ҚАЗАҚ ТIЛIН ПЕТРОВТАН ҮЙРЕНЕМІЗ БЕ?

ҚАЗАҚ ТIЛIН ПЕТРОВТАН ҮЙРЕНЕМІЗ БЕ?

ҚАЗАҚ ТIЛIН ПЕТРОВТАН ҮЙРЕНЕМІЗ БЕ?
ашық дереккөзі

Бүгiнгi таңда ең жанды жерiмiз – мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейту. Бұл түйткiлдi шешу – аса бiр қиын iс емес. Тек жүрегi «қазақ» деп соғатын әрбiр патриоттың тiлге, ұлтқа деген жанашыр сезiмi ғана жеткiлiктi.

Бірақ біз бұл мәселеге әлі күнге селқос қарап келеміз. Сорақысы сол, енді қазақ тілінде сөйлей алмайтын қазақтарды ұлты орыс – Дмитрий Пет­ров сайратпақ екен. Ол өз жобасының нәтижесінде қазақ тілін небәрі бір айдың ішінде әбден меңгеруге болатынын айтыпты. Бір қызығы, 30 елдің тілін меңгерген шетелдік азамат қазақ тілін білсе, бірсәрі ғой. Соған қарамастан, Қазақстан халқы ассамблеясының мамандары өзін әлемге әйгілі лингвист, синхроншы-аудармашы санайтын Дмитрий Петровтың көмегіне жүгініп, көрші елден әдейі шақыртыпты. Шын мәнінде, бұған ұялуы тиіс отандық әдіскерлер ресейлік ғалымның тіл үйретудегі әдістемелік құралын «баға жетпейді» деп қайта-қайта мадақтауда.

Өткен жылдың соңында елімізге атбасын тіреген ресейлік танымал лингвист және шет тілдерді жедел үйрету әдістемелерінің авторы Дмитрий Петров арнайы лекция оқып, қазақ тілін жедел түрде үйренудің жолдарын ұсынған болатын. Ол «Қазақ тілін үйрену уәжінің негізі» атты бағдарламасы арқылы қазақ тілінің бастапқы деңгейін бар жоғы екі аптада үйренудің жолын көрсетіпті. Маманның айтуынша, тіл үйренудегі басты қозғаушы күш, ол – мотивация (уәжділік). «Ол үшін еліміздегі тіл саясаты қазақ тіліне деген қажеттілік туындауды көздейтіндей мақсатта жүргізілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қазақ тілі – отбасы, ошақ қасындағы тілге айналып, жойылуға бет алады. Кез келген тілдің базалық деңгейін игеруге бар-жоғы екі-ақ апта қажет. Ал 20 жыл бойы мектепте, жоғары оқу орнында, түрлі курстарда тіл сындырып жүрсеңіздер де, етістікті толық жіктеп бере алмайтындарыңыздың басты себебі – қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығынан» – деп ақыл-кеңесін айтыпты.

Ауызекі сөйлеу үшін небәрі 350 сөз қажет екен. Петровтың айтуынша, егер сол сөздерді жаттап, оны сөйлем түрінде құрастырып айту үшін 10 шақты грамматикалық ережені қолдана білсеңіз және оны автоматты түрде айту деңгейіне жетсеңіз, сіз 70 пайыз ол тілді меңгердіңіз деген сөз. Алайда ана тілінде сөйлей алмайтын қазақтар мен өзге ұлт өкілін қазақшаға үйрететін ресейлік Дмитрий Петров біздің үмітімізді ақтамады. Қазақша білгісі келгендерге 2 аптада 300 сөзді үйретіп, сайратамыз деген мамандардың оқытқан азаматтары жүзден астам сөз білмек түгілі, екі сөздің басын қосып ойын жеткізе алмайды. Тіл білмейтіндерді оқыту үшін арнайы көрші елден шақыртылған Дмитрий Петровтың қазақ еліндегі алғашқы қадамы осылай басталды.

Қазақ тілін алыстан бір орыс азаматы үйретуге келіпті дегенді естігенде, бір күліп, бір қызарақтап қалдық. Әрине, былайғы жұрт «қазақтардың мұнысы несі?» деуі де мүмкін. Расында да, бізде қазақ тілін үйрену жөніндегі әдістемелік құралдар жасайтын мамандар мүлдем жоқ па? Әлде, тағы да ақшаны сыртқа шашудың амалы ма?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