Жаңалықтар

АСТАНА ӘКIМI– ПАРИЖДЕ

ашық дереккөзі

АСТАНА ӘКIМI– ПАРИЖДЕ

Наурыз айының 2-шi жұлдызында Париж­дегi Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) штаб-пәтерiнде ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталес пен Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов кездестi. Кездесу барысында 2017 жылы ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесiн ұйымдастыруда Қазақстан елордасының үмiткерлiгiнiң құқығын тереңдету мақсатында қолға алынып жатқан шаралар жайында әңгiмелендi.

И.Тасмағамбетов Халықаралық көр­мелер қозғалысына қатысу­дың маңыздылығын айта келiп, ЭКСПО-ны экспонент-елдер үшiн өз жетiстiктерiнiң дамуы мен көрсетiлуiне көмектесетiн таза да, ашық жарыстың дүниежүзiлiк алаңы деп атады. Сонымен қатар, Астананың әкiмi Республиканың жаңа елордасын салудағы орасан зор тәжiрибесiн ескере келе, ЭКСПО-2017 бүкiл ұлттық жобасын iске асыру мен жеңiске жетуi үшiн Қазақстанда барлық мүмкiншiлiк бар екендiгiне сендiрдi.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­дентi Н.Ә.Назарбаевтың ұстан­ған саясаты мен халықаралық бастамалары, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделiнiң өсуiне, Астана­ның халықаралық iрi шараларды ұйымдастыру тәжiрибесi мен әлеуетiне ерекше назар аударған ХКБ басшысы Астананың 2030 жылға дейiнгi дамуы жөнiндегi бас жоспары жайлы да жақсы көзқарасын бiлдiрдi.

Қазақстанның Франциядағы елшiсi Нұрлан Дәненов қатысқан бұл кездесу барысында В.Лоссерталес өз ке­зегiнде қазақстандық тараптың өтiнiш-ұсынысын дайындаудағы қызметіне жо­ғары баға берді.