Жаңалықтар

Мәскеуден арнаулы тiлшiмiз Гүлбиғаш ОМАРОВА хабарлайды: ПУТИН ДЕГЕНІМІЗ – РЕСЕЙ МЕ?..

ашық дереккөзі

Мәскеуден арнаулы тiлшiмiз Гүлбиғаш ОМАРОВА хабарлайды: ПУТИН ДЕГЕНІМІЗ – РЕСЕЙ МЕ?..

Сайлау өттi.

Үшiншi рет президенттiкке сайланған Путин – КСРО тарағаннан кейiнгi Ресейдiң төртiншi президентi.

Ал ендi-ендi ояна бастаған орыс азаматтық санасы ойға қалды: Егер көзге анық көрiнетiндей жетiстiк болмаса, сайлаудың нәтижесi алдын-ала айқын болса, онда Болотный мен Сахаровтағы шерулер не үшiн керек едi?

«МӘСКЕУ КӨЗ ЖАСЫНА СЕНБЕЙДІ»

Мәскеуде дауыс берген бюллетендердің 94 пайызын өңдегенде, премьер-министрдің бас қалада 47 пайыздан сәл-ақ артық да-уыс жинағаны анық болды. Екінші орында 21 пайызға жуық дауыспен Михаил Прохоров тұрса, 19 пайыздан астам дауыс жинаған Геннадий Зюганов үшінші орынға ие. В.Жириновский мен С.Мироновтар 5-6 пайыз ғана дауыс алған.

Мәскеуде премьер-минстрдің елу па-йыз­ дауыс жинай алмағаны ненің белгісі? Көсемсөзші Александр Архангельскийдің айтуынша, «бүкілресейлік жеңімпаз Мәскеуде жеңіліске ұшырады». Өйткені мәскеуліктердің Путинге сенімі азайған. Тіпті мәскеуліктердің сайлаудағы белсенділігінің өзі төмен: 58 пайыздан сәл асады.

Болотный мен Сахаров алаңдарында шерулер ұйымдастырып, азаматтық бел­сен­ділік танытып жүргендердің дені мәс­кеу­ліктер екенін ескерсек, Путинге деген сенімнің мұншалықты төмен екендігіне таң қалудың реті жоқ.

Яғни егер ресейліктерге жаппай мәс­кеу­лік көңіл-күй тарайтын болса, онда Путин бұл сайлауда (тым болмаса, бірінші турда) жеңіліске ұшырар еді.

ОРЫС ҚОҒАМДЫҚ САНАСЫ ОЯНА БАСТАДЫ

Шындығында, Ресейде қазір мәскеулік және аймақтық деп бөлінетін екі көзқарас бар. Мәскеуліктер азаматтық сана-сезімі қалыптасуға бейім, ойы озық, көзі ашық топты құрайды. Олар үшін дәл қазір Путиннің сайлауда жеңіске жеткені емес, өздерінің саяси сергек сана-сезімі оянғаны әлдеқайда маңызды. Орысша айтқанда, яғни орыс көсемі Ленин айтпақшы, «Бір адым алға, екі адым артқа» дегенді ұстанатын сияқты. Олардың ойынша, қазірше Путин алты жылға сайлана тұрсын, ал олар азаматтық сана-сезімді қалыптастыру арқылы, халықтың рухын ояту арқылы жағдайды ішінара өзгерте бермек. Сөйтіп, күндердің күнінде, кісі қанын жүктемей, ананы жесір, баланы жетім етпей, елде төңкеріс жасамай-ақ өркениетті түрде демократиялық ашық қоғам құрамыз деген ойға тіреледі.

Шындығында, азаматтық қоғам құруды аңсағандар жетістіксіз емес. Соңғы кезде ресейліктердің азаматтық белсенділігі артып, Мемлекеттік думаға саяси жүйені либерализациялау туралы заң жобасының түсуі – осының айғағы.

Ресей президенті Дмитрий Медведев Лимонов пен Ходорковскийге қатысты шығарылған сот шешімінің қаншалықты заңға сәйкес екендігін тексеру жөнінде сұрау жіберді. Губернаторлар сайлауы қайта енгізілді. Саяси партияларды тіркеу үшін оларға қойылатын адам жинау талабы жеңілдетілді.

Мұның бәрі осы интернет арқылы сөйлесетін, ақ қар, көк мұзға қарамастан желтоқсан айынан бері Мәскеу алаңдарында шерулетіп жүрген демократияшыл топтың ықпалы демеске жөн жоқ.

