасын айтсақ, ырымдардың түбінде негіз бар. Тек, «Дүниенің озығы бар, тозығы бар» деп өткеннің де, жаңаның да жақсысын зерделей білген жөн, – деп тұжырымдайды ойын.

«ХАДИС – ҒҰРПЫМЫЗ, СҮННЕТ – САЛТЫМЫЗ»

«Қазірде ырым-тыйымдардың кө­беюі­­мен қатар, дәстүрлі салтымызды жоққа шығарушы діни көзқарастар да баршылық. Ата салтымыздағы келіннің қайын жұр­тындағы жасы үлкендерге иіліп сәлем салуын Аллаға серік қосуға теңеп жүр­гендер қатты қателеседі», – дейді қоз­ғалған тақырыпқа пікір қосқан «Молда Мұхамеджан» мешітінің бас имамы Исатай Оразов. Ол ырымдардың Исламдағы мәні жайында былай дейді: – Өмірде қолданатын ырымдардың түп тамырын хазіреті пайғамбарымыздың хадисінен алсақ, қателеспесіміз анық. Себебі хадис – хазірет Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с)сөзі, іс-әрекеттері және жүзеге асуын мақұлдаған өзге де әрекеттер. Сүннет – Аллаһ Расулының (с.ғ.с) күнделікті тұрмысында жүрген діни жолы. Халық ішінде кедей-кепшікке садақа тарату, 7 шелпек тарату секілді ырымдар бар. Міне, осылардың арғы төркіні хадистен бастау алады. «Бір құрманың жартысындай болса да садақа беріңдер» дейді пайғамбарымыз. Сондай-ақ, тыйымдардың көбі ұятты сақтауға негізделеді. Мұны да Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен кездестіреміз: «Ұят – иманның бір бөлшегі» делінеді. Сондай-ақ, қонақасы беру деген де салт бар. Ал бұл жайлы хадисте: «Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына қонақасын берсін. Қонақасы – бір күн, бір түн қонағыңды күту» дейді. Тобықтай сөздің түйіні, түп-тамыры пайғамбарымыздың хадис, сүннетінен шыққан ырымдарға сенген дұрыс.

Ырым-тыйымдарға әркімнің көз­қарасы әртүрлі. Қолдайтындар да бар, ә дегеннен жоққа шығаратындар да табылады арамыздан. Қалай десек те, қазақ қоғамы осындай ырым-тыйымдармен өзге халықтардан ерекшеленеді. Қазіргі жаппай жаһандану кезеңінде бізді жұтылудан сақтайтын да осындай ерекше қасиеттеріміз…

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА

Тараз қаласы