ӘЙЕЛ
ӘЙЕЛ
Әйелді сен әйел ғой деп қызба тым,
бұл сөзіңде қатып қалған мұз жатыр.
Нәп-нәзік-ақ сол әйелдің бойында,
біз білмейтін құпия бір күш жатыр.
Әйел – қайсар,
әйел – қуат айбынды,
есепке алма мұны айтқанда жай күнді.
Ауыр кезде Алатаудай биіктеп,
көтереді Қаратаудай қайғыңды.
Көзбен қарап тас жүректі табады ол,
тас жүректі жаңғақ қылып шағады ол.
Темір үзер тентегіңді керексе,
бір тал шашпен байлап тастай алады ол.
Көрген кезде жала әкелген құсаны,
қанат байлап періште боп ұшады.
Керек кезде үй күшік қып кезбені,
безбүйректі ерітеді құшағы.
Әйелді мен құдірет деп айта алам,
Күш бар онда теңізіңді шайқаған.
Әйел, әйел, алғыс айтса,
мұз еріп,
күйген ағаш көктеп шығар қайтадан.
Сенбегендер бар қызықтан құр қалсын.
Құр қалсын да аласұрып жындансын.
Әйел, әйел қарғамасын, – қарғаса
қара тас боп қатып қалар кім болсын.
Сапында ол барлық ғажап жеңістің,
Сапында ол барлық ғажап ер істің.
Ол күрсінсе – өртке оранып дүние,
ол жыласа – топан басар жер үстін.
Жоламасын саған енді қараңғы ой.
әйел деген қорғаның ғой, қамал ғой.
Әйел деген қызың және жан-жарың,
әйел деген қарындасың, анаң ғой.
Әйелді сен әйел ғой деп қызба тым.
бұл сөзіңде қатып қалған мұз жатыр.
Нәп-нәзік-ақ сол әйелдің бойында,
біз білмейтін құпия бір күш жатыр.
Айтқызбаңдар, сондықтан да қарғысын,
айтқызыңдар, айтқызыңдар алғысын.
Құпия бір күш бар оның бойында,
махаббат деп аталады ол күшің.
Жүрмейді ол ерекше бір сый аңсап,
жүрмейді ол ерекше бір күй аңсап.
Бұл тіршілік болар еді-ау басқаша,
оны біздер әйел құсап сүйе алсақ.