Өткен жылдың желтоқсан айынан бері шеруге шыққандар ең әуелі әділ сайлау талабын қойғаны белгілі. Әрине, бұл талап толықтай орындалған жоқ. Ендігі Ресейдің саналы азаматтары осы белсенді шағын топтың пәсі басылып қала ма деген мазасыз ойда.

Екінші жағынан, саналы топ қазір наразылар мен өкпелілердің қолына қару алып, билікке қарсы шығып, елді бүлікке бастауына да үзілді-кесілді қарсы. Белгілі көсемсөзші Александр Архангельский бұл туралы былай дейді: «Мұндай бүлік Ресейді Горбачевтің тұсына дейінгі уақытқа кейінге шегереді». Сонымен, бұл жолы елде өзгеріс тілеген топ жеңілді. Өйткені қару алып ашық қарсылық көрсеткен жоқ. Екінші жағынан, олар жеңістен үміт үзбейді. Себебі қай кезде де үмітсіз – шайтан.

МАНЕЖ АЛАҢЫНА ПУШКИН АЛАҢЫ ҚАРСЫ…

Сайлау өтісімен Мәскеудегі Манеж және Пушкин алаңдарында бір-біріне кереғар екі ірі шеру өтті. Манеж алаңында – Путин мен Медведев бастаған жеңімпаз топтың дүрбелеңі, ал Пушкин алаңында – оппозициялық либералды топ бастаған жеңілген жақтың шеруі.

Манеж алаңындағылар ресейліктерді ендігі сайлау қорытындысын мойындап, ауызбірлік танытуға шақырса, Пушкин алаңындағылар өткен сайлауды «масқара» деп атады.

ІІМ дерегіне сенсек, Пушкин алаңына 14 мың адам жиналған, ал оппозицияның өз өкілдерінің айтуынша, акцияға 20 мың адам қатысқан. Оппозиция атынан саясаткерлер Борис Немцов, Владимир Рыжков, Михаил Касьянов, Михаил Прохоровтар сөйледі. М.Прохоровты жақтырмаған тобыр «миллион» сұрап, шу шығарды. Осының өзі билікке қарсы топтың арасында Прохоровты «өз адамымыз» деп қабылдауының қиын екенін аңғартады.

Пушкин алаңындағы акция Тверь көшесінің бойындағы шеруге ұласты. Полиция осы күні 250-дей белсендіні тұтқындауға мәжбүр болған. Ұсталғандардың ішінде белгілі блоггер Александр Навальный мен «Солшыл фронттың» үйлестірушісі Сергей Удальцов та бар.

Оппозиция өкілдері әділ сайлау үшін күресті жалғастыра бермек, бірақ ол бейбіт күрес болмақ.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ПУТИНДІ ТАҒЫ ДА МОЙЫНДАДЫ

Қазіргі таңда сайлау бюллетендерін санау әлі жалғасуда. Бірақ оппозиция өкілдері мен халықаралық бақылаушылардың ара-тұра айтылған сын-ескертпелеріне қарамастан, бұл жолы Путин анық жеңіске жетті деп айтуға негіз бар. Өйткені бұл жолы сайлау учаскелерінде қойылған веб-камералар да-уыс берудің әділ өткеніне сайлаушылардың басым көпшілігін сендірген сияқты.

Экзит-пол мамандарының өзі Ресейдің премьер-министрі бірінші турда-ақ жеңіске жеткенін жариялады. Әрине, белгілі бір деңгейде сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар болғаны да айтылды.

Халықаралық ұйымдар Ресейдегі сайлаудың қорытындысы «алдын-ала болжағандай» деп бағаласа да, оның қорытындысын мойындауға мәжбүр. АҚШ бастаған батыстық демократиялық елдер бірауыздан Владимир Путинді Ресей президенті болып сайлануымен құттықтап, онымен бұдан әрі әріптес болуға дайын екендіктерін білдіруде.

Дегенмен ЕҚЫҰ өкілдері Ресей­ премьер-министрі Путинді басқа үміткерлерге қарағанда БАҚ-та насихаты күштірек болды деп айыптады. Оның насихаты үшін әкімшілік тетіктің пайдаланғаны да айтылды.

Өткелден өтіп алған Путинді оппози­ция­ның сайлаудағы заң бұзу­шы­лық­тар туралы мәлімдемелері қобалжыта қоймайды. Ол сейсенбі күні кейбір партиялардың наразылығы сайлауға қатысы жоқ деп мәлімдеді. «Бұл саяси күрестің бір қыры, оның сайлауға еш қатысы жоқ», – деді премьер-министр. Путин тіпті 4 наурызда өткен сайлау Ресей қоғамын біріктіруші фактор болды деп санайды. «Көптеген азаматтарымыз шешім қабылдау қажеттігін түсінді» деді премьер-министр. «Осы бірлігіміз өте маңызды. Бұл – қоғамдық сана-сезімді дамыту жолындағы маңызды қадам, ол біздің болашақтағы егемендігімізді қамтамасыз етудің кепілі», – деді Путин.

КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІ – СӨЗІНДЕ

Путиннің қарсыластары В.Жириновский мен С.Миронов сайлаудың алдын ала қорытындылары жария болысымен, премьер-министрді жеңісімен құттықтауға асықты. Ал Михаил Прохоров болса: «Сайлау әділетсіз өтті деп даурыққанша, әрбір жағдайды жеке-дара алып қарап, әр заң бұзушылық дерегін жеке зерттеу қажет», – деп мәлімдеді. Мұның өзі саясаткердің жеңілісін мойындағанының белгісі еді.

Г.Зюгановтың партиясы КПРФ Пушкин алаңында сайлаудың әділетсіз өткені туралы наразылық акциясын ұйымдастыруға бастамашы болса да, кәрі коммунистің өзі алаңда төбе көрсетпеді.

Ал Жириновский мырза «енді алты жылдан соң тағы сайлауға түсемін» деп сайлау науқанын сайқымазаққа айналдыра жаздады.

ИНТЕРНЕТТЕ ПІКІР БАР…

Ресейде «интернет демократия» қарқын алып дамып келеді. Бүгінгі тәуелсіз саясат телевидение немесе газет беттерінде емес, интернет желісінде жасалуда.

Сайлау өтісімен интернетте қызу талқылау басталды. Олардың кейбіріне көз жүгіртсек…

Олег, Челябинск:

«Сайлау сайлаушылардың 50 пайызы қатысқан жағдайда сайлау өтті деп саналады. Қалған даурықпа айғайдың бәрі – шетелден ақша алғандардың дабырасы… Әділеттілік сезімі – жеке адамның бойындағы сезім, оны жария қылудың жөні жоқ. Адам бойындағы қызғаныш тудыра алған нәрсенің бәрі әділетсіз. Оппозицияның сайлаудың «әділетсіздігі» туралы мәлімдемесі – өз қызғанышын жанама түрде мойындауы ғана…».

Любовь, Самара:

«Бүгін «Евроньюста» сайлауда кілең заң бұзушылықтар болды деді. Кімге сенеміз сонда?»

Алекс Попов:

«Зюганов оны өзі де біледі. Егер КПРФ басында жас, әрі қуатты біреу болса, онда оның жеңіске жетуі әбден мүмкін еді. Дума сайлауында КПРФ-ке дауыс бердім. Ал Зюганов үшін ешуақытта дауыс бермеймін».

Саша:

«Абхазия мен О.Осетиядан келген бақылаушылар ақыры сайлауды әділ деп таныды. Одан соң Беларусь пен Түркімендер, одан соң ТМД-ның басқа мемлекеттері де…».

Тамара Саяпина:

«Бәрі баяғыдай-ақ… Бұл бақылаушылар туған елдеріне оралысымен, неге екені белгісіз бірден әңгімелері өзгеріп шыға келеді…».

James Adams, Бостон:

«Венесуэладан, Куба, Неуры, Вэнуаттан келген бақылаушылар?».

Сайлаудың алдын ала қорытындылары белгілі болысымен, Twitter желісіндегі микроблоктарда қызу талқылау басталды. Ал Владимир Путиннің аты-жөні жиі қайталанатын хэштегке айналды. Бұл үшін Путиннің аты-жөні әр сағат сайын кем дегенде 10-20 мың рет қайталануы тиіс еді. Интернеттегі талқылаудың жылдамдығын осыдан-ақ байқай беріңіз.

ПУТИН = РЕСЕЙ

4 наурызда кешкі сағат 11-де Манеж алаңында Путин мен Медведев өз жақтастарының алдына шығып, сөз сөйледі. «Біз таза жеңіске жеттік!» – деді Путин. Ал елді бүлікке салып, билікке қол жеткізем дегендер туралы Путин «Мұндай сценарийлерге жол жоқ!» деп айғайлады. «Ашық та әділ күресте біз жеңдік, біз жеңдік» деген сөздерден соң Путиннің көзіне жас толып қалды. Ал Медведев: «Бұл жеңіс бізге біздің еліміз заманауи, күшті әрі тәуелсіз болып қалуы үшін қажет», – деді байсалды түрде.

«Ұлы Ресейге «Иә» деп дауыс берген барша адамдарға рахмет», – деді Путин. Осылайша, Ресей дегеніміз – Путин, Путин дегеніміз Ресей болды…