ТҮРМЕЛЕРДЕ ТҮЙТКIЛ КӨП
ТҮРМЕЛЕРДЕ ТҮЙТКIЛ КӨП
Өмiрде сәл сүрiнiп кеткен не аяғын абайсызда шалыс басқандар көп арамызда. Заң шеңберiнен шығып кеткен кейбiр отандас темiр тордың арғы жағында өтеп жатыр жазасын. Бiрақ түрмелердiң қазiргi ахуалы, ондағы тұтқындардың жағдайы қаншалықты жақсы? Белгiлi бiр уақыттан кейiн заңды түрде бостандыққа шығатындардың басым бөлiгi неге дiмкәс? Әсiресе туберкулезге шалдыққандары неге көп? Қылмыстық жазасын өтеу мекемелерiндегi жағдайды жақсарту үшiн не iстеу керек? Бүгiнгi қылмыскердiң ертең бiзге лайықты көршi, лайықты отандас болуы үшiн не iстеген абзал? Бұл туралы Алматыдағы халықаралық конференцияға Германиядан арнайы келген қонақтар ой бөлiстi.
Фридрих Эберт атындағы қор мен «Exclusive» шолу-сараптамалық журналының ұйымдастыруымен Алматыда өткізілген «Қылмыстық-атқарушы жүйені ізгілендіру: Қазақстан мен Германия тәжірибесі» тақырыбындағы халықаралық конференцияда екі мемлекеттегі қылмыстық жазаны өтеу мен конституциялық құқықтың сақталуы, рақымшылық жасау, түрмелерде қылмыстық жазасын өтеген тұтқындардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуі, әділет саласындағы әлеуметтік қызметтермен ынтымақтастығы т.б. мәселелерді жан-жақты талқыға салды.
Берлин Сенаты Әділет басқармасының ІІІ қылмыстық-атқарушы жүйесі департаментінің өкілі, ІІІ А – Бақылау және жобалау рефератының жетекшісі Сюзанне Герлахтың пікірінше, қылмыстық жазаға тартылғандардың жазасын өтеу мекемелерінде құқықтары аяққа тапталмай, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпауға күш салу керек. Берлиндегі ашық қылмыстық-жазасын өтеу мекемесінің басшысы Уве Майер-Одевальд Германиядағы жазасын өтеу туралы заңның басты мақсаты тұтқындағыларға деген қарым-қатынастың адамгершілік қағидаларға сай болуы, жеке бас және әлеуметтік қауіпсіздігі, терезесі тең дәрежеде қабылдау екендігін айтты.
Бүгінде еліміздегі қылмыстық жазасын өтеу мекемелерінің жағдайы аса жақсы емес. Құқықтық саясатты зерттеу орталығы директорының орынбасары Татьяна Зинович түрмелердің аузы-мұрындарынан шыға лық толғанын, жағдай жасалмағандықтан, ондағы азаматтардың қарапайым құқықтары аяққа жиі тапталатынын, ең сорақысы, түрлі ішек ауруларының етек алатынын көлденең тартты. Зиновичтің айтуынша, бүгінде жазасын өтеп жатқандардың 41 пайызы – 1-3 жылға, 10 пайызы 1 жылға дейін бас бостандығынан айрылғандар. Отандық құқық қорғау саласының қызметкерлері әсіресе жасөспірімдер мен жастарға қатысты кесілетін үкімдерге алаңдайды. Мәселен өмір бойы темір торға тоғытылғандардың көпшілігі 22-25 жастағылар. Олар рақымшылық жасалған күннің өзінде кем дегенде 25 жылды қапаста өткізуге мәжбүр. Бұл орайда германиялықтардың айтар өз ұсынысы бар. Өйткені оларда қылмыстық жазасын өтеушілер қабырғалары биік, темір тормен қапталған мекемелерде емес, ашық мекемелерде тұрады. Ал кәмелеттік жасқа толмағандарды 14-18 жас аралығы және 18-24 жас аралығы деп екі топқа бөледі. Заңдық тұрғыда арнайы қарастырылмаса да олар жазасын өтеу мекемелерінде ересектерден бөлек орналастырылады. Ондай орындардың ерекшелігі сол, түрме деген аты ғана, Германиядағы түрмелерде адамдарға жақсы жағдай жасалған. Төсектері бөлек, теледидар, тоңазытқыш, тіпті бөлек асүйі де бар. Кәдімгі жатақхана немесе қонақүй сияқты. Уве Майер-Одевальдтың айтуынша, мекеме кешкі сағат 9-да ғана жабылады екен. Жазасын өтеушілерді көргісі келетіндерге есік қашан да ашық. Тек арнайы тексерістен өтуі тиіс. Бірақ мұндай тексерулер адвокаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйымдар т.