Жаңалықтар

АЯЛЫ АЛАҚАННЫҢ АЛҒАШҚЫ БУЫНЫ

ашық дереккөзі

АЯЛЫ АЛАҚАННЫҢ АЛҒАШҚЫ БУЫНЫ

Бүгінде түнгі жастығын көзінің жа­сымен сулап, күндізінен түңілген, мұң­ына малынып, өмірден кінәсіз жас­қанған жандар бар. Өйткені қайғылы қара дерт мына тынымсыз тіршілікке қаратпайтындай етіп, жанына ұя салып алған. Уайы­мын кіммен бөлісерін білмейді, Алланы­ еске ала мешітке келеді. «Жей­тін наның болмаса, көшеге шығып, сұ­рау сұрасаң да, табасың ғой. Ал мына күйіме біреулер жи­ір­кене қараса, біреулер көзге іл­мей­ді. Тіпті білгісі келмей, ат тонын ала қашады. Білсеңіз ғой, қалай қиын екенін. Адам ретінде емес, ау­ру деп санағандардың көз жана­рынан іштей желінесің» – деген мұсыл­манның назынан көзіміз жерге түсетін болды.

Алланың пендесіне жаятын аялы алақаны әрдайым кең әрі оған ештеңе жетпейді. Дегенмен, шырылдаған жүректерге «Көп түкірсе көл болармен» жәрдем бе­руі, мұсылманның мұсылманға қарайласуы міндет пен парыз. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан об­лысының барлық мешіттерінде «Ал­тай­дың аялы алақаны» атты акция жа­рияланды. Яғни жер-жерлерде бү­гінгі экология немесе апат зардабы, туа біткен табиғи кемістіктерді басынан өткеріп жатқандар ажалдан аман қалса да, тығырықтан шы­ғу жолдарын қарастыруға қара­жат шамасы мен толыққанды жағ­дайы жетпей, тауы шағылған отбасы, мүгедек жарым жандар, жалғыз бас­ты немесе қасіретті балалық шақ си­яқ­ты медициналық оталауға мұқтаж мұсылмандарға мешіт жамиғатымен бі­ріккен қаржы көмегін көрсету. Бұл шараны ұйымдастыруға Алланың үйі мешіттен бастап, мемлекеттің әлеуметтік көмек алу кеңсе есіктерін тоздырған, Республикалық теледидар немесе баспасөз арқылы барша Қазақстандықтарға көмек сұрай жан шақырған үндер тиек болды. Сол себептен, мешіттен жұбаныш іздегендерге барша мұсылман елі мен жұртының кірісуі көзделінді. Мұндай аялы іске мешіт жамиғаты тіптен қуанды. Себебі, заманымен қатайған көңілді жібітетін, қайқайған белді бүгілтетін Алладан кейін, мұсылман жүрегінің қайырымдылығы дейді. Өткен жұмада аялы алақанның алғашқы буыны ретінде Зырян және Шемонаиха аудандық мешіттері іске кірісті. Бұл тұрғыда, дәрігерлердің шұғыл оталауға шығарылған шешім көшірмелерімен қатар, тікелей үлкен қалалар яғни Астана, Алматы және т.б. қалалардың ғылыми – медицина орталықтарының нақты анықтамалары мен нұсқаулары талап етілді. Сол бетте, биылғы жылдың қаңтар айында дүниеге келмей жатып, І топ мүгедектігіне ие болған Зырян ауданы, Бұқтырма кентінің балғын шақа тұрғыны Ельчибаев Темірлан Қуанышұлының ми құрылысынан басталған он екі мүшесі қозғалыссыз /паралич/ тума сал дертін дәлелдейтін қағаздарға жауап қатқан Қытай елі «Бинтуань» СУАР басты медицина орталығы «Миға ота жасау арқылы қозғалысқа келтіруге болады» деген шешімін анасына ұстатыпты. Одан кейін, екі мың алтыншы жылы бір келі салмаққа толмай дүниеге келген Қанатбекова Маржан Ержанқызы бүгінде мүгедектік қоларбада. Барлық сана – сезім мүшесі орта деңгейде дамығанымен, екі аяғының өкше сүйегі іштей кемірілуде. Жер басып жүрер әлі жоқ, үнемі Республикалық балаларды оңалту орталығының бақылауында. Бұл жерде ең бастысы – ізгі ниет. «Аз тамшы мол берекеге апарар» деген ниеттегі мешіт пен оның жамиғаты екі баланың ата – аналарына қасиетті жұма күні біршама көлемде қаржы жинап берді. Дегенмен науқастың сауығуына шығар жол бірден – бір оталау болған күнде, бұл мүмкіндіктер өз елімізде жасалынып жатса игі болар еді. Мына жағдайларда бірі Қытай асады, бірі Ресей барады. Ал қаражат қалтаға келіп тіреледі. Хадистерде көзі соқыр мен ала­­­пес және кедей үш адамды Алланың періштесі келіп, үшеуін де баста­рын­дағы үш қайғыдан құтқарғаны туралы оқиға баяндалған. Содан бірнеше жылдан кейін әлгі періште оларды сынағысы келіп, үшеуіне мүсәпір күйінде қайта оралғанда, ешбіреуі періштені танымайды. Тек өткен қайғыларын ұмытқандардан соқыр адамға сонау бір қараңғы түнегі көз алдына қайта келіп, мүсәпірге жәрдем берген еді. Сонымен қатар, хадистегі «Садақа беріп, жақсылық жасау – жамандықты қайтарып, өмірді ұзартады» дегенді бабаларымыз бір сөзбен «Сауыңда садақа бер» деген. Ал мұндай мейірімділік шаралары мешіт жамағаты арасында жалғасын тауып, дәстүрге айналдыру жоспарда. Кезегімен Күршім және Зайсан ауданы, Өскемен мешіттері дайындалуда. Сондықтан тағдырына назды жандарға айтарымыз, дүниеде иманды да жомарт адамдар бар. Олар тұрғанда дүниеде жақсылық өшпейді. Ең бастысы ұлы қазақ халқы әрдайым мұңдының қолын бос қайырмаған. Мұқтаждың көңіліне бірінші демеу Алла, одан кейін жиырма жастағы жасампаз жомарт қазақ елі. Сіздер ешқашан жалғыз емессіздер, «Жалғызбын деме, қасыңда Алла, досым жоқ деме, жолдасың Алла…»

Нұрлан АСАНОВ

,Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының

Өскемен аймақтық өкiл имамы