Жаңалықтар

«МАНАС» ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ӘУРЕСI

ашық дереккөзі

«МАНАС» ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ӘУРЕСI

Кеңес кезеңiнде Қырғызстанды ширек ғасыр басқарып, қазiр сексеннiң сеңгiрiне шыққан қадiрлi ақсақал Тұрдақұн Үсiбалиев Фрунзеде (қазiргi Бiшкекте) мәрмәр тастан талай ғимаратты салдыртқан. Сол «тас сарайлардың» бiрi – Халықаралық «Манас» әуежайы болатын. Оны қаладан тым алыста, 23 шақырым қашықтықта, неге үлкен етiп салды деп айтқандар да болған. «Керектi тастың ауырлығы жоқ» екен, нысан 1981 жылы пайдалануға берiлгеннен кейiн 20 жыл өткен соң ғана мемлекет оның пайдасын көре бастаған. Тұрдақұн ақсақал бұл жағынан көрегендiк жасапты. Бiрақ ендi «Манас» әуежайының пайдасынан әуресi көп болатын түрi бар.

Қырғызстан тәуелсіздікке ие болған соң көп өтпей, әуежайға «жолақ жүнді кәрі бүркіт» АҚШ-тың көзі түсіп, мемлекет басшысы Асқар Ақаевтың тілін тауып, ол жерге 2001 жылы «Ганси» деп аталған әскери әуе базасын орнатып алды. Құрманбек Бакиевтің билігі тұсынан бастап бұл нысан заман ағымына ыңғайланып, қарапайым халықтың жүйкесіне тимейтін «Транзиттік жүк тасу орталығы» деген атпен қызметін атқарып жатыр.

Осыдан кейін-ақ елдің бір бөлігінің «оны алып кетсін» деген наразылығы басталып, бұл үрдіс бір басылып, бір көтеріліп, күн тәртібінен еш түспей келеді. Бір қатар саясатшылардың сарабы және «ұзынқұлақ» хабарларға қарағанда Ресей билігіне бұл нысанның мұнда тұрақтап қалғаны мүлде ұнамайтын көрінеді.«Манастан» 30 шақырым шығыс тарапта Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына (ҰҚКҰ) қарайтын Ресей әскери әуе күштерінің базасы бар. Осы «екі қошқардың басы» қалай қозғалса да бір қазанға сияр емес. Өткен жылдың 30 қазанында Қырғызстанның жаңа президенті сайланғаннан бері, қырғыз-америкалық қандай іс-шара болмасын, әуе жай мәселесі қозғалмай қалған емес. 20 ақпанда Президент Алмазбек Атамбаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы жәрдемшісінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша орынбасары Сьюзен Эллиот айым бастаған делегацияны қабыл алып, 2014 жылдың жазында АҚШ өзінің әскер контигентін Қырғызстаннан алып кетуі керектігін тағы да қадап айтты. Делегацияның құрамында АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Памела Спратлен және қарулы күштерінің ығайлары мен сығайлары – АҚШ-тың қорғаныс министрінің Ауғанстан, Пәкстан және Орталық Азия бойынша өкілі Дэвид Сэдни, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Орталық Азия бойынша бюроның директоры Линн Трейси және тағы бір әскери дөкей генерал-майор Джон Николсон болды. 23 ақпан Қырғызстанда мейрам – Отанды қорғау күні. Кеңестік кезеңнен қалған белгі бұл. Америкалық генералдар әріптестерін бұл мерекемен құттықтап келмегені анық.

«Манас» әуежайындағы Транзиттік жүк тасу орталығында АҚШ-тың 1200-дей әскері қызметтерін өтеуде. Пентагонның ресми мәлі­ме­тіне қарағанда, «Манас» арқылы Ауғанстан­ға ай сайын коалициялық күштердің 15 000 әскер адамы қатынап тұрады, 500 тонна жүгі әкелінеді. Бұл ресми дерек, ауыр жүк көтергіш ұшақтармен не келіп, не кетіп жатқанын өздерінен басқа кім анық білсін?! АҚШ жерді жалға алғаны үшін бұрын Қырғызстанға жыл сайын 26 миллион 620 мың доллар төлеп келсе, 2011 жылдан бастап жылына 60 миллион доллар төлей бастады.Президент Алмазбек Атамбаев АҚШ әскерлер орталығының Қырғызстанға керек еместігін өлкенің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен дәйектеп келеді. Президент және кейбір депутаттар (Жоғарғы Кеңештің депутаты Садыр Жапаров) айтып жүргендей, Таяу Шығыста, мысалы АҚШ пен Иранның ортасында соғыс оты тұтанып кетсе, АҚШ-тың қарсыластары Бішкектегі әскер базасын да ракеталық соққыға алуы мүмкін. Мемлекет басшысының және депутаттың мұндай көзқарастарына деген ойын белгілі саясаткер Оразбек Молдалиев түсініктеме беріп те жіберді. «Соғыс әрекеттері болған жағдайда Қырғызстанға ешқандай қорқыныш төнбейді. Біздің өлке Иранмен халықаралық келісімге қол қойған, оның үстіне Қырғызстан ҰҚКҰ-ның мүшесі. Тіпті Иран америкалық базаны талқандау үшін бізге қарай ракетасын бағыттайтын болса, ҰҚКҰ-ның қатысушылары біздің қауіпсіздігімізді қорғауға дереу кіріседі», – деп қырғыз әуе күштері халықаралық жаттығуларда өзін жақсы жағынан көрсеткенін тілге тиек ете келіп, «Мен сеніммен айта аламын, біздің жетік әскери-әуе күштеріміз аспанымызды қорғай алады», – деп тұжырымдады. Оразбек Молдалиевтің мәлімдеуінен біріншіден, оның дүниежүзілік соғыстың басталып кету қаупіне мән бермегенін, екіншіден, оған сабақтас, ҰҚКҰ тұрғанда біз қорықпаймыз деп АҚШ-қа қыр көрсетуін аңғарамыз.

Қырғыз элитасы бір мезгілде Ресей және АҚШ әскери әуе күштерінің Қырғызстанның жерінде орналасып отырғанына әртүрлі пікірлерін білдіріп келеді. Біреулері тең салмақтылық болу үшін екеуінің де тұрғаны дұрыс десе, екіншілері АҚШ-пен бірге болайық, үшіншілері Ресеймен бірге болайық деп жүр. Президент Алмазбек Атамбаев осы үшінші қағидатты қазір берік ұстануда. Сірә, мемлекет басшысы бір ғана кеменің басын ұстағанды, онда да сыры мәлімін жөн көріп отырған сияқты.

24 ақпанда Мәскеуге Манастың ескерт­кі­шін ашуға барған іс-сапарында президент Алмазбек Атамбаев Ресейдің президенті Дмитрий Медведевпен, премьер-министр Владимир Путинмен жолықты. Атамбаев Ресей президентіне Қырғызстанның Қант қаласын­дағы әскер базасы 4 жылдан бері жалақысын төлемей жатқанын, қарыздары 15 миллион доллар болып қалғандығын, сондай-ақ өздері басында уәде еткендей олар қырғызстандық ұшқыштарды оқытпай жатқандығын айтқан. Дмитрий Анатольевич Ресей тараптың сондай аз ақша төлеп келгеніне және оны уақытында бермегеніне таң қалып, ашуланып, қорғаныс министріне он күннің ішінде төлеп беріңдер деп Алмазбек Шаршембаевтың көзінше телефон соққан.

Ресей Президентімен кездескеннен кейін Алмазбек Атамбаев Ресей журналистерінің сұрауларына жауап бере келіп: «Мен қамшыдан да қорықпаймын, маған тәтті тоқаштың да керегі жоқ. Біздің өлкеміз өзін-өзі асырап кете алады. Асықпай, кезең-кезеңімен әрекет етеміз. Бұйырса, 2014 жылы бір базаны өлкемізден шығарамыз», – деп америкалық база туралы шешімін өзгертпейтінін қайталады.

Сонымен бірге А. Атамбаев Қырғызстанның Кеден Одағына кіруіне Қазақстанның Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдау көрсететініне сеніп отырғанын мәлімдеді.

Ресейдің әскер базасының қарызы ту­ра­лы мәселе қозғалғанда,таяқтың бір ұшы ресейліктерге тигенмен, екінші ұшы қырғыз­стандықтардың өзіне де тиді. Атамбаевтың бұл сөзінен соң, Кремль дереу Қырғызстанның Ресейге 493 миллион доллар қарызын қау­зап шықты. Оның 193 миллионы өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында, 300 миллионы 2009 жылы берілген. Бұл қаражаттарды қайтарудың жолдары бірнеше жылдан бері оқтын-оқтын талқыланып келген еді. Қырғызстан қарыздан құтылу үшін Бішкектегі трансұлттық «Дастан» атты қорғаныс кәсіпорнының 48 пайыз акциясын Ресейге беруді ойластыруда. КСРО кезінде бұл жерде әскери сүңгуір қайықтарды шығарған одақтық дәрежедегі құпия зауыт болған.

Атап өтсек Қанттағы әуе базасын есеп­­­те­мегенде, бүгінгі күнде Ресейдің Қырғыз­станда үш әскерилендірілген нысаны бар: Ыстықкөлдің қиыр шығыс жағалауындағы Қарақол (бұрынғы Пржевальск) қаласындағы кеме қару-жарақтарына қарсы сынақ базасы, Шу облысының Шалдуар елді мекеніндегі байланыс торабы және Жалалабад облысының Майлы-Су ауданындағы жер сілкінісін зерттейтін бекет.

Қырғызстандағы «батысшыл» бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ Алмазбек Атамбаевтін Ресейге бүйрегі бұрғанын мүлде жақтырмай жатыр деген «өсектерді» таратуда. АҚШ-тың жақында бұрынғы спикер, қазіргі Жоғарғы Кеңештің депутаты, оппозициялық «Атажұрт» фракциясының өкілі, парламенттің бюджет және қаржы комитетінің төрағасы Ақматбек Келдібековті қонаққа шақырып, өзгеше сый көрсеткеніне ерекше назар аударылуда. Сондай-ақ оппозицияшыл депутаттардың кейбіреуінің парламенттік делегация құрамында Грузияға барып келуі кездейсоқтық па деген сұраулар да көтерілуде. Өйткені Қырғызстандағы 2005 жылғы наурыз төңкерісі – Грузиядағыдай жауқазын революциясы деп бағаланып, оған Американың «шоң» әсері болғанын екі қырғыздың біреуі айтып береді.

Премьер-министр Өмірбек Бабановтың бас­тамасымен Қырғыз Үкіметі жақында әлеу­меттік-экономикалық жағдайды жақсар­ту­дың жүз күндік бағдарламасын қабыл алған. Билік­ті еңсеген парламенттің ішіндегі де, сыр­тындағы да оппозициялық күштер жүз күннен кейін үкімет басшысының уәдесінің үдесінен шықпай қалуын «күтіп-ақ» отыр. Бабанов та мұны сезіп, атына қамшы салуда. Революция­лардан «шаршаған» халықтың басым бөлігі сол күндерге орайласып, америкалық фактор тағы да ойнап, өлкенің тұрақтылығына қатер төнбес пе екен деп қауіптенуде.

Соңғы кездерде жоғарғы деңгейдегі қазақ-қырғыз қатынастары жандана түсті. Премьер-министр Өмірбек Бабанов өткен аптаның ортасында жұмыс сапарымен Астанаға барып келді. Қырғыз жеріне табаны тиісімен, «Манас» әуежайында үкімет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізіп, Бішкек көтерген барлық мәселелерге қазақ туғандардың түсінушілік танытқанын баса айтты. Атап айтсақ, келісімге сәйкес, енді жақын арада қырғыз азаматтары Қазақстанда 90 күн қайта тіркелмей-ақ жүре алатын болады. Талас және Ыстықкөл облыстарындағы шекараларда өткізу бекеттері ашылады. Бұрын Қырғызстаннан Қазақстанға 12 компания ғана сүт азықтарын алып өтуге құқылы болса, енді санитарлық рұқсаты ойдағыдай кез-келген кәсіпорынға мұндай мүмкіндік берілген. Қазақстандықтар «Алматы-Кемін» электр желісін құруға қатысады. Қазақстан биыл Қырғызстаннан былтырғыдай 2 млрд.300 млн. кВт. электр қуатын сатып алмақшы және Қырғызстанды 300 млн.куб газбен қамтамасыз етпекші. Өмірбек Бабанов Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жолыққанда жарғылық капиталы 100 млн. долларлық қырғыз-қазақ инвестициялық қорын тіркеуді заңдастыру мәселесі наурыз айында шешілетіні мақұлданған және Қырғызстанның бұрнағы жылы жапа шеккен оңтүстік аймағында еуропалық үлгідегі заманауи талапқа сай бір мектептің құрылысын қаржыландыруға қазақстандық тараптың әзір екендігі айтылған. Өмірбек Бабанов алып келген бұл жаңалықтар дереу елге таралып, бауырластарымызды бір желпінтіп тастады.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстан» газетiнiң

Қырғызстандағы тiлшiсi