Жаңалықтар

ӘЛЕМ. ҚАРЖЫ.ҚАЗАҚСТАН

ашық дереккөзі

ӘЛЕМ. ҚАРЖЫ.ҚАЗАҚСТАН

Әлемдік қаржы дағдарысы – планетаның ортақ мұңы. Себебі негізінен дүниежүзінің қаржы нарығы – бір-біріне көзге көрінбейтін доллар, еуро, юань түріндегі нәзік тетіктер арқылы байланысқа түсетін өте күрделі механизм. Оның айғағы есебінде қазіргі планетаның есін алған қаржы дағдарысының АҚШ-тағы ипотекалық несие жүйесінің «ақсауынан» басталғанын айтуға болады. Басқаша айтқанда, «біздің жақта күн жылы, басқасында шаруам қанша?!» деп арқаны кеңге салатын заман емес.

Ал Қазақстанның қаржы-валюталық жағдайы қандай?

Мамандардың айтуынша, теңге бағамын бірқалыпты ұстау жағын біздің Ұлттық Банк қатаң бақылап отыр. Сөйткен мамандар ықтимал бір жағдай есебінде «халықтың валюта сатып алу мүмкіндігін» алға тартуда. Әрі оны қисынды да дер едік. Себебі тұрғындардың валюталық депозиттерінің көлемі өсіп отыр. Валюта бағамына тікелей әсер етуі ықтимал бір құбылысыңыз да сол. Десек те, біздің Ұлттық Банк одан үлкен қатер күтпейтін тәрізді.

ЕВРОНЫҢ «ЖАНДАУЫСЫ» ШЫҒАДЫ

Таяуда Григорий Марченконың өзі Қазақстан Республикасында қаржы дағдарысының болу мүмкіндігі тым аз екенін мәлімдеді. Себебі, Марченконың пайымынша, қазір тұтас әлемдік ақша және тауар рыногында тұрақсыз жағдай қалыптасқан. Оның басты себебі – әлемдік экономиканың «дирижері» АҚШ-та, онан да бетер бізге экономикалық тұрғыда біршама жақын Еуропада макроэкономикалық біраз проблемалар туындап отыр. Әдетте ол да алдыңғы жылы Америкадан шыққан дағдарыстың заңды жалғасы. Бүгінгі әлемді меңдеген дағдарыс қазір қолданылып жүрген қаржылық қарым-қатынас үлгілерінің бұрын беймәлім болған біраз кемшілігін айқындап та берді. Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, Қазақстанда ондай кемшілік байқалмайды.Десек те, әлемдік қаржы бағамы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі берген бұл болжамдарға қаншалықты сәйкеседі екен? Оған жауап іздеу үшін тағы да әлемдік қаржы бағамына назар аударуға тура келеді.

Соңғы деректерге қарағанда әлемнің 100-ден астам банкі сарапшылардың қатаң сынына ұшырап отыр. Олардың арқасында АҚШ пен Еуроодақтың бұрынғы айдарынан жел ескен қаржы мекемелері де бар. Банк қызметінің кінәратына байланысты кейбір мемлекеттердің Бүкіләлемдік Қаржы Қорынан алған несиені де өтеу қабілеттері төмендеді. Бәріне себеп Еуропалық ортақ валюта еуроның «етпетінен түсуі».

Еуроодақтағы басы дауға қалып отырған мемлекеттің бірі – Грекия. Келісімдерге сәйкес, бұл ел осы айда бір миллиард еуро көлеміндегі сыртқы қарызын қайтаруы керек еді. Алайда оған Афинаның әлеуеті жетпейді. Осыған орай Қаржы Қоры гректерге аса қомақты мөлшерде қосымша несие беруге шешім қабылдады. Алайда алмақтың да салмағы бар.

Мұндай «ағайыншылық» Афинаның өзін қуантып отырған жоқ. Грекияға берілетін қаржы көлемі анау-мынау емес. 130 миллиард еуро көлемінде. Сондай-ақ Грек Үкіметінің жеке секторы алдындағы 100 миллиард көлеміндегі қарызын жабу мәселесі де қарастырылуда.

