Жаңалықтар

ҚАЗАҚТА ТОЙ КӨП, БІРАҚ...

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТА ТОЙ КӨП, БІРАҚ...

Әрбiр құбылыстың түп-тұқиянын өшi кеткендей шұқшиып зерттейтiн ғалымдардың бiлмейтiн бәлесi жоқ. Сол ғалымдардың айтуынша,тұмса табиғаттан толықтай ажырай қоймаған, тылсым күштердi еш күмәнсiз мойындап, бас иетiн, елдiк, ұлттық санасы әлi балаң халықтар болмашының өзiне жас баладай қуанатын көрiнедi. Ұсақ нәрсеге де мәз-мейрам боп, үнемi шаттықпен өмiр сүредi екен. Бiр ғажабы, бiздiң қазақта да қуаныш көп. Бәйгеде ағайынның аты озып келсе – қуаныш! Құрдасы қатын алса – ол да сайран. Әлбетте, лайым қуаныштың көп болғаны жүдә жақсы. Бiрақ соңғы күндерi көршi Ресей Федерациясының президентi болып Владимир Путиннiң сайланғанына талайлардың жерден жетi қоян тапқандай шаттанғанын, әсiресе қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының қуанышы қойындарына неге соншалықты сыймағандарын түсiну – қиынның қиыны.

Еліміздің бірқатар қабыр­ғалы газеттері анау-мынау қазаққа қимайтын алдыңғы тұ­тас беттерін Путинге арнап, дәп бір парталас құрдасы немесе құйрық-бауыр жес­кен құдасы президент болып сайланғандай-ақ алақайлауда. «Путин – президент!» деп айқайға басты. «Қуанған мен қорыққан бірдей» дегендей әйтеуір барша қазақтан сүйінші сұрамағандарына шүкіршілік. Телеарналарымыздың көбі де осы «қуанышқа» телеэфирдің алтындай минуттарын молынан бөлгенін аңғару да онша қиын емес. Ең бастысы, В.Путиннің президент болып сайлануына байланысты тапсырыспен ұйымдастырылған хабарлар мен жазылған мақалалардың баршасында дерлік ерекше екпін, қуанышты леп, шалқыған көңіл-күй бірден аңғарылатыны сөзсіз. Қазақтың кейбір бұқаралық ақпарат құралдары неліктен осын­шалық алақайлауда? Әлде:

«Басқа тойды тойламасаң тойлама,

Екі жастың бақыт тойы тойлансын», – деп әндететініміздей басқа тойды тойламасақ та, Владимир Путин мырзаның сайлаудағы жеңісін салтанатпен атап өтейік деген ішкі есептері ме? Жалпы, Ресей көрші ел, кедендесіміз болғанымен Кремль билігі кезекті рет Путиннің қолына тигеніне қазақ неге соншалықты қуануы керек? Ресей стратегиялық серіктесіміз болғандықтан ба? Алайда өзге бірталай елдер де біздің стратегиялық серіктестеріміз ғой. Ол ел­дердің президенттігіне кім сайланса да осыншалық ала­қайламайтынымыз қалай? Шы­­нын айтуымыз керек, қалай болғанмен Ресей – біз үшін бәрібір шет ел. Ресей де бір, Африкадағы Руанда да бірдей. Екеуімен де теңдей қарым-қатынас жасауға тиіспіз. Әлде, Путиннің президент боп сайлансам, бар жақсылықты қазаққа жасаймын, төбесінен алтын құямын деген құпия уәдесі бар ма? Олай да емес сияқты. Біздің білетініміз, Путиннің Ресейді жаңа империяға айналдыру үшін жанталасып жүргені, КСРО-ны қайта тірілту жолында тынбай әрекет ететіні. Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) реформалауға күш салатыны туралы уәдесі. Ол қандай реформа? Тағы да баяғыдай бодандықтың қамыты мойнымызға ілінбей ме? Мұның бәрі жұмбақ. Бостандықтың, азат күннің дәмін татқан халықтардың бәрі іштей үрейленіп отырған қорқынышты жұмбақ…

Соған қарамастан Ресейдегі сайлаудың ертесіне-ақ кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын Ресей азаматтарын ат сабылтып іздеп тауып, пікірлерін қазбалап сұрап, көпірте сөйлетіп, қолтықтарына су бүріккендей болған жалпақшешейліктері мен жадағайлықтарына еріксіз таңдануға тура келеді. Тәуелсіз елдің тілшілері сөз сұрап, «кеңес» сұрап иіліп тұрса, еліміздегі 59 мыңдай Ресей азаматтарының іздегені сұрамай-ақ алдынан табылғаны емес пе?!

Ол шіркіндер де қамшы салдыртпай сырғиды. Иә, сөзбен сұлу сарай салады… сосын іштей «бізден әрі мәз болған мына байғұстар баяғы бодандық психология, құлдық санадан әлі арылмаған екен ғой» деп, саусақтарын ішке бүгетіні бесенеден белгілі. Өкінішке қарай, жалтақтығымызды тағы да таныттық. Әйтпесе, еліміздегі ресейлік азаматтар қалың нөпір – тұтас қауым дейтіндей емес, шөкімдей ғана топ. Қайта Эстония (119 мың 524) мен Украинада (98 мың 644) ресейлік азаматтардың саны біздегіден әлдеқайда басым. Бірақ эстондар мен украиндар Путин үшін дәп біздегідей алақайлай қоймайтыны бесенеден белгілі. Ал бізге бәрібір… Путиннің тойын да тойлаймыз, Пугачеваның да кезекті неке тойын тойлауға әрқашан дайынбыз… Прохоровтың да…

Жаңабек ШАҒАТАЙ