ӘКЕСІЗ ӨСКЕНДЕРДІ ӨЗЕККЕ ТЕППЕЙІК...
ӘКЕСІЗ ӨСКЕНДЕРДІ ӨЗЕККЕ ТЕППЕЙІК...
Өзім 77 жастағы өмірден көргені де, түйгені де көп, алтын асықтай бала туып, немере сүйген әжемін. Зейнеткерлікке шыққаныма 20 жылдан асса да, баспасөз бетінен ажыраған емеспін. Газет-журналдарға жазылып, оқып тұрамын. Кейбір мақалаға пікір де жазам. Халықаралық «Түркістан» газетінің №5 санындағы «Ана капиталы» бізге де керек» атты мақаланы оқып, оның құптайтын әрі құптамайтын жағының бар екенін дәлелдеп айту үшін қолыма қалам алдым.
Ұлы Отан соғысы жылдарының суығына тоңып, ыстығына күйіп өскен ұрпақтың өкілімін. Біз аштық пен жоқтықты да бастан кешіп, барымызға қанағат еттік. Алақан жаю дегеннің не екенін білген емеспіз. Ана болған 1950-60 жылдары соғыстан кейінгі шаруашылық қалпына келе қоймаған жоқ-жұтана жылдар еді. Перзентханадан шығарда алғашқы баламды орап алатын жаялық та таппай, жыртық көйлекке орағаным әлі есімде. Ол кезде босанған соң екі айдан кейін жұмысқа шықпасаң, орныңа басқа біреу ие болады. Сәбиін құшақтап жұмыссыз қалған анаға ешкім қорған бола алмайтын, ол кездегі заң солай. Бір айта кетерлігі, тек «некесіз бала туған» дегенді естіген де, көрген де емеспін. Заманы басқаның амалы басқа ма, әлде даяр асқа тік қасық етіп тәрбиелене ме, әйтеуір қазіргі шаңырақ көтеріп жатқан жастар көп ұзамай айрылысып жатады. Қиындықпен күресудің орнына, екеуі екі жаққа кетеді. Соның салдарынан бала не әкесіз, не шешесіз қалады. Екі ортада бейкүнә сәби азабын тартады. Содан кейін де жетімхана іші тастанды балаға толы. Теледидардан көріп, баспасөз бетінен оқығанда жаным түршігеді. Осы екі жағдай мені де сырт қалдырмады. 1980 жылдардың ортасында үлкен қызым Алматыдағы жоғары оқудың бірін бітіріп, сол жақтың бір азаматына «қашып» кетті. Бір жылдан соң сәбиін құшақтап өзі келді. Жазған құлда шаршау бар ма, сәбиді бауырыма басып, меншіктеп өсірдім. Құжаты әкесінің атында. 2005 жылы институт бітіріп, Астанаға барып жұмысқа тұрды. Жалдамалы пәтерде тұрып жүрген немере қызым зорлықтың құрбаны болып, ана атанды. Енді қартайып, басым жерге жетуге жақындағанда, шөбере бағуыма тура келді. Қазір 2 жарым жаста. Нағыз мазасыз кезі. Әбден қалжырап, шаршаймын. Материалдық жағдайдың қиындығынан немере қызымды Астанаға жұмысқа жібердім. Баспанасы жоқ, өзі пәтерде тұрады. Шөберем ер бала. Ертең ержеткенде одан «қалай өстің, кімнің баласысың? Сені азамат етіп өсірген кім?» – біреу-міреу сұрап, әскер қатарына шақырады-ау деген ойға қаламын. Қазір бұл баланы зейнетақыммен ғана жеткізіп келемін. Сенатор Ғани Қасымовтың ұсынысы, барлық сәбилер үшін емес, менің бауырымда қалған сәби сияқты, т.б. панасыздарға арналса деген ойым бар. Менің басымдағы жағдай көптеген әжелердің басында бар екені рас. Егер баспанасы болса, немере қызым сәбиін өзі алып кетер еді. Ғани Қасымов білек сыбанып кіріссе, нәтиже шығатынына сенімдімін. Жалғызбасты аналарға жан-жақты қамқорлық жасалса, әрбір сәби туған анасының бауырында өсер еді. Мына мен сияқты қарт әжелерді бейнеттен құтқарып, батасын алар еді. Сөз соңында айтарым, депутаттар әсіресе әкесіз туылғандарды ерекше еске алса деген ойым бар. Өйткені менің жанайқайым көптеген жандардың жанына батқан жара екені анық.
Шәрбан РЫСМАҒАМБЕТОВА,зейнеткер
Қарағанды облысы