Жаңалықтар

ОЙЫНХАНАНЫҢ ЖАРНАМАСЫНА НЕГЕ ТЫЙЫМ БОЛМАЙДЫ?

ашық дереккөзі

ОЙЫНХАНАНЫҢ ЖАРНАМАСЫНА НЕГЕ ТЫЙЫМ БОЛМАЙДЫ?

Бір кездері Алматы қаласы құмар ойындарының ордасына айналған еді. Қаншама отағасы құмардың түбіне еніп кетіп, отбасының ойранын шығарды да. Ел Үкіметі 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, құмар ойындарын Қапшағай, Шортанды қалаларына көшіру туралы шешім шығарған болатын.

Алайда, құмар ойындары құрық салғызбай келеді. Заңның күшіне мінгеніне бес жылға жуықтаса да, Алматы қаласында астыртын жұмыс істейтін ойынханалар баршылық көрінеді. Мұны тіпті заң органдарының өзі жоққа шығармайды. Халқы тығыз шоғырланған «Қалқаман» ықшамауданында шамы жарқырап тұратын ойын автоматы талайдан көзге түрпідей көрінген. Әрі-бері сапырылысқан жұрттың бірі болмаса екіншісі сол дүңгіршікке кіріп-шығып жататын үнемі. Осы ойын автоматының ашықтан-ашық жұмыс істеп келгеніне таңқалғанмын сол кезде. Арада біраз уақыт өткенде әлгі ойын автоматы дүңгіршігін көлікке тиеп, тәркілеп жатқанын көрдім. Бұл ойын автоматы бұған дейін неліктен құзырлы органдардың құрығына түспеді? Бұл жағы күңгірт. Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменті былтыр Төле би даңғылы мен Тұрғұт Өзал көшесінің қиылысындағы «Алтын айдаһар» мейрамханасының қожайыны Олег Фольмердің сотталғанын мәлімдеді. Қаржы полицейлерінің тексерісі кезінде мейрамханадан 28 ойын автоматы бары анықталған. Одан бөлек 845 300 теңге ақша да табылды. Жедел іздестіру шарасы кезінде Сейфуллин даңғылындағы «Маяк» қонақүй кешенінен 54 автоматтың 839 110 теңгені айналдырғаны белгілі болды. Мейманхана иесі – Өзбекстан Республикасының азаматы Сон Бористің үстінен заңсыз кәсіпкерлігі үшін қылмыстық іс қозғалды. Түрксіб аудандық соты оған 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, ойын автоматтарына салынған 800 мың теңгедей қаржыны мемлекетіміздің қазынасына аударды. Міне, осы сияқты астыртын бизнесін дөңгелетіп жүрген заңсыз кәсіпкерлер жетіп артылады. Ол ол ма, қазір Алматының кейбір көшелерінде Қапшағай қаласындағы ойынханалардың жарнамасы жер жарып тұр. Тіпті, көлемі жағынан үлкен бильбордтар ерекше «мен мұндалайды». Негізі заң бойынша ойынханалар мен ойын автоматтары жұмысын аталмыш Қапшағай мен Шортанды қалаларында жүргізуі тиіс еді. Заңның құмар ойындарына тыйым салғаны рас. Ал жарнамасына неге көңіл бөлмейді? Әлде, Алматы қаласының құзыретті мекемесі сол жарнама үшін қомақты ақша алып та отыр ма? Бұл Алматы қаласының қалталы азаматтарын тартудың жолы шығар, кім білсін? Бірақ та сол арқылы жастардың санасын улап жатқанымызды неге түсінбейміз?

Жәнiбек ӘШIМ