Ақпанның соңында жалғыз Грекия емес, Еуроаймаққа енетін алты бірдей елдің қаржылық рейтингінің төмендегені белгілі болды. Олардың жуан ортасында Италия мен Испания бар. Франция мен Австрияның жағдайы да онша жақсы емес.

Еуроаймаққа енгенімен еуроны ортақ валюта есебінде қабылдамаған бір ел – Ұлыбританиядағы қаржылық жағдай да оңып тұрған жоқ.

Қысқасы, Еуроаймақ «етегіне сүрінген» абыройсыз жағдайды бастан кешуде.

Еуроны ортақ валюта есебінде қабыл­да­мағанымен соңғы үш айда ғана Британ Мемлекеттік Банкі 3 миллиард доллар қаржы жоғалтты деген деректер алға тартылуда. Елдегі екінші банк болып есептелінетін Ройал Банк активтерінің 80 пайыздан астамы үкіметтің үлесінде. Соған қарамастан банк өткен жылы ғана 1 миллиард теңге көлемінде қаржы жоғалтыпты. Британияның мемлекет қолдауындағы банкі осындай жағдайда болса, басқасының қауметін долбарлап болса да бағалауға болады.

Күні кешегі азуын айға білеген құдіретті Еуропаның өзгелерге «қол жайып, ауыз аша» бастағаны да байқалып қалды. Есесіне, күні кеше ғана дамушы елдер санатында болған, қазір экономикасы, соған орай қаржы – валюталық жағдайы күрт жақсарған Қытай секілді елдердің мәртебесі арта түскендігі аңғарылады.

ҚЫТЫМЫР ДАҒДАРЫС ҚЫТАЙҒА ДА ӘСЕР ЕТЕ БАСТАДЫ

Әлемдік қаржы рыногының бір-біріне тығыз байланысты күрделі механизм екендігін айттық. Соны ерте түсінген елдердің бірі ретінде ауызға алдымен ҚХР аталады. Яғни қытайлар қазіргі интеграциялық үрдістер заманында өз экономикасын дербес дамытудың мүмкін емесін түсінеді деген сөз. Ақпан айында Қытай премьер министрі өз елінің Еуроодақтағы жағдайға бей-жай қарамайтынын мәлімдеді. Соған сәйкес Қытай етегіне сүрінген Еуропаға қол ұшын созбақ тәрізді. Кейбір болжамдарға қарағанда халықаралық қоры 3 триллион долларлық Қытай елі қолдағы қаржысының бір бөлігін еуропалық қаржы нарығын толықтыруға жұмсауы да ықтимал. Әдетте мұндай ағайыншылықтың тегін жасалмайтыны да белгілі.

Ал енді қысылшаң шақта Еуропаға қол ұшын беруге мүдделі болып отырған Қытайдың өзін қазіргі дағдарыс жағдайында не күтіп отыр дегенге келейік. Бүкіләлемдк банктің соңғы деректеріне қарағанда, Қытайдың өзі де алда тұрған ауқымды дағдарыстан қашып құтыла алмайтын тәрізді. Сондай-ақ мамандар «егер қытай үкіметі экономикадағы мемлекеттік үлесті азайтуға байланысты ауқымды реформалар жүргізбесе, ықтимал әлемдік дағдарыстың басты себепкері болуы мүмкін» екендігін де айтады. Бүкіләлемдік банктің пайымынша, Қытай мемлекетіне ұлттық экономикаға араласуды тежеп, ірі мемлекеттік корпорациялардың әдеттегі коммерциялық кәсіпорындар секілді жұмыс істеуіне қол жеткізуі керек. Қытайдың жыл сайынғы ішкі өнімінің өсімі 10 пайыз болып келді. Алайда биыл бұл көрсеткіш 8 пайызға төмендейді деген болжамдар бар. Әрі төмендеу үрдісі солай жалғаса да беретін сияқты. Экономикасы дағдарысқа ұшыраған әлемнің басқа елдері үшін Қытайдың жағдайды тұрақтандырудың жалғыз үміті болғаны күні кеше ғана. Сөйткен аспан асты елінің де қаржылық дағдарыстан қашып құтылмайтыны белгілі болып қалды.

ТЕҢГЕ ТӨРДЕН ТҮСПЕЙДІ

Қысқасы, әлемнің ауқымды дағдарыс алдында тұрғаны айдан анық. Ал Григорий Марченконың ресми болжамы – анау. Сонда ақиқат жағдайында Қазақстанды қандай экономикалық жағдай күтіп тұр? Кейбір сарапшылар теңгенің бағамы 130 теңгеге дейін құлдырайды дейді. Алайда Ұлттық Банк бұл деңгейді 145 теңгеден төмендетпеуге мүдделі.

Григорий Марченко доллар бағамын 145 теңгеден төмендетпейміз деп отыр.

Белгілі сарапшы Дамир Сейсебаев та теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы осы деңгейде қалады деп болжайды. Тіпті, ол жылдың аяғына дейін әрі кетсе 130 теңгеге түседі дегенді айтады.

Әлбетте, Кедендік одаққа енуіне байланысты валюталар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүдделі болып отырған қазақ елі үшін осы деңгей тиімді. Сондай-ақ қазақстандық тауар экспорттаушылары үшін теңгенің әлсіреуі де тиімсіз. Бұл жерде табиғи ресурстар экспортының Қазақстан экономикасының басты тетігі болып отырғанын да есте ұстау керек.

Қазақстандағы валюталық жағдайға байланысты шетелдік сарапшылар не айтады екен? Бұл орайда «Ренессанс капитал» халықаралық ұйымының бас экономисі Чарльз Робертсонның мына бір үміт оятарлық болжамын да айта кетуге тиістіміз. Оның айтуынша, «қанша дағдарыс болса да, 2012-2013 жылдарда қазақ теңгесі нығая түспек». Оның есебіне сәйкес, 2012 жылдың соңына қарай, теңгенің ең төменгі бағамы жоқ дегенде 143, ал, 2013 жылдың соңында 139 теңге болмақ. Әрі теңге эскпорттық кірістерден қолдау табатын сияқты.

Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриялизациалану бағдарламасына және экономиканы қолдайтын экспорт саласына қолдау көрсетілетініне сәйкес, қазақ теңгесі алдағы ықтимал дағдарыстардан жапа шекпейтін тәрізді.

Әлбетте, мұндай болжамдар дәтке қуат. Дей тұрғанмен, Қазақстан Республикасы статистика Агенттігі мәліметтеріне қарағанда үстіміздегі жылдың қаңтар айында елдегі өнеркәсіп және сауда кәсіпорындарының іскерлігі біршама төмендепті. Атап айтқанда, 2012 жылдың қаңтарында тексерілген өнеркәсіп кәсіпорындардағы іскерлік белсенділік әжептәуір әлсіреген. Алдымен, отандық дайын өнімдерге деген сұраным азайған. Соған сәйкес, өндіріс көлемі төмендеп, ол кәсіпкерлердің белсенділігіне тікелей әсер еткен.

Алайда отандық өнеркәсіп бас­шы­­лары­ның болжамына сәйкес, кәсіпкерлердің іскерлігі үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап қайта күшеймек. Себебі мемлекеттің индустрияландыруға бөліп отырған қаржысы мен пиғылы оған себеп бола алады. Сол арқылы Қазақстанның қаржы валюталық тұрақтылығы қамта­масыз етілмек.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан экономикасы – жаһандық қаржылық жағдайдың бір буыны. Алдағы уақытта болуы мүмкін дағдарыстың жаңа кезеңіне жасаған сараптар мен болжамдар бұл жолы да оның қазақ елінің экономикасына анау айтқандай әсер ете қоймайтынын көрсетіп отыр. Несі бар, біз де «аузына май! ».. деген ниетке бейімбіз. Себебі қаржылық дағдарысты бастан кешіп отырған бүгінгі Еуропа елдерінің жағдайын көріп-біліп отырмыз….

Өмiрзақ МҰҚАЙ