б. өкілдеріне жүргізілмейді Сонымен қатар түрмедегілерге реабилитациялық шаралар жиі ұйымдастырылады екен. Олардың қатарында әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсету, психологиялық демеу, қылмысқа себеп болған мәселені қайта ой елегінен өткізіп, кемшіліктерді жоюға көмектесу, қаржылық міндеттерді реттеу, еңбек ету, білім алу, кәсіби біліктілікті жоғарылату, жүйкенің сыр беруі салдарынан пайда болатын дерттерді емдеу т.б. бар. Германиялық қонақтар отандық құқық қорғаушылардың «Президент Н.Назарбаев та Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелеріндегі азаматтарды жеке камераларда ұстау жолын қарастыруға тапсырма берді» деген сөзіне таң қалды. Өйткені олардың ұғымында бірнеше адамды топырлатып бір камерада ұстау немесе орын жетіспесе де үсті-үстіне қамау – мүмкін емес нәрсе. Бұл орайда Сюзанне Герлах ханым жазасын өтеу мекемелеріндегі азаматтар әлеуметтік тұрғыда әлсіз келетіндіктен, оларға қажетті жағдайды жасау керектігін айтты. Камера мәселесінде Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Эльвира Пак ханым бір адамдық камера болмаса да, екі не төрт адамға бір камерадан бөлген дұрыс шығар деген пікірде: «Бір бөлмеге 50-60 адамды топырлату – дұрыс емес. Тұтқында отырғандарға да адамша өмір сүруге лайық жағдай жасалуы тиіс». Кәмелеттік жасқа толмағандардың бүгінгі ахуалы жайлы сөз қозғаған адвокат Инара Алдыбаева бүкіл республика бойынша жас кезінде шалыс басып, қылмыстық жазаға тартылғандардың тек Алматыда ғана бар екенін, бұл жас балаларға кері әсер ететінін ескертті. Өйткені сотталушылардың көпшілігі әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың өкілдері болғандықтан олардың Алматыдан шалғай орналасқан аймақтарда тұратын ата-аналары, туған-туыстарымен жиі кездесуі оңай емес. Бұл жасөспірімдердің психикасына кері әсер етіп, ертеңгі күнге деген үмітін талқандайды. Осы орайда ҚР қылмыстық-жазасын өтеу жүйесі бойынша тәуелсіз сарапшы Өміржан Тоқтиев маңдайларына «қылмыскер» таңбасы басылған жастармен жұмыс істеу қиындығына тоқталды. Жазасын өтеу орындарында қызмет ететіндерден ерекше қатынасты талап етеді. Себебі кәмелетке толмаған балалар (аяғын шалыс басса да, бала – түрмеде де бала) алдағанды кешірмейді, өтірікке жандары қас, қорлағанды, мазақтағанды көтере алмайды, демек әрбір түрме қызметкері олардың алдында беделін сақтай білуі тиіс. Темір тордың ар жағында отырғандарға қысым-жасау, қорлау, зорлық-зомбылық жасау оқиғалары бізде жиі кездеседі. Мұндай келеңсіздіктер кейде германиялық түрмелерде де кездеседі екен. Бір қызметкерінің шырт ұйқыда жатқандардың бетіне жарық түсіріп «ойнағанын» айтқан Уве Майер-Одельвад «Бұл – жазасын өтеушілерді қорлау. Мұндайға әсте жол берілмеу керек» деді. Немістер жерінде заң алдындағы жазасын өтеушілерге рухани тұрғыда дем беруге ықпалды тұлғалармен де жиі кездесулер ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Бұл әдіс негізі бізде де жиі қолданылатын. Бірақ жуырда ғана қоғамдық орындарда, сондай-ақ, түрмелерде намаз оқитын бөлмелерді, өзге дін өкілдеріне арналған ғибадатханаларды жауып тастау қоғам тарапынан біраз дау тудырды. Халықаралық конференцияға жиылған отандық сарапшылардың барлығы да бірауыздан намазханаларды қайта ашу керек деген ой айтты.
Бүгінде Қазақ қоғамында қапастағылардың тағдырына екінің бірі алаңдамайтыны анық. Тек тағдырдың жазуымен түрмелерге ісі түскендер ғана болмаса. Алайда жүрегінде иманы бар әрбір пенде бостандығы шектеліп, темір тордың ар жағынан телміргендердің жағдайына сәл бас ауыртса, артық болмас еді. Өйткені сырт қарағанда сізге не бізге қатысы жоқ көрінген, күні ертең арамызға қайта қосылатындар бәрібір бізбен, яғни қоғаммен байланыста болары анық. Бұл орайда Эльвира Пак ханым: «Герлах ханым дұрыс айтты, түрмеде отырған бүгінгі тұтқын ертең сіздің көршіңіз болмақ. Сондықтан қоғам қылмыстық жазасын өтеу орындарындағы бүгінгі жағдайды, тұтқындардың ахуалын кеңінен талқыға салу керек. Жері ұлан-ғайыр кең Қазақстанның халқы тым аз, 16 млн. сәл ғана асады, бірақ соған қарамастан, 55 мыңнан астам азаматтың қапаста отыруы – тым жоғары көрсеткіш. Қоғам үшін өзекті проблема саналатын осы мәселені сарапшылар, қоғам қайраткерлері оңтайлы шешудің жолдарын іздегені абзал. Ал кейбір балалардың қылмыс жасауға бейім тұру себебін мен өз басым әр отбасындағы, білім ордаларындағы тәрбие жұмыстарының кемшін түсетіндігінен көремін. Өз Отанын шексіз сүйетін, Туған жер дегенде жанын қиюға дайын тұратын шын патриоттарды дайындау – отбасы, мектептер, оқу ордалары мен қоғам алдындағы үлкен міндет.
Конференция барысында Уве Майер-Одевальд мырза өзінің студенттеріне жиі айтатын сөзін қайталады: «Әр азаматтың адамгершілігі оның балаларға, қарттарға және тұтқындарға деген қарым-қатынасына қарай бағаланады». Халықаралық деңгейде өткізілген бұл шараны Майер-Одевальд мырзаның осы сөзімен қорытындылаған саясаттанушы Расул Жұмалы: «Жалпы, ішкі өнім жағынан алғанда Қазақстан Германиямен бәсекелесе алмайды. Қазақстанда қылмыстық жазасын өтеушілерге ЖІӨ-нің 0,1 пайызы жұмсалады. Сондай-ақ түрмедегілердің проблемасы тек қаржылық шығындармен шектелмейді. Ақшаны қапастағылардың есебінен үнемдеу, оларды тұрмысы төмен, жағдайы нашар барақтарға қамау қиындықтарды ушықтырып жібереді. Туберкулездің өзін алсақ жетіп жатыр. Түрмеден шыққан аурулар қанша адамға жұқтырып, қанша адамның тағдыры тәлкекке түседі? Үнемдейміз деп жүргенде шаш-етектен шығынға батпаймыз ба? Бір адамды туберкулезден емдеу қанша тұрады? Осыны естен шығармау қажет», – деді